«Қандай аспап ұстап алғансың? Биіктігі өзіңнің бойыңмен бірдей ғой! Салмағы да ауыр шығар?! Мынау скрипка ма, əлде қобыз ба? Мына аспаптың пернелері қайда?».

8 жасар Айзереге осы сұрақтар жиі қойылады. Ол музыка мектебінде виолончель аспабында ойнауды үйреніп жүр. Алғашында аспаптың атын естігенде менің де абдырап қалғаным бар. 6 жасынан бастап виолончель аспабын меңгеріп жүрген Айзере бір қарағанда скрипкаға, бір жағынан қобызға ұқсайтын аспап туралы түсінік беруден жалықпайды. Болашақта елде жоқ жаңа аспап түрін ойлап табуды армандайды. Ол аспаптың қандай болғанын қалайсың деген сауалға: «Үні қоңыр дауысты, ырғақты əуенге ыңғайлы болғанын қалаймын. Бірақ аспаптың аты қандай болатынын əлі ойлап жүрмін» деп жауап берді. Е.Рахмадиев атындағы Үржар балалар музыка мектебінің 3-сынып оқушысы Айзере Мұхамедқалиевадан неге виолончель аспабын таңдағаны туралы, музыка мектебіндегі тəртіп жайында сұрап білген едік. Ауыл баласына аты мен заты беймəлім аспап туралы біраз мəліметке қанық болдық. Сендер де біле жүріңдер, достар!

Виолончельді алғаш көргенде қорқып кеттім

Айзере Мұхамедқалиева: Менің атым – Айзере. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы І.Жансүгіров атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысымын. Е.Рахмадиев атындағы Үржар балалар музыка мектебінде 3-сыныпта оқимын. Виолончель сыныбына 6 жасымда келдім. Қазір сегіздемін. Мектепте де, музыка мектебінде де озат оқимын.

Ұлан: Музыкаға қызығушылығың қалай пайда болды?

Айзере Мұхамедқалиева: Теледидардан түрлі аспаптары бар оркестрдің концертін көріп отырып, менің де өскенде өнерлі адам болғым келді. Мектепке баратын кезде анама музыкалық аспапта ойнап үйренгім келетінін айттым.

Ұлан: Ата-анаң қарсы болмады ма?

Айзере Мұхамедқалиева: Жоқ, қарсы болмады. Алғашында анам сəл есейген соң үйренесің деді. Бірақ мен тезірек үйреніп алғым келетінін айтып қоймадым. Сосын анам музыка мектебіне өзі ертіп əкелді.

Ұлан: Отбасыңда аспапта ойнай алатын адам бар ма?

Айзере Мұхамедқалиева: Бар. Нағашы əжем баян тартады.

Ұлан: Неге виолончель аспабын таңдадың? Музыка мектебіне келмес бұрын осы аспап туралы біліп, өзің таңдап келдің бе?

Айзере Мұхамедқалиева: Жоқ. Алғашында анама фортепиано сыныбына барғым келетінін айттым. Өкінішке қарай, фортепиано сыныбында орын жоқ екен. Сосын анам алдымен осы виолончель аспабында ойнап көрші деп ұсыныс айтты. Виолончель өте үлкен, салмағы ауыр екен. Қазақша бас қобыз деп атайды. Бұл аспапты алғаш көргенде қорқып кеттім. Кейін виолончельдің дыбысы өзіме ұнап қалды.

Оқу үлгерімі төмен оқушылар музыка мектебіне қабылданбайды

Он бағыт бойынша жұмыс істейтін Еркеғали Рахмадиев атындағы Үржар балалар музыка мектебінің ашылғанына биыл 45 жыл толыпты. Оқушыларды қабылдау тəртібі туралы мектептің директоры Бақтыбала Қабиқызынан сұрап білдік.

Ұлан: Музыка мектебінде қандай аспаптар үйретіледі? Қазір қанша шəкірт білім алып жатыр?

Бақтыбала Қабиқызы: Домбыра, қылқобыз, виолончель, фортепиано, скрипка, баян, шертер аспаптарында ойнауды үйретеміз. Вокал, хор бойынша да сабақ береміз. Қазір мектепте 245 шəкірт білім алып жатыр. Фортепиано мен скрипка аспаптары бойынша 7 жылдық, басқа аспаптар бойынша 5 жылдық оқу бағдарламасы жасалған. Оқушы бес жылда тек аспапта ойнауды ғана емес, музыка əліппесі, музыка тарихы, сольфеджио, ансамбль, оркестр, хор бойынша да музыкалық білім алып шығады.

Ұлан: Оқушыны музыка мектебіне қабылдау үшін қандай талаптар қойылады?

Бақтыбала Қабиқызы: Оқу жылы басталғанда арнайы комиссия жасақталады. Олар алдымен бір апта кеңес беру сабақтарын өткізеді. Шəкірттерді емтихан арқылы қабылдаймыз. Есту қабілетін, ырғақты сезінуін тексереміз, мектеп жасындағы оқушы болса оқу үлгеріміне қараймыз. Егер шəкіртіміздің мектептегі оқу үлгерімі нашар болса,
қосымша сабақтарға да үлгере алмайды деген сөз. Біздің музыка мектебінде оқитын оқушылардың барлығы дерлік өз ортасында лидер, мектебінде озат деп ауыз толтырып айта аламын.

Ұлан: Музыка мектебін бітірген оқушылар болашақта өнер саласын таңдай ма, əлде көпшілігі тек хобби ретінде алып жүре ме?

Бақтыбала Қабиқызы: Шəкірттеріміз музыка мектебін бітірген соң қалаға барып жоғары білім алып келеді де, осы мектепте ұстаздық қызмет етеді. Өзім де бала күнімде осы мектепте оқып, музыкалық білім алғанмын. Гүлнар Даукенова, Жанат Аңдасова, Майра Кебісбаева сынды белгілі өнер иелері біздің мектебіміздің түлегі. Өнер жолын таңдамаған
күннің өзінде ұлттық аспаптарымызда ойнай алу, музыкадан, өнерден хабардар болу артық болмайды.

Өнер баласын көңіл күйіне қарап оқытамыз

Айзереге виолончельден сабақ беретін ұстазы Құралай Саланчина музыка мектебіндегі ұстаздардың еңбегі орта мектептегі ұстаздардан бөлек екенін айтады.

Құралай Саланчина: Алдыма келген шəкіртім болашақ өнер адамы əрі шығармашылыққа жақын болғандықтан міндеттеп оқытпаймын, көңіл-күйіне қарап
тапсырма беремін. Алдымен жаттығу жасаймыз. Музыкада тіл жоқ. Бəрін нотамен үйретеміз. Оқушының шығарманы қалай орындап отырғанына қарап-ақ қандай көңіл-күйде екенін аңғаруға болады.

Ұлан: Виолончель туралы қарапайым адамдар көп нəрсе біле бермейді. Аспап туралы толығырақ айтып берсеңіз…

Құралай Саланчина: Виолончель – 4 ішекті, қоңыр дауысты аспап. Халық арасында виолончельді нар қобыз, бас қобыз деп те атайды. Сыртынан қарағанда скрипканың үлкен түріне ұқсайды. Скрипкадан айырмашылығы – виолончельді жерге тіреуішімен тіреп қойып ойнайды. Музыка тілімен айтсақ, виолончель 8 октаваны қамтиды. Яғни, барлық дыбысты алып кете алатын əмбебап аспап. Өзім музыка мектебінен бөлек Мəдениет үйінде «Барқытбел» оркестрінде бас қобызда ойнаймын. Аты айтып тұрғандай, бас қобыз оркестрде басқа аспаптарға бастап беретін, негізгі ноталарды ойнайтын аспап саналады.

Айзеренің құпия арманы

Ұлан: Айзере, саған виолончель аспабын үйрену қиынға соқпады ма?

Айзере Мұхамедқалиева: Бастапқыда – саусақтарымның ауырғаны жаныма батты. Себебі виолончельдің ішектері қатты. Дыбыс анық шығу үшін оны қатты басу керек. Сосын ысқышпен ойнау керек. Маған анам үйде пышақ, қайшы, басқа да қатты, өткір заттарды ұстауға болмайтынын айтады. Себебі аспапта ойнайтын адамның басты қаруы – оның қолы мен саусақтары. Егер аспапта ойнайтын адамның қолы жараланып қалса, ол мүгедек өнерпаз сияқты болады.

Ұлан: Өзіңнің жеке виолончелің бар ма? Үйде қанша уақыт дайындаласың?

Айзере Мұхамедқалиева: Иə, ата-анам жеті жасқа толғанда маған виолончель əперді. Музыка мектебіне аптасына екі рет сабаққа барамын. Ал үйде күн сайын бір сағаттан артық дайындаламын.

Ұлан: Болашақта қандай маман болғың келеді?

Айзере Мұхамедқалиева: Көп қой. Дəрігер болғым келеді. Виолончельді басқа балаларға үйретіп, ұстазым Құралай Саланчина апай сияқты болсам деймін. Сосын бір құпия арманым бар. Сізге айтайын ба, ойланып отырғаным…

Ұлан: Айтшы. Ол қандай арман? Мүмкін саған көмектесе алатын шығармын.

Айзере Мұхамедқалиева: Мүмкін (жымиды). Мен ешкімде жоқ, ешкім білмейтін, жап-жаңа аспап ойлап табу туралы ойланып жүрмін. Бірақ бұл туралы əлі ешкімге айтпадым. Кейде үні құлағыма келеді. Үні қоңыр дауысты, ырғақты əуенге ыңғайлы болса деп армандаймын. Бірақ аспаптың аты қандай болатынын əлі ойлап таппадым.

Ұлан: Мүмкін Айзере деп қоярсың?

Айзере Мұхамедқалиева: Жоқ, Айзере деген адамның аты ғой. Аспаптың атында
бір ұлттық белгі болуы керек сияқты.

Айзере осы тұсқа келгенде терең ойға батып кетті. Оның аспабы қандай болады екен деген ой мені де мазалап жүр.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №4
22 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз