Жуынып-шайынып, алты жасар Гүлсүй дастарқанға отырды. Атасы бата жасап, бетін сипады.

– Ата, жұмбақ айтайықшы!

– Айтсақ айтайық. Кім бастайды?

– Сен.

Атасы не айтсам екен деп, дастарқанның үстін асықпай көзімен шолып өтті.

– Алақаныма салсам – қатты, аузыма салсам – тәтті, ол не?

– Ой, ата, ол қант қой. Міне тұр.

– Дұрыс. «А-а-а» десем ашылады, «б-ы-ы», – десем жабылады,ол не?

– А-а-а! Б-ы-ы! Ой, ол ауыз ғой.

– Дұрыс. Аттың  үстінде, менің  астымда. Ол не?

Гүлсүй ойлана отырып қалды. Көмек бере ме деп, әжесіне қарады. Әжесі орнынан бір қозғалып қойды.

– Е, ол – ертоқым.

– Дұрыс. «Ер» деп айтсаң да дұрыс болады. Жарайды, ауылды тағы да есіңе түсірейін.

– Ауылға келсе де, далаға кетсе де, тайраңдап қашса да, шайнаңдап жатса да, арқасынан екі төбешігі түспейді. Мойны ирек, су ішуі сирек, ол не?

– Ой, ол түйе ғой.

– Жарайды, түйені тапсаң, мынаны да табарсың. Сол жағын тартсаң, солға бұрғызады, оң жағын тартсаң, оңға бұрғызады, ал екі жағын тең тартсаң, кілт тоқтатады, ол не?

– Ол – мәшиненің рөлі.

– Ойлансаңшы, – деді әжесі. – Мәшиненің рөлін тартпайды ғой, бұрады.

– А-а, таптым. Атты ары-бері бұратын нәрсе ғой ол.

– Ол «бұратынның» аты не?

Гүлсүй ары-бері ойланып таба алмады.

– Оны, Гүлсүйтай, қазақ «тізгін» дейді. Тізгін – жүгеннің бір бөлшегі. Аттың басына жүген кигізбесең, оны баратын жағыңа жүргізе алмайсың. Аттың аузына салатын жүгеннің темір бөлшегін «ауыздық» дейді. Тізгіннің екі ұшы сол ауыздықтың екі шетіндегі шығыршықтарға байланады. Тізгіннің қай жағын тартсаң, ауыздық аттың басын сол жаққа қарай бұрғызады. Ұқтың ба?

– Ұқтым. Онда тағы бір жұмбақ айтайын. Қорықсаң – үлкейеді, күлсең – кішірейеді. Ол не?

– Үлкейеді және кішірейеді? Жүрек шығар?

– Жүректің үлкейгенін, кішірейгенін көре алмайсың ғой, ал мынау көрініп тұрады, – деді әжесі.

– Көрініп тұрса, көз ғой.

– Дұрыс.

Атасы енді немересін не де болса бір састырайын деп ойлап:

– Айдалада ақ отау емес, аузы-мұрны жоқ отау емес, – деді.

– Жұмыртқа емес, – деді Гүлсүй саспастан.

Атасы мен әжесі Гүлсүйдің жауабына ішек-сілесі қатып күлді.

– Енді сен айт! – деді атасы Гүлсүйге.

– Екі жалпақ беті бар, ортасында ұзын сызығы бар, ол не?

– Ол не болды екен, ә? Оны қайдан көріп жүрсің?

– Ата, айтпаймын. Өзің тауып ал!

– Мен таппадым. Ендеше оны «Балдырғанды» оқитын балалар тапсын!

Балалар, Бексұлтан аталарың Гүлсүйдің жасырған жұмбағын шешуді сендерге қалдырып отыр. Олай бол са, өздеріңнен  жұмбақтың  шешуін  тапқан қуанышты  хабарларыңды күтеміз.

«Балдырған» журналы, №2
Ақпан, 2019

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз