Бұрынырақта IT, робот туралы білімі асқандардан ғана естіп-білетін едім. Қазір əркімге түсінікті, қолжетімді дүниеге айналды. Жақында ауылға барғанда «біздің балалар робот жасады» дегенді естіп, қуанып қалдым. Келесі күні қандай робот жасағандарын көру үшін мектепке бардым.

Еден жуатын жəне сурет салатын робот, қоқыс жинайтын жəне жол тазалайтын робот… Мұның бəрі ауыл баласының қиялынан туған дүниелер екен. Балалардың
арманын ақиқатқа айналдыруға мектептегі ІТ кабинеті мен робототехника үйірмесі көмектескен. Енді мектептегі əрбір оқушы өзінің арманындағы роботты жасап, оны смартфонның көмегімен басқара алады. Бір роботты бір-ақ сағатта жинайтын Науалы орта мектебінің оқушылары түрлі байқауларға қатысып, жүлде алып та үлгеріпті. Оқушылардың қабілеті мен қарымы туралы информатика пəнінің мұғалімі, робототехника үйірмесінің жетекшісі Данияр Құрманғалиұлынан сұрап-білдік.

Ауданның 27 мектебінде IT кабинеті бар

Ұлан: ІТ кабинетінің ашылғанына, робототехника үйірмесінің жұмыс істеп жатқанына қанша уақыт болды?

Данияр Құрманғалиұлы: ІТ кабинеті биылғы оқу жылынан бастап ашылды. Негізі информатика пəнінен сабақ беретінмін. Жазда арнайы ІТ саласының білім жетілдіру курсын оқып, робототехника бойынша дəріс алып қайттым. 2018 жылдың қыркүйегінен бастап Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданында 27 мектепте ІТ кабинеті ашылды. Науалы орта мектебі аталған мектептердің қатарына кіреді.

Ұлан: ІТ саласы мектептегі оқу бағдарламасына енгізілді ме? Əлде əзірге тек үйірме ретінде жұмыс істей ме?

Данияр Құрманғалиұлы: Қазір ІТ қосымша сабақ ретінде енгізілді. Аптасына бір рет 3-11-сынып оқушыларына оқытылады. Ал робототехника үйірмесінде он оқушы бар. Олар 5-7 сыныптарда оқиды. Үйірмеге қатысатын оқушылар сабақтан тыс уақытта бағдарламалаумен, робот жасаумен айналысады.

Ұлан: Оқушылар роботты сіздің тапсырмаңыз бойынша құрастыра ма, əлде идеяны өздері ұсына ма?

Данияр Құрманғалиұлы: Алғашында мен тапсырма беретінмін. Бірден робот құрастырып кеткен жоқ. Басында бағдарламалау негіздерін, конструкторлармен жұмыс істеуді, робот жасау алгоритмін үйреттім. Кейін үйреніп алған соң өздері құрастырып, өздері жасай беретін болды. Қазір интернеттен неше түрлі роботтардың үлгісін көріп алып, үйірмеге келгенде «осындай жасайық» деп ұсыныс білдіреді. Ол үшін қандай бөлшектер керек екенін сұрайды.

Ұлан: Шəкірттеріңіз робототехника бойынша байқауларға қатысып, жүлде əкеліп жүр деп естідік.

Данияр Құрманғалиұлы: Иə, жақында ғана Мақаншы ауылындағы С.Сейфуллин атындағы мектепте «Менің роботым» атты байқау болды. Біздің балалар сонда ІІІ орын алды. Бұдан басқа да жетістіктері бар. Əр байқауға жаңа робот жасап апаруды жөн көреміз. Себебі, ауданда робот жасай білетін балалар көп емес. Барлығы бір-бірін таниды. Əрбір байқауға барған сайын бір-бірінен жаңа идея алып, үйреніп қайтады. Мектепте көрме ұйымдастырып тұрамыз.

Ұлан: Оқушыларыңыз қандай роботтар жасап жүр?

Данияр Құрманғалиұлы: Əрқайсысы əртүрлі робот жасай біледі. Бір роботты бір сағатта жасап шығады. Осы күнге дейін оқушылар робот піл, еден жуатын робот, Аяз ата мен оның шанасын, қара сызықтың бойымен жүретін робот, қоқыс жинайтын робот пен жол тазалайтын робот жасады.

«Қиын жұмыстарды роботтар атқарса, адамдар отбасына көңіл бөлер еді»

Біз мектепке барғанда робототехника үйірмесінің оқушылары тағы бір жаңа роботтың құрылысына кірісіп жатыр екен. Роботтың қызметіне ғана емес, түр-əлпетіне де ерекше мəн беретіндерін айтқан балалар роботтарымен таныстыра жөнелді.

Ақтілек Советов: 7-сыныпта оқимын. Аты-жөнім Ақтілек Саянұлы. Робототехника
үйірмесіне қатысқаныма жарты жыл болды. Соңғы жасаған роботым – қара сызықтың бойымен жүретін робот. Бұл траектория құру үшін қажет. Оны жасау үшін 1-2 сағат уақыт керек. Робот үшін арнайы жеке бағдарлама құрдым.

Еркебұлан Тұрсынтай: Мен еден жуатын робот жасадым. Мұны жасау үшін бір сағат уақытым кетті. Бұл роботтың кішкентай нұсқасы. Роботтың алдыңғы екі дөңгелегіне еден жуатын материал орнаттым. Алдағы уақытта роботтың осы нұсқасын үлкен етіп жасасақ, мектептегі еденді жуғызуға болады.

Батыр Аталық: Науалы командасы Аяз ата мен оның бұғысын, шанасын жасадық. Бұл робот смартфондағы арнайы бағдарламаның көмегімен басқарылады. Батырмаларды басу арқылы Аяз ата қамшысымен бұғыларға белгі береді. Дөңгелектердің көмегімен шана өздігінен жүреді. Бұл роботты жаңажылдық мереке кезінде жасағанбыз. Тек атқаратын қызметі ғана емес, түрі
де Аяз ата мен бұғыға ұқсасын деп ұзағырақ еңбектендік.

Бейбарыс Сұлтанұлы: Менің есімім – Бейбарыс. Жасаған роботым қоқыс жинайтын танк. Роботты смартфонмен басқарамын. Болашақта шөп көтеретін жəне таситын трактор жасағым келеді.

Ұлан: Сендер жасап жатқан роботтар жақсы ғой. Адамдардың жұмысын жеңілдетеді. Алайда адамдар істеуі керек жұмыстың бəрін роботтар атқарса, адамдар жалқау болып кетпей ме? Еден жуушылар мен шөп таситындар жұмыссыз қалмай ма?Қалай ойлайсыңдар?

Еркебұлан Тұрсынтай: Адамдар роботтарды басқарады, ал роботтар адамдарға физикалық тұрғыдан қиын істерді атқарады. Адамдар робот жасағаннан жалқау болмайды, керісінше ақылды бола береді. Қиын жұмыстардың бəрін роботтар атқарса адамдарға ойлану үшін, шығармашылықпен айналысу үшін немесе отбасына көңіл бөлу үшін уақыт көбейе түседі деп ойлаймын.

Ұлан: Қазақстанға қандай роботтар керек деп ойлайсыңдар?

Ақтілек Советов: Ағаш суғаратын, көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын
роботтар керек шығар. Қазір саналы түрде арамшөп пен басқа өсімдіктердің ажырата алатын роботтар пайда болып жатыр. Бізге де осындай роботтар керек деп ойлаймын.

P.S. Шынымды айтсам, мектеп оқушылары робот жасапты дегенде алғашында күмəнмен қарағаным рас. Шағын ғана ауылдың мектебіндегі кішкентай
оқушылардың еңбектерін көзбен көріп, қолмен ұстап көрген соң ғана сендім. Бұрын біз де «шіркін, еден жуатын робот болса ғой», «шөпті өздігінен таситын техника болса ғой» деп қиялдайтынбыз. Ал қазіргі балалар тек армандап қана қоймайды, сол армандарын мектеп қабырғасында жүріп-ақ жүзеге асырады. Ауылда болсын, қалада болсын жаңа технологияны меңгеруге деген құштарлық, сандық технологияға көшу үрдісі айқын байқалады. Жаңа технологияны меңгеру үшін, таңғаларлық дүние жасау үшін адамның емес, арманның үлкен болғаны жеткілікті.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №3
15 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз