Акапелла дегеніміз – музыкалық аспапсыз əн айту. Барлық аспапты орындаушылар аузымен айтып шығады. Акапелладан халықаралық байқаулар да өткізіледі. Ал біздің елде бір жанып, бір сөніп жатқан жанр. Бүгінгі кейіпкерлеріміз – қазақтың жас əншілерінен құралған Voxacapella тобы Редакциямызда Vox-acapella тобының мүшелері Қуаныш Манатұлы мен битбоксер Жалғас Сүлеймен қонақ болды. Битбокс – ауыз қуысы мен мұрын, тамақ қатысатын заманауи өнер. Мұнда тыныс алу өте маңызды. Жалғастың битбоксер атануына бірден-бір себепкер болған қыздар екен.

– 6-сыныпта демалыс лагеріне бардым. Сонда менен бірер жас үлкен баланың битбокс жасағанын көрдім. Қыздардың бəрі соның айналасында, бəрі соған «сынатын». Əлгі баладан қыздарды қызғанып кеттім де, мен де битбоксер боламын дедім. Лагерьден келген соң youtube-тан битбокс үйренуге кірістім. Бар ойым – келесі барғанда қыздарды таңғалдыру. Басында күн сайын арнайы уақыт бөліп дайындалатынмын. Ал қазір əбден машықтанған болуым керек, музыкаларды еш жерден қарамай-ақ өзімше айта беремін. Бұрын битбокс есіктің ашылғанын, пойыздың жүргенін салатын дыбыс имитациясы ғана болған. Кейін заманауи музыка жанрларына қосқан. «Полиция академиясы» атты француздардың фильмі бар. Сонда əркімді бір əжуа ететін кейіпкерді Майкл Уинслоу есімді битбоксер сомдайды. Дыбыс имитациясын аузымен салып, сол фильмнен соң битбокс танымал болып шыға келді. Вконтактеде «Қазақстан битбокс family» атты топ бар. Əркім өзінің битбоксын жібереді. Соны тыңдап өзімізше бағалап, өзіміз де үйренеміз.

Битбокс алғаш Африка мен Үндістанда пайда болған. Музыкалық аспап өте тапшы болғандықтан, музыканттар аспаптың орнын битбокспен алмастыруды меңгерген. Қуаныштың ата-анасы өнерге жақын болса да бұл саланы оқуға мүмкіндігі болмапты. Ұлының ыңғайын байқаған олар Қуаныштың əнші болуына бар жағдайды жасаған екен.

– 2011 жылы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түсіп, түрлі байқауға қатыса баста- дым. Кейін «МузартLIVE» жобасына қатысып, финалға жеттім. Он екі мың жігіттің ішінен үздік он екілікке кіру де бір мəртебе. Осы жобаға қатысу үшін істеп жүрген жұмысымнан шыққан едім. Жоба аяқталған соң бір айдай бос жүріп қалдым. Сол кезде Vox-acapella-дан хабарласты.

Vox-acapella қалай құрылды?

Vox-acapella тобы үш жылдан бері бар. Басында құрамында жеті адам болғандықтан D7 деп аталды. Кейін 1-курстың алты жігіті қалғандықтан «Балмұздақтар» деп өзгертілді. Біреу топтан шықты, біреу кірді. Соңында топта екі қыз, үш жігіт қалады. Бес дауыс əн айтып, музыканы ұстап тұруға жеткіліксіз. Сөйтіп продюсерлері Ольга Ли алтыншы дауыс іздей бастайды. Таңдау Қуанышқа түсіп, ол бірден келіседі. Акапелла тіпті ТМД бойынша да аса дамымаған. Держава дейтін Ресейдің өзінде бұл жанрда əн айтатын танымал екі-үш-ақ топ бар. Жақын елдерге жарысқа шығайын десек, жарысатын топ жоқтың қасы дейді əншілер.

– Шетелге шыққымыз келеді. Иə, Америка мен Еуропада акапелла жанрында мықты айта алар. Бірақ біз сияқты халық əндерін акапеллаға сала алмайды. Біз қазақтың да бұл жанрға жетік екенін көрсеткіміз келеді. 2017 жылы Мəскеудегі «Новая волна» байқауына қатыстық. Жартылай финалға дейін бардық. Бірақ Қазақстанның атынан Рүстем Жүгінісов өтіп кетті. Өзімізді бір танытып алғанымыз сол кез. Топтағы үлкеніміз – Абылайхан Құлжабаев. Т.Жүргенов атындағы академия- да оқиды. Тараздық Мағжан Тұрлыбай да осы академияда білім алады. Алма Батталиева мен Алина Шəкір есімді талантты қыздарымыз бар. Жігіттер бірге тұрамыз. Күніне міндетті түрде бір рет жиналып, дайындаламыз. Бір отбасы сияқты болып кеттік. Дайындыққа келген қыздарымыз бен продюсеріміз тамақ істеп беріп кетеді. Мəз болып оны ішіп аламыз, – дейді Қуаныш күліп.

Топтың əн қоржынында үш бейнебаян мен сегіз авторлық əн бар. Олардың қатарынан «Қадам», «Дос болғым келмейді», «Келші», «Менің қызым болшы» сынды əндерді тыңдадық.

«Әр концертке микрофонымызды арқалауға тура келеді»

Топ барлық той, концерттерде жанды дауыста айтатын болған- дықтан аппаратураның сапасына көп көңіл бөледі. Əрі дауысы жақсы алты микрофон керек. Бір өкініштісі, «мен» деген бағдарламадан кейде алты микрофон табылмай қалады екен. Қазір жігіттер микрофон санын алдын ала сұрап алатын болыпты. Жетпейтін болса, əрқайсысы өз микрофонын арқалап барады.

– Қазіргі тыңдарманға кім керек? Үлкендерге Төреғали, жастарға Ninety one керек. Ал біздің екі жаққа да барғымыз келмейді. Мұны естіген тыңдарман «олай болса өздеріңіз неге солардың əніне кавер жасай- сыздар?» деуі мүмкін. Біз басында халық əндеріне кавер жасайтынбыз. Бірақ қазіргідей тыңдарманымыз болмады. Демек сұранысқа лайық болуға мəжбүрміз. Акапелла дегенде əлем аузын ашатын «Пентатоникс» деген топ бар. Олардың айтқанын барлық акапелла топтары айта алады. Ал «Пентатоникстың» артықшылығы аранжировкасында. Шоу жасап, коммерция арқылы тыңдарманға өткізіп жібере алады. Бір топтың айналасында елу адам жүреді. Бұл бағытты Қазақстанда дамытқымыз келеді. Акапеллаға сəл уақыт дайындалмасаң, қарайып қаласың. Топқа жаңа вокалистің келуі үлкен жұмыс. Бүкіл акапеллалық əндерді нотамен жаттап, бұрынғы барлық əндерімізді жаңа вокалистпен басынан жазу керек. Үйренуінің өзіне төрт-бес ай кетеді. Инс- таграмда бір-екі минуттық акапелла айтамыз. Түрлі танымал əндерге кавер жасай- мыз. Сенесіз бе, сол кавер үшін неше күн дайындаламыз. Мағжан əрқайсысымызға партия бөліп береді. Акустикасы жақсы орын іздейміз. Жаңғырып шығуы керек. Əйтпесе əн шықпайды. Кейде подъезге, баспалдаққа барып айтып, түсіріп аламыз, – дейді Қуаныш.

Vox-acapella-ның бұл еңбегі ақталып келеді. Олардың Инстаграмға жүктеген видеосын «Хабар», «Гəкку» телеарналары жарыса беріп жүр. Топ Сəкен Майғазиевтің «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» концертінде өнер көрсетті. Бір күнде үш концертін атқарып шыққаны бар. Өнерді көре білген адам осындай болсын. Одан бөлек топ Дастан Оразбеков пен Жеңіс Сейдолла ағаларына дəн риза.

Көрмей жүр ме, әлде көре алмай жүр ме?

Vox-acapella-дан бұрын Арт-вокал, VidMan топтары болды. Қазір көрінбей кетті. Vox-acapella- ның да тарап кете жаздаған кездері болған екен.

– Қолдау болмағандықтан «біз кім үшін əн айтып жүрміз?» деп ойлаймыз. Одан да кəдімгі əн айтып, тойға шықсақ бола- ды. Бір шыққанда ақшаны доллармен санап алар едік дейміз. Тіпті киімімізді жинап, кетіп қалған кездеріміз де болды. Бірақ чемоданыңды сүйретіп, қайта келесің. Бəрімізде акапелланың, топтың болашағына деген үлкен үміт бар. Сенім бар. Сол бізді жібермейді. Топтың Инстаграм парақшасына жазылғандардың көбі шетелдіктер. Менің жазылушыларымның 80%-ы шетелдіктер. Луиш Фигу есімді атақты футболист бар. Алматыға келгенде дастархан жайды. Мен сонда битбокс жасадым. Ол соны түсіріп алып, Инстаграм парақшасына жариялады. Аккаунтымдағы жазылушылар бірден көбейіп кетті, – деп ағынан жарылды Жалғас.

View this post on Instagram

Бүгін "Ұланның" редакциясында @vox_acapella тобының мүшелері Жалғас Сүлеймен (@djaki_bbx) мен Қуаныш Манат (@kuanysh_manatov) қонақ болды. А капелла дегеніміз – ешқандай музыкалық аспапсыз əн айту. Ол аспаптың дауыстарын топ құрамындағы əншілердің өздері салады. Оның қалай екенін білгіңіз келсе @vox_acapella парақшасына өтіңіз. Топтағы жалғыз битбоксер Жалғас Сүлеймен арнайы @balamendana парақшасының оқырмандары үшін өз өнерін ұсынды. Битбокс – ауыз, ерін, тіл мен дауысты пайдаланып түрлі дыбыс шығару өнері. Оны қалай үйренуге болады? А капелланың Қазақстандағы болашағы қандай? А капелла біз ойлағандай Америкада не Еуропада емес, Африкада пайда болған. Ол қалай дерсіз. "Ұланның" келесі санынан оқыңыз. #Ұлангазеті #балалықтанданалыққа

A post shared by "Ұлан" газеті (@balamendana) on

Луиш Фигу – Роналдудың алдында əлемге танымал болған португалиялық футболшы. Талантты тани білген, қолдау жасаған осындай адамдарға риза боласың. Əйтпесе, жанында жүрген Vox-acapella тобын біздегі атақтылар көрмей жүрген жоқ. Акапелланы пианиномен шығарады. Бұл жанрды орын- дайтын адам тым болмағанда музыкалық мектеп бітіру керек дейді Қуаныш пен Жалғас.

– Ең алдымен дұрыс музыка тыңдау керек. Дұрыс музыка дегеніміз – халық əндері. «Дос- Мұқасан», Роза Рымбаева, «МузАРТ» пен Батырхан Шүкеновті тыңдап, алдымен өзімізді тану керек. Сонан кейін барып шетелдік əндерге көшсе болады. Акапелла үшін осы жанрда айтатын топтарды жиі тыңдауға кеңес береміз, – дейді Қуаныш.

Акапеллаға шын берілген, Қазақстандағы дамуына шын алаңдайтын таланттармен сұқбат құрыппыз. Топтың жұмысына сəттілік тілейміз!

Əңгімелескен
Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №6
5 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз