Біраз аналардан бала тəрбиесіндегі құпиясын сұраған едік. Бəлкім, аналар айтқан сыр өзгелерге де ой салар. «Балаларыңызбен қарым-қатынасыңыз қандай? Өзіңіздің анаңызбен қарым-қатынасыңыз қандай болып еді? Бала тəрбиесінде нені басшылыққа аласыз?» деген сұрақтар қойдық.

Айсəуле ƏБІЛДАЕВА, көпбалалы ана:

Балаларыма көп сұрақ қоямын

– Отбасында жалғыз қызбын. Ата-анам еркелетіп өсірді. Əсіресе, əкеме қатты еркеледім. «Англия патшайымы», «Америка патшайымы» дейтін. Ал анам медбике болды. Адамдардың бəріне жаны аши беретін. Көп қазақ отбасындағыдай мен де əжемнің қызы болдым. Басында анамды жеңеше дедім. Кейіннен ғана анам екенін мойындадым. Қазір анаммен қарым-қатынасым өте жақсы. Əсіресе, ислам дінін оқып-түсінген сайын анама ерекше құрметпен қарай бастадым. Бұрын да қарым-қатынасымыз жаман болмаған. Бірақ оқушы, студент кезімде менікі дұрыс деп ойлап, кейбір сөзді ойланбай айта салатынмын. Жалпы, баланы əжесіне беру дегенді түсінбеймін. Бала анасына емін-еркін еркелеп өсуі керек. Анасынан бөлінбегені дұрыс.

Бала тəрбиесінде еркіндікті, теңдікті қалаймын. Балаларыммен ашық сөйлесемін. Табиғатым да ашық болғандықтан солай шығар. Бірінші мамандығым – заңгер. Құқықтық білімі бар адам демократиялық көзқараста болатын сияқты. Эмоциямды жасырмаймын, таңғалысымды сыртқа шығара алам. Балаларым да сондай. Сондықтан да балалармен ойнап, қалжыңдасып жүрем. Шектен шығып бара жатса, өтірік «түр» жасап ұрсамын. Инстаграмда #Тəттітіліңсенің деген хэштегпен балалардың қызықты сəттерін жазып отырамын. Сонда маған «Балаларыңыз осыншама ойды қалай айта береді, біздікі сөйлемейді» дегенді жиі айтады. Мен балаларға көп сұрақ қойып, пікірін сұрай беремін. Сондықтан да балалар пікірлесуге дайын.

Мектепте де, университетте де жақсы оқыдым. Тұрмыс құрмай тұрып перзенттерімнің білімді болуын қатты қадағалаймын деп ойлайтынмын. Қазір балаларым сабақтан қиналып жатса: «Сабақтың бəрін жақсы бағаға оқу маңызды емес, дүниеде одан да маңызды дүниелер бар. Білімді көкіректеріңе тоқыңдар. Өзгелерді сыйлаңдар», – деп айтып қалып жатам. Соған өзім де таңғалам. Балаларымның адамгершілігі мол болса деймін. Эмоциясын ұстай алатын, не болса соған ашуланып кетпейтін адам болса екен. Өйткені көп ауру стрестен пайда болады. Стреске түсіп кетпейтіндей адам болып өссе екен.

Балаларды тəрбиелеу үшін өзіңді тəрбиелеу керектігіне көзім жетті. Олар біздің
істегенімізді қайталайды. Біреуге жақсылық жасағанымызды көрсе, бала да жақсылық жасауға асығып тұрады. Үлкендерім ер балалар. Бірақ оларды үй тіршілігіне араластырамын. Пирог пісіріп, үй жинайды. Кейін отбасын құрғанда жарына көмектесуге арланбай, бақытты отбасы болса деймін.

Нұржамал ОШАНОВА, көпбалалы ана:

Санаспаңдар, салыстырмаңдар

– Отбасымызда Шапағат, Сымбат, Əдия, Динар деген қыздар мен Қасымжомарт дейтін ұл өсіп келеді. Қызды тəрбиелеу ұқыптылықты, мұқият болуды, нəзіктік пен аздап қаталдықты да талап етеді екен. Үлкен қызым Шапағат 14 жаста, екінші қызым Сымбат 13-те, Əдия 11-де, ал Динар 6 жаста. Қыздарыма үнемі үй ішінде үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеп жүруді ескертемін. Отбасында бауырларымен қандай қарым-қатынас жасаса, сырттағы адамдарға да сондай қарым-қатынас жасайды.

Екінші кеңесім – бір-бірімен санаспау. Кез келген нəрсені санаспай, салыстырмай, бір-біріне қолғанат болып бірге істегенін қалаймын. Осы екі кеңеспен кезінде анамыз бізді тəрбиеледі. Қазір қыз тəрбиесінде көп өзгеріс байқалады. «Қатал болмау керек, қалағанын жасауға рұқсат берген жөн, ойын еркін айтуға үйрету керек» дегенді жиі айтады. Бірақ мен көбіне тыйым айтып отырамын. Мысалы, шашын қысқа етіп қиюға, мектепке тырнақ бояп баруға, күн батқанша қыдыруға, досының үйіне қонуға рұқсат бермеймін. Үлкен екі қызыма каникул кезінде қатты қалап тұрса, үй жағдайында тырнақтарын бояуға, шаштарын бұйралауға, кішкене бояу қолдануға рұқсат беремін. Салонға бармайды, əлі ерте екенін түсіндіргенмін. Көп жағдайда менімен ақылдасады, ал екіойлы болып тұрсақ, əкесінің пікіріне жүгінеміз. Қыздарыммен əңгімелескенде «əкелеріңнің көңілін түсіретін əрекет жасамаңдар» деп айтып отырамын.

Үй тіршілігінде қыздарым көмекші. Үй жинау, ыдыс жуу, қонақ шақырғанда үстел жасау, жеңіл тамақтар пісіру біледі. 3-4 салатты менің көмегімсіз жасай алады. Ал күрделі тамақтарды пісіргенде қасымда тұрып үйреніп жүр. Кейде бізді қуантып, интернеттен үйренген жеңіл тамақтар мен десерттерді жасап жатады. Мұндай кезде оларды мақтап отырамыз. Үшінші қызым ісмерлікке жақын. Тігін тігіп, сурет салғанды ұнатады. Сіңлісінің қуыршақтарына киім тігіп береді. Түрлі-түсті қағаздарды, моншақтарды пайдаланып, қиялынан түрлі бұйым жасайды. Үлкендері де тігін тігеді. Кітап оқуға да жақын. Ұнатқан кітаптарын мектеп кітапханасынан алады, кейде сатып əпереміз. Қазақтың салт-дəстүрлерімен қоса, ырымдардың мағынасын айтып отырамын. «Болмайды» деп тыйып тастағанша, не үшін болмайтынын түсіндіру керек. Сосын шешімді өзіне қалдырған жөн.

Ұялы телефонды, əлеуметтік желілерді күнделікті белгілі бір уақыт аралығында қолданады. Демалыс күндері балаларымның телефондары өшірулі болады. Қатты іздеген адам біз арқылы табады деп айтамыз.

Қыздарым музыка мектебінде қосымша оқиды. Биыл Шапағат домбыра, Сымбат қобыз сыныбын бітіреді. Осы оқу жылынан бастап Əдия флейта сыныбында білім алып жатыр. Кіші қызым биыл бірінші сыныпқа барды. Сондықтан да оны қосымша үйірмеге бермедім. Қазір оның міндеті – сабақты жақсы меңгеру. Кейінірек өзінің ұнаған үйір- месіне береміз.

Мөлдір НƏЛІБАЕВА, үш баланың анасы:

Он екі жастағы қызымды ана болуға дайындаймын

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Отбасында алты баламыз, мен кенжесімін. Əкем – теміржолшы, анам аспаз боп, ғұмырларының жартысын
кəсіптеріне арнаған. Алты баланы асырау үшін көбіне жұмыста болғаны түсінікті. Тым қатал да кісілер емес, десек те тəрбиеге келгенде белгілі бір принциптерді ұстанатын. Ең əуелі бізді «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар, бір-біріңе бауырмал болыңдар» деп үйретті. Еліміз азаттық алып, теңгеміз ауысып, сондай бір қиын кезең болғаны есімде. Шамның жарығымен сабақ оқитынбыз. Дүние-мүлік, киім-кешек, үлде мен бүлдені айтпағанның өзінде, тамақтан тарыққан сəттеріміз көп болды. Дастарқанда наннан бөлек, «Рама» дейтін құтыдағы маргарин мен қант болса, үлкен қуаныш еді. Əйел – шаңырақтың ұйытқысы емес пе, анам жоқтан бар жасап, үй ішін жылуға бөлейтін. Əкем домбырасын қолға алып шерте бастаса, жанына отыра қап əдемі даусымен əн айта кететін. Біз үшін бұл ғажап көрініс, мəз-мейрам болатынбыз. Кенже болғасын көбіне еркелеп, үй шаруасынан гөрі оқуға көбірек ден қойған екенмін. Бірақ қыздың мұраты белгілі ғой, келін атанған соң бəрін де үйреніп алады екенсің…

Көп уақытымыз жұмыста өтеді. Əскери салада қызмет етемін. Дегенмен, Алла берген үш перзентім Ақерке, Жəнібек, Ғанибетті жылу мен мейірімге бөлеу арқылы өзім де қайраттанамын. Ер азамат – түздің адамы, үйдің асыраушысы. Баланың кім болмағы, қандай адам боп қалыптаспағы аналарға байланысты. Тұңғышым қыз болғасын, көбірек көңіл бөлуді қажет етеді. Қыз бала ибасымен сүйкімді. Оның жүріс-тұрысы мен қылығына қарап анасына баға береді. Ұялуды білген бала үлкенді сыйлайды, əр қадамын ақылмен ойлап басады. Қажетсіз дүниеге еліктірмей-желіктірмей, жол көрсетіп отыру өте маңызды. «Жау шапқанда əйел заты жанталасып, жанын, ұрпағын сақтаймын деп жайылған шашпен аласұрып қашады. Шаш жаю – қасіреттің белгісі. Шашта береке бар, оған үлкен құрметпен қарау керек» деп, шашын буып не өріп жүру керегін айтып отырамын. Ана балаларын оқып-тоқытатын отанасы ғой, сондықтан қызымның білімді болғанын қалаймын. Нағашы əжеміз «Қыз бала іркілдемей, жинақы, талдырмаш болу керек» деп отыратын. Жан-жағыңды жинастырып, өзіңнің де, айналаңның да тазалығына мəн бер деймін. Тұйық не менмен емес, ашық-жайдары болуға бейімдеймін. «Қонағыңа тамағыңнан бұрын, қабағыңды бер» деген бар. Келіннің əулеттегі статусы төмен тұру керектігін түсіндіремін. Алайда келіннің ағайынның татулығындағы рөлі ерекше. Ақерке қазір 12 жаста. Осы дүниелерді өзінің жасына сай ретімен санасына құйып келе жатырмын. Тəрбие бергенде қазақтың мақал-мəтелдері мен ырым-тыйымдарын оқытсаң да олжа.

Дайындаған Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №10
5 наурыз 2019 жыл

1 ПІКІР

  1. Айсаулені бала күнімнен танимын. Үлгі аларлық көп балалы ана.Өзінің харизмасымен, сарказмдарымен, шынайылығымен адамды баурап алады.😊

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз