Гүлфайра Рамазанова – Ақтөбе өңірінің мақтанышы. Отбасындағы алты баланың кенжесі. Ерекше қажеттілігі бар екеніне қарамастан, мойнындағы жүгі ауыр.
Аз қамтылған тұлғаларды қолдауға бағытталған республикалық «Zhas Project» жобасының жеңімпазы. Жеңіспен келген ақшаның бір тиынын да өзіне жаратпай, құрал-жабдық сатып алып, жеке фотошеберханасын ашады. Осы күнге дейін жиырмаға жуық мүмкіндігі шектеулі жан мен аз қамтылған отбасының балаларын
фото өнеріне баулыпты.

– Қобда ауданының Жарық ауылында туып өстім. 3-сыныпқа дейін сыныптастарыммен бірге оқыдым. Мектепке анам арқалап апаратын. Менен өзге бес бала болғандықтан, оқуды үйде жалғастыруды жөн көрдім, – деп бастады əңгімесін Гүлфайра. – Дені сау балалармен бірге оқыдым. Олар мені ешуақытта бөлген емес. Сыныптастарыммен де тату болдым. Содан болар, ерекше қабілетімнен қысылған емеспін. Үйден білім алғаным болмаса, мектептің шараларына үнемі қатысып тұратынмын. Сыныптастарым мерекелерде сыйлық беретін.

Концерттік бағдарламаларды ұйымдастырамын. Анам қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі. Мен үшін газет-журналдарға жазылатын. Кішкентай күнімде өте
тиянақты болдым. Əр затымды ұқыпты ұстадым. «Бала би», «Балдырған» журналдарының тігіндісін жинағанмын. Көрші балалар менің бір дорба газет-журналыма қызығатын. Ауылдан көшкенде жақсы араласатын құрбымның інісіне
«Балдырған» журналының тігіндісін сыйлағаным есімде, – деп күліп алды. – 9-сыныптан кейін оқуға түскім келді. Бірақ туғаннан қоларбада отырғандықтан қиын болды. 11-сыныпты бітіргеннен кейін сал ауруына шалдыққан тұлғаларды қолдау қорының мүшелігіне қабылдандым. Ол туралы мектепте жүргенде облыстық «Диапазон» газетінен оқыдым. Аға-əпкелердің көмегімен төрт жылдан кейін армандаған оқуыма түстім. Байланыс технигі мамандығын бітірдім. Жұмыс істеуіме көмектескен Гүлмирам Аманжолқызына алғыс білдіремін. Сол кісінің көмекшісі болып, алғашқы жалақымды алдым. Мүгедектігі бар тұлғаларға арнап іс-шаралар ұйымдастырдым. Оларды қоғаммен араластырғым келді. Еріктілер тобын да құрдым, – дейді сол күндерді еске алып.

Жиырма шәкірт тәрбиеледім

Гүлфайра өңірдегі тұңғыш рет ұйымдастырылған «Фотоөнер негіздері» жобасына қатысып, мүгедектігі бар тұлғалар арасындағы тұңғыш фотомодель атанған.
Фотоөнерге де қызығушылығы осыдан басталса керек…

– Үлкен ағам суретші. Сол кісіге еліктейтінмін. Мектепте сурет байқауына да қатысқанмын. Арманым орындалмаса да, суретшіліктің бір тұтқасын ұстап жүрмін. Фотостудияны ашудағы мақсатым – тірек-қимыл мүшелері зақымдалған адамдардың өмірге құштарлығын арттыру. Өзім секілді фотомодель болғысы келетіндерге бағыт-бағдар беру. Алты ай бойы тегін қызмет көрсеттім. Талай рет қуаныштарының куəсі болдым. Арманым «Zhas Project» жобасының арқасында жүзеге асты. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры Гүлмирам ұстазымның да маған артқан сенімін ақтауға тырыстым. Фотостудияны ашудағы екінші мақсатым – студенттерді де жұмыспен қамту. Студенттер сабақтан тыс уақытта студияға келіп, шығармашылықпен айналыса алады. Қоларбадағы тұтынушыларға ыңғайлы жеке тұрғын үйді жалға алып, кəсіпті бастадық. Осы жобаның арқасында жеке кəсіпкер атандым. Өзім де фотограф мамандардан сабақ алдым. Қазір қайырымдылық шаралары мен қаладағы мерекелік кештерге тапсырыс қабылдаймыз. Алты ай бойы тегін қызмет көрсеттім. Алғашында «ерекше келбетті» адамдар фотоға түскілері келмейтін. Салонның қызметкерлері əрең көндіретін. Түрлі оқиғалар да болған. Барлығы көз алдымда өтіп жатты. Өзім де бірге фотосессия жасап, бойларын үйреттім. Кезінде ұялып фотоға түспегендер қазір фотоға түсірудің қыр-сырын өзгеге үйретіп жүр, – деп ағынан жарылды.

Өмірдің қас-қағым сəтін қалт жібермей, объективтің ішіне енгізу шеберлік пен
кəсібилікті қажет етеді. Гүлфайрадан кəсіпқойлық пен əуесқойлықтың айырмашылығын сұрадық.

– Алты айдың ішінде фотоөнерді үйрендім. Фотоаппараттың көмегімен бір сəтті қаз-қалпында бере аламын. Онымен жұмыс істеген өте ыңғайлы. Кəсібилік тамыры сауаттылықтан басталады. Кəсіби фотографтардың өмірі фотомен байланысты. Олар фотография деген үлкен саланың ішінен өзіне керегін таңдап алады жəне сол бағытта ізденеді. Ал əуесқойлар фотоға күннің батқаны мен таңның атқанын жалықпай күтетін кəсіпқойлар сияқты ден қоймайды. Олар өздері немесе өзгенің түсірген суретінен лəззат алушылар. Біз де тұтынушымыздың фотосына қарап қуанғанынан шабыт аламыз. Желіде сапалы фото көрсем, қуанып қаламын, – деп əңгімесін аяқтады.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №10
5 наурыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз