Таңсəріде əл-Фараби даңғылына келдік. Екі бала кептерге нан қиқымын тастап, ойнап жүр екен. «Əй, Нұрбол, Ербол, көшеге шықпаңдар!» – деді анасы.
Сылтып басып, қызыл күртеше киген қыз келді, жанында анасы бар. Сосын Даниал, Əкежан, Рамазан… Қас-қағым сəтте аялдама ерекше балаларға толып кетті. «Бүгін балам тыныш ұйықтады. Əйтпесе түнгі екіге дейін төсекте секіретін еді», «Қызым ұйқыдан тұра сала: «Мама, кеттік!» деді», «Əкесіне қарға құлағанын айтқан жоқпыз, жібермей қояды»… Əдепсіздік болса да, аналардың əңгімесін тыңдадық…

Көп ұзамай үш шағын автобус тоқтады. Баласын жетектеген аналар таласа автобусқа отырды. Сөйтіп, Іле-Алатау ұлттық паркі аумағындағы Қотырбұлақ тау шатқалындағы «Pioneer» отбасылық тау шипажайына жол тарттық… Бəрі бір отбасының мүшелері секілді. Бір-бірінің жағдайын сұрап, көңілді келеді. Шипажайға бір сағатта жеттік. Күн шығып, таудың ауасы тамаша болып тұр екен.

Олардың мүмкіндігі зор

«Pioneer» отбасылық тау шипажайының иесі – Жанат Қаратай. Ол кісі қоғам қайраткері, Pioneer Concept қорының құрылтайшысы. Қор аутизм жəне басқа да даму ерекшеліктері бар бала- ларға көмектесумен айналысады. Жанат апайдың ұлы Əлібекке үш жасында аутизм деп диагноз қойыпты…

– Бес баланың анасымын. Бір балам аутист. Қазір жасы 20-да. Жақсы жолдасым,
тəртіпті балаларым болды. Үшінші балам өмірге келгенде денсаулығында ақау бар деді. Ота жасаттық. Үш жасқа толғанда бір нəрсенің дұрыс еместігін байқадық. Бізге назар аудармайтын, сөйлемейтін. Ол уақытта аутизм туралы ешкім білмейтін. Баламды дефектолог, психолог маманға апардым. Өзгеріс байқалмады. Отбасымызбен спортпен айналысамыз, саяхатқа жиі шығатынбыз. Балам үш жасқа толғанда спортқа баулыдық. Суда жүзуге, тенниске, бокске барды. Мұндай баламен жұмыс істеу оңай емес еді… Отбасымызбен шаңғы тебуге баратынбыз. Əлібекті тау шаңғысына үйрету қиынға соқты. Көп нəрседен қорқатын. Нұсқаушы да бізді түсіне қоймады. Он бір жасында жақсы нұсқаушыны жолықтырдық. Балама сноуборд қатты ұнады. Мен іздеген нəрсемді тапқанымды түсіндім. Сабақты жақсы оқи бастады. 5-сыныпта мəтінді оқып, түсінетін жағдайға жетті. Ақырындап, алға жылжи бастады. Спорттан бөлек, тағы бір жақсы көретіні бар еді. Қағазды қиқалап, жыртып тастайтын. Екі жасында қағаз көрсе болды, жыртып отыратын. Үйдің іші қағазға толып кететін. Кейін пластик пакетті жырта бастады. Қиқалап, ұзақ ойнайтын. Бір күні баламның не жасап жүргенін көргім келді. Пакетті жайғанда, теңіз жануарының кескінін көрдік. Атласты ашып қарағанда, көк китті, дельфинді, мегалодонды көрдік. Үйілген қағаз теңіз жануарларының бейнесі екен. Бағытын түсініп, дамыта бастадық. Əртүрлі ермексаздан өзіне керегін алып, мүсін жасай бастады. Шетелге саяхатқа шығуды тоқтатқан жоқпыз. Испаниядағы аты аңызға айналған Антонио Гауди тұрғызған ғимаратты, Париждегі Лувр мұражайын көрсеттік. Оған қатты ұнады. Саяхатқа шыққан сайын жаңа ортаға бейімделгенін, əрқилы атмосфераның əсер еткенін көрдім. Нəтижесінде ермексаздан анимациялық кейіпкерлер жасай бастады. Канаданың Ванкувер қаласында аутист балалар арасында халықаралық фестиваль өтті. Ол кезде он жеті жаста болатын. Жарыста екінші орын алып, бəрімізді қуантты.

Мектепте қиындық көп болды. Оны ешкім түсінбейтін. Мұғалімді тыңдау үшін балам ермексазды илеп отыруы керек. Сол кезде тыңдауға ынтасы болады. Аутист балалар өзін ұстауы үшін түрлі қимыл жасайды. Біреуі жүгіреді, біреуі қолын сермейді. Сол кезде зекуге болмайды. Осындай балаларға жайлы орта құрсақ, олардың таланты ашылып, қоғамға пайда əкеледі.

Баламды емдей жүріп, көп нəрсені көрдім. Оның өзін табуына тау шаңғысы көмектесті. Сол мүмкіндікті алматылық аутист балаларға берсем дедім. 2015 жылы Алматының маңынан шипажай аштық. Бұл Кеңес өкіметінен кейін қараусыз қалған база болатын. Бірінші жылы алты бала, екінші жылы жиырма жеті аутист бала келді. Үшінші жылы Алматы қаласының əкімдігі біздің жұмысымызды көріп, қолдауға келісті. 320 бала он күн тауда шаңғы теуіп, курстан өтті. Бұл жолы тек аутист балаларды емес, Даун синдромы бар, көзі нашар көретін, дамуында тежелуі бар балақайларды да шақырдық. Балалардың есте сақтау қабілеті жақсарып, көңіл-күйі көтеріліп, оқуға ынтасы күшейген. Осының барлығы он күн шаңғы тепкеннің нəтижесі. Биыл төрт жүзге жуық бала шаңғы тебеді. Балаларды тек қыста емес, жазда да қуантқымыз келді. «Пионер» инклюзивті жазғы лагерін аштық. Қызықты бағдарлама жасап, олардың талантын ашуды көздедік. Өлең айтады, билейді, жарысқа қатысады, түрлі ойын ойнайды. Он күннің ішінде төрт бағыттан өтеді. Соңында үш мың метр биіктегі Пионер тауының шыңына шығады.

Балалар тауға шыққанда топтасып жүреді. Көппен бірге жүруді, бір-біріне көмектесуді үйренеді. Жанындағы баланың қиналғанын көріп, көмектеседі.
Үлкендері кішкентай балаларды көтеріп, шыңға шығады. Əр баламен жеке тəлімгер жұмыс істейді. Ол жолбастаушы адам. Сау бала мен аутист баланы біріктірдік. Көмектессін, өмірді түсінсін деген мақсат болды.

Бірде бізге 15 жастағы жеткіншек келді. Аутизмнің ауыр түрі. 12 жасында қатты
тұйықталып қалған. Тамақ ішпейді, жүрмейді, сөйлемейді. Ата-анасы баланы көліктен көтеріп түсірді. Əрең жүреді. Əкесі шаңғы тебуді үйретуімді сұрады. Таңғалғанымды жасырмадым. Өйткені аяғын баса алмайтын бала шаңғыда қалай тұрмақ? Бірақ əкесі баласына сенетінін айтты. Біз бастап кеттік. Қыстың соңғы күндеріне қарай бала шаңғы тебуді үйренді. Келесі жылы тағы келуге кеңес бердік. Өйткені, əлі көмек керек. Көктемде баланың əкесі хабарласып, аутист балаларға арналған жазғы лагерьге қатысқысы келетінін айтты. Сөйлемейтін балаға лагерь қызық болар ма екен? Баласының мектепке барғанын, сөйлей бастағанын айтты… Лагерьде күзге дейін жүріп, 8 маусым өткізді. Тəлімгерлер: «Баланы іздемей ме?» – деп əзілдейтін. Нəтижесінде оң өзгерістерді байқадық. Ұстаздармен, балалармен сөйлесе бастады. Бағдарламаның белсенді қатысушысы болды. Тіпті алгебрадан балаларға ойын түрінде шеберлік сабағын өткізетін дəрежеге жетті. Ал тəлімгер əлгі баланың қытай, жапон тілін білетінін айтқанда, жағамды ұстадым. Шет тілін интернеттен үйреніп алған.

23 жастағы жігіт туралы айтқым келеді. Шаңғы тебе алмайды екен. Нью-Йоркте
оқыған. Аутизмнің бұл түрі жақсы сөйлейді, өте ақылды келеді. Бесінші маусымнан
кейін бізге үйрене бастады. Нұсқаушыға, тəлімгерге сеніп, қорқынышын жеңді. Мамандығы – геолог. Күзде оқуға кетті. Университетте көп адамдармен танысып, пікірталасқа қатысып, жетістікке жеткенін айтты. Осындай балалардың мүмкіндігі ерекше. Оларға жағдай жасап, дамуына мүмкіндік берсек… Атақты Стив Джобс, Стивен Спилберг, Билл Гейтстің аутист болғанын айтады. Біздің арамызда да мықты тұлғалардың жүргені анық…

Әкежанның есте сақтау қабілеті мықты

Бес жастағы Əкежанмен таныстық. Шаңғы тебуге отбасымен келіп жүр екен.
Өкініштісі, көп сөйлемейді, адамға назар аудармайды. Баласы туралы анасы былай дейді:

– Тұңғыш баламыз болғасын еркелетіп өсірдік. Денсаулығында ақау болған
жоқ. Екі жасында «ата, апа» деп сөйлейтін. Бірақ ойыншық ұстамайды, адамға қызыға қарамайды. Құлағы естімейтін шығар дедік. Интернеттен аутизм туралы оқи бастадым. Қазақстанда бұл диагнозды үш жаста қояды екен. Өзіміз Қытайдан келгенбіз. Баланы сол жаққа көрсетуді жөн көрдік. Қытайлық дəрігерлер бір көргеннен-ақ аутизм деді. Ешқандай дəрі көмектеспейтінін айтып, оңалту орталығына баруға кеңес берді. Теледидардан жарнаманы жақсы көретін. Дауыстан қатты қорқатын. Керісінше, биіктен, көліктен, иттен қорықпайды. Құрастырғышты жасыл, сары түсті етіп тізіп қояды. Кейде бір түсті етіп тізеді. Мультфильмнің соңын көреді. Былтыр «Мынау не деген?» сөзді үйреттім. Ағылшын əріптерін айтады. Ұнамаса, тістейді. Балабақшаға кезекке тұрғанбыз. Кезек əлі жетпеді, енді мектепке барамыз. Қала бойынша бір ғана балабақша бар. Сабақты да үйден оқитын шығармыз. Жолды білмейді, партада ұзақ отыра алмайды. Əртүрлі курстарға бардық. Оларға уақыт өтсе болғаны… Бір көргенімді үйреніп, үйге келіп қайталаймын. Өзің үйреткенге жетпейді. «Асыл Мирас» атты аутист балаларға арналған орталық бар. Кезекті бір жыл күтіп, баламмен сөйлесуді үйрендім. Əкежанның есте сақтау қабілеті өте күшті. Өзім бір барған жерімді ұмытып қаламын. Автобуста отырғанда жүріп өткен көшесі болса, мазасы кетеді. Дүкен бар екенін біледі ғой. Көрген мультфильмінің əуенін жаттап алады. Қытайда аутист балаларды платшетпен сөйлетеді екен. Осындай мүмкіндік біздің елде де болса… Бірінші күні шаңғының үстіне жатып алдық. Қардан қорқып, жылап, қиналдық. Екінші күні еркін ұстады, үйренгендей болды. Тау шаңғысына баланы кішкене кезінен апарған дұрыс. Бала өскен сайын қорқынышы қатты болады.

Əкежан əндетіп, шаңғыдан көңілді қайтты. Анасы да күлімдеп, «ертең тағы келеміз» деп қоштасты…

«Пионерге» былтыр келген балалар да бар екен. Оларға нұсқаушы керек еместей. Мысалы, Аяулым нық тұрып сырғанағанда, таңдай қағасың. «Қызым еңбекқор, бос отырғысы жоқ. Былтыр күніне екі сағат сырғанадық. Шаңғының қыр-сырын сол кезде үйреніп алды», – дейді анасы. Ал Жанел қарға құлап, сырғанамай қойды. Анасы еркелетіп, барын салып еді: «Қойшы, мама!» – деді. Жанел үйдің еркесі екен. Анасының қабағы түсіп, ренжігендей болды. «Балаларды тым қатты еркелетуге болмайды. Кінəлі өзіммін. Сау адам іштегі қуатын сөйлеп, жүріп шығарады ғой. Ал бұлар сөйлей алмайды, дұрыс қимылдауды да білмейді. Би үйірмесіне барып жүрген. Аяғын ауыртып алды да бармай қойды. Нан жесе, тез толады», – деді Гүлмира апай. Анасының өзі туралы айтып жатқанын сезді ме, Жанел құшақтай алды. Қатулы қабақ ашылып, анасы күлімдеп кетті. Түскі ас тегін беріледі екен. Шулап жүріп сорпа іштік. Дастархан басында ағылшынша сөйлейтін Рамазанға көзім түсті. Жанындағы күтушісі екен. Ағылшын тілін интернеттен үйреніпті. Күтушісі де ағылшын тілін жетік білетіндей көрінді. Екеуі əн салып, əлденені айтып барады…

Тау шаңғысынан аяққа тұрғандар бар

Шипажайда балаларға шаңғыны 40 нұсқаушы үйретеді екен. Арнайы сабақтан өткен, инклюзивті балалармен жұмыс істей алады. Келушілер нұсқаушы қазақтың жігіттеріне қызығады екен. Себебін сұрағанымда: «Олар тез үйретеді», – деді. Айтқандай, нұсқаушы-жігіттердің: «Тұр, жігіт емессің бе!», «Жігіт жыламайды!», «Сен батырсың!» деген сөздерін естіп қалдық. Айбек Ермекұлы шипажай ашылғалы бері жұмыс істейді екен.

– Нұсқаушы болғаныма 12 жыл болды. Шаңғы тебуді 6 жасымда үйрендім. Нарынқол жақтан Алматыға көшіп келдік. Мектепте үйірме ашылғанын естіп, өз еркіммен жазылдым. Таңдауыма өкінбеймін. Төтенше жағдайлар бөлімінде жұмыс істедім. 2017 жылы Қысқы Универсиаданың жақсы өтуіне жауапты болдым. Балалармен жұмыс істеуді арнайы мамандар оқытып, сынақтан өттік. Кейбір балалар сөйлемейді, енді бірінің мінезі ауыр. Алдымен баланың өзіне үйренеміз. Курстан кейін оқып, сөйлеп кеткендері бар. Биыл жиырма балаға шаңғы тебуді үйреттім. Шипажайға күніне 40 бала келеді. Таңғы 9-дан кешкі беске дейін жұмыс істейміз. Тəжірибесі аз шаңғышылар аз баланы үйретеді. Балалар бір нұсқаушыға үйренсе, екінші адамға бармайды. Жазда атқа шабуды үйретеміз. Ол жаққа да балалар келеді. Жазда көкке шығады, ролик тебеді.

– Балаға шаңғы тебуді қай жастан үйреткен дұрыс?

– Мен 2 жастан асқан балаларға үйретемін. Кейбір нұсқаушылар 4 жастағы балаларға үйретеді. Дені сау бала 6-7 сабақтан үйреніп кетеді.

– Балалар қанша метр биіктікке сырғанайды?

– Пионер тауы еңіс, шаңғы тебуді үйренушілерге ыңғайлы. Бірінші күні 300 метр, екінші күні 600 метрге сырғанайды. Нұсқаушы балаға сенімді болса, 1200 метрге сырғанайды. Кейбір жалқау балаларға қатты болу керек. Енді біріне көп сөйлесең, жауап бермей қалады. Жарақат алу деген жоқ. Ата-аналарынан алдын ала сұрап аламыз. Есімде екі бала қалды. Үш жастағы Самина сөйлемейтін. Бірақ адамға өте жақын. Күніне бір сағат шаңғы үйретемін. Бір келіге жуық қарды жеп қоятын. Шаңғыны үйрене келе, əдетін қойды. Ұлты кəріс Дима деген бала болды. Сал дертімен ауыратын, аяғын баса алмайды. Шаңғының арқасында аяғына нық тұрды.

Өзіміз үш ағайындымыз. Бəріміз шаңғы тебеміз. Ата-анамыз мүлдем басқа салада.
Тау шаңғысының өсіп келе жатқан баланың денсаулығына пайдасы зор. Шаңғы тепкендежаяу жүргенде жұмыс істемейтін бұлшық еттер іске қосылады. Өкпесі ашылып, тыныс алуы жақсарады. Балаларға мүмкіндік берілсе, үйретуден қашпаймын.

Гүлфарида
ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №4
22 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз