Томирис Мырзағұлова О.Жандосов атындағы мектеп-гимназияның 11- сынып оқушысы. Болашақта журналист болғысы келеді. I-MAP интеллектуалды дамыту орталығында «Шешендік өнерден» шеберлік сабағын өткізеді. Сабақ оқып, əрі жұмыс істеп жүрген Томиристің еңбекқорлығына сүйсіндік.

– Кейбір адамдар жеткіншектерді адам санамайды, – дейді Томирис. – Жасың 18-ге толмаса, «ешкім» емессің. Кəмелеттік жасқа толсаң, «болды, еркелікті тоқтат!» дейді. Қазір жасөспірімдердің жүгі ауыр. Бəріне үлгеру керек: оқуға, қосымшаға, жарысқа қатысуға… Кəсіп ашуға, өзіңді дамытуға арналған тренинг-сабақтарға жиі қатысамын. Оқушы екенімді білсе, күле қарайды. Сабаққа келген үлкендер оқушының дəріс оқитынын білгенде, өзгеріп кетеді. «Оқушы маған не үйретеді?» деген түсінік пайда болады. Сіз баланың бұл жетістікке қалай жеткенін білмейсіз ғой? Оның жасына, киіміне қараудың қажеті қанша?

I-MAP орталығына 12-17 жас аралығындағы жеткіншектер келеді. Оларға бизнес бастауды, ақшаны үнемдеу, IT жобалар, əлеуметтік кəсіпкерлікті үйретеді. Орталық түрлі компаниялармен бірге жұмыс істейді. Тек кəсіпті ғана емес, өнерді де үйретеді. Біздің топта гитара шертетін қыз болған. Youtube-тан канал ашып, өзінің сүйікті ісімен айналысуда. Мұнда балалар бір-бірімен дос болып, алға ұмтылады. Өзім көркем əдебиет оқып, шығарма жазғанды жақсы көремін.

Шеберлік сабағына көп балалар келетін. Олардың мəселесі де əртүрлі. Кей балалар ұялып, сөйлемейді. Одан арылу оңай. Ең бастысы, өзіңді қолдайтын адамның болуы. Ниет, мақсат болса, барлық арманға қол жетеді. Адамның қолынан келмейтін іс жоқ. Баласы үшін көп мəселені ата- анасы шешеді. Содан шешім қабылдай алмайтын, тұйық балалар өседі. Сондықтан ата-аналар балаларына мүмкіндік берсе, шешім қабылдауды балаға қалдырса деймін. «Қате сөйлеп, жұртқа ұнамай қаламын ба?», «Менің бет-əлпетім өзіме ұнамайды, көпшілік алдына шығуға қысыламын». Балаларды осындай сұрақтар мазалайды. Қателеспейтін адам жоқ. Асықпай, жақсы сөз айтуға тырыссаң болды. Абай атамыз адам ақылы, көркем мінезімен ерекшеленетінін айтып кеткен. Ақылды, білімді болсаң, сенімен дос болуға таласады…

ҰБТ-ға дайындалып, сабақты тоқтаттым. «Шешендік өнерден» дəріс оқуға ұзақ уақыт дайындалдым. Тек көркем əдебиет емес, түрлі саладағы кітаптарды оқыдым. Шебер сөйлеп, ойыңды дұрыс жеткізу де өнер.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №5
29 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз