Ер жазушы көп пе, əйел жазушы ма? Жазушыны жынысқа бөлген ыңғайсыздау… Бірақ бүгін бөліп қарастырғымыз келіп отыр. Əлгі сұраққа, сөз жоқ, «жазушылардың көбі ер адам ғой» деп жауап береміз. Тіпті қазақ прозасындағы əйел жазушылардың шоғырын бастап тұрған кім деген сұраққа да абдырап қаламыз. 70-жылдары əдебиетке келген Марфуға Айтқожина, Фариза Оңғарсыновалардың есімі қазір аңыз болып кетті. Ал прозадағы апаларымыз туралы көп айта бермейміз. Əйел жанынан сыр шертетін нəзік иірімді прозадан гөрі, адуындау, еркелеу поэзияның жарнамасы жақсы. Бəлкім бұл туралы əдебиет сыншылары айтып жатқан да болар, айта да жатар.

Əр əйел, əр қыз өмірлік серігі өзін түсінсе дейді. Түсінуге не жетіспейді? Əйел жаны қалай жылайды? Əйел жаны қалай күрсінеді? Əйел жаны қалай құбылады? Əйел жаны қалай күреседі? Оқыңызшы ендеше…

***
13-14 жастағы оқушы қыз. Кекілін қайырып, партада отыратын жаста ғой. Жоқ, ол қыз үстіне ескі халатты іліп алып, перзентханада жүр. Жан-жағындағылардың айтатыны – абыройынан айрылып қалған қыздың ұяттан жұрдай əрекеті. Оқушы қыздың балалы болатыны бəрінің үрейін ұшырып барады. Шіркін, өздері қандай оқушы болып еді. Некесіз бала таппақ түгілі көшеде сыныптас ұлдармен қатар жүруге ұялатын. Жігіттер ғашықтық хаттар жазса, оқымай-ақ жыртып тастайтын. Ал мына қыздың ата-анасы қайда қараған? Туғанша қарнын шермитіп үйінде ұстағаны несі? Тіфə-тіфə, беті аулақ!

Жазушының кейіпкері айналасынан осындай шеттету көріп, бөлініп жүреді. Артынан іздеп келіп жатқан жан да жоқ. Ешкім келмегесін жылы-жұмсақ тамақ та жоқ. Бірінші жақтан баяндаушы кейіпкер ғана оған ыстық сорпасын бөліп беріп, жақын тұтады. Екеуі мұрны шып-шып терлеп отырып, ас ішеді. «Бөпеме сүт көп болатын болды» деп қуанады өрімдей қыз. Бірге тамақ ішсе де, «Қалай мұндай жағдайға тап болдың?» деген əңгіме айтылмайды. Тек əйтеуір көзбен ұғысып қана отырады. Палатадағы басқа келіншектер ше?Тамақты бөлек ішкенде сырын айтты ма екен дейді, «баласы кімнен екен?» дейді сол баяғы.

Автор баланың əкесін іздемейді. Ешкімді сөкпейді. Əңгіме соңындағы бір ғана деталь оқырманды селт еткізеді. Содан кейін ешкім артық ауыз сөз айтуға бара алмайды-ау…

Терезеден елулерден асқан кісіні көреді. Ұзын плащ киген ер адамның қолында тор сөмке. Ішінде не бар екені көрініп тұр. Оншақты көк алма. Бақшадан жаңа үзілген. «Көке» деп қуанған қыздың дауысынан кейін бəрі терезеге ұмтылады. Солай өсектеп отырғандары кімнің қызы екені де, тағдыры да белгілі болады. Əңгіменің атауы «Көк алма». Иə, піспей тұрып, мерзімінен бұрын үзілген көк алма. Бəлкім ерке жел, бəлкім қара күш үзіп түсірді…

***
Қазақ отбасындағы ең үлкен проблема – ажырасу. Əркімнің өз шындығы бар. Мынаны қараңызшы: Ол ерке өскен бір үйдің жалғыз қызы. Бəрі жетеді. Ата-анасы қалаған оқуды да оқиды. Елдің балалары жатақхана жағалап жүргенде, өз үйінен кіріп-шығып жүрген де сырт көзге бақыт қой. Бірақ тағдыр үнемі алақанға салып аялай бермейді. Оқу бітіретін жылы əке-шешесі бірінің соңынан бірі дүниеден өтеді. Əкесі де, шешесі де отбасында жалғыз өскен. Ол да жалғыз қалды. Жалғыз адам не істейді? Тек жұмысқа барады, үйіне келеді. Жұмысқа келеді, үйіне қайтады. Одан басқа еш өзгеріс жоқ. Уақыттың қалай зырғығанын да байқамайды. Тағдыр қашанғы бір сызықтың бойында жүгірте береді дейсің. Жарқ еткен шуақты күн де келеді. Бірге істейтін əріптесіне жасы кіші болса да тұрмысқа шығады. Өйткені екеуінің ішкі əлемі ұқсайтын еді. Құралайдың отағасы десе шығарға жаны бөлек. Жайылып жастық, иіліп төсек болатын. Келген қонағы күтулі, баласы бағулы. Ақын адамның жары Құралай сияқты болса, бағы емей, немене?

Үйіне жеңгесінің дəмді тамағын жеп, еркелеп келіп-кетіп жүретін жас ақындар бұл жолы суыт келді. Ағасы өтінгесін көмектеспекші. Кітаптарын, киім-кешегін көтерісіп алып кетпекші. Автор жазып отырған отбасы ажырасатынға ұқсамайды. Шаң-шұң айғай да жоқ. Күйеуі іссапарға кетіп бара жатқандай чемоданына əр затын ұқыптап салып береді. Қай затының қай жерге салынғанын да айтады. Етті де асып, бауырсақ та пісіріледі. Дастарханды да жайнатып қояды. Бірақ сол кеште сықиған дастарханнан ешкім бір үзім нан алып жемейді. Түртілмеген күйі қалады. Тек əлгіден бері көшкелі жатырмыз деп ойлап жүрген Еркебұланның əкесі кетіп бара жатқандағы жылауы ғана тыныштықты бұзды. «Мен сені арқа сүйейтін азамат болды деп жүрсем. Қыз сияқты жылауға ұялсайшы. Қане, солқылдамай, бетіңді жу. Əкеңді жолынан қалдырма, сыртта жолдастары күтіп қалды!» – деген Құралайдың сөзі жүрегіңді шым еткізеді. Əлгінде ғана Құралайды
аяп отырсаң, осы сөзімен оқырманның да есін жиғызады. Керісінше, Құралайды емес, жас қыздың соңынан кетіп бара жатқан күйеуін аяп кетесің. Ақылды əйелден кеткенде ер адамдардың ары тыныштық бере ме екен?

«Шие ағашы мұңая тербелген кеш». Отбасы құндылығын сезіну үшін де əр адам
оқуы тиіс əңгіме дер едік…

***
«Əйел өз отбасынан бұзылғандығынан кетпейді, мейірім жетпеген соң кетеді». Жазушының кейіпкері осылай дейді. Оны айтқан ер адам. Ер адамның аузынан мұндай сөз шығуы мүмкін бе? Мүмкін. Тек оны қандай жағдайда, кім айтады?

Жақында ғана бір мақала оқығам. Астана қаласында ажырасушылар көп. Неге?
Өйткені Астанаға қызмет бабымен баратындар отбасын жағдай түзелгесін алдырамын деп ойлайды. Ер мен əйелдің екі жақта жүруі араға салқындық түсіреді. Жазушы бұл мəселені ерте-ақ сезді. Сірə, «жазушы – қоғамның барометрі» деген рас болса керек. Кейде ер адамдар əйелге бар жағдайын жасап қойсақ болды деп ойлайды. Жазушының кейіпкері де солай ойлайды. Астанаға жұмыс ауыстырғанда хан сарайындай үйде қалған бəйбішесіне бар жағдайды жасадым деп ойлады. Балаларын шетелде оқытып жатыр. Үй қызметшісі де бар. Əйелге одан басқа не керек? Ол үшін күйеуі бəрін шешіп тастаған. Не ішем, не кием демейді. Анда-санда той-томалаққа келгенде əйелімен сөйлесуге де мұршасы болмайды. Достары, телефон арқылы келіссөздер, жұмыс… Тек түнде ғана құпия ашылады. Күйеуі ұйқылы-ояу бөтен əйелдің есімін атағанда, төбесінен мұздай су құйып жібергендей болады. Ертесіне ол əйелдің кім екенін сұрайтын да уақыт қалдырмай, «маңызды шаруам бар» дегенді алға тартып, кетіп қалады. Əйелдің сыр айтатын ешкімі жоқ. Тіпті балалары да жетістікке жеткен əкелерін тыңдап, шешесін менсінбейді. Ауылдан келген анасы да қаладағы мұның тас қамалына шыдай алмай ауылға кетуге асығады. Кішкентай қызының да уақыты жоқ. Өйткені түрлі үйірмелерге жаздырып тастаған. Əйелдің бар атқаратын жұмысы – күйеуі сыйлаған тотықұстарға жем беру ғана. Бір күні тотықұстарды тордан шығарып ұшырып жібереді. Жылы үйде, дайын жемді жеген құстар қалай күн көреді? Ал тотықұстай бар жағдайы жасалған əйел зəулім үйден кетсе ше? Ол да сорлы емес еді ғой.

Шет тілдерін оқытатын оқу орнын бітірген. Тек күйеуінің аты озсын, үйге келгенде жылулық көрсін деп бір кездері бəрінен бас тартқаны есіне түсті. Аудармашы боп жұмысқа орналасты. Күйеуінен қайыр болмағасын, əйелі қайтыс болған азаматқа тиіп, жетім қалған екі балаға аналық мейірін төгеді. Өзінің кішкентай қызына қалай мейірленсе, өгей ұлдарына солай жылы қарайды. Хан сарайындай үйін тап-тар пəтерге айырбастайды. Бұл оқиғаны жазушыға келіншектің күнделігін тапсырған жездесі баяндап берген еді. Жаңа бажасы: «Əйел өз отбасынан бұзылғандығынан кетпейді, мейірім жетпеген соң кетеді», – депті. Иə, «Тордан ұшқан тотықұс» осылай жазылған.

Əңгімелердің қысқаша мазмұнын оқып отырып, мелодрамалық фильмге ұқсаттыңыз ба? Бірақ əр əйелдің өмірі – мелодрама. Жандүниесі тұңғиық. Əйел жанын əйелден артық кім түсінеді? Кім жеткізіп жазады? Егер жазушының əңгімелерін оқыса, əйелдер қай жерде мүлт кеткенін ұғынар еді. Болмаса, мүлт
кетудің алдын алар еді. Ал ер адамдар оқыса ше?.. Ажырасу – бірінің жанын бірі аялауды білмейтін, бірге дамымайтын отбасыларда болатын шығар, бəлкім. Түсінісу үшін де осындай кітапты оқып тұру керек-ау.

Мұндай əңгімелер жазатын жазушы бақытсыз əйел шығар деп ойлауыңыз мүмкін. Қателесесіз. Мен білетін əйелдердің арасында отағасынан ылғи қолдау көріп
отыратын ең бақытты əйел осы кісі-ау деймін. Онда неге əңгімелері мұңды? Өзі бақытты болса, неге бақытсыз əйелдер жайлы жазады? Бəлкім, жазушы ой жотамен жаза беретін шығар? Олай ойласаңыз да қателесесіз. Жазушының жазғаны өмірде бар адамдар. Бəлкім, шығармашылығына журналистикада
жүргені де көп əсер еткен болуы керек… Бірақ оны жазушы етіп тұрған да – шыншылдығы. Өтірік жаза алмайды. Шығармашылығы туралы əдеби ортада айтыла бермейді. Жарнамасы жоқ. Біз жазушы Заря Жұманова туралы айтып
отырмыз.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №4
22 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз