Тегіс жолда келе жатқан көлік кенеттен ойқы-шойқы жолға түссе, бірден бойымызды тіктеп аламыз, тұтқаға жармасамыз. Бұлшықетіміз жиырылғанын сеземіз. Қайтадан тегіс жолға түскенше екі көзімізді жолдан алмаймыз. Ал ұшақта келе жатқан кезде «ойдым-ойдым жолға» түсіп кетсек ше? Әуе қабатында жол «ойылмайды», ал ұшақтың дірілдеуі, кейде шайқалақтауы турбулентті ағысқа түсуді білдіреді. Турбуленттілік ауаның оңды-солды қозғалуынан болады. Кәсіби ұшқыштар оның ешқандай да қатер төндірмейтінін айтады. Аэрофобия, яғни ұшар
алдындағы қорқыныш әдетте ұшақ ұшқанда, қонғанда және турбулентті ағысқа тап болғанда ғана болады. Ал белгілі бір биіктікке көтерілгеннен кейін ұшып келе жатқаныңды сезбейсің де. Соған қарамастан, ұшаққа мінуден қорқатындар көп-ақ. Кейбіреулер турбуленттілікті ақау деп түсінеді. Олай емес екенін, мұның қалыпты
жағдай екенін және аэрофобияны жеңуге болатынын түсіндіру мақсатында «Эйр Астана» ұлттық әуе компаниясы арнайы семинар ұйымдастырды.

Оған журналистер мен блогерлер ғана емес, ұшаққа мінуден қорқатын қарапайым алматылықтар да қатысты. Қатысушылар әлеуметтік желідегі конкурс негізінде таңдалды. Психотерапевт дәрігер Сұлтанғали Несіпбаев, нұсқаушы ұшқын Руслан
Аюпов, апатты жағдайлар кезіндегі әрекет бойынша менеджер Айнұр Мұсылманқұлова және супервайзер Əсел Амирова жағдайды жан-жақты түсіндіріп, барлық сауалға жауап берді. Соңынан әуе компаниясының авиатренажерында ұшақты ұшырып- қондырып көруге мүмкіндік туды.

Алматылықтар неден қорқады?

Алматылық психиатр дәрігерлер былтыр арнайы зерттеу жүргізген екен. Еліміздегі ең ірі мегаполистің тұрғындары неден қорқады? Оларды не мазалайды? Медицина ғылымдарының кандидаты, психотерапевт Сұлтанғали Несіпбаев сол зерттеудің нәтижесін айтып берді. Дәрігердің айтуынша, бұрын 300-ге жуық фобия болған екен. Қазір олардың саны мыңнан асып кетіпті. Яғни, адамның қорқынышы үдей түсті деген сөз. Сонымен, 25-40 жас аралығындағы алматылықтар неден қорқады?
1. АКРОФОБИЯ немесе биіктіктен қорқу (25%).
2. АРАХНОФОБИЯ, ОФИДИОФОБИЯ, МУЗОФОБИЯ, яғни өрмекшілерден, жыланнан және тышқаннан қорқу (12%).
3. АЭРОФОБИЯ немесе ұшаққа міну алдындағы қорқыныш (11%).
4. КЛАУСТРОФОБИЯ немесе жабық кеңістіктен қорқу (6%) . Мұны медицинада психологиялық ауытқуға жатқызады. Клаустрофобтар терезесі жоқ немесе кішкентай бөлмеден өлердей қорқады, есікті жаппауға тырысады, есікке жақын отыруға ұмтылады.
5. АХЛУОФОБИЯ немесе қараңғыдан және түннен қорқу (5%). Түнде далаға шығуға қорқу, қатты қараңғылықта ұйықтай алмау.
6. КИНОФОБИЯ немесе иттен қорқу (5%).
7. АКВАФОБИЯ – судан қорқу (4%).
8. КАНЦЕРОФОБИЯ немесе қатерлі ісікке шалдығудан қорқу (4%).
9. ТАНАТОФОБИЯ – өлімнен қорқу.
10. АУТОФОБИЯ – жалғыздықтан қорқу.

Руслан Аюпов – «Боинг» ұшағының капитаны. Әуе компаниясында 15 жылдан бері жұмыс істейді. Ұшуды «ЯК-40», «ТУ-134» ұшақтарынан бастаған. Қазір нұсқаушы. Ұшқыштарды қабылдауға қатысады. Осы уақытқа дейін 18 000 сағат ұшқан. «Бірақ осы уақыт ішінде ешқашан турбулентті ағысқа түсудің салдарынан әуе апаты болғанын естіген емеспін.

Турбуленттілік желдің, ауаның, қарсы бағыттағы ұшақтың әсерінен болады. Бірақ ұшақтың «сүйегі» өте мықты және ондағы барлық жүйе қорғаныспен жасалған. Ең күшті деген турбулентті ағыстың өзі де ұшаққа, ұшақ ішіндегі адамдарға қауіп төндірмейді», –дейді ұшқыш.

Руслан Аюпов аэрофобтарға бірқатар дәйек келтірді. Солардың негізгілеріне тоқталсақ:
Біріншіден,
әуеге қарағанда, автожол әлдеқайда қауіпті. Салыстыру үшін айтсақ, 2012 жылы 23 әуе апаты болып, 4,75 адам қаза болса, осы жылы тас жолда 1,2 миллион адам қаза тапқан.
Екіншіден,
турбуленттілік қорқынышқа себеп болмауы тиіс. 110 жыл ішінде турбулентті ағыс салдарынан қайтыс болған адамдардың саны – 20 ғана. Оның өзінде де біреуі қауіпсіздік белдігін тақпаған, тағы бірінің басына жоғарғы сөреден ауыр зат түсіп кеткен.
Үшіншіден,
ұшқыш қауіпсіз мамандық қатарына жатады. Қатерлі мамандықтарға жалақыға қосымша үстеме ақы беріледі, ал ұшқыштарға мұндай берілмейді. Себебі, оларға төнетін ешқандай қауіп жоқ. Айнұр Мұсылманқұлов мен Әсел Амирова бортсеріктердің кез келген апатты жағдайға дайын екенін, қандай жағдай болса да бірінші кезекте көмекке ұмтылатынын айтты. «Біз жолаушының қорқып отырғанын бірден сеземіз. Қолы дірілдеуі мүмкін, алақаны терлеуі мүмкін, қызарып немесе бозарып отыруы мүмкін. Мұндай жолаушыларға ерекше назар аударамыз. Ең бастысы, өзіңді еркін ұстау керек. Жейденің жоғарғы түймесін ағытып, белдікті шешіп, еркін отырған дұрыс. Музыка тыңдау, жан-жағыңды бақылау, әрі-бері жүру де көмектеседі», – дейді Әсел Амирова.

Ұшаққа отырғанда қауіпсіздік шараларын айтатыны белгілі. Әр орындықтың астында құтқарушы жилет бар. Айнұр Мұсылманқұловамен бірге осы жилетті киіп көрдік. Құдай бетін аулақ қылсын, апатты жағдай бола қалса, 90 секунд ішінде жилетті киіп, ең жақын есіктен сыртқа шығып кету керек.

Жұлдыз ƏБДІЛДА

Суретті түсірген: Петр Карандашов

«Ұлан» газеті, №9
26 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз