Спорттағы сұлулық дегенде, алдымен ауызға көркем гимнастика түседі. Əдемі жүріс, ерекше киім үлгісі, ырғақпен қозғалу. Мұның бəрі нақ осы спорт түрінен табылады. Сондықтан да болар, қызының көркем гимнастикамен шұғылданғанын қалайтын ата-аналар саны күн санап артып келеді. Тəуелсіз Қазақстанда гимнастиканың қанат жаюын Əлия Юсупованың атымен байланыстырамыз. Ал бағамдап қарасақ, көркем гимнастиканың даму тарихы ықылым заманнан, тіпті ежелгі Грекиядан бастау алады.

*Гимнастика деген атау гректің «жаттығу», «жалаңаш» деген сөздерінен шыққан. Себебі ежелгі Грекияда гимнастикаға бет бұрған адам мейлінше жеңіл киінетін болған. Бірақ бастапқыда жаттығудың негізі әскерлерді атты тақымдауға үйретуден басталған. Соғысқа қажетті өзге де әдіс-тәсілдерді үйретуден тұрған. Уақыт өте гимнастика Грекияның білім беру жүйесіне ене бастады. Бірте-бірте ережелер нақтыланып, спорттың сұлу түріне деген сұраныс артты.

* Бір қызығы, спорттың бұл түрі ресми түрде кештеу мойындалып, тұңғыш мектеп тек 1913 жылы Ленинградтағы П.Ф.Лесгафт атындағы дене шынықтыру институтында ашылды. Мұнда негізінен би гимнастикасы мен би түрлері үйретілетін. Ал 1963 жылы Халықаралық гимнастика федерациясы жанынан спорттық гимнастика комиссиясы құрылып, 1998 жылы спорттың аталған түрі «көркем гимнастика» деп өзгертілді. Олимпиада бағдарламасына ол 1984 жылы бір-ақ енді.

* Тарих беттеріндегі ақпараттар алғашқы халықаралық ресми жарыстың 1960 жылы Софияда өткенін растағанымен, КСРО аумағында сайыстар 1941 жылы ұйымдастырыла бастаған екен. Ал 1963 жылы  Будапеште Еуропа Кубогының түндігі түрілді.

*Осы уақыт аралығында гимнастшыларды бағалау жүйесі бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Оның бәрі төреліктің әділ болуы үшін жасалып жатқан қадам. Мысалы, 2001 жылы спортшылардың үздік өнеріне 10 ұпай берілсе, 2003 жылы бұл өлшем – 30-ға, ал 2005 жылы 20 ұпайға өзгертілді.

*Дегенмен әлі күнге дейін көркем гимнастикадағы субъективті пікір мен бұрмалаушылықты жою мүмкін болмай келеді. Соның салдарынан төрешілер арасында пікірталас пен кикілжің жиі болып жатады. Солардың біріне 2000 жылы Сарагосадағы Еуропа біріншілігінде куә болдық. Өз жерлестеріне бүйрегі бұрып, өзгелердің әрекетін жоққа шығарғысы келген украиналық қазы Ирина Дерюгина техникалық комитет мүшелігінен шеттетілді.

*Гимнастиканың басты мақсаты спортшының физикалық даярлығын жақсарта түсу ғана деп ұғу қате. Өйткені мұнда бапкерлер шәкірттерінің дене бітімінің сұлулығымен қатар бойындағы сенімін арттыруға, тіпті өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға барын салады. Спортшының есте сақтау қабілетін дамытып, уақытын бақылауға да тигізер септігі мол. Бүгінде көркем гимнастиканың фитнес пен йога секілді қолжетімді түрлеріне сұраныс жоғары.

* Көркем гимнастикадан жарыстардың барлығы 13х13 метр көлеміндегі кілемдерде өтеді.

* Спорттың бұл түрімен әдетте тек қыздар шұғылданады дегенімізбен, бүгінде ерлер арасында ырғақты гимнастикаға қызығушылар саны артқан.

* Бір ерекшелігі, гимнастар допинг қолданатын спортшылар қатарына жатпайды. Оның бірден-бір себебі, бұлшықетке байланысты. Әлгінде айтып кеткендей, қозғалыспен қатар дене бітімнің сұлулығы есепке алынады.

* Әдемілікке бей-жай қарай алмайтын ата-аналар үшін кеңес: Көркем гимнастикаға баланы 3-5 жастан берген жөн. Ондағы мақсат – буыны қатып үлгермеген бүлдіршіннің мүмкіндігін барынша аша түсу. Гимнастардың спорттық ғұмыры да тым қысқа. Өзгелер үлкен спортқа енді қадам басып немесе жұлдызы жанар шақта, спорттың бұл түрін серік еткендер бапкерлікке немесе спорттың басқа түріне, спорттық балетке бет бұрып жатады.

Әлия Юсупова, көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

Қазақстан мықтылардың қатарында

– Көркем гимнастика – өнер, сұлулық. Біз болашақ әдемі қалыңдықтарды дайындаймыз. Біздің спорт балетке өте ұқсас. Көркем гимнастикада спорттан бөлек, әдемілікті де көрсету керек. Спортты түсінбейтін қарапайым көрерменнің өзі жарыс көріп отырғанда эстетикалық ләззат алуы қажет.

Мен азартқа берілген адаммын деп айта аламын. Өзіме Олимпиада ойындарына бапкер ретінде барамын деген мақсат қойдым. Ол ойым жүзеге асты. Спортшы ретінде де екі рет 4 жылдықтың басты додасында да өнер көрсеттім.

Көркем гинамнастикадан Қазақстанның мектебі де мықтылардың қатарында деп айта аламын. Әйтпесе, біз Азия құрлығында чемпион атанбас едік. Әрине, спорттық инфрақұрлым жағынан, мүмкіндіктер тұрғысынан Ресеймен салыстыруға келмейді. Дәл қазір осы спорт түрінен толыққанды база тек Шымкент қаласында бар. Елімізде арнайы жабдықталған, дені дұрыс зал да жоқ. Кезінде Астанаға келгенімде таңертең екі сағат, кешке қарай үш сағат қана жаттығу жасайтынмын. Ал Мәскеуде күніне сегіз-тоғыз сағатқа дейін жаттығатынбыз. Міне, толыққанды жаттығудың уақыты осындай болуы тиіс.

Анна Алябьева, көркем гинамнастикадан Азияның абсолютті чемпионы:

Баламен отырсам да мектебімді бақылаймын

– Қазіргі кезде Астана мен Шымкент қаласында көркем гимнастикадан мектеп аштым. Шымкенттегі филиалды ашу бір сағаттың ішінде жүзеге асты. Әрине, маған жақындарым көмектесті. Қазіргі кезде оқу-жаттығу жиындарын, жарыстарын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Қазақстанда ата-аналардың көбі балаларын көркем гимнастикаға бергісі келеді. Сондықтан басқа қалаларда да ашу жоспарда бар.

Қазіргі кезде бала бағып отырғандықтан үнемі мектебіме баруға мүмкіндігім бола бермейді. Соған қарамастан телефон арқылы бәрін бақылап отырмын. Жаттықтырушыларымыздың арасында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Сабина Әшірбаева да бар.

Алина Әділханова,  2018 жылғы Азия ойынының екі дүркін чемпионы:

Гимнаст болу үшін туған қаламнан кету керек болды

– Мен 2001 жылы 26 қыркүйекте Қарағанды қаласында дүниеге келгенмін. Бірақ қазіргі кезде Шымкент қаласының намысын қорғап жүрмін. Өкінішке қарай, Қарағандыда гимнастика ешқандай жағдай жасалмаған. Шешімді өзім қабылдадым. Себебі жоғары жетістікке жету үшін туған қаламнан кету керек екенін түсіндім.

Айта кетейік, биыл жыл басталғаннан бері Қазақстанның көркем гимнастика құрамасы Будапеште өткен халықаралық турнирде үш медаль жеңіп алды. Роза Абитова шығыршықпен жаттығуда, Даяна Әбдірбекова таспен жаттығуда күміс жүлде еншілесе, Адиля Тілекенова доппен жаттығуда қолаға қол созды. Сондай-ақ Мәскеуде өткен Гран-при кезеңінде құрама команда топтық жаттығуда екі  рет үздік бестікке енді.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №10
5 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз