Құрмет

ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ӘБЕКЕҢ

19 сәуiрде қазақ боксының қара нары, аса ауыр салмақта  өнер көрсеткен Әбдiсалан Нұрмахановтың туғанына 75 жыл толады.

Ол – соққысы жойқын боксшы, тәлiмдi бапкер, бiлiктi ұстаз болды.

2002 жылдың 12 шiлдесiнде қарақшылар есiгiнiң алдында атып кеттi. 66 жасында…

ҚОЙ БАҚҚАН ҚАРА БАЛА

Әбдiсалан Нұрмаханов 1936 жылдың 19 сәуiрiнде өмiрге келген. Әкесi Нұрмаханға жастайынан көмекшi болыпты. Алты жасқа толар-толмастан  мал баққан.

Әбдiсалан Түркiстанда оқып жүрiп, бокс қолғабын киедi. Алғашқы бапкерi Молдабек Құралбаевты жаттығу кезiнде ауыр соққысымен сұлатып салады. Содан кейiн-ақ бапкермен қарым-қатынасы үзiледi.

1953 жыл. Он жетiге толған  бозбала «Алматы, қайдасың?» деп тартып отырады. Келiсiмен,  бiрден темiржолшылар даярлайтын техникумға оқуға қабылданады. Бұл кезде Октябрь Жарылғаповтың даңқы дүрiлдеп тұрған. Әйгiлi әуедоп шеберi бойының ұзындығына қарап, Әбдiсаланды да волейбол үйiрмесiне шақырады. Бiрақ жойқын соққы иесi алаңды жатырқайды. Әуе доп қол болмайтынын бiлген соң, бокс үйiрмесiне баруға кеңес бередi.

Әбiлсейiт АЙХАНОВ, даңқты балуан

ЖҰРТ ӘБДIСАЛАН ЕКЕУМIЗДI ШАТАСТЫРАТЫН

– Мен  келген кезде Әб­дi­салан Алматыға әбден таны­мал екен. Оның жекпе-жектерi стадиондарда өтетiн. Халық жап­пай ағылатын. Әсiресе немiс Гиль­динмен болған бәсекесi көрер­меннiң айызын қандырушы едi.  Мен боксшымен 1957 жылдан таныс­пын. Бiрге жүрдiк, дәмдес болдық. Бiр есiмде қалғаны, екеу­мiз де спорт комитетiнде қызмет еткендiктен, айлық аларда бiздi есепшiлер қатты шатас­тыратын. Ол да ұзын бойлы, iрi денелi. Мен де сондаймын. Көшеде кездескен адамдар да  менi – Әбдiсалан. Әб­е­кеңдi мен деп қалып жатады. Әбекең тамаша бапкер де бола алды ғой. Оның шәкiрттерiн тәр­биелеуi аңызға бергiсiз әңгiме. Тәртiпке өте қатал болатын. Со­сын ақылын жүрекке жеткiзiп айтатын.

Күлпәш ШАЙМЕРДЕНОВА, жары:

Шәкiрттерiн перзентiндей күтетiн

– Әбдiсалан көшiп бара жат­қанда, жолда жарық дүниеге ке­лiптi. Аталары кезiнде күш атасы Қажымұқанмен бiрге жүрген екен. Әмiр деген атасы қажы атанған, елге беделдi кiсi болса керек. Кейiн дүрбелең басталғанда Арқадан ауып, өзбек жерiнен бiр-ақ шыққанын айтып отыратын. Өзi  буыны бекiмей тұрып, жұмысқа жегiлген.  Анасы өкiметке сары май өткiзедi екен. Неге екенiн, осы майға өте әуес болыпты. Са­райда сақтаулы тұрған майды ұрланып жейдi екен. Қоюланып қалғанды қасықпен алса, ойылып, ұрлығы бiлiнiп қалады. Тапқан айласын көрмейсiң бе, ыдысты отқа қыздырады екен. Май сұйылғанда кесесiне құйып ала қояды. Денесiнiң iрiленiп, қарулы болуына осы майдың пайдасы тиген шығар.

Мен Әбекеңмен Қарағанды қаласында таныстым. Медицина университетiнде оқитынмын. Олар жарысқа келiптi. Спорт саласына онша мән бермейтiндiктен бе, танымаймын. Ал қасымдағы құрбыларым ауыздарының суы құрып мақтады. «Әбдiсалан – өте тегеурiндi боксшы» деген сөздерiне ерiп, мен де жарысты тамашаладым. Содан таныстық, дәм-тұзымыз жарасты да, 1959 жылы шаңырақ көтердiк.

Спортшыларды өзiнiң баласынан кем көрмейтiн едi. Сидней олимпиадасының чемпионы  Ермахан Ыбырайымов бокстан қол үзiп қалды. Арнайы ауылына iздеп барып, Алматыға шақыртты. Ол кезде Әбекең қазiргi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде оқытушы едi. Осы оқу ордасының ректоры Өмiрбек Жолдасбековке хабарласып, Ермаханды айтты, «Алмасты жақсылап сүртсе ғана жарқырайды. Бұл баланы демеп жiберсек болғаны, қазақтың атын шығарады» деп қамқорлық көрсеттi. Отбасымыздың бiр мүшесi секiлдi, үйде жүрдi. Гагаринов деген  спортшы да үйiмiзде тұрды. Бiз жұмысқа кеткенде, балаларымызға бас-көз болды. Кейде тамағын да әзiрлеп қоятын.

Қызметте қанша қатал болғанымен, отбасында  жұмсарып сала бередi. Өзi алып денелi болғанымен, өте аңғал едi. Бiрде мынадай қызықты жайт болды. Саяжайда демалып жүргенбiз. Өзiм дәрiгер болған соң, денсаулыққа не жағатынын бiлемiн. Бар шеберлiгiммен, түрлi шөптi қосып, дәмдiлеп шәй әзiрлеп бердiм. Үндемедi. «Әбеке, тым құрыса, шайымның  дәмiн айтпадыңыз ғой» дедiм назданып. Тiс жарған жоқ. Арада екi-үш күн өткенде күнделiктi қолданып жүрген шәйдi iшiп отырғанда: «Гуля, шәйiңiз дәмдi екен», – деп жарқылдай күлгенi.

Жыл сайын Түркiстан қаласында Әбдiсалан Нұрмаханов атындағы халықаралық турнир өткiзiледi. Биыл – мерейтойы. Әзiрге билiк тарапынан ешқандай қозғау жоқ. Амалбек Тшан басқаратын республикалық спорт колледжi қара күзде iрi жарыс өткiзудi жоспарлап отыр. Әбекең жайлы деректi фильм түсiрiлсе, кеңiнен қамтып, кiтап шығарса деймiн.

Болат ЖҰМАДIЛОВ, әлем чем­пионы, Атланта, Сидней олимпиа­даларының күмiс жүлдегерi:

ӘБДIСАЛАН АҒА ӘКЕМIЗДЕЙ ЕДI

– Ол кiсi тiзгiнiн ұстаған жыл­дары  Қазақстан ұлттық құрамасы толағай табыстарға қол жеткiздi. Өте қатал едi. Бiздi талай қуырып та алған. Әлi есiмде, 1996 жылы Атланта олимпиадасына бару үшiн жиналдық. Күнде жаттығу. Бәрi­мiз­дi алдымен Оңтүстiк Қазақстан облысының Сарыағаш шипа­жа­йына алып барды. Емдiк шипасы мол минералды сумен iш-құры­лысымызды тазартқызды. Содан кейiн Алатау бөктерiнде, биiк-биiк шоқыларға жүгiрттi. Қойдай-қойдай тастарды лақтырдық. Тамағымыздың денi қазы-қарта. Сусынымыз – қымыз, шұбат. Осын­­дай көреген бапкердiң еңбегi ақталды да. Бiз олимпиададан бiр алтын (В.Жиров), бiр күмiс (Б.Жұмадiлов) және екi қола (Е.Ыбырайымов, Б.Ниязымбетов) медаль  еншiлеп, жалпы коман­далық есепте III орынға ие болдық. Тәуелсiз қазақ елiнiң алғашқы қатысқан олимпадасында мұндай табысқа жету, сөз жоқ, мақтаныш.

Тек бапкер ғана болған жоқ, бәрiмiзге қамқор әке де бола бiлдi. Құрамадағы кез келген боксшы үшiн  кедергiге қарсы тұратын. Үйi­нен де дәм таттық. Күлпәш жеңе­шемiз анамыздай қарсы алып, ба­рын алдымызға әкелетiн. Әбдi­салан ағамен бiрге жүрген күндердi үлкен сағынышпен еске аламыз.

Осылай басталған соқпақ даңғыл жолға ұласты. КСРО-ның  «күрзi жұдырығы, орыс танкiсi» саналған Андрей Абрамовтың, ұлты немiс Иосиф Гильдиннiң тiзесiн қалтыратқан Әбдiсалан жайлы көз көрген замандас досы, шәкiртi мен жарынан сұрауды жөн көрдiк.

«… Менiң алғашқы ұстазым Дәулеткерей Муллаев «бокс – төбелестiң қаруы емес» деп үйреткен едi. Қазiргi жастарға ұстазымның осы сөзiн қайталап айтқым келедi. Тегiнде бокспен он екi-он үш жастан бастап айналысуға болады. Ал рингте ұзақ өнер көрсету үшiн күнделiктi режимдi қатаң сақтауың керек…»

Ә.Нұрмаханов.

«Жекпе-жек» деректi повесi, 197-бет

Қысқа-нұсқа:

Ә.Нұрмаханов – Қазақстанның он дүркiн жеңiмпазы (1957-1967)

КСРО чемпионатының екi дүркiн күмiс жүлдегерi (1957, 1962 ж.ж.)

КСРО халықтары спартакиадасының екi мәрте қола жүлдегерi (1959, 1967)

Азия-Африка ойындарының жеңiмпазы (1963)

13 жыл шаршы алаңға шығып, 239 жекпе-жек өткiзген. Соның 222-сiнде жеңiске жеткен.

1965 жылдан жаттықтырушы қызметiнде болды.

1972 жылы «Үлкен спортқа жастарды қалыптастыру» деген та­қы­рыпта кандидаттық диссертация қорғап, 1973 жылы доцент атағын алды.

1993-1996 жылдар аралығында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерi.

Беттi әзiрлеген Қуаныш Нұрданбекұлы

(«Ұлан», №16, 19.04.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз