«Қазақ сарбазы» лақап атымен танылған Садриддин Ахмедов қазақ боксы тарихында болмаған оқиғаны жасады. Ол әлемнің ең беделді WBC тұжырымы бойынша жастар арасында әлем чемпионы атағын 20 жасында жеңіп алды. Боксшы Канаданың Монреаль қаласындағы өткен бокс кешінде басты жекпе-жекте өнер көрсетті. Бірінші орта салмақта жұдырықтасатын «Қазақ сарбазы» мексикалық Абрахам Хуареспен (13-2 5KO) жекпе-жекке шығып, қарсыласын төртінші раундта нокаутқа жіберді. Садриддинді жеңісімен құттықтап хабарласып, жекпе-жек туралы ойын және алға қойған мақсаттарын сұрап білдік.

– Шыны керек, әлем чемпионы атағы сарапқа салынатын жекпе-жек болған-нан кейін, дайындығым өзгеше болды. Бұрындары тек алты раундтық жекпе-жекке дайындалсам, бұл жолы физикалық, тактикалық тұрғыдан екі есе көп жаттықтым. Әр жаттығу сайын тәжірибелі боксшылармен спарринг өткізіп жүрдім. Одан бөлек, жауапкершілікті сезіндім. «Қазспорт» арнасынан тікелей эфирден көрсетеміз дегеннен кейін психологиялық тұрғыдан да қиын болды. Осындай қиын сәттерде Бауыржан Момышұлы атамыздың «Отанға деген сүйіспеншілік қана сені қиын-қыстау кезеңде жеңіске жетелейді» деген нақыл сөздерін оқып, жігерлендім. Алдыңғы сұқбаттарымда айтып кеткенімдей, шаршы алаңға шыққанда артымда күллі қазақ тұрғандай сезінемін. Сондықтан елімнің намысы үшін жанымды салдым. Жекпе-жек алдында Батыр Жүкембаев ағам арнайы бөлмеме кіріп, рухты көтеретін, жігерді жанитын небір сөздер айтты. Жеңіске жетуімнің бірі сыры осында болса керек. Қарсыласым да оңай шағылатын жаңғақ емес, бір-ақ рет жеңілген спортшы. Бапкеріммен дұрыс тактика қойып, нәтижесінде жекпе-жекті төртінші раундта аяқтадым.

Қазақ боксының болашағы деп үміттенетін Садриддин үшін бұл үлкен жеңістердің бастамасы ғана. Алда үлкен жекпе-жектер мен мықты қарсы-ластар күтіп тұр.

– Әлбетте, әлем алдында еліміздің абыройын асқақтатқаныма қуаныштымын. Бірақ мұны үлкен жетістікке бағалай алмаймын. Бұл тек үлкен жеңістерімнің бастамасы, ұзақ сапардағы алғашқы адымым ғана. Мен үшін алдымдағы есік әлі ашыла қоймады, қазір оның тұтқасынан ұстап тұрмын. Әлі жаспын, белбеуімді тарихи жеңіс деп есептемеймін. Өзімді Геннадий Головкин, Сауль Альварес сынды боксшылардың жасындағыдай сезінемін. Әрине, олардың жеткен жетістігіне, шыққан шыңына шыққан жоқпын. Дегенмен солардың деңгейіне жетіп, олар жетпеген жетістікке жету үшін барымды саламын. Аллаға шүкір, соңғы жекпе-жектен кейін әлемдік рейтингте едәуір жоғарылап, үздік боксшылардың қатарына қосылдық. Енді тек мықты қарсыластармен кездесу өткіземіз.

Садриддиннің жекпе-жегін «Қазспорт» арнасы тікелей эфирден көрсетуге уәде берген болатын. Алайда жексенбінің таңында көгілдір экранға телмірген бокс жанкүйерлері бұл жекпе-жекті көре алмады. Бұның себебін боксшының өзінен сұрап білдік. Сондай-ақ Садриддиннің жанкүйерлер арасында дау тудырған ұлтына қатысты да айтары бар екен.

– «Қазспорт» арнасы хабарласып, тікелей эфирден көрсетуге ұсыныс білдірді. Бірақ Канада тарапынан техникалық ақаулар болып, уақытында трансляция бере алмаған. Сондықтан «Қазспорт» арнасына ешқандай өкпеміз жоқ. Халықтың ықыласы мен жанкүйерлердің қолдауының арқасында «Қазспорт» арнасы тікелей эфирден көрсетуді ұйғарды деп ойлаймын. Келесі жекпе-жектерімнің бәрін «Қазспорт» тікелей эфирден көрсететінін жанкүйерлеріме айтқым келеді. Айтпақшы, осы жеңістен кейін ұлтыма қатысты әртүрлі әңгіме өрбіді. Кейбіреулер қазақ десе, кейбіреулер өзбек екенімді айтып жарияға жар салды. Әлеуметтік желі арқылы да «Қазақсыз ба, әлде өзбексіз бе?» деген хаттар өте көп келді. Жанкүйерлеріме, күллі қазақ еліне қазақ екенімді айтудан шаршамаймын. Олар сұраудан шаршамаса, мен айтудан шаршамаймын. Осындай сұрақ қоюшыларға ашуланып көрген де емеспін. Қазақ екенімді сөзбен де айтып, ісіммен де дәлелдеуге дайынмын. Қазақ елінде қазақ болып туғаныма Аллаға мың да бір шүкір. Бастысы, жүрегім қазақ деп соғатынын бәрінің білгенін қалаймын.

Садриддиннің салмағында (69 келі) WBC тұжырымы бойынша Тони Харрисон (28-2 21 КО) әлем чемпионы болса, WBО тұжырымының бел-беуін мексикалық былғары қолғап шебері Хайме Мунгия 32-0 (26 KO) жеңіп алған. Ал WBA мен IBF тұжырымдарында америкалық Джарретт Хёрд (23-0 16 KO) чемпиондық атаққа ие. Бұлардың бәрі «Қазақ сарбазының» болашақ қарсыластары.

– Әрине, біздің алға қойған үлкен мақсаттарымыз бен жоспарымыз жеткілікті. Бапкерім Марк Рэмси өте тәжірибелі, Канадағы ең үздік жаттықтырушының бірі. Бапкеріммен әлі шеберлігімді шыңдап, біліктілі-гімді арттыруым керек. Одан бөлек, әдістердің түріне, ерік-жігерге, шыдамдылық пен сенімділікке және жекпе-жек үстіндегі шапшаңдық пен соққылардың дәлдігіне көп көңіл бөлуді жөн көрдік. Қазір бар болғаны жеті-ақ жекпе-жек өткіздім. Бұл дегеніңіз 5-сыныптан бірден 11-сыныпқа секіре алмаймын деген сөз. Маған тек ерінбей еңбек етіп, шүмектеп тер төгу ғана қажет. Қалғанының бәрі өз уақытымен болады. Бірақ мықты боксшылардың ешқайсысынан қаймықпаймын.

Шаршы алаңда қазақтың намысы үшін жанымды салуға әр кез дайынмын. Промоутерім Камиль Эстефан Америкадағы жекпе-жектерімді ойластырып жатыр. Атақты Showtime телеарнасы мен Golden Boy сынды америкалық промоутерлік компаниялармен келіссөздер басталды. Алла қаласа, осы жылы АҚШ-та жекпе-жек өткізу жоспарымызда бар. Америкада да атой салатын күн алыс емес. Әзірге салмақ ауыстыру ойымда жоқ.

Негізгі мақсатымыз – алдымен өз салмағымдағы белбеудің барлығын иелену. Өз салмағымдағы үздік боксшылардың жекпе-жектерін үзбей көріп, олардың қателіктері мен осал тұстарын іздеймін. Сондай-ақ олармен қалай жұдырықтасу керектігін, қалай жеңуге болатынын білемін. Қазір «Сауль Альвареспен қашан шығасың?» деген сұрақ көп қойылады. Жанкүйерлердің барлығы «Канеломен» жекпе-жекке шыққанымды қалайды. Әлбетте, мен де әлемнің ең мықты боксшыларымен қолғап түйістіргім келеді. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты болады. Уақыты келгенде «мен, мен» деген боксшылардың түндігін теріс айнал-дырамыз. Әлемді жұдырығына қаратқан чемпиондардың қатарына қосылып, күллі дүние «Қазақ сарбазын» танитындай қыламыз. «Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» дейді ғой, мені қазақ елі ғана емес, әлем білгенін қалаймын.

Қазір кәсіпқой бокстың бизнеске айналғаны баршаға мәлім. Атақ-даңқы жайыла бастаған спортшылар неше түрлі спорттық киімдер мен тауарлар шығарып жүр. Садриддин де болашақта бизнеспен айналыспақ.

– Әлбетте, болашақта өзіміздің спорт тауарларды шығарғымыз келеді. Бірақ біздің басты мақсатымыз бұл емес. Біз үшін кәсіпқой бокстағы бағындыратын белестеріміз бен алар асуларымыз маңызды. Өзіңнің тауарларыңды шығару үшін сол тауарға лайықты болуың керек, соған сай жұдырықтасу қажет.

Бір жылдың ішінде жеті жекпе-жек өткізген отандасымыздың 2019 жылға қойған мақсаты көп. Енді тек мықты қарсыластармен үлкен ареналарда чемпиондық атаққа таласуды көздейді.

– 2019 жылғы алғашқы жекпе-жегім мамыр айында өтуі мүмкін. Енді он раундтық жекпе-жектер ғана өткіземін. Бір жылда нақты қанша рет шаршы алаңға шығатыным белгісіз. Өйткені жекпе-жек қиындаған сайын, ағзаның қайта қалпына келу процесі ұзаққа созылады. Әлемдік рейтингте үздіктер қатарына қосылғаннан кейін әртүрлі тұжырымдардың белбеуіне таласуға жолымыз ашылды. Бәлкім, WBA тұжырымының белбеуіне немесе WBO тұжырымы бойынша үлкен жекпе-жектерге шығамын. Промоутерімнің айтуынша, осы жылы кемі екі кездесуімді Америка елінде өткіземін. Қазір Канадада жанкүйерлеріміз көбейіп келеді.

Жаттығуының барлығын Канадада өткізетін Садриддиннің жанында Батыр Жүкембаев, Нұрзат Сабыров сынды қазақ боксшылары бар. Барлығы бірге тұрып, бір үйдің баласындай болып кеткен.

– Шыны керек, елде жүргенде бір-бірімізге деген бауырмалдық сезіле бермейді. Ал шет елде жүрсең бәрі басқаша. Бір-біріңе деген құрмет те бөлек, сыйластық та өзгеше болады. Мені туған інісіндей көретін Батыр Жүкембаев, Абылайхан Құсайынов және Нұрзат Сабыров сынды аға-бауырларыма алғыс айтқым келеді. Олар әрқашан қолдау көрсетіп, бар ақыл-кеңесін айтып жүреді. Әр жекпе-жектің алдында рухымды оятып, намысымды қайрайды. Бір Батырдың маған осылай қолдау көрсеткенін күллі қазақтың қолдауындай қабыл-даймын.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2019

3 ПІКІРЛЕР

  1. Бауыржан атамыздың сөзін жадында сақтап, Қазақ елін әлемге танытқызы келетіні және тауар шығару үшін соған лайықиты болуың керек дегені ұнады. Жарайсың, азамат!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз