Су мен газдан жасалған зымыран көрдің бе? Мүмкін емес деп ойлайсың ба?Қателесесің. Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев
зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Аманнұр Бақыт пен Амантай Айтжанов судан зымыран жасап, оны ұшырып та көріпті.

Оқушыларға мұндай ой физика сабағында келіпті. Дамир ағай қысым тақырыбын өткенде газ бен судың байланысын айтады. Сабақ үстінде балалар зымыран жасауды ойлапты. Зымыран туралы ізденіп, интернетті ақтарып, жасалу жолын түсініп, моделін, яғни нысанның кішірейтілген нұсқасын жасайды.

– Судан зымыран жасау үшін 1 литрлік пластик бөтелкеге 70 пайыздай 50-
55 градустағы су құйдық. Газ толтырылған құтыны бөлек бөтелкеге құйып алдық. Газ су секілді түседі. Арақашықтық сақтай отырып, газды су құйылған бөтелкеге құйдық. Судың бетінде газ қалқып тұрады. Бұл реакцияға түспегенін білдіреді. Кейін ақырындап, бөтелкені қақпағы ашық күйінде бос ұстап, жерге бірден төңкереміз. Газға түскен қысымның әсерінен бөтелке аспанға ұшып кетеді,
– дейді Амантай.

Зияткерлік мектептер арасында байқау жиі өтеді. Қос өнертапқыш «Наурыз кездесулері» ғылыми жобалар байқауында бақ сынамақшы. Биыл білім бәйгесі Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбымен өтеді. Амантай мен Аманнұр жарыстың мектепішілік кезеңіне қатысыпты.

– Мектепішілік кезеңдегі байқау өте қызықты өтті. Қатысушылар зымыран
ұшырудың әртүрлі тәсілін көрсетті. Біз өз тәсілімізді көрсеткенде, ұстаздарымыз
таңдай қақты. Біз жасаған зымыранның ұзындығы – 1 метр. Макет жасауда физика пәнінің мұғалімі, жетекшіміз Дамир ағай мен шеберxанашы Аманғали
ағайдан көмек сұрадық. Бірі қалай жасау керегін түсіндірсе, шеберxанашы қажетті материалдарды берді. Мысалы, бояғыштар, ватман, бөтелке…

Іштей дайындалып жүрдік те, екі күнде жасадық. Өйткені емтихан басталып, сабаққа дайындалдық. Қазір зымыран ұшыру кезінде бірнеше шақырым
радиуста 12 литр жанбайтын отынды шашыратады. Гидразин отынын көп қолданады. Гидразин және осы секілді отындардың көпшілігі өте улы. Отынның
шағын концентрациясы көзді және тыныс алу жүйесін тітіркендіреді.
Концентрацияның жоғарылауы, бас пен жүрек айнуына себепші болады. Тамыр тартылып, өкпе ісініп, кей жағдайда адамның жағдайы күрт нашарлап кетеді. Зымыран ұшқаннан соң белгілі бір биіктікте осы отынды шашыратып, қоқыс
лақтырады. Ұшақ құлаған жағдайда зиянды, улы заттар отыннан таралуы мүмкін.
Сол себепті мұндай аймақтар халықтың денсаулығына қауіпті. Ал біз қоршаған ортаға зияны жоқ зымыран ойлап тапсақ дейміз.

Қозғалтқыштағы газ жылдамдығының артуы итергіш күш тудырады. Бұл біз жасаған 1 метрлік зымыранға қатысты. Яғни, ыссы суға газдың қосылуы оның қысымы мен көлемінің ұлғаюына әкеледі. Нәтижесінде зымыран 10-20 метр биіктікке көтеріледі. Болашақта жобаны білікті мамандардың көмегімен жаңа құрылғылар енгізіп, ғарышқа ұшатындай етіп жасауға болады.

Бала кезімнен инженер болуды армандаймын. Бұл мамандық өмірге деген қызығушылығымды арттырады. Жобаны аз уақыт ішінде ойлап тапқандықтан,
стартапқа қатысу ерте. Бізге әлі де жан-жақты зерттеу қажет,
– деді Аманнұр.

Итбалыққа көмек керек

Таяуда Маңғыстау өңірінде «Тек арманшылдардың жұлдызы жарқырайды» атты қайырымдылық акциясы өтті. Шараның мақсаты – Каспий итбалығын қорғау және сақтау. Итбалықты сақтауға қоғам болып күресу керек. Теңізде қанша итбалық бар екені белгісіз. Əйтеуір, азайып барады… Балықты қалай қорғауға болады? олар қоныс аударған кезде жақсы жағдай жасалуы керек екен. Сол үшін итбалыққа чип орнатқан дұрыс. Ал оған көп қаржы қажет…

Белгілі суретші Лейла Ахмет көрме өткізіп, түскен қаражаттың бір бөлігін итбалықты қорғауға беретінін айтты. Балаларға сурет салу техникасынан шеберлік сабағы өтті. Балалар арасында сурет байқауы өтіп, 70-ке жуық жеткіншек қатысты. Соның ішінде Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әмина Әбілдің суреті 1-орынға лайық деп танылды. 2-орынды Мариям Жаспенова, 3-орынды Жұлдызай Ұзақбаева жеңіп алды. Байқау жеңімпазы Әмина былай дейді:

«Байқаудың мақсаты итбалықты қорғауға арналғанын естігенде, біртүрлі сезімде болдым. Итбалықты зерттей бастадым. Сөйтсем, аңшылар таяқпен сабап өлтірсе, үлкен мекемелер мұнай төгеді екен. Суретті бар жан жүрегіммен салдым. Каспий тек адам баласына тиесілі емес, жануарларға да тиесілі. Егер итбалықты қорғамасақ, бір күні тариxқа айналып кетеді.

Қара фонда сәбиді ұстап тұрған итбалықты салдым. Сурет арқылы жануарда да адамға тән сезім бар екенін айтқым келді. Біз жануарларды не үшін өлтіреміз? Олардың сана-сезімі, ақылы жоқ деп санаймыз.

Байқауға Маңғыстау облысының барлық оқушылары қатысты. Жұмыстар әртүрлі.
Көркем суреттен бастап қолданбалы өнерге дейін қамтыды. Жүлделі 2-3 орын витраж теxникасында салынған жұмыстарға берілді. Табиғатты қорғауға балалардың селқос қарамағанын көріп, риза болдым. Бос уақытымда әйгілі суретшілердің өмірбаянын оқып, жұмыстарын талдап, зерттеуге тырысамын. Өйткені, идея алып, астарлы мағынасын түсінуге көмектеседі».

Берік отбасының белгісі

Назарбаев зияткерлік мектебінің 7 «А» және 7 «В» сынып оқушыларының ата-аналары Оксфорд Брукс университетінің мұғалімдері дайындаған «Берік отбасы» курсын оқыды. 7 сессиядан тұрған психологиялық тренингке 11 отбасы қатысыпты. Отбасы құндылықтарын қалыптастырып, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға арналған курсты мектеп психологтары және педагог-куратор Бибігүл Арыстанова жүргізіпті. Ата-ана баланы, бала ата-ананы түсінсе, жетістікке жетпейтін бала болмайды…

– Курс 10-14 жастағы балалар мен олардың ата-аналарына арналған. Сабақ
барысында біз жасөспірімдердің күйзелісінің ерекшеліктерін, айналасындағы ортамен қарым-қатынасын, өзіне деген сенімнің қалыптасуын зерттедік. Сондай-ақ, отбасындағы шектеулерге, конфликт жағдайындағы баланың өзін-өзі ұстауына назар аударып, баланы күшпен тәрбиелемеу жолдарын қарастырдық. Бағдарламаның ең маңызды тұсы – топтық динамика. Команда мүшелері жанындағы адамның мықты тұстарын таба білді,
– дейді психолог
Тілектес Оразбергенқызы.

Екі дәрістен кейін-ақ топ мүшелері ауызбіршілік танытып, өзара жақын тіл табыса бастапты. Сабақ барысында ата-аналар балаларын жаңа қырынан танығандарын айтыпты. Балаларға стресс дегеннің не екенін, одан шығу жолдары, отбасылық тәртіпті сақтау, үлкендерде туындайтын қиындықтар туралы айтылыпты. Қатысушыларға тек лекция оқыла бермей, әртүрлі ойындар, топтық жұмыстар жасау арқылы түсіндіріпті. Жобаның қандай нәтиже бергенін білу үшін әрбір отбасы бақылауда болыпты. Игі іс әлі де жалғасын табады деген үміт бар. Себебі жоба әлемнің 35 еліне енгізіліп, орыс, испан, неміс, португал, француз, қытай тілдеріне аударылған. Мектеп психологы Тілектес апай Оксфорд Брукс университетінің аға мұғалімі, философия ғылымдарының докторы Дебби Ален және Линдси Клубстан бағдарлама бойынша білім алған болатын.

Рысгүл РАМАЗАНОВА,
Назарбаев зияткерлік
мектебінің баспасөз хатшысы.
Ақтау қаласы

Бетті дайындаған Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №9
26 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз