Таразда екі отбасылық мейрамханасы бар ең жас кəсіпкер тұрады. Əлихан Айтбаев жас та болса, бас болып жүрген азамат. Шетелде білім алып, білген-түйгенін жастарға үйретіп келеді. Алдағы мақсат-жоспарлары, жүзеге асыратын жобалары көп. Жас кəсіпкердің қиындықтары мен жетістіктерін сұрап-білдік.

Алғашқы кәсібімді сатып жібердім

Кəсіпкер болу бала күнгі арманым еді. Мақсатым еш кедергісіз 16 жасымда іске асты. Дөнер мен анар шырынын саттым. Ол үшін дүңгіршекті жалға алып, қажетті асхана құралдарын сатып алуға 150 мың теңге кетті. Пайда жақсы түсті. Сұраныс артып, сатып алушылар көбейді. Студент болған соң, білім мен бизнесті қатар алып жүруге тура келді. Бəріне үлгердім. Кейін бұл бизнесімді 2 мың долларға сатып жібердім. Бұл ақшамен Түркияға аттандым. Демалдым, сонымен қатар, шетел азаматтарының бизнестегі тəжірибелерін, жұмыс істеу барысын өз көзіммен көріп қайттым.

Жұмыс істеуден қашпадым…

Колледжді аяқтап, жоғары оқу орнын шетелде жалғастыруды жөн көрдім. Ата-анаммен ақылдасып, Малайзияны таңдадық. Лимкоквинг университетінде «Бизнес-менеджмент» мамандығы бойынша үш жыл білім алдым. Сонда қалуыма да болар еді. Бірақ оқыған, жинаған тəжірибемді Қазақстанда іске асырамын деп жоспарладым. Оқуымды аяқтап келгеннен кейін жұмысқа шақырғандар көп болды. Жалақысы жоғары жұмыстар ұсынылды. Өзіме ыңғайлы жұмыстың біріне бардым. Жұмысты уақытынан бұрын орындап, басшылыққа тапсыратынмын. Кез келген жұмысты істеуден қашпадым. Тек маған еркіндік жетіспеді. Үш апта жұмыс істеп көрдім. Бірақ болмады. Мəн-жайды түсіндіріп, жұмыстан өз еркіммен шықтым.

Ақша сені емес, сен оны басқаруың керек…

Бір жарым жыл бұрын отбасылық мейрамхана ашуды қолға алдым. «Изюм» атты палау орталығы тараздықтар үшін есігін айқара ашты. Кері шегінуге болмады. Белімді бекем будым да, іске кірістім. Шыны керек, мейрамхана бизнесін мүлде білмейтінмін. Палау орталығының жұмысы алға басқан соң, шыңдала бастадым. Ақшаның тілін табу үшін біраз күрестім. Түйгенім: ақша сені емес, сен оны басқаруың керек.

Көп ақша тапсақ, қызметкер де көп айлық алады

«Изюм» палау орталығына бас аспазды Астанадан шақырттық. Бірақ, аспаздың жұмысы ойдағыдай болмады. Өйткені келген қонақтарға палау ұнамады. Өз ісінің шеберін Өзбекстаннан таптық. Қазір тұрғындар арасында біздің палауға сұраныс артыпкеледі. Ал «Тurkish» дөнер мейманханасына аспазды Түркиядан арнайы алдырдым. Келісім бойынша оған 1000 доллар айлық төледік. Ол біздің аспаздарға дөнер жасаудың жолдарын үйретті. Жұмысы көңілімнен шықты. Бұл оқиғалардан кейін мамандарды таңдауға ерекше көңіл бөлетін болдым. Еңбек етемін деген адамдарға қоятын сұрақтарым бар. Алдымен өзіне қанша ақша қажет екенін сұраймын. Көбіне өзі сұраған қаржыны беруге тырысамын. Яғни, мен көп ақша тапсам, мейрамхана қызметкерлері көп ақша алады.

Инвестормен жұмыс істеу оңай емес

Жергілікті екі инвестормен жұмыс істеп жатырмын. Екі мейрамхананың қарыштап дамуына екеуі де ерекше көңіл бөліп отыр. Олармен жұмыс істеу де оңай емес. Инвесторда ақша көп, ол кез келген ұсынысты қабылдап, бизнесті ашуға жол ашады деп ойлауымыз мүмкін. Жоқ, олай емес. Кəсіпті ашпас бұрын инвесторларға жұмысыңның мақсат-міндетін, жоспарын жіпке тізгендей баяндайсың. Қазіргі таңда мен «Тurkish» мейрамханасына қолдау көрсеткені үшін инвесторға ай сайын 800 мың теңге беріп отырмын. Ал «Изюм» палау орталығын ақшамен қамтамасыз еткен азаматқа айына 1 млн теңге беремін. Екі инвестордың арқасында кəсібімнен нəсіп тауып отырмын.

Біздің даяшылар психологтар сияқты

Қонақтарға сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Егер ыдысты сындырып қойса, əкімші мен даяшылар ақшасын төле деп байбалам салмайды. Бұл екі мейрамханамда қалыптасқан дəстүр. Қонаққа қоятын жалғыз ғана сұрағы бар: «Қолыңызды кесіп алған жоқсыз ба?». Егер ақшасы жетпей қалса, кассадағы қыздар сол сəтте-ақ жеңілдік жасап береді. Ал тапсырыс берген тамағы көңілінен шықпаса, сөзге келместен ауыстырып береді. Үнемі даяшыларға үйлерінде қонақты қалай күтеді, жұмыста да соны қалыптастырса деймін. Бір ғана адам келсе де, сапалы қызмет көрсету – біздің міндет. Бір жағы біздің даяшылар психологтар сияқты. Адамның көңіл-күйіне, мінезіне қарай жұмыс істейді.

Кері байланысты мықтап қолға алдық

Кəсіптің дамуына жарнаманың қосар үлесі орасан. Заманның талабына сай əлеуметтік желімен жұмыс істейміз. Байқауларды жиі ұйымдастырамыз. Үй-үйге тапсырысты жеткізіп беруді қолға алдық. Қазір маркетологтың жұмысына ерекше назар аударамын. Өзім қонақтарымыздың əрбір жазған пікіріне жеке-жеке жауап беріп отырамын. Көңілі толмаған қонақты мейрамханаға қайта қонаққа шақырамын. Басты мақсатым – халықты ренжітпеу.

Жастарға жүктелген міндет көп

Жастар жылында бізге жүктелген міндет көп. Кəсіп ашып, еліміздің дамуына үлес қосамын деген жастарға қолдау көрсетілсе екен. Ал мен жастар жылында азаматтарды жұмысқа қабылдап, мемлекетке салық төлеп, үлес қосамын. Бұдан бөлек, кəсіпкерліктің қыр-сырын білсем, көрсем деген жастарды өзіме тартсам деймін. Оларға бəсекелес ретінде қарамаймын. Қайта бағыт-бағдар бергім келеді. Бұл бастаманы барша кəсіпкерлер қолға алса, жастар арасында қылмыс болмас еді. Ұрлық-қарлық дегенді көбіне əлеуметтік жағдайы төмен адамдар бастайды. Ал əбден қол үйренген соң, еті өліп кетеді. Бұл менің жеке ойым. Қысқасы, кəсіпкер жомарт болуы керек. Тек өзін емес, халықтың қамын ойласа. Бір атаның, бір үйдің баласындай өмір сүрсек жөн-ақ.

Аят АСҚАРБЕКҰЛЫ,
«Ұланның» жас тілшісі
Тараз қаласы

«Ұлан» газеті, №7
12 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз