Болгария астанасы София қаласында бокстан халықаралық «Странджа» турнирі өтті.

Еліміздің атынан барған 10 боксшының бесеуі финалға шыққан еді. Өкінішке қарай, бірде-біреуі жеңіске жете алмады.

Финалдық жекпе-жектер басталмас бұрын «қазақтың салмағы» саналатын 69 келідегі Абылайхан Жүсіпов шешуші сайысқа шығудан бас тартты. Отандасымыз жартылай финалда украиналық Евгений Барабановпен кездесу кезінде жарақат алған. Сол себепті Жүсіпов ақтық жекпе-жекке қатыспай, турнирдің күміс жүлдегері атанды. Әйтпесе, жерлесіміз Бобо-Усмон Ботуровпен жолығу керек болған.

Ал ең жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіпов 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Амит Пангалудан ұтылды. Зәкір Сафиуллин (60 келі) ресейлік Артур Субханкуловқа есе жіберді.

Жас боксшы Санатәлі Төлтаев (64 келі) тағы бір ресейлік Алексей Мазурьмен жолыққан. Бұл кездесу тең дәрежеде өтті. Дегенмен, төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Мазурьге берді.

Соңғы үміт Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левитте (91 келі) болатын. Алайда ол да ресейлік Садам Магомедовтен айласын асыра алмады (1:4).

Сөйтіп, отандастарымыз 5 күмісті қанағат тұтты.

Ғалымбек КЕНЖЕБАЕВ, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

–  Болгарияда бес боксшымыздың финалға дейін жеткені жақсы нәтиже. Бірақ бірде-бір алтынсыз қалғанымыз аздап көңіл қынжылтады. Ұлттық құрама жігіттерін бірінші рет үлкен жарысқа бастап шықтым. Енді қай жерде кем-кетік барын анықтап, қай олқылықтың орнын толтыру керектігін саралаймыз.

49 келідегі Теміртас Жүсіповтің үнді боксшысына шамасы жетпеді. Қарсыласы – Амит Азия ойындарының чемпионы, тәжірибесі де, күші де көп екен. Теміртас өте мықты боксшылардың бірінен жеңілді деп ойлаймын. Ал 60 келідегі Зәкір Сафиуллиннің тәжірибесі мол. Финалда Ресей боксшысымен жұдырықтасты. Қарсыласы өзінен физикалық және тактикалық тұрғыдан басым болды. Бар күшін салса да, жеңіске жете алмады.

Жас боксшыларымыздың бірі Саматәлі Төлтаев 64 келіде сынға түсті. Оны финалда жеңілді деуге аузым бармайды. Қарсыласынан соққысының қуаты жағынан және жиі шабуылдау тұрғсынан да алда болды деп ойлаймын. Алайда, төрешілердің өз айтары бар. Қазылар 3:2 есебімен жеңісті ресейлік боксшыға берді.

91 келідегі Василий Левит пен ресейлік Садам Магомедов арасындағы жекпе-жектің тартысты өткеніне күмән жоқ. Қарсыласы агрессияға жақын болғандықтан, төрешілердің көңілінен шыққан сияқты. Жиі басымен алға ұмтыла берді. Сондықтан Левиттің бет-аузын жарақаттады. Тіпті, біздің боксшының маңдайы жарылып кетіпті. Василий қарсыласына жақсы соққы жұмсады, бірақ ресейлік спортшы Левиттің ыңғайына келмеді. Жүйкені тоздырған кездесу деп осыны айту керек шығар.

69 келідегі Абылайхан Жүсіпов украиналық боксшымен өткен жартылай финалдық кездесуде жарақат алды. Бірінші раундтан соң қолының ауырып тұрғанын айтты. Жарысты әрі қарай жалғастырмай-ақ, тоқтатайын деп ойладым. Алайда, бір қолымен екі раунд жұдырықтасып, жеңіп кетті. Кейін дәрігерлер Жүсіповтің финалға жарамайтынын айтты. Бүгінде ол ем алып жүр.

«Странджа-2019. Командалық есеп:

  1. Ресей – 4 алтын,1 қола (5 медаль);
  2. Өзбекстан – 2-2-1 (5);
  3. АҚШ – 1-1-2 (4);
  4. Болгария – 1-1-1 (3);
  5. Украина – 1-0-3 (4);
  6. Үндістан – 1-0-0 (1);
  7. Қазақстан 0-5-0 (5).

 

Билектің жолы жеңіспен басталды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Түркияда Молдова құрамасымен жолдастық кездесу өткізді. Бұл ойында жерлестеріміз 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан мен Молдова арасындағы ойын FIFA-ның күнтізбесінде жоқ. Сондықтан Ресей клубтарында ойнап жүрген Еркебұлан Сейдахмет пен Бахтиер Зайнутдинов және «Қайрат» клубының футболшылары бұл матчқа қатыспады. Матчты FIFA ресми бекітпегендіктен, клубтарға футболшыларын жібермеуге құқығы бар. Мұндай жағдай 2016 жылы да орын алған. Сол кезде «Қайрат» командасы Қытаймен жолдастық кездесуге футболшыларын жібермеген еді.

Билек кеңейтілген тізімге Голландия чемпионатында ойнайтын Александр Меркельді де қосып еді. Бірақ оны да клубы босатпады.

Ойын тағдырын шешкен жалғыз голдың авторы жас шабуылшы – Оралхан Өміртаев. 20 жастағы Қарағанды футболының түлегі осымен құрамадағы екінші гол соқты. Бұған дейін былтыр Ұлттар лигасының соңғы турында Грузия қақпасынан саңылау тапқан еді. Жалпы, Оралхан құрамада бар-жоғы 50 минут өткізсе де, нәтижелі ойынымен көпшілікті таңғалдыруда.

Әйтпесе, 30-40 ойынға қатысып, 2 гол соқпаған футболшылар біздің құрамада жетерлік.

 Өте жақсы ойын болды деп айта аламын. Әрине, қауіпті шабуылдарды сирек болғаны рас. Ең бастысы қақпамызға гол жібермедік. Алға қойған тапсырмалардың барлығын орындап, бүгінгі ойында жеңіске жеттік деп ойлаймын. Ұлттық құрамада алғашқы ойындарын өткізген футболшылар көп болды. Олар жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты. Алға үлкен қадам жасады. Өрескел қателіктерді байқамдым. Енді жанкүйерлерді 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында қолдау көрсетуге шақырамын. Қиын болатыны түсінікті. Алайда, біз бірінші кезекте жанкүйерлер үшін ойнаймыз. Барлығыңызды стадионда көргіміз келеді. Әр жанкүйердің қолдауын сезінгіміз келеді. Қазақстанның абыройын қорғау үшін әр ойыншы жанын салады, – дейді құрама ойыншысы Дмитрий Шомко.

Қазақстан – Молдова – 1:0

Гол: Өміртаев, 61 (1:0).

Қазақстан: Дмитро Непогодов (Игорь Шацкий, 46), Темірлан Ерланов (Рауан Орынбасар, 80), Сергей Малый, Сағадат Тұрсынбай (Бекзат Шадманов, 66), Дмитрий Мирошниченко (Марат Быстров, 46), Дмитрий Шомко, Юрий Перцух, Азат Нұрғалиев (Еркін Тапалов, 66), Максим Федин (Рафкат Аслан, 88), Роман Мұртазаев (Оралхан Өміртаев, 46), Бауыржан Тұрысбек (Геворг Наджарян, 80).

Молдова: Дмитрий Челядник (Дориан Рэйлян, 88), Ион Жардан, Дину Граур, Георгий Антон (Дан Тарас, 74), Вячеслав Посмак (Андрей Макрицкий, 67), Артем Розгонюк, Александр Антонюк, Владимир Амброс, Николай Милинчану, Константин Санду, Ясер Цуркан.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №9
26 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз