Еңлік Мекешева халықаралық «Мирас» мектебінің 10-сыныбында оқиды. Еліміздегі қалдықтарды қайта өңдеу саласына үлес қосып жүрген жас өнертапқыш. Ескі заттарды кəдеге жаратып, жаңа дүние де жасап жүрген қаршадай қыз. Оның жасаған экосөмкелері сұранысқа ие екен. Еңлік қалдықтарды қалай өңдейтінін айтып, экосөмкелері жөнінде əңгімелеп берді.

– Мектепте орта буынды аяқтағаннан кейін, барлық оқушыға жеке жобалық жұмыс тапсырылады. Менің таңдауым – экология саласы. Жобалық жұмысымның мақсаты – экология тақырыбындағы өзекті мəселелерді көтеру арқылы қыздардың өмір сүру қағиғадасын қалыптастыру. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді естіп алған бойжеткендер далаға шығуға да қорқады. Ең қиыны – өзін бағаламау. Қоғамның маңызды бөлшегі екенін мойындамайды. Бойында жасқаншақтық байқалады. Құқығы мен міндетін ажырата алмайды. Менің жобамның ұраны – «Кеңінен тыныс ал!» жəне «Құқығыңды біл!». Бұл ұранды сөмкенің сыртына да ойып жаздым. Қоғамдағы қыздардың мəселесі мені бей-жай қалдырмады. Біздің қоғамда ғана емес, əлемдік деңгейде де ашық талқыланғаны дұрыс. Жобалық жұмысымның негізгі бағыты – жас қыздарды қолдап, өмір сүретін қоғамда адамгершілік қағидасын қалыптастыру. Экосөмкелерді жасау да
осыдан кейін туындады. Көне сөмкенің орнына жаңа сөмке дайындаймын. Сыртын əйел адамдарды жігерлендіретін қанатты сөздермен өрнектеймін, – деп түсіндірді Еңлік.

Көп жағдайда экология саласын табиғатпен жəне тұрмыспен ғана байланыстырамыз. Еңліктің ойына қосылмасқа амал жоқ. Айтары бар жас ғалым
əңгімесін əрі қарай жалғады:

– Экология бағытын таңдау себебім – табиғаттың өнімдерін шектен тыс пайдалануға жол бермеу. Өзім қайта өңдеу əдісін қолдаймын. Өйткені зерттеулер бойынша ондаған жылдардан кейін адамдар табиғаттың өнімін пайдалана алмай қалуы мүмкін. Оларды қалпына келтіруге мың жыл уақыт кетеді. Біздің ұрпақтарымызға да жетпей қалуы мүмкін. Жер ғаламшарын қорғау – əр адамның міндеті. Мектепте экология сабағы міндетті пəндер қатарына кіруі керек. Өзімізден кейінгі ұрпаққа тап-таза табиғатты қалдыруды ойлағанымыз жөн. Бұл ойымды жобаларым арқылы жүзеге асырғым келеді. Болашақта да жобаларымның барлығы экологиямен байланысты. Оқу орындарында да қажетті пəн ретінде қарастырылса игі еді. Өйткені қалдықты қайта өңдей алмайтын елдер қатарына жатамыз.

Арудың айтары – аксессуарында

– Бұл жоба ойымдағы идеяларға жол ашты. Жас ерекшелігіне шектеу қоймайды.
Экология саласы бойынша студенттер де қатыса алады. Адамның əлеуметтік деңгейі де маңызды емес. Əйел адамның ішкі сезімін аксессуарынан-ақ байқауға болады. Тұтынатын заттың барлығы былғарыдан, металдан, пластиктен, өңделген жүннен жасалған. Қажетсіз болса, лақтырып тастаймыз. Оны бəрі экологияға кері əсерін тигізеді. Бірақ адам оның зиянын сезінбейді. Қазақстанда экологиялық жобалар дамып жатқанымен, ресурстарды қайта өңдеу бағыты дамымаған. Сол олқылықтың орнын толтырғым келеді. Пайдаланбай қалған бұйымдарды қайта өңдеуге жіберіп, табиғатқа зиянсыз қалдықтардан жасаймын. Басынан бастап айтып берейін: Бір күні мектептің қабырғасына «жарамсыз сөмкелерді өткізулеріңізді сұраймын» деген хабарландыру ілдім. Мұғалімдер мен оқушылар ұстамайтын қол сөмкелерін жинап берді. Біздің мектеп қайырымдылық шарасын жиі өткізіп тұрады. Сондай дəстүрлі үрдісі бар. Жағдайы төмен отбасылар мен қоғамдық қорға көмектесіп тұрамыз. Астанадағы «Үміт» қайырымдылық қорына осы жоба аясында жинаған қаражатты аудардым. Алдымен көне сөмкелерді химиялық тазалаудан өткіздім. Бүгінге дейін он екі сөмке жасадым. Барлығы өзімнің қиялымнан туған дүние болды. Олардың бағасы жұмсалған материалы мен шығынына байланысты алты мың мен алпыс мың теңге аралығында сатылды. Оның ақшасы матаға жұмсалған бояуға, матаның көлеміне жəне қылқаламына кетеді. Сөмке дайын болғанда кеткен шығынды есептеп, бағасын шығарамын. Бір сөмкеге бояу аз кетсе, екіншісіне көп жұмсалады. Алғашқы өнімнің бағасына да байланысты болады.

Бір сөмкені жасау үшін оған арнайы дизайн мен дəйексөз іздеймін. Танымал адамдардың қанатты сөздері мен ой орамдарын жазамын. Əлемді өзгерткен əйелдердің қанатты сөздері қазақ қыздарының да кəдесіне жарасын деген ниеттен туған идея еді. Қазіргі қазақ қоғамындағы белгілі қыздардың сөздерін де рұқсаттарымен сөмкеге кестелеймін. Қанатты сөздердің мағынасында жігерлендіру мен өмірге құштарлық болуы керек. Қазіргі заманда брендинг, логотиптер жəне күшті сөз орамдары кеңінен таралған. Заманауи жастарды қандай қаріптер қызықтыратынын, қандай түсті көбірек жақсы көретінін білу үшін зерттеу жүргіздім. Мотивациялық сөздерді кеңінен тарату үшін каллиграфия техникасын таңдадым. Хиллари Клинтон, Мишель Обама, Бейонсе, Ксения Собчактың қанатты сөздері сөмкеме көрік берді. Менің сөмкелерім ауысымға қарамайды. Төрт мезгілде де ұстауға жарамды. Үнемділікті де ескеру қажет. Сонымен бірге нақыл сөздерді əлемнің барлық тілінде жазуды қолға алып жатырмын. Алдымен сөмкенің пішінін сызамын.
Каллиграфия мен үйлесетін түс таңдаймыз. Сөмкеге жазу үшін екі сағаттай уақыт кетеді. Су тигенде бояуы ағып кетпеу үшін арнайы қоспа жағамын. Оған біраз уақыт кетеді. Қолданатын бояулардың зияны жоқ. Бояуды Америка мен Мароккодан тапсырыспен алдырамын. Ескіріп кеткен сөмкелерді жинау да оңай шаруа емес, – дейді Еңлік.

– Менің жобамның болашағы бар. Өйткені əлемде экология да, адам құқығы да теңдей қарастырылған. Мектебімде ақпан айында көрме ұйымдастырдым. Жеті сөмке сатылып кетті. Мұғалімдерім мен сыныптастарым алды. 8 наурыз мерекесі қарсаңында ұлдар тапсырыс беріп, аналарына сыйлағысы келетінін айтқанда, қуанып қалдым. Болашақта мойынорағыштар мен бас киімдерді брендке айналдырамын. Оларды да пайдалы материалдардан жасаймын, – деп қуантты жас өнертапқыш.

(Қосымша материалдар мен фотолар «We project» сайтынан алынды)

Əңгімелескен
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз