Қыздар арасындағы шахматтан (ханқамау) әлем чемпионаты былтыр солтүстік шұғыласымен әйгілі Ханти-Мансы қаласында аса тартысты өтті. Оған отызға тарта елден 64 шахматшы іріктеліп, бәйгеге қосылды. Қазақстандық құрбылар Д.Садуақасова мен Г.Нахбаева алғашқы айналымдарда жеңілістің ащы дәмін татып, өкініште қалдырды. Ал он сегізге толып, ересектер арасындағы жарысқа тұңғыш рет қатысып отырса да Жансая Әбдімәлік үндістандық Ит Радмини Рутты, қытайлық Хе Жаоны, поляк Иолянта Заводскаяны басымдықпен жеңіп, қарсыластарын коғадай жапырып, ширек финалдық асуға сегіздің бірі болып, алтын тәж үшін шайқасуға мүмкіндік алды. Қай сайтан азғырса да жеребе тарту ешкімге де оңай соққан жоқ. Украина гроссмейстері Мария Музычукпен үш партияда тең ойнаса да ол коэффициенттің қақпанына түсіп қалып, келесі сатыға шыға алмай жарыс жолынан сырт қалғаны оның жанкүйерлеріне бармақ тістетті, әрине…

Жансая Әбдімәлік әйелдер арасында ғана емес, ерлер арасында да додаға түсіп, топ жарып жүр. Аян Нысаналинге өзі кішкентайынан білетін Жансая туралы мақала жазып беруді өтінген едік. Жақында ғана 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлемнің ең үздік шахматшысы атанған Жансаяға «Шахмат Томирисі» деген атау бек жараса кетті.

Мен де оны кішкентай кезінен білетін едім. Бас құда, атасы Әбдімәлік Манапұлы Әшіров техника ғылымдарының докторы, осы саладағы озық оқымыстылардың бірі. Оңтүстіктегі жоғары оқу орындарының біразында басшылық қызмет атқарды. Шымкент педагогикалық институтының ректоры болды. Ғылыми ізденістерін жалғастырып жүрген оның жетпіс жасқа толу мерейтойы үстінде шахмат шаһзадасымен тағы да қауышып, қуанышқа ортақтасқанымда да үлкен гәп бар. Біздің жекжаттық жерасты қарым-қатынасымызға жұрт сүйсінеді. Әйтпесе, қанша немере болса да үлкен жарыстарға дайындалып жүргенде қол қалт ете ме?

Бойжету босағасынан аттап, балиғатқа жеткен қыз кәдімгідей ысылып, таралып толыса түсіпті. Әлі де болса бал дәуреннің уыз дәмі сезіледі. Оны көрмегелі де біраз уақыт болыпты. Тіпті Алматыдағы Жансаяның шахмат Академиясында да оны ұшырастыру оңай емес. 2017 жылы «Ақиқат» журналы жазбагерлерге арнап, осында өткен Тәкен Әлімқұлов атындағы шахмат турнирінде әкесі Данияр мен анасы Алма ұйымдастырушылар ортасында жүрсе де оның өзі көрінбеп еді.

Кім санап жатыр? Қазақтың осы қаршадай қызы ел қоржынына 20 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль салып, аспан түстес туымызды талай мәрте желбіретіпті. Егер бұрын Гүржі, Мажар мен Қытай қыздарына қызығып, қызғана қарасақ, енді Бибісара, Жансая, Динаралардың арқасында өзіміздің қаракөз қарындастарымыздың қарышты қадамына қуаныштан көзімізге жас алып, дуылдата қол соға бастауымыз әбес пе? Әлде бұл да ауысып отыратын көшпелі алтын ба? Бір кездері Октябрь Жарылғапов бастаған әуедопшы жігіттердің абыройы Одақтан асып, дүркіреп тұрған жоқ па еді? Одан беріректе қаншама қысастық болса да Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Қонақбаев бастаған былғары қолғап шеберлері айдай әлемді мойындатып, айды аспанға шығарды емес пе? Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіров тізгінін ұстаған балуандық өнері ше? Соған қарағанда қазақ халқының өрендері спорттың қай түрін болса да жатсынбайды екен. Тек ыждаһат пен тәуелділік тас жұтқызса да жетпей жүр. Қанша құлаққағыс етілсе де бізде легионерлердің дәурені жүріп тұрғандай, дүниежүзілік допинг дауына іліккен зілтеміршілеріміздің түрі анау. Үлкен үміт артып әкелген велошабандоздар жиі-жиі шаң қауып қалады. Аяқдопшылардың әуелгі аяқ алысының өзі бір күні болмаса бір күні жарға соғатынын көрсетеді. Сонда шетелдіктер жалған тонын жамылғандарды жалдап, ақша шашудан мүйіз шықты ма? Талантты жас шахматшы Бибісара Асаубаевадан айдың-күннің аманында айырылып (ол Мәскеуге кетіп тынды), шыққан ұшпағымыз қайсы? Сәл жанашырлық білдіріп, қамқорлық көрсетілсе әлі бесіктен белі шықпай жатқан жасөспірім сөйтер ме еді?

Бұның бәрі бізде спорттың әлі бұқаралық сипат ала алмай келе жатқанын байқатады. Бүйте берсе Елбасының «халықтың 30 пайызы салауатты өмір салтын ұстанып, денешынықтырумен айналысуы керек» дегені далаға айтылғаны ма сонда? «Жақсыға сөз, жаманға шөп ереді» деген сөз бар. Жансаяның артынан да жақсы сөз еретін шығар. Оның шет жағасын академик Мұрат Жұрынов айтты. «Жансаяның атасы Әбдімәлік Әшіровпен Мәскеуде бірге оқып едім, студент кезімізде шахмат ойнайтынбыз. Әбдімәлік те жақсы ойнайтын. Бәлкім, Жансая атасына тартқан шығар. Ерекше қабілетті болу адамның тегіне де байланысты ғой. Кезінде Жансаяның әке-шешесі Данияр мен Алманың үйлену тойына қатысқан болатынмын. Енді солардың перзенттері Жансаяның қуанышына қатысып отырмын. Лайым, қазақтың атын шығаратын мәртебесі биік бір қызы болсын!» – деді.

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері марқұм Фариза Оңғарсынова бір әңгімесінде: «Ол жас дәуреннің жаңа бүр жарып, шешек атып келе жатқан хош иісті гүлі. Есімін қалай тауып қойған? Жан шуағын шашып ел жұртына пана, сая болсын деген шығар. Лайым солай болғай! Жауқазын жасынан бастап жанкүйер болып келемін. Тегі қазақ қыздары намыс найзағайына жанығандай қашан да, қай салада болсын қамшы салдырмайды», – деген еді.

Оған жан-тәнімен беріліп ойнамаса да ой сергітіп, бой жазғанды ешкім жек көрмеген. Егер көшпенділер ұрпағы қазақтар тоғызқұмалақ пен шатырашты ермек етсе, ұлы адамдар адамзаттың көне ойыны шахматты серік қылуға бейім тұрғандай. Л.Толстой мен И.Тургенев шахмат үстінде шекісіп қалып, аяғы жекпе-жекке ұласа жаздапты. Бұл замандас екеуін А.Фет татуластырып, араздыққа араша түсіпті.

Алмағайып жаһандану заманында да Батыс пен Шығыс арасындағы суасты текетіресінде мылтықсыз майдан жүріп жатыр. Сондай аса күрделі кезеңде Жансая Әбдімәліктің үлкен спорт сахнасына шығуы ересен ерлікке пара пар.Бұндай дәрежеге қазақ қыздарының ішінен бұған дейін ешкім жеткен жоқ. Жансаяның жетістігі аз емес: Азия чемпионы (2008 ж.), оқушылар арасындағы екі дүркін жеңімпаз (2010 – 2012 жылдар), жасөспірімдер арасындағы әлемнің ең үздігі (2011 ж.).

Барған сайын шиеленісіп жеңістер салмағы ауырлай түседі. Жауапкершілік жүгі жеңіл ме? Әзір безбен басы теңселіп тұр. Жансая Әбдімәліктің әлі талай биік тұғырдан көрінетініне сенемін.

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз