«Бұдан кейін де жазығым жоқ демекпісің. Жауызсың… Тәлкек етесің де жазықсызбын деп мүләйімсисің, ә… Әлі есімде, қаланың оқшау шетіндегі католик шіркеуінен алғаш сені көргем. Бас сұққан сәтімде-ақ самаладай жарқыраған салтанат басымды айналдырды. Айнала толы самсаған шырақты тұтатып дұға қылып тұрған ерлер мен әйелдердің мойындары салбырап, жүздеріне әлдебір үрей орнапты. Ол кезде мен не алтыда, не жетідемін. Анамның жетегіне еріп, айналама тамсана қарап келе жатып, үлкендерді қорқытатын кім екен деп ойладым. Қаланың ақсүйектері мен міскіндері қатарласа отырып жасы атаммен шамалас Әулие әкейдің уағызын тыңдадық. Сосын шіркеу хоры альтар залын керней «Аве Марияны» шырқады. Сол кездегі сиқырдың тұман елесі кеудемді әлі буып келеді. Шымқай қара киініп екі қатарға сапталған хордың әуені шіркеу ішін әсем кернеп барады. Осы бір күй есіліп тұрған хордан көзімді алмай ұзақ кідірдім. Сол сәтте көзіңе жанарым оқыс түйіскен еді, сен кілт кідірдің… Сол кездегі әуенің менің мазамды алуда. Көмектес…»

Қауырсыны үлбірей шайқалған жүрдек қалам жорғақтай барып кілт тоқтады. Маңдайынан сырғыған тамшы тер соңғы әріптің сиясына тамды да, қалам ұшының айналасына иіріле қалды. Қарысқан саусақтарын уқалап икемге келтірді де, хатты бұрыштай бүктеді. Тағы да өзі білмейтін белгісіз мекенжайға жібермек. Мені олай тәлкек етуге зәредей хақы жоқ деп тістенді. Алтыда ма едім, жеті де ме… сол күні шіркеуді керней қалықтаған әуен… әлі күнге дейін кеңсіріге түйнектеліп, инедей шаншылады… Көзінің астын жеңімен сүртіп, жалтақтап айналасына көз салды. Нота сызылған, сия төгілген, шым-шытырық жазулар толған парақтар еденде саудырай төгіліп жатыр. Көнетоз сандал орындықтың арқалығына сүйеніп, нәумез тұрған скрипкаға өшіге қарады.

Батылсыздау, жасқана барып қолына алған. Сосын тұтаса бастаған иірі мол шашын баяу сілкіп, бұғанасына тіреліп, бейкүнә тұрған шаранаға сұсты әзәзілді төндірді. Әуеннің алғашқы ұшқындары шашырай, ретсіз шықты. Ауа жайылған отардай дыбыстар да бағынбай ауыр қалқып ауаға тарайды. Саусақтары ырқына көнбей ана ішектен мына ішекке үрке қонып берекесі қетті. Демін ұстап құлақ қойса, қойыртпақ ащы дыбыстардан өзге ештеңе естілмейді. Аңсаған, сол сәтте көкірегіне тұнған сымбатты күй жоқ. Өн бойын саулай тер ғана жауыпты. Зар күрсініп қос қолын сылқ тастады. Скрипка алақанынан сырғи құлап еденге жалп етті.

***
Марта қала ішінде ұзақ серуендеп, ұлы бесін еңкейе бір-ақ қайтты. Біраз ойнақы құрбылармен кездесіп, шерін тарқатудың да ретін келтірді. Күйеуінің жайын көбірек айтып, налыды. Әлде бір сырқатқа шалдыққанын, не жын ұрып, әйтпесе шығармашылық тоқырауға ұшырағанын біле алмай пұшайман күйде жүргендігін айтып, кеңес сұраған. Бәрі де көздерін бақшаң еткізеді де, сәтте мұңая қалып, жанашыр сөздерін төге жөнеледі. Бұл сәтті де еңсеріп, жеңе алатындығына сендіріп қуат берді бәрі. Қайтып келсе қақпаның алдында пошташы жігіт тұр екен. Бұны көре қуанды да жымия желпілдеп қасына жетті.
– Сәлеметсіз бе, ханым!
– Сәлеметсіз, – деп самарқау тіл қатты.
– Есіктеріңіздің алдында тұрғаныма үш сағат, тарсылдатып ұра бастағаныма екі сағат, міне. Бұл үйде тірі жан қалмаған ба деп ойлай бастап едім. – Мартаның сөлсіз жүзіне көзі түсті де сөзін дереу тыйды. – Әәә, әлгі күйеуіңіздің хатын қайтарайын деп… Межелі жерін жазбаған. Сондықтан, хат иесіне қайтарылады.
Сөмкесін ақтарып қолына ұстатып, амандық тіледі де жүре берді.
Күйеуінің айдан аса уақыт бойы белгісіз мекенжайға жазған хаттары бір сөмкені де толтырып қалды. Бұл хат та сол бейтаныс жанға жазылған бір шоғыр хаттардың қатарына қосылды. Бөлменің ішін тұнжыр, қоңырқай ауа тұмшалап алған екен. Жеңіл күрсінді де, терезені ашып қойды.

Бір айдан бері күйеуі кіріп алып, бекініп жатқан түкпірдегі бөлменің алдына келді. Есіктің сыртынан жапсарлай келіп құлағын қойған. Өз демінен өзге ештеңе ести алар емес. Батылсыз ғана тұтқаны тартып еді, бекітулі екен. Сосын сұқ саусағын бүге ұстап еппен қақты. Үн жоқ, жауап та қатпады. Осыншама тыныштықтан секем алып, көңілі алабұрта бастады. Демі де жиілеп, кеудесінің тасыры ұлғая түсті. Шегініңкіреді де оң иығымен екпіндей келіп соғып еді, есік айқара ашылды.

Шашыраған парақтардың арасында шалқасынан түсіп жатыр екен. Екі құлағын алақанымен басып тұмшалай басып алған. Ебедейсіздеу басып қасына келген бұған әлжуаз кірпігін ғана бұрды. Үн дескен жоқ, қатарласып қасына біраз уақыт жатты. Артынша шәй мен сорпа қайнатып әкеліп, алдына қойды. Ол дірілі басым дауыспен тағы да оңаша қалдыруын өтінді.

***
Шіркеуде естіген тәтті әуез… Әуел құйқылжып барып шыңырау түкпіріне шаншыла сүңгіді. Бірде үңірейген кеудесін жаңғыртып, артынша тамырларын бойлай шабады. Жанарын бусандырып, сүйек-сүйегіне буып алады. Самаладай жарқыраған католик шіркеуінің іші, вокалдық хор қыздарының «Аве Марияны» шіркеу ішін керней шалқытқаны, ән салып тұрған қыздардың ішінен дәл соның жанарымен түйіскені елестеді. Скрипканы алып, ысқышпен арлы-белі соза тартты. Жоқ. Тіпті темір ішектен зауал ызыңы ескендей онсыз да дәрменсіз бойын екеулеп қажай жөнелді. Жан дәрменімен серпе лақтырды. Босағаға соғылған скрипканың ішектері үзіліп түсті. Қалбалақтап қауырсын қаламына ұмтылды. Жұлмаланған парақтардың бірін алып, апыл-ғұпыл, саусақтарының діріліне қарамастан музыкалық гамманың сызықтарын жүргізді. Виолончель кілтінің сұлбасын өрнектеді. Қажытқан, қауқарын алған сол күйдің сәл де болса ұшқынын тауып, қағаз бетіне тұтқындамақ болды. Параққа төне түскен. Сол сәтте-ақ мазасыз күйден ызың да қалған жоқ. Аспандай айығып, ғайып болды.

***
Телефон шыр етті. Қос жағын таянып, терезе жаққа көз салып үнсіз отырған ол сылбыр түрегелді де тұтқаны көтерді.
– Сәлеметсіз бе, Шәменовтер ма?
– Иә. Мен Эрнесттің жұбайы – Марта.
– Мен жиырма үшінші қыркүйек күнгі концерттің ұйымдастырушысымын. Эрнест мырзамен сөйлесе алам ба?
– Эрнест мырзамен?.. Өкінішке қарай, қазір мүмкін емес.
Арғы жақтағы дауыс кенет қатқылдана қалды.
– Үш күннің ішінде бір хабарын бермесе келісім шартты бұзуға мәжбүрмін. Қаламақының алдын ала төлемін қайтаруына тура келеді, – деді де телефонды қоя салды.
Мартаның есіне не болып жатқаны енді түскендей тас төбесі шым етті. Үш күн… Күйеуіне қарай асыға жүгірді.
Мойынсал кейіпте сия төгілген қағаздарды уыстай ұстап шөкелей отыр екен.
– Эрнест?
Мелшиіп қана қарады. Жүзі жадау тартып, суалыңқырапты.
– Маған қалам бер, – деді. – Одан тағы да өтінейін. Көмек берсін.

***
Марта бір айдан бері сақтап жүрген хаттарды ақтарып түгел оқып шықты. Барлық хаттардан түсінгені бала күнінде шіркеуге барған кезінде естіген әуен. Хор қыздарының ішіндегі айрықша дауысы бар ол…

Соңғы хатта екі-ақ ауыз сөз жазылыпты: «Маған көмектес. Жауап күтем». Бүктеп, орнына қоя берген еді, ойына әлдене сап етті. Жүгіре басып, қалам мен ақ парақ тапты. Қалам ұшын тістелеп аз отырды да шіркеу қызының атынан хат жазуға кірісті.

Үш күннен соң әйгілі композитор Эрнест Шәменов қала күніне орай өткізілетін концертте жаңа реквиемінің тұсауын кесетіндігі туралы жаңалық бүкіл қалаға тарады.

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз