Ұялы телефонның денсаулыққа зияны, түрлі ауруға себеп болатыны туралы жиі айтамыз. Өйткені электромагнитті өріс шығаратын көздің бірі – ұялы телефон.
Қазір телефонның қолданыс аясы өзінің байланыс орнату шегінен асып кетті. Адамның ажырамас көмекшісіне айналды. Мобильді телефонның артықшылығы да, кемшілігі де бар. Бұл туралы əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Эпидемиология, биостатистика жəне дəлелді медицина кафедрасының доценті, медицина ғылымының кандидаты Гүлбану Арынова апайларың былай дейді:

– Мобильді телефон электромагнитті өріс тарататындықтан, өте зиян. Бір сəтте кері əсері сезілмеуі мүмкін. Ұзақ уақыт қолданғанда зияны көп. Ми, көз, құлақ, кеуде, жүрек жəне басқа да мүшелердің қызметі нашарлайды. Телефонды он жыл үзбей пайдаланған адамның миы өзгеріске ұшырайды. Мидың зиянды заттарды енгізбейтін сүзгіш қабаты нашарлайды. Дерттің соңы альцгеймер, паркинсон сынды ауыр дертке əкелуі мүмкін. Телефонға тым əуес адамның бүйрегінде тас пайда болып, жүрек-қан тамырлары ауруына əкелуі мүмкін.

Зиянды әсерден қорғану

* Киімнің қалтасында немесе қолда емес, сөмкеда алып жүру керек.

* Ұялы телефонға құлаққап жалғап, сол арқылы сөйлесу.

* Жастықтың астына салып емес, ең кемі 1-1,5 метр алыс қойған абзал.

* Қоңырау соққаннан гөрі, хабарлама жаз.

* Бір күнде 20 минуттан көп сөйлеспеу керек.

* Балалар электромагнитті толқындардың әсерінен көп зиян шегеді. Балаларға телефонды берер алдында «автоном» режимге ауыстырған жөн.

* Көлікте, қуаты аз қалғанда, желі жоқ жерде қайта-қайта хабарласудың қажеті жоқ. Мұндай кезде толқындар көп бөлінеді. 12 жасқа дейінгі балаларға телефон пайдаландырмаған дұрыс.

*Қысқа сөйлесіп, құлақты алмастырып ұстаған дұрыс. Динамик арқылы сөйлесудің зияны аз.

* Екі сөйлесу арасындағы үзіліс уақыты 15 минуттан кем болмауы тиіс.

*Найзағай ойнауы, күн күркіреуі кезінде ұялы телефонды пайдаланбау керек.

Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдарда, мектепте компьютер мен бейнетерминалда отырудың заңдылығы бар. Мысалы, 1-сынып оқушыларына 15 минуттан аспауы керек. 2-3-сыныптар 20 минут, 4-5-сыныптар 25 минут, 6-8-сыныптар 30 минут, 9-11-сыныптар 35 минуттан пайдалануына рұқсат. Ноутбукпен жұмыс істеу ұзақтығы екі сағаттан аспайды. Әрбір 20-25 минут сайын көзге арналған жаттығулар жасап, үзіліс кезінде 45 минут сайын денені шынықтырған жөн.

Жанарыңды сақта

Ресейлік ғалымдар телефоннан бөлінетін электромагнитті өрістің көз жанарына кері əсер ететінін анықтапты. Сынақты тышқандарға жүргізгенде, көздері көрмей қалған. Иммундық жүйесі əлсіреп, көру қабілеті бұзылған екен.

Ұйқысыздыққа да себеп. Өшірулі тұрған телефон да адам ағзасына зиян. Сол үшін алыс ұстаған жөн. Əсіресе, бас жаққа қойып ұйықтауға болмайды. Себебі, электромагнитті толқындар ұйықтап жатқан адамның орталық жүйке жүйесіне əсер етіп, ұйқысына кедергі келтіреді.

Телефонға хат, қоңырау келмесе, мазасы кетеді. Əр жарты сағатта шырылдамаса, қарағыштап, қуатын тексеріп, алаңдап отырады. Ғалымдар бұны «ақпарат құмарлығы» дейді. Көздің көру қабілетінің нашарлауына, дұрыс тамақтанбай, күн тəртібінің бұзылуына əкеледі.

Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері арасында сауалнама жүргізген едік. Онда мынадай сұрақтар қамтылды: Телефоның бар ма, оны қолданып жүргеніңе қанша уақыт болды? Түнде қай жерге қоясың? Бірлікке қанша ақша жұмсайсың?

Зерттеу нəтижесінде – барлық студентте телефон бар. Бірі тоғыз, енді бірі он жыл қолданған. Киімнің қалтасында немесе қолға ұстап, түнде жастықтың астына қояды.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №3
15 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз