Шығыстағы шағын Науалы ауылында Айқыздың есімін білмейтін тұрғын кем де кем. Туған күн, жиын, той-томалақтың дастарханында қаршадай қыздың пісірген тәттілері мақтауға да, сұранысқа да ие. Мектепте оқып жүріп-ақ кәсіби кондитер атанған Айқыз биыл мектеп бітіреді. Үш жылдан бері торт пісіруді кәсіпке айналдырған. «Алтын белгіге» үміткер. Абай атамыздың елуге жуық өлеңін жатқа біледі. Болашақта дәрігер болғысы келеді. Айқыз кондитерлік кәсіппен оқу құрал-жабдықтарын, қосымша сабақтар мен ҰБТ-ға дайындалу шығынын өзі табады. Ата-анасына салмақ салмай, керісінше үй шаруасына қолқанат болып жүреді. Ауылға барғанда тұрғындар тәттісін аңыз қылып айтатын Айқыздың тортынан дәм татып, кәсібінің қыр-сырымен танысып қайттық.

Кондитер болуыма сериал кейіпкері әсер етті

Ұлан: Кондитерлікке деген қызығушылық қашан, қалай пайда болды?

Айқыз Хасен: Бала күнімнен тəттіге құмармын. Анамнан үнемі торт пісіріп беруін өтінетінмін. Кейін бойжеткен соң анамның мазасын ала бермей, неге өзім жасап көрмеске деген ой келді. 8-сыныпта оқып жүргенімде «Құлпынай жұпары» дейтін түрік сериалын көрдім. Басты кейіпкері кондитер қыз болатын. Сол қыздың жасаған түрлі торттарын көріп, кондитерлікке деген қызығушылығым арта түсті.

Ұлан: Торт пісіруді алғаш кімнен үйрендің? Ата-анаң тарапынан қолдау болды ма?

Айқыз Хасен: Əкем спорт сала- сында қызмет етеді. Дзюдо күресінен бапкер. Балаларды жаттықтырумен айналысады. Анам үй шаруасында. Үйде болғандықтан бізге уақытты көп бөледі. Торт пісіруді алғаш анамнан үйрендім. Кейін жеңгемнен сұрап, білмегенімді газет-журналдардан, интернеттен қарап алатын болдым. Теледидардан аспаздар туралы хабар, бағдарлама көрсем, қағаз-қаламымды алып, отыра қалып жазып алатынмын. Тəжірибе жасағанды, жаңа тəттілер пісіруді үйренгенді жақсы көремін. Анам маған ешқашан шектеу қойған емес. Сол үшін алғысым шексіз.

Ұлан: Алғаш жасаған тортың есіңде ме?

Айқыз Хасен: Əрине, есімде. Анам үнемі бал қосылған торт пісіріп беретін. Торт пісіріп жатқанда жанынан шықпай қарап жүретінмін. Кейін көмектесіп, қажетті азық-түлікті тасып жүрдім. Алайда анам пісіретін бал қосылған торттың қамыры қатты болып қалатын. Сонда да тəтті болғандықтан, сүйсініп жейтінбіз. Ал дүкендерде сатылатын торт жұмсақ болатын. «Торттың қамыры жұмсақ болуы үшін не істеу керек?» деген сауалды анама жиі қоятынмын. Алғаш рет 13 жасымда өз бетімше анамның рецепті бойынша бал қосылған торт пісірдім. Ойдағыдай болмады. Осы кезде қолымнан торт пісіру келмейді екен, мүмкін бұл менің ісім емес шығар деп ойладым.

Бірде үйге анамның құрбысы қонаққа келді. Анам құрбысының торты үнемі дəмді əрі жұмсақ болатынын айтып мақтады. Анамның құрбысынан тортты қалай пісіретінін сұрап, дайын- далу жолы мен кішігірім құпияларын да жазып алдым. Бұл жолы жасаған тортым өте дəмді əрі жұмсақ болды. Үйдегілердің бəрі мақтады. Осы сəттен бастап менің өзіндік торт пісіру тəсілім пайда болды. Торт пісірген сайын жаңа тəсілдерді қолданып, тəжірибе жасаудан жалыққан жоқпын.

Ұлан: Хоббиіңді кəсіпке айналдыру туралы ой қайдан келді? Алғашқы тапсырыс берушілер кім болды?

Айқыз Хасен: Торт пісіру сүйікті ісіме айналды. Туған-туыстарым, достарым мен пісірген торттың ерекше дəмді екенін айтатын. Олардың мақтауы мен махаббаты мені шабыттандырды. Əрбір тортты ерекше ықыласпен, махаббатпен пісіретін болдым. Бірте-бірте жақындарым менен торт пісіріп беруімді өтінетін болды. Осы кезде неге бұл істі кəсіпке айналдырмасқа деген ой келді. Егер жақындарыма ұнаса, басқа тұтынушыларға да ұнайтын шығар деп ойладым. Адам өзінің қолынан келетін істі жəне жақсы көретін ісін кəсіпке айналдырса несі айып? Алғашқы тапсырыс берушілер достарым, туыстарым, ата-анамның таныстары болды. Ауылымыз шағын. Тұрғындар бір-біріне айтып, тапсырыс бергісі келетіндер көбейіп кетті. Бірақ маған сенбейтіндер де кездесті. Əрбір тапсырысты алған сайын мойныма үлкен жауапкершілікті қоса алғанымды сезінетінмін. Түні бойы ұйықтамай, барымды салып торт пісіретін күндерім де болды.

Ұлан: Өнімдеріңді қалай жарнамалайсың?

Айқыз Хасен: Өзім дайындаған өнімдерді үнемі суретке түсіріп жүремін. Екі жыл бұрын Инстаграм желісінен арнайы парақша ашып, сонда жүктеп қойдым. Осылайша, аудан көлемінде тапсырыс қабылдайтын болдым. Бірақ дəл қазір мен үшін ең тиімді жарнама жасаушы – ауыл тұрғындары.

Ұлан: Кондитерге кəсіби білім алу қаншалықты маңызды?

Айқыз Хасен: Мен үшін алғашқы мектеп анам, жеңгем, əпкелерім болды. Кейінірек интернеттен оқып-үйрендім. Арнайы курс оқып келгендерден сұрап, білуге талпынып жүремін. Ауылдастарыма пісірген өнімдерім ұнайды. Өз араларында мына тəттіні қайдан алдың деп сұраса, «Айқыздың цехынан шыққан» деп əзілдеп айтып жатқандарын жиі көріп, естіп жүрем. Болашақта қалаға оқуға түскен соң кəсіби түрде кондитерлік білімімді жетілдіргім келеді. Басқа салада білім алып, маман болсам да, кондитерлік хоббиім болып қала береді.

Ұлан: Биыл мектеп бітіресің. «Алтын белгіге» үміткер екенсің. Қандай мамандықта білім алғың келеді?

Айқыз Хасен: Таңдау пəнім – биология-химия. Арманым – дəрігер болу. Кішкентай кезімнен адамдарға көмек көрсетіп, емдеп, өлімнен, аурудан арашалағым келеді.

Ата-анамнан ақша сұрамаймын

Ұлан: Басқа қандай қызығушылығың бар?

Айқыз Хасен: Өмір бір-ақ рет берілетіндіктен, адам баласы бəрін көріп, танысам дейді ғой. Бұрын əкемнің көмегімен дзюдомен айналыстым. Көркем гимнастика мен би үйірмесіне қатыстым. Сурет салумен де айналысамын. Дəл қазір ҰБТ-ға дайындалып жүргендіктен, бос уақытым көп емес. Кітап оқығанды, суретке түсіргенді, күнделік жазғанды ұнатамын.

Ұлан: 9-сыныптан бастап ата-анам- нан ақша сұрамаймын, торт пісірумен шығындарымды өзім жабам дедің. Кондитерлік қаншалықты табысты кəсіп?

Айқыз Хасен: Кондитерлік табысты кəсіп деп айта аламын. Алғашында кəсіп бастағанда ата-анамнан ақша сұрайтынмын. Олар менің бастамама сенім білдіріп, қаржыландыруға келісім берді. Кейін оны еселеп қайтара бастадым. Торттың бағасын белгілейтін кезде оған қажетті азық-түліктің бағасы мен кеткен уақытымды есепке аламын. Бірақ, барынша халыққа қолжетімді етіп қоюға тырысамын. Əзірге тапсырыс берушілер торттың бағасына да, сапасына да сын айтып көрген жоқ. Биыл мектеп бітіретіндіктен оқу құрал- жабдықтары мен кітапшалардан бөлек, қосымша ақылы сабаққа барып жүрмін. Барлық шығындарымды өзім жабамын.

Ұлан: «Тортты безендіру – тұтас бір туынды жасаумен бірдей» дейді білетіндер. Торт безендіргенде неге мəн бересің?

Айқыз Хасен: Иə, тортты безендірудің өзі өнер. Торттың құрамын толық білгендіктен, безендіру кезінде шығармашылық қиялға еркіндік беремін. Кейде торттың құрамын тапсырыс берушінің талаптарына сəйкес өзгерте беремін. Біреулерге тым тəтті емес, тым қалың емес торттар ұнайды. Ал безендіру кезінде торттың креміне мəн беру керек. Өзім торт пісіруді үйрене бастағанда басқа торттардың кремін, дəмін зерттеп, талғап отыратын болдым. Кейде тапсырыс берушілер өздері қалағандай безендіріп беруімді сұрайды. Қуыршақ, машинаның болғанын қалайды. Оларға мұның жеуге жарамсыз болатынын түсіндіремін. Ал жазулар мен гүлдерді жеуге жарамды заттардан жасаймын. Бояғыштардың көмегінсіз-ақ əдемі, дəмді торт пісіруге болады. Оның түрлі құпиялары бар.

P.S. Ауылды дамытуымыз керек, қалада бəрі бар, ауылда көп нəрсе қолжетімсіз дейтін əңгімені жиі естиміз ғой. Бірақ, ауылда өсіп келе жатқан ойы озық жастарды көргенде бұл сөзді жоққа шығарғың келеді. Айқызбен болған əңгімеден соң адамның ой-өрісі, білімі мен түсінігі жерге де, жасқа да қарамайтынына тағы бір мəрте көз жеткіздік. Шынымен, əрқайсымыз қатардағы көп адамның бірі емес, өзіміздің ойымыздағы үздік адам болуға тырыссақ, қоғам да дамиды, өзіміз де дами береміз.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №3
15 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз