Дүниежүзілік мүгедектер күні қарсаңында Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектептердің ахуалын көзбен көру үшін Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Даму интеллектуалдық қабілеті төмен балаларға арналған №7 арнайы (түзету) мектеп-интернатына барған едік. Атауы көңілсіздеу болғанымен, есіктегі күзетшіден бастап, мұғалімдер де, балалар да күлімдей қарсы алды. Мекеме директоры Күмісхан Тоқсамбаева: «Бұл балаларды жақсы көрмеу мүмкін емес. Жаны нәзік, жүрегі жұмсақ, айналасындағылардың бәріне зор махаббатпен қарайды. Бізге мемлекет барлық жағдайды жасап берді. Білім беретін ұстаздар да кәсіби мамандар. Ең бастысы, балалармен жұмыс істеуді, оларды үлкен өмірге дайындап, тұлға етіп қалыптастыруды мақсат еткен жандар», – деп сөз бастады.

Мектеп-интернат Алматы қалалық Білім басқармасының бұйрығымен 1973
жылы ашылған екен. 2015-16 жылдары ескі ғимарат бұзылып, 5 блоктан
тұратын, жалпы аумағы 6813,1 шаршы метр болатын жаңа ғимарат салыныпты.
Мұнда білім алатын барлық бала Алматы қаласының Психикалық даму
орталығында есепте тұрады. Бүгінде жалпы саны 360 бала қазақ және орыс
тілдерінде білім алады. Интернатта 61 бала жатады, үйден қатынап оқитын 204
бала бар. Ал үйден оқытылатындар саны – 156. 1–9-сынып аралығында 19
сынып бар.

Мектеп-интернат жұмысының мақсаты – зерде бұзылыстары бар балаларды оқыту және тәрбиелеу, оларды әлеуметтік-психологиялық сауықтыру және әлеуметтік дағдыландыру.

Мекеменің міндеті – білім беру жүйесінде және еңбекке баулуда оқушылардың
кемістіктерін түзетуге тырысу, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына
көмектесу, сонымен қатар әлеуметтік дағдыландыру, жасөспірімдерді өз
бетінше өмір сүруге, тұрмысқа және еңбекке үйрету.

Ұстаздардың айтуынша, бұл жердегі балалар Білім және ғылым министрлігі бекіткен, арнайы бағдарламаның әдіс-тәсілдері негізінде білім алады. Барлық пәндер оқытылады, ал физика, химия, ағылшын тілі пәндері балалардың даму ерекшеліктеріне байланысты оқытылмайды. Мектептің негізгі бағыты балалардың еңбек қабілетін дамыту және еңбекке баулу.

«Жаны да, жандүниесі де ерекше балалар»

Мұндай мекемеде жұмыс істейтін ұстаздар да бөлекше келеді. Олардың балаларға деген ықылас-пейілі бөлек. Қай мұғаліммен сөйлессек те, көздерінен жылылық пен мейірім көрдік. Олардың дені мектеп ашылған күннен бастап қызмет етеді. Шәкірттерінің әр жетістігі – олар үшін мақтаныш. Мектеп-интернат мұғалімдерінің қай-қайсысымен сөйлессек те, бәрі жұмысының ұнайтынын айтты. Мұндай мекемеде қызмет етудің қиындығы туралы сұрадық.

Алма Сексенова, директордың оқу жөніндегі орынбасары:

– Барлық баланы өз баламыздай көреміз. Тәрбиеленушілерді қабілеттеріне қарай бейімдеуге тырысамыз. Мысалы, бізде еңбекке баулудың 7 кабинеті бар: оның екеуі тігін ісін үйретуге арналған, біреуі – ағаш өңдеуге, бірі – қағаз түптеу  ісіне, бірі аяқ киім жөндеу ісіне арналса, тағы бірі – флористика кабинеті. Сонымен қатар, толық жабдықталған  үлкен ағаш өңдеу шеберханасы да бар.

Зылиха Туспаева, 6 «А» сыныбының жетекшісі:

– Қиындық болады, әрине. Бірақ шынымен-ақ балаларымызды жақсы көреміз. Бұл балаларды жақсы көрмеу мүмкін емес. Қалыпты балаларда қулық-сұмдық, өтірік айту, алдау сияқты әдеттер кездеседі. Ал біздің алдымыздағы шәкірттердің әрқайсысы бір-біріне қамқор, мейірімді, жанындағы достарына қолында барын бергісі келіп тұрады. Талай мәрте басқа мектептерге шақыртулар болды, «жалақыңызды көтереміз» деді. Бірақ мен келісім бермедім. Себебі өзіме осы жер, осы балалармен жұмыс істеген ұнайды.

Шайгүл Абиырова, 8 «А» сыныбының жетекшісі:

– Бұл балалар шынымен ерекше. Өмірге құштар. Білсем, көрсем деп тұрады. Алғаш келгенінде сөйлей алмайтын балалар бар еді. Кейіннен сөйлеп кетті. Қарапайым дүниелерді түсінбейтін балалар да болды. Олар да бүгінде өзінің туған жылын, ақын-жазушылардың өмірбаяндарын оқып, жаттай алатын деңгейге жетті.

– Қоғамда бұл балаларға деген көзқарас қандай?

– Бірде бір оқушы қызға көшеде ер кісі: «Мына қыздың беті неге ондай?» – деп айтыпты. «Мен қатты ұялып қалдым» деп жылап келді. Сондай кезде біздің жанымызға батып кетеді. «Мүмкін сенің көйлегің көзіне түскен шығар», «өзің әдемі болып тұрған соң солай айтқан ғой» деймін ондайда. Олай айтуға болмайтынын, аяушылық сезіммен, мүсіркеп қарамау керектігін қоғам түсіну керек. Ештеңеден хабарсыз сәби жүректері осындай кезде қиналып қалады ғой. Олардың да арманы бар. «Апай, мен тігінші боламын», «апай, мен аспаз боламын» деп армандарын айтып жатады.     

Күмісхан Тоқсамбаева, мектеп директоры:

– Балалар мектеп бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Жаңа технологиялар және флористика колледжінде оқуын жалғастырады. Ол жерде біздің оқушыларға барлық жағдай жасалған. 9-сынып бітірген соң, қолөнер сабақтарынан емтихан тапсырады, әңгімелесу болады. Сол арқылы колледжге оқуға қабылданады. Колледжге барған кезде түлектерімізді көріп тұрамыз. Олар алдымыздан жүгіріп шығып, қуанып жатады. Түлектеріміз де «алтын ұя» мектептерін ұмытпайды, мейрам кездерінде келіп жетістіктерімен, жаңалықтарымен бөлісіп тұрады. Мектебіміздегі мамандардың барлығы  мұғалім – дефектолог, олардың ішінде психолог, әлеуметтік педагог, логопед  мамандар да бар.

Түлектеріміз, мектептен алған білімдерін өмірде қолдана білуде: шәкірттеріміздің бірі Көк базардан тігін цехын ашып,  өзінің сүйікті ісімен айналысуда. Екі түлегіміз Абдракпанов Медет және Жахан Мейірхан мектеп қабырғасында еңбектенуде. Баймурзаева Маржан, Нұрсадық Мөлдір сынды қыздарымыз «Ару – kz» тігін жеке кәсіпкерлігінде жұмыс жасауда. Саутов Алмас «Grand Park» сауда орталығында, сату бөлімінің кеңесшісі болып жұмыс атқарады. Шәкірттеріміз ата-анасына, қоғамға пайдасын тигізуді ойлайды. Бұл біз үшін үлкен бақыт…

Ұстаздармен әңгімелесіп отырғанда олардың бүкіл еңбек жолы көз алдыма келгендей болды. Даму қабілетінде ақауы бар балалармен жұмыс істеу қалыпты балалармен жұмыс істеуден әлдеқайда қиын, әлдеқайда ауыр. Ол үшін таусылмас төзім, қажымас қайрат керек. Сондықтан бұл ұстаздардың алдында бас июге болады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, балалар бейімделген оқу бағдарламасына сай білім алады. Дамудың жеке бағдарламасы бойынша мектеп ПМПК  нұсқаулықтарына сәйкес оқиды. Осы мақсаттарға жетудің бастапқы шарты – әр баланы әр оқу пәніне психофизикалық мүмкіндіктерін және қабілеттіліктерін есепке ала отырып қосу.

Біз мектеп ауласына кіріп келгенде, бір жас бала қар тазалап жатқан болатын. Кейіннен ұстаздары ол баланың осы жерде оқығанын айтты. «Сіздерге көмектескім келеді» деп өтініш білдірген соң, жұмысқа алыпты.

Ата-аналар балаларын күнде таңертең мектепке алып келеді, сабақ аяқталған соң алып кетеді. Мұндай балалармен жұмыс нәтижелі болу үшін ата-анаға да көп салмақ түседі. Демалыс кезінде ұстаздар, балалар, ата-аналар болып табиғат аясында демалып келетін кездер көп болады екен. Ұстаздармен тілдесіп болған соң, Күмісхан апайдың артынан еріп отырып, кабинеттерді аралап шықтық. Балалар сондай сүйкімді. Аңтарылып қарап тұр. Кабинетке кіргенде «СӘ-ЛЕ-МЕТ-СІЗ БЕ!» деп хормен амандасқан кезде сасқалақтап қалып, басымызды изей беріппіз.

Балалар өнер байқауында да топ жарып жүр екен. Республикалық «Жұлдызай», «Разные-Равные», қалалық «Мейірім», «Жарқын жұлдыз», «Мир детям» фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындар иеленіп, лауреат атанып жүргенін естіп, қуанып қалдық. 2018 жылғы 3-5 шілде аралығында Польшада өткен SENI CUP халықаралық турниріне де қатысып қайтыпты. Әлемнің әр елінен 33 команда қатысқан сайыста біздің балалар 8-орын алыпты.

SENI CUP Халықаралық турнирі 1992 жылдан бері өтеді. Алғаш рет мүгедектер футбол лигасының ойындары түрінде өткен. Турнирдің мақсаты –мүмкіндігі шектеулі адамдар мен қоғамды біріктіру, өзара құрметке ықпал ету.

Дайындаған Нарқыз Ерес,

СДУ студенті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз