Талғар тасжолының бойындағы сауда үйінің алдында қазақ боксының аңыз бапкері Тұрсынғали Еділовті күтіп тұрмыз. Айтылған уақыттан бір минут кешікпей келді. «Қазір мәшинеге отырыңыз. Сосын жолды қарап, мұқият жаттап алыңыз. Қайтар кезде адасып кетпеңіз», – деді. Бізді мәшинемен алып келе жатқан танысы Талғарға қарай бара жатқан беттегі оң жақтағы бірінші бұрылыстан бұрылды. «Мынау тұрған үйлердің үшінші тұрғаны», – деді. Айналаның бәріне үлкен-үлкен үшқабатты үйлер салынған екен. Оң жақта су арнасы жатыр. Бапкер ағамыздың үйі бірден көзге түседі. Өзгелер үйінің сыртын қызыл, сары кірпіштен өрсе, ол кісінің үйі әппақ материалмен қапталған екен. Шопыр ағаға рақмет айтып қоштастық. «Мінекей, мынау менің үйім, ал астында
Тұрсынғали Еділовтің жеке бокс залы бар», – деді қақпадан кіргенде. Біздің де іздеп келе жатқанымыз осы зал еді. Бірінші қабаттың кіреберісінде киім ауыстыратын дәліз, монша, душ, әжетхана бар екен. Ары қарай үлкен зал. Кеше ғана ашылғанға ұқсамайды. Тердің иісі сіңген. Мұндай залды кинодан болмаса, өмірде көрген емеспін. Бәрі тап-тұйнақтай. 5×5 шаршы метр рингке бірден көз түседі. Бір қабырға түгел айна екен. Ал төбесінде әлемнің, қазақтың аңыз боксшыларының суреттері тізіліп тұр. Тұрсынғали аға сырт киімін шешті де гүлге су құюға кірісіп кетті. Әр терезенің алдына бөлме гүлдерін өсіріп қойған.

Аңыз бапкердің не істеп жүргені қашанда қызық. Әсіресе, боксшыларымыз байрақты бәсекелерде сүрінгенде Еділовті еске алмайтын адам жоқ.

Қанат Ислам менде жаттығып жүр

«Соңғы кезде Алматы облысының бокстан бас бапкері болдым. одан кеткеніме де жарты жылдан асты. Қазір Алматыдағы балалар мен жасөспірімдерге арналған №10 спорт мектебінде 0,5 пайыз сағатпен жұмыс істеймін. Өзім осы залда 10-15 баланы жаттықтырамын. Таңертең 8-де келіп, қақпаны ұрады. Есікті ашамын да олармен жұмысты бастаймыз», – деді қазіргі айналысып жатқан жұмысын таныстырып жатып. Біз түскі уақытта барғандықтан спортшылармен жүздесе алмадық.

Бокс залына балалар ғана келмейді. Сонымен қатар кәсіпқой боксшылар Айдос
Ербосынұлы мен Рысбек Арман осында жаттығады екен. Қанат Ислам да келе бастапты.«Қанат «Бірге дайындалсақ, жағдай болса АҚШ-қа бірге барайық. Кәсіпқой боксқа нүкте қойған жоқпын» деп жатыр. Əзірге залға кім келеді,
соған білгенімді үйретемін. Жасөспірімдер командасындағы балаларым тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жатыр. Жеке залым болса деген арманым бар болатын. Үй саларда бірінші кезекте залды қалай жасау керек дегенді қарастырдым.
Кәсіби ринг қойдырдым. Айнаның алдындағы ашық алаңқайда балалар ойнайды,
жаттығу жасайды. Күшті жаттықтыратын түрлі темір-терсектің бәрін алдым.
Балалардың әке-шешелері келіп алғыс айтып жатыр. «Баламыз ашылып, мектепте де көсбасшы бола бастады»,
– дейді. 9-12 жас аралығында он бес балам бар. 16-18 жастағы жігіттер де келеді. Ілияс Мұсаев деген балам бар. 18 жаста. Салмағы 112 келі. Бойы да бар. Қазақстан чемпионы. Физикалық күш-қуатын жетілдіретін жаттығу залында ресейден келген маманнан арнайы дәріс алып жүр. Бұрын сәл бостау болатын. Қазір «пісіп» қалды», – дейді Тұрсынғали аға.

Телефоны безілдей жөнелді. Ар жақтағы дауыс иесінен шәкірті екені білініп тұр. «Неге кеше жаттығуға келмедің?» деп дауысын қатайтып сөйледі. Дауыс иесі себебін түсіндіріп жатыр. «Бүгін кешке күтем», – деп телефонды баса салды. Тәртіпке бағынбаса, спортшы нәтижеге жете ме?! Ары қарай бапкермен шәкірттері туралы әңгімені жалғадық.

Бокста байдың балалары чемпион болмайды

– Ұлттық құрамада былай айтқанда дайын боксшылармен жұмыс істедіңіз. Қазір кішкентай балаларға бокстың әліппесін үйретіп жүрсіз. Балалармен жұмыс істеу қиын емес пе?

– Дұрыс айтасыз, бұрын спортшы болуға көзқарасы қалыптасқан боксшыларды
дайындадық. Бірақ кішкентайынан өзің дайындаған жақсы екен. Баланың еркелігімен, қырсықтығымен жұмыс істейсің. Бір жыл бұрын құлап қалғанда жылайтын балалардың бүгінде есі кірген. Өздерін спортшы ретінде сезінеді. Көп еркіндік беремін. Кей кезде олармен теннис, футбол, волейбол, баскетбол ойнаймын. Негізі боксқа бай отбасының балалары келіп, чемпион боламын демейді. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасының балалары боксқа әуес. Бәлкім, өзін-өзі қорғағысы келгендіктен де спортпен айналысқысы келетін шығар. Балалар фитнес залдарына баратын болса, айына кем дегенде 10-15 мың
төлеу керек. Кейбір отбасы ондай ақшаны таба алмайды.

– Сіздің залға келу үшін қанша төлейді?

– Кейбір балалар тегін келіп жүр. Жағдайына қарадым. Айына 6-7 мың, әйтпесе. Ол ақша осы жердің жарығын, суын, жылуын да ақтамайды. Зал 230 шаршы метр. Екінші қабатта отбасыммен тұрамын. Үшінші қабатта жатақхана бар. Қазір Бексұлтан деген бала жатыр. Өзбекстанның қазағы. Жасөспірімдер арасында Өзбекстанның чемпионы. 57 келі. Кәсіпқой боксшы. Қанат Ислам алып келген. Оқуын осы жаққа ауыстырғалы жатырмын. Бексұлтан қазір күніне бірнеше сағат кәсіби дайындалады.

– Жаттықтырушы мен спортшының арасындағы байланыс қандай болуы керек?
Мысалы, жасөспірімдер арасында спортшы балалардың өзгелерге әлімжеттік көрсетіп қалатын жайттары кездесіп жатады.

– Бізді «осал балалар ғана күш көрсетеді, спортшы әлжуаздарға көмектесу керек» деп тәрбиелеген. Біз де солай тәрбиелейміз. Бапкерлікті бастағанда жағдай қиын болды. Рэкеттер шыға бастады. Спортшыларды жеңіл ақша табуға шақырады. Балалардың түзу жолда жүруіне Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыханов секілді азаматтарды мысалға келтіріп айтатынбыз. «Отбасыңды көтеруге сенің мүмкіндігің бар» деп әрқайсының жеке өміріне әсер ететін жайттардан мысал келтіретінбіз. Дәулет те, Ермахан да көпбалалы отбасынан шыққан. Қанша бауырларын сүйреп өсірген. Міне, солардың өмірі үлгі. «Спорт сенің атағыңа, атақ саған қызмет ететін күн туады. Сол атаққа таза жолмен жетіңдер» дегенді айтып отырамын.

– Қазіргі кезде спортшылар дінді көбірек насихаттайтын сияқты. Кезінде Ермахандар рингке «аруақ» деп атойлап шығатын. одан әріге бармайтын. осыған көзқарасыңыз қалай?

– Діннен хабары болғаны жақсы. Алдамайды. Жаттығуға келемін деп келмей кетпейді. Бірақ оның бәрі жүректе болуы керек. Спортшының жалпы жұртқа дінді насихаттап жүргенін қаламаймын. Әркім өз ісімен айналыссын. Сақал өсіріп, қысқа
балақ киюдің қажеті жоқ. Кейбір дінге әуес жігіттердің ораза ұстап жүрміз деп жаттығудан да бас тартатын кездері болады. Үлкен жарыстың алдында қалай ораза ұстайсың? Спортшының білімін жетілдірудің басқа да жолдары бар. Шынын айтсам, жоғары оқу орнын оқи алмай қалған бірде-бір шәкіртім жоқ екен. Ол жағынан көмектесіп тұрамын. Бапкер ретінде тек нәтиже көрсетуді ғана талап ете бермеймін. Спортқа бүкіл уақытын, өмірін беріп жүргенде, білім алу жағы да ескерусіз қалмаса деймін. Үлкен спортпен қоштасқан соң да нанын тауып жей алатын азамат болуын қалаймын.

– «Əттеген-ай» дейтін кездеріңіз бола ма?

– Бұрын құраманы Сиднейдегіден де жоғары биікке жеткізе аламын деп ойлаушы едім. Қазір өкінбеймін. Кім біледі, одан жоғары нәтиже болар ма еді, болмас па еді. Бірақ олимпиадада командалық есепте 1-орынға жеткізуді армандағам. Маған артқан сенімді ақтадым. Сидней олимпиадасында төрт бірдей қазақ жігіті финалға шығып, екі алтын, екі күміс алды. Бірақ мені қуаты зор боксшылардың олимпиада чемпионы бола алмай кеткені, бола алмай жүргені қынжылтады. Мысалы, Геннадий Головкин олимпиада чемпионы бола алмады. Әуесқой бокста бапкерлер оны аша алмады. Галиф Жаппаров 2003 жылы Әлем чемпионы болып, 2004 жылы олимпиадада түк ала алмады. Екеуі де бапкерлердің қателігі. Соларға көмегім тимегеніне өкінем.

Біздің кезімізде құрамаға бөлінетін азын-аулақ қаражаттың өзі кешігіп түсетін. Мысалы, бір салмақта 3-4 спортшы болады. Соның біреуіне ғана қаражат бөлетін. Талантты боксшыны көрсем, оны жоғалтып алмас үшін құрамаға алатынмын. Бірақ олардың қаражатын тауып беру оңай емес. Мысалы, сондай қосалқы боксшы болып кіргендердің бірі – Бекзат Саттарханов. Жарыстарға барғанда қонақүйге ақша төлесек, тамаққа ақша жетпей қалатын. Сондай кездерде демеуші іздеймін. Бірде жарыстың алдында мынадай жағдай болды: енді аты шығып келе жатқан кәсіпкер досыма демеуші бол деп бардым. «Тұрсын, менде ақша жоқ. Ұн мен макарон бар. Соны ғана бере алам», – деді. Жігіттерді апарып бір вагон макаронды артып алып, базарға көтерме бағамен саттық. Талай рет доллармен қарыз алып, ол өсіп кетіп қиналған кездерім де болған. Сол кезде бас бапкерлікке де үкіметке алақанын жаймайтын, еті тірі, тізгінді алып кететін
азаматтарды қоятын.

Ермахан, Мұхтархан, Болат, Бекзаттар…

– Шәкірттеріңіздің ішінде ерекше мінезімен, болмысымен есте қалғандар кімдер?

– Ермахан Ибрайымовтың жетістікке жететініне ешкім сенбеген. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дейтін қиын кез ғой. Алматыға келгенде, оған
ешкім құшақ ашпаған. 1993 жылы Ермаханды көрдім. Жағдайын айтты. Жататын орын тауып беріп, көмектестім. Содан кейін Ермаханда да сенім болды деп ойлаймын. Ұятқа қалдырмай, жаттықты. Ол маған жақсы спортшы болып көмектесті. Бапкер ретінде мақсатыма жеттім. Ермахан өте ақкөңіл, ашық жігіт. Қанша қиналса да мойымайтын. Анекдот айтып, ылғи жан-жағын күлкіге көміп жүретін. Бүкіл командаға солай позитив беретін.

Бекзат Саттарханов нағыз спортшы болды. Нақты мақсаты бар. Онда олай-бұлай кетіп қалу деген болмайтын. Бізге де тыным бермейтін. Жарыстарға, жаттығу жиындарына барайық деп тұратын. Ақша жоқ кезде не істерімізді білмей жүрсек, Бекзат сұрақтың астына алатын. Солай бізді қозғап отыратын. Олимпиададан чемпион болып келгеннен кейін бірінші боп Бекзат хабарласты. «Ағай, облыс-облысқа барып шаршадық. Қашан жаттығуды бастаймыз?» – дейді. 1998 жылы Қостанайда ел біріншілігі болды. Сол кезде Бекзатты көрдім. Сонда Бекзат ұтса да, ұтпаса да бәрібір еді. Өйткені оның рингте жүруі, өзін-өзі ұстауы қатты ұнады. Сол кезде құрамада Бақтияр Тілегенов деген мықты боксшы болған. Азияны ұтқан, Атланта олимпиадасына барған. Тілегеновтің жолы ауыр болды. Атлантада бірінші кездесуі әйгілі Мейвезерге түсіп, ұтылып қалды. 1999 жылы Әлем чемпионатына апарғанда бірінші кездесуде Хуареске ұтылып қалды. Хуарес сонда чемпион болып кеткен. Сиднейде Бекзат соның есесін қайтарды.

Мұхтархан Ділдәбековті де көп жаттықтырушылар жаратпады. Тәжірибесі аз деді. Ол бағы бар спортшы. Азияны ұтып, олимпиадаға барды. Мұхтархан жүректі жігіт. Соққысы мығым. Жүгіргенде жылдамдығы да күшті болатын. Ауыр салмақта болса да 100 метрге жүгіргенде бәрін шаң қаптыратын. Басы қатты істейтін. Әдетте ауыр салмақтағы боксшылардың көбі нокаут алады. Мұхтарғанның ерекшелігі – бірде-бір нокаут алмаған.

Болат Жұмаділов әмбебап боксшы болды. 1996 жылы Атлантада алтын алады деген боксшымыз еді. Бірақ өзіне деген сәл сенімсіздік жетіспеді. Меніңше, финалда кубалық боксшыға бұрып кетті. Әйтпесе, Болат ұтылмап еді. Екі дүркін олимпиаданың күміс жүлдегері болу оңай емес. 1992 жылы Барселонада өткен олимпиадаға барған. Бірақ КСРО-ның қосалқы құрамында болғандықтан рингке шыға алмаған. Мәскеу өз боксшысын шығарған.

– Боксшылар чемпион болғаннан кейін «жұлдыздықпен» ауыратын ба еді? ондай спортшыларды қалай жөнге салатын едіңіз?

– Құрамада олимпиада жүлдегерлері Болат пен Ермахан болатын. Бірақ сол екеуінің де кеуде кергенін көрмедік. Жаттықтырушының айтқандарын екі етпейтін. «Мынадай қонақүйде жатамыз, анадай жағдай жасалсын» демейтін. Боксшыларға «Бәріміз бір әскерміз. Сондықтан тәртіп болу керек» дегенді сіңдірдік. Тәртіпсіз жетістікке жете алмайсың.

Рингке не жеңем, не өлем деп шығу керек…

– Қазір біздің боксшыларға не жетіспейді? Қазақстанның Өзбекстаннан қалып қойып жатқаны жанкүйерлердің шымбайына батады…

– Патриотизм жетіспейді. Өзбектер рингке шыққанда аш қасқыр сияқты, тек алға
ұмтылады. Бізде қазір ондай жоқ. Жеңіске тойып алған сияқтымыз. Таза техникамен жұмыс істейді. Жеңіске ұмтылмайды. Өзбектер рингке не жеңем, не өлем деп шығады. Сол жігерді сезіндіреді. Әйтпесе қазір біздің боксшыларда бәрі бар. Тәжірибесі мол бапкерлер жаттықтырады.

– Кезінде боксшылардың патриотизм мәселесін қалай шештіңіздер?

– Боксшыны рингке шықпас бұрын тәрбиелеу керек. Көздеріндегі отын жағу қажет. Ол үшін кездесулер өткізетінмін. Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровті, генерал Ғани Қасымовты шақырып, боксшыларға лекция оқытатынмын. Тоқтар ағаның гүрілдеп сөйлегенінің өзі не тұрады?! Қазақ болғаныңа мақтанып кетесің. Бауыржан Момышұлының ерліктерін, көшбасшылығын айтатынбыз. Сосын спортшылар туралы көркем фильмдер көрсететінмін. Оны талдаймыз. Солай рухын оятатынбыз.

– Патриоттық рухты оятатын сондай фильмдерді қай спортшының өмірінен түсіруге болады?

– Қайбір жылы Сидней олимпиадасындағы боксшыларымыз туралы фильм түсірмек болған. Соңы сұйылып кетті. Онда менің де рөлімді ойнайтын актер болған. Мысалы, Ермахан Атланта олимпиадасына қатардағы боксшы болып, ту ұстап барды. Қола алды. Келесі Сидней олимпиадасында қола жүлдегер ретінде тағы да туымызды Ермахан көтеріп барды. Ол жолы да елдің сенімін ақтап, Елбасына туды абыроймен тапсырды. Туды тапсырғанда Ермахан түгілі мен қатты қобалжығам. Ту ұстау – жауапкершілік қой. Жиырма жасында олимпиада чемпионы болған Бекзаттікі – батырлық. Бекзат Ермаханның чемпион болмасына қоймаған нағыз мотиватор. Өйткені інісі алтын алып жатса, Ермахан қалай намысқа тырыспасын?! Бекзат жеңіске жолды ашып беріп отыр ғой. Әрине, олимпиада чемпиондарының бәріне кино түсіруге болады. 90-жылдары рэкеттер шыққанда спортшыларымызды қалай сақтап қалдық, олар қиын жағдайда спортпен қалай айналысты – оның бәрі жастарға үлгі. Ермаханның ата-анасы мал баққан кісілер. Ауылда жүрген қаншама қаракөз «Ермахан жеткен жетістікке біз де жете аламыз» деп жақсы өмірге ұмтылар еді.

Головкин де қаншама жасқа мотиватор. Жастар сол секілді еңбек етіп, неге миллионер болуға ұмтылмасқа? Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан тұлға. Өз ақшасына спорт кешендерін салып жатыр. Мейвезер, Пакьяо спорттың арқасында көп ақша тауып, қайырымдылық жасайды. Осылардың бәрі спортпен айналысқан балаға үлгі. Балалардың бәрі сондай болғысы келеді. Бірақ спортшылардың қиыншылығын, жетістігін, жақсылығын үнемі айтып тұрмаса болмайды.

– Сіздің боксқа келуіңізге кім түрткі болды?

– Отбасында 9 баланың бесіншісі болдым. Бала кезімізде спортзал болмады. Ашық алаңқайға екі қақпа қойып қойған. Қаратопырақтың үстінде шаң-шаң боп алаңнан шықпайтынбыз.Сабақтан соң үйдегілерге көмектесеміз де, жүгіріп алаңға барып ойнаймыз. Ауыл-ауыл болып жарысатынбыз. Жеңіліп қалу намыс болатын. Өзім Ұйғыр ауданының Тасқарасу ауылынанмын ғой. Өзге ұлт өкілдері көп тұратын. Бір күні қалада оқып жүрген Михайл Сергеевич деген жігіт келді. Бокспен айналысады екен. Ауласына ұратын қапшық іліп қойыпты. Қарап отырамыз. Сондай көркем, сұлу спорт көрінетін. Топырақта аунап жататын күресімізге ұқсамайды. Сол кісі оқу бітіріп келген соң ауыл балаларына боксты үйретті. Сөйтіп 4-сыныпта бокс әліппесімен таныстым. Алақандай ауылда жүзге жуық бала боксқа қатысты. Ағайымыз: «Арманым – спорт шебері болу еді. Кеудеңе сол атақтың төсбелгісін тағып жүрсең, елдің бәрі сендерге сүйсіне қарайды», – деген сөзді айтты. Содан кейін мен де сол арманмен өмір сүрдім. Қалаға физикалық тұрғыдан дайын боп келдім. Бірақ қалада тұру үшін жұмыс істеу керек екен. Құрылыста кешкі 6-ға дейін істеп, жалықпай бокс залына баратынмын. Спорт шебері болдым. Төсбелгіні тағып жүретін жаңа костюмді әрең тапқаным бар (күліп). 80-жылдардың соңында жаттықтырушы болуға бет бұрдым.

– Көпбалалы отбасыдан шыққан екенсіз, өзіңіз көпбалалы әкесіз бе?

– 1987 жылғы Әділ деген балам бар. АҚШ-та тұрады. Сол жақта оқу бітіріп, жұмысқа қалған. Кішкентай кезінде Бекзат Саттархановқа жақын болатын. Қазір Америкада Геналармен араласып тұрады. 1996 жылғы Мадина деген қызым бар. Ол да АҚШ-та. Columbia университетіне оқуға түсуге дайындалып жатыр. Ол университетте АҚШ-тың көптеген президенттері оқыған. Түсу оңай емес. Бірақ қызыма сенем. Осында жүргенде халықаралық іс-шараларда аудармашы боп жүретін. Екінші отбасымнан 11 жасар Әйгерім, 4 жасар Қайсар, 1-ге енді толатын Құралай деген қызым бар.

Сұқбаттан соң жоғары қабатқа көтерілдік. Спортшылар демалатын бөлме, ас үй, жатын бөлмелері бар екен. Төсектер де қойылған. «Балалар осы жерде жатып, күндіз-түні спортпен айналысса деймін. Жанымда болғасын қадағалап тұрамын ғой», – дейді бапкер. Фанатизм деген осы шығар, осындай кешенді үй тұрғызу
үшін жеке көлігін де сатқан екен. Қақпадан шығарда әлгінде көрсеткен жолмен кері қайттым. Қай жаққа қандай маршруттар жүретінін де тізіп берген еді. Адаспадым.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №9
26 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз