Екі жарым сағаттық қойылымды көп адам əзер шыдап көреді. Бірақ осы жолы дым асықпадық. Оны антрактіге шыққанда сезіндім. Актерларды қимай, бауыр басып қалған сияқтымыз.

Біз Антон Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» драмасын айтып отырмыз. М.Əуезов театрына 35 жылдан кейін қайта оралған спектакль. Қазақ өнерінің абызы Асанəлі Əшімов: «Чеховтың бұл пьесасы əлемге əйгілі. Көп елде қойылған. «Сүйікті менің ағатайым» арқылы актерлар өздерін аша алады, жұлдызын жаға алады. Талай актер осы пьеса арқылы үлкен рөлдер шығарған. Кезінде оны Əзірбайжан Мəмбетов қойған», – дейді.

Алайда басты рөлдерге кілең «жұлдызды» актерлар құрамын жинап алған спектакль туралы бастапқыда «мата атымен бөз өтедінің» кері бола ма деген күмəн да болды. Актерлық құрамға қараңызшы: Төлеубек Аралбайұлы, Ғазиза Əбдінəбиева, Бақтияр Қожа, Гүлшат Тутова, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов, Асан Қырқабақов, Зарина Кəрменова, Салтанат Бақаева, Ермек Бектасов, Аян Өтепберген, Əсел Сайлауова деп жалғаса береді.

Əркім өнерді əртүрлі қабылдап, бағалайтын шығар. Шынын айтсам, театр көрермені ретінде Азамат Сатыбалдыны аса жаратпайтынмын. Осыдан бірнеше жыл бұрын басты геройлардың көбі Азамат Сатыбалдының еншісінде болатын. Əйтеуір бірдеңе жетіспейтіндей тұратын. Бəлкім, Азаматты телеэкраннан да, түрлі кештерді жүргізгенін көре бергеннен де шығар, театрда да тележұлдыз, асаба Азаматты көргендей əрі-сəрі күйге түсетінмін. Марқұм театр сыншысы Əшірбек Сығайдың «той мен театрдың ортасында жүрген жігіттер» деп қаттылау айтқан ескертпесі көрермен көкейіндегісін жеткізгендей болып еді. Бəлкім, Азамат та осындай ескертпеден соң ес жиып, өзін-өзі қамшылап, театрға адалдығын дəлелдеді. Осы жолы театрдан Иван Петрович Войницкий, яғни Ваня ағайды көрдік. Азамат Сатыбалды деген есімді мүлде ұмытып кеттік. Азаматқа көрермен ретінде риза болғаным осы шығар. Харизмасы, пластикасы, психологиясы, бəрі-бəрі үйлесіп тұр. Бірінші құрамда ойнайтын актерлардың шеберлігі сонша, Азамат ойнаған рөлді өте талантты болса да Еркебұлан Дайыровқа қимай қалдым. Дегенмен екінші құрамда ойнайтын Еркебұланның да Ваня ағайы жаман шықпауы керек. Бірақ бұл рөлге жас айырмасы да əсер ете ме деймін. Өйткені Ваня ағайымыздың жасы қырық жетіде. Азамат қырықтың қырқасына шыққан актер. Ал Еркебұлан отыздан енді асты. Бірақ актерлық шеберліктің құдіреті сол – көрерменді сендіре білу. Айтпақшы, осы қойылымның бас демеушісі «Алмалы активтермен басқару» компаниясының басшысы Қайрат Боранбаев мырза жас актерлардың көп тартылуын өтінген екен. Бір жағы демеушінің ықпалы да болар, жұлдызды құрам жарқ ете қалды.

Дəрігер Михаил Львович Астровтың рөлін бірінші құрамда Берік Айтжанов ойнады. Кинода жүріп, 2-3 жылдық үзілістен соң театрға оралған актерға сынай қарағанымыз рас. Бірақ кино актерларының бір жақсы жері – көзбен ойнауды əбден меңгеріп шығады. Осыны Айтжанов сахнада сəтті пайдаланды. Бір сəт негізгі сахнада тұрған үштікті Елена Андреевна (Зарина Кəрменова) екеуі ұмыттырып жіберді. Сахнаның екі бұрышында елеусіз тұрса да, қақ ортада талас-тартысқа түсіп жатқан үштікке емес, көзбен «сөйлескен» екеуге назар көбірек ауды. Айтжановтың дауысы мықты. Баяғыда Райымбек Сейтметов: «Нағыз актердың дауысы – ең соңғы қатарда отырған көрерменнің жанынан шығып жатқандай естілуі керек», – дейтін. Осыны талап еткендіктен бе, Түркістан театрында Райымбек ағаның ең соңғы қатарда отыратынын көруші едік. Берік те дауысы соңғы қатарға анық жететін актер.

Зарина Кəрменова сахнада еркін, шынайы ойнайды. Əр қылығы баурап алады. Қылығы тəтті, қулығы басым қыздар жүректерді жаулап алады емес пе? Зарина дəл солай жүректі жаулай алды. Сахнадағылардың да, көрерменнің де.

Салтанат Бақаева да ылғи сахнада да, телеэкранда да өзін-өзі ойнап жүргендей əсер қалдыратын. Бұрынғы рөлдерінде қанша жерден есті қыздың рөлін ойнаса да, дауысынан еркелік, шолжаңдық сезіліп қалатын. Ал бұл жолы Софья Александровнаның өзі болып шыға келді. Бойында қайсарлық та, сезім де бар. Қадыр Мырза Əлидің «Əдемі қызды көргенде, ақылды қызды аяйсың» дейтін сөзін еріксіз еске түсіреді. Жас өгей шеше мен ақылды қыздың айырмасын көрермен бірден ажыратып алады. Бақаева реңсіз актриса емес. Бірақ осы жолы өзінің сырт келбетіне көңілі толмайтын бойжеткеннің рөліне сендіреді. Ішкі əлемінің тазалығына сүйсініп, жақсы көріп отырасың. Сырты жұпыны болса да, ішкі дүниенің сұлулығын əдемі етіп жеткізеді.

Ермек Бектасовтың рөлі былайша айтқанда эпизодтық рөл. Бірақ есте қалады. Еріксіз аяушылық тудырады.

Меруерт Омарбекованың рөлі қандай! Ваня ағайдың шешесі Мария Войницкаяны сомдайды. Кейде бір баласын екінші баласынан артық көріп, перзенттерін алалайтын аналарды еске түсіреді. Оларға баласының өмірі емес, атақ-мансап болса болды. Соның жолында туғанын да құрбандыққа шалады. Ваняның қасіреті де ессіз шешесінің əрекетінен туған шығар. Егер ана баласын қолдамаса, сөзін тыңдамаса не болады? Оны спектакльден көресіз.

Ғазиза Əбдінəбиева күтуші кемпір Маринаның рөлінде. Жетпістен асқан актриса демейсің, ширақ. Профессорды (Төлеубек Аралбайұлы) əлдилеп, жетелеп əкететін жерінде, «тең теңімен, тезек қабымен» дедік. Сахнада да екеуінің актерлық бірлестігі жарасып тұр. Өмірде де əр адам өз теңімен болуы керек қой. Қазақтың «орта жолда атың өлмесін, орта жаста жарың өлмесін» дейтіні бар осындайда.

Серебряковты сомдаған Төлеубек Аралбайұлы бір сəтте жүрегіңе қанжарды сұққылап тұрып, сол сəтте мырс еткізеді. Дəл осы рөл актерлық шеберліктің шыңын талап ететін сияқты. Бір сəтте елді аузына қаратқан, дəурені жүрген зиялы кейіпкер бола қалады да, бір сəтте алжыған шалды еске түсіреді. Бір күйініп, бір аяп отырасың.

Əдетте журналистер премье- раға барсақ, іштей əр сөзден, əр актердың ойынынан ілік іздеп отырамыз. Шетелдік фильмдерді көбіне сынамай, рахат алу үшін көреміз ғой. «Сүйікті менің ағатайымды» да тура солай көрдік. Өткен жолы Əуезов театры «Анна Каренинаны» сахналағанда, «Əлемдік классика демесең, «Анна Каренина» қазақ сахнасына қаншалықты қажет?» деп шорт кесіп едік. Демек олай айтуға негіз болғаны ғой. «Анна Каренинада» ең негізгі кемшілік – аударманың сəтсіз болуы мен басты рөлдегі геройлардың жеріне жеткізіп ойнамауы дер едік. Аударған – Асхат Маемиров. Асхат ағамыз талантты режиссер, бірақ кəсіби аудармашы дей алмаймыз. «Сүйікті менің ағатайымның» қоюшы-режиссері Маемиров мырза. Қалай мақтасақ та жарасады. Аударманың сəтті шығуы да спектакльдің зор табысы. Құлаққа түрпідей тиетін басы артық сөз жоқ. Жатық. Қазақтың төл туындысы сияқты. Иə, оны аударған хас шебер Əбіш Кекілбай еді. Қойылымның тағы бір ерекшелігі – шетелдік мамандардың тартылуы. Қоюшы-суретші – Тамси Охикян Грузиядан келген. Режиссердің ассистенті М.Жұмабаев түркіменстандық маман. Ал жарық суретшісі А.Мезентцев – украиналық.

Бəріміз тіршіліктің қамытымен əйтеуір бір жақсы күннің туатынына сенеміз. Кім үшін, не үшін жұмыс істеп, өмір сүреміз? Сонша берілген идеология сізге опа бере ме? Біреуге, əлдебір идеяға көзсіз берілмес бұрын салқын ақылмен ойланып алсаңыз, бəлкім адаспассыз? Режиссер Асхат Маемиров: «Театрдың мақсаты – көрерменге ақпарат беру, ой салу. Осы қойылымды көрген жас қыздар Елена да, Софья да болып қалмау үшін ойланса, мақсаттың орындалғаны», – дейді. Ваня ағайдың (Азамат Сатыбалды) Елена туралы: «Неге он жыл бұрын апамның жанында жүрген кезінде ғашық болмадым? Он жыл бұрын ғашық болғанымда, қыз деп қарағанымда, ол менікі болар еді ғой. Менің қазір отбасым болар еді ғой», – деп өкіне жылайтыны бар. Иə, бəріміздің өміріміз өкінішсіз болса ғой…

Ал сахнада жүрген Елестен (Əсел Сайлауова) əркім əртүрлі ой түйеді. Бəлкім отбасының, қоғамның ұйытқысы əйел дерсіз. «Алғаның жақсы болса, пейіштен шыққан хормен тең» дейтініміз де бар.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №5
29 қаңтар 2019 жыл

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз