Қазіргі таңда арнайы бағдарламалармен қазақ жастары шетелге оқуға кетіп жатыр. Мемлекеттің қолдауымен шəкіртақы алу, жатақхана жағы да ескеріледі. Тіл білмесеңіз, бір жыл қосымша сол мемлекетте тіл үйреніп, оқуды жалғастыруға болады. Бəрі қолжетімді. Ал Ыстамбұл университетінің 4-курс студенті Гамзе Нұрналбант Түркиядан Қазақтанға «Мевлана» бағдарламасы арқылы келген. Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Түркология мамандығы бойынша оқуын жалғастырып жатыр. Жазда Гамзе Түркиядан маман болғанын растайтын диплом алады. Студенттік өмірінің нүктесін Қазақстанда аяқтайтынына қарағанда, Гамзе біздің елімізді өз Отанынан кем жақсы көрмейді.

Гамземен таныстығыма жарты жылдың жүзі болды. Əлеуметтік желі арқылы басталған таныстық кейіннен достыққа ұласты. Түрік қызының біздің елімізге деген махаббатын көргенде, кейбір қатарластарым үшін біраз ұялдым. Гамзеге Алматының мəдени əрі тарихи жерлерін көрсету үшін кездесу барысында тарихымыз бен əдебиетімізді бір қайталап, оның сұрақтарына сауатты жауап беруге тырысамын. Өйткені оған бəрі қызық əрі өзі де қазақ халқының əдебиеті мен мəдениетінен біраз хабардар. Алматы көшелерінде түрік қызының «Қазақстан» жазуы бар жейдені мақтанышпен киіп жүруі, қазақ тілін тереңірек меңгеруге деген ынтасы таңғалдырды. Өзі туралы былай дейді:

– 1997 жылы Ыстамбұлға жақын жердегі Бұрса қаласында тудым. Бұрса –
Осман империясының алғашқы астанасы болған. Ал шешем Мерсин қаласында туылған. Мерсин де тарихқа толы қала. Шешемнің атасы Түркияның тəуелсіздік жолындағы соғысына қатысқан. Түркияның қиын уақытында Ататүрік ұлтына бүкіл өмірін бергені туралы ерлігін атасынан тыңдаған шешем ағам екеумізге жиі-жиі айтып, бізді ерекше рухтандырып өсірген. Отбасым білімге құмар. Осындай тарихи қалаларда туып-өскенім үшін де тарихты жақсы көремін. Университетке дейін Бұрсада оқыдым. Сосын Ыстамбұлға оқуға түстім.

– Қазақ тіліне махаббат қалай оянды?

– Ағам кішкентай кезімде дүниежүзі картасын үйрететін. «Бұлар бізбен бауырлас ел», – деп түркі мемлекеттерін көрсететін. Мектепте де, лицейде де ең жақсы көрген сабақтарым түрік тілі жəне тарихы еді. 11 жасымда Twitter-ден əзербайжандармен сөйлесе бастаған соң түркі тілдес елдерге саяхаттағым келді. Түркі мəдениетін жақсы көргендіктен «Түркітану» мамандығын таңдадым. Осы мамандықта оқу арманым еді. Лицейде оқып жүргенде түркі тілдеріндегі əндерді тыңдап, қазақ тілін үйренуге ынтам оянды. Ол кезде Ғалымжан Жолдасбай бір бейнебаянын Түркияда түсіріп жатқан. Бейнебаянды тамашалаған соң Қазақстанды көруді қатты армандадым. Кішкентай кезімнен түркітілдес мемлекеттерде болу, соның ішінде Қазақстанды көру арманым ғана емес,
болашақтағы мақсатыма айналды. Өйткені біз бауырмыз. Алыста болсақ та таным-түсінігіміз ұқсас.

– Қазақстанға алғаш қалай келдің?

– Ыстамбұл университетінде үш жыл оқыдым. 2017 жылдың жазында Қазақстанда бір ай болдым. Сол кезде қазақ тілін үйренуді бастадым. Бірінші рет келгенде жеті бірдей қаланы араладым. Астанаға барып, EXPO қалашығын көрдім. Қызылордадағы Қорқыт ата кесенесінде болып, қобыздың, əсіресе күйдің құдыретін сезіндім. Тараздағы Айша Бибі мен Қараханның кесенесі қаланың көркі ғана емес, тұмарындай тарихи жəдігер екен. Киелі Түркістан қаласындағы Қожа-Ахмет Яссауи кесенесін, Отырардағы Арыстан баб пен
əл-Фараби кітапханасындағы тарихи жəдігерлерді көргенімде таңданысымда
шек болмады. Оған қоса, Кентау мен Шымкентке бардым. Алматыны алақандай
етіп көрсеткен Көктөбеде болғанымда, бұл қалаға ғашық болып қалдым. Түркияға
оралған соң Қазақстанға тағы да келгім келді. Жеті айда қазақ тілін меңгеріп шықтым. Қазақ тілінде емтихандарды тапсырып, бакалаврдың соңғы курсын Қазақстанда оқимын деп шешім қабылдадым. Бұл əрекетіме өкінбеймін, қайта күн сайын Қазақстанға махаббатым артып келеді. Алматы – ерекше қала.

– Оқуға тапсыру кезінде қандай қиындықтар болды?

– Қиындықсыз ештеңе болмайды ғой. Құжаттарды жинау, түгендеу қиын болды.
Алдымен Түркиядағы университет рұқсат қағазын біраз кешіктірді. Сөйтіп
тамыздың соңына қарай алған ұшақ билетін қыркүйекке ауыстырдым. Сабаққа кешігіп келіп, оқу бағдарламасына үлгермей қаламын ба деп қорықтым. Мына жаққа келген соң уақытша тіркелу, университеттегі келісімшарт қағаздарын жинауға міндеттісің. Алайда Қазақстанға деген махаббатым көңіл-күйімді түсірмеді. Қазіргі таңда бəрі жақсы, қуаныштымын. Университеттегі оқытушыларым да білімді, мейірімді. Көшеде кетіп бара жатып жол сұрасам, бəрі алдымен таңырқай қарап, түрік тілін білетіндер түрікше сөйлесіп, көмектеседі. Болашақта магистратураны қазақ тілін зерттеуге арнағым келеді.

– Оған қоса, домбыра да тартасың…

– «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген жақсы сөз бар. Домбыра шертуді Түркиядағы арнайы үйірмеге барып үйрендім. Кəсіби тұрғыда ойнай алмасам да, бірнеше күй мен əнді орындаймын. Əрине, қателесетін немесе ұмытып қалатын тұстарым болады. Оған кешіріммен қарауға болатын шығар. Мен əлі үйренушімін. Қазақстанмен ата жұртымыз, тарихымыз, мəдениетіміз, ата-бабаларымыз бір. Тіліміз ұқсайды. Қазақ халқы өте бауырмал, мейірімді. Қазақстанға келгеннен бері өзімді өзге ұлттың өкіліндей бөтен сезінбеппін. Түркия ғана емес, болашақта Қазақстанның дамуына да үлесімді қосқым келеді.

– Əңгімеңе рақмет! Сəттілік тілейміз.

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
əл-Фараби атындағы
ҚазҰУ филология жəне
əлем тілдері факультетінің
2-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №4
22 қаңтар 2019 жыл

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз