Редакциямызға Маңғыстау өңірінен ата-ана хабарласты. Баласын «Пифагор» мектебіне бергісі келеді екен. «Барлық орталығы Алматыда. Қасымыздан ұзап шықпаған баламызды қалай жібереміз? Математикаға қызығушылығы бар. Сіздер осы мектеп туралы жаза аласыздар ма?» деген өтініш айтты. Сол бойда алдағы санға беретін боламыз деп уəде еттік. «Пифагор» мектебі туралы білетініміз бар. Осыдан бес жыл бұрын мектептің негізін қалаған Асан Жолдасовпен танысқанбыз. Оқушыларының жетістіктерін естіп, сырттай  тілеулес боп жүреміз. Халықаралық білім додаларында бақ сынап, елімізді əлемге танытып жүр. Бүгінде үш қаладан жеті кеңсесі ашылған. Он бір жылдан бері математиктерді даярлап жүрген Асан ағайдың айтары көп.

– Еліміздің барлық өңірінен оқушыларды математикадан дайындайтын мектеп ашсақ жақсы болар еді. Бірақ мүмкіндік болмай тұр, – деп бастады әңгімесін ұстаз. .  – Алматыда төрт кеңсеміз бар, бірі басқару кеңсесі, қалғаны үшеуі оқу орталығы. Астанада екеу, Таразда біреу. Жазда Астанадағы кеңсемізді үлкейтіп, сол жағалаудан екі қабатты кеңсе аштық. Биыл «Пифагор» мектебіне он бір жыл толады. 1600-ге жуық бала білім алады. 136 қызметкері бар. Оның ішінде 90-ға жуығы мұғалімдер, қалғандары әртүрлі қызмет атқарады. Оқуы ақысы  48мың теңгеден басталады. Әр оқу бөлімінің бағасы әртүрлі. Жыл сайын қабылданатын балаларды игеру мүмкін болмады. Бала саны көбейген сайын, мектептің де оқу жүйесін өзгерттік. Биылдан қыркүйектен бастап бастап компанияны үшке бөліп тастадық. «Пифагор мектебі», «Пифагор курстары», «Пифагор лагері». Сонымен бірге диагностикалық орталығымыз бар. Компанияның төртінші бөлімі деп қарастыруға болады. Оған ата-аналар мен балалар қатар келеді. Әртүрлі тренингтер ұйымдастыру арқылы баланың қабілетін байқаймыз. Оқу ақысын екі есе етіп төлесе де, қабілеті болмаса қабылдамаймыз. Керісінше, баланың неге икемі бар екенін анықтап береміз. «Неге барлық қалада ашылмайды?» деген сұраққа келейік. Біздің мақсатымыз ақша жасау емес. 5-6-сыныптың оқушыларын Назарбаев мектебіне немесе математиканы тереңдетіп оқытатын мектептерге дайындау болса, барлық өңірден ашуға жағдай бар. Көп ақша табуға болатын еді. Бес-алты жылдың ішінде көп жобаларды жүзеге асырғанның арқасында тәжірибе жинадық. «Қай сыныптан бастап математиканы үйретсек болады?», «Математикаға қызығушылықты қалай арттырамыз?»  деген сауалдар күн тәртібінде тұрды. Орталықтың мақсаты – халықаралық олимпиадаға оқушылар дайындау.

Елімізде бұрын-соңды бұндай орталық болмаған. Математиканы тереңдететін мектептің оқушысына мүмкіндік бергіміз келді. Үлкендердің мәселесі орта буыннан басталатыны белгілі. Орта буында үлгерімі төмен оқушының жоғары сыныпқа келгенде үздік болуы екіталай. 5-сыныптан бастап орталығымызға қабылдай бастадық. Оларды бірден олимпиадаға дайындадық. Үздіктердің үздігін халықаралық білім додасына қосқанбыз, бірақ ұтылып қалдық. Жеңілудің сыры – дайындықты кеш бастағанымыз. Енді 2-сыныптан бастап қабылдауды қолға алдық. Мақсатымыз – қытайлар мен кәрістерден озу. Оларды жеңу үшін бастауыш сыныптарды қабылдап, арнайы оқу бағдарламасын енгіздік. Қазір балалар екі тілде жарық көрген  оқулықтармен оқиды. Жан-жақтан хабарласып, сатып алғысы келетіндер бар. Жаз айына қарай, оқулықтағы олқылықтарды түзеп, сатылымға шығарамыз  – дейді талапшыл басшы.

Өмірдің есебін шешуге үйретеміз

2015 жылға дейін əлемдік деңгейдегі байқаулардың бəріне қатыстық. Барлығында жеңіске жеттік. Балаларға тек қана есеп шешудің жолдарын ғана үйретіппіз. Өмір сүру қабілетін арттыру керек екенін ойламадық. Есепке жүйрік мықты оқушылар
əлеуметтік мəселелерін шеше алмайды екен. Олар тек есепті шешіп, жүлде алсам деп қана ойлайтынын аңғардық. Ғылымға  спорт ретінде қарағандықтан, оларға жеке бастың мəселесімен айналысу өте ауыр болды. Осы жағдайдың барлығы біздің көз алдымызда өтті. Баласын түсінбейтін ата-ана бар. Ескі менталитет бойынша, баласының біліміне мұғалім ғана жауапты. Қосымша үйірмелерге жаздырып, ақшасын төлеп тұрсақ болды деп ойлайды. Балада жақсы-жаманды ажырататын сүзгі болмаса, қоғамдағы кез келген ақпаратты қабылдай береді.

Жылына бір-ақ рет оқушылар қабылдаймыз. «Пифагор мектебіне» 2-сыныптан бастап жазылады. 2-ден түсіп, 11-сыныпта бітіреді. Жарты жолда тастап кететіндер де бар. Математика мен логиканы үйретеміз. Халықаралық олимпиадаға осы бөлімде дайындайды. «Пифагор курстары» мамандандырылған мектепке түсушілерге арналған. ҰБТ-ға да, Назарбаев мектебіне де дайындаймыз. Бас-аяғы бар жүйелі білім беру қарастырылған. Қабылдау да қиын, оқу да қымбат. «Пифагор лагері» де балалар үшін өте қызықты жоба болды. Балалар тынығып жүріп, есеп шығарады жəне таным көкжиегін кеңейтеді. Əлемде болып жатқан өзгерістердің барлығын талдап, сараптай алады. Жаңа достар табуына да көмектесеміз. Бұл бөлімде ата-аналармен тығыз байланыс орнаттық. Баласының білім алуына ақша беріп, біреуге жүктеуге дағдыланып алған. Психолог, əлеуметтік педагогтардың көмегімен ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты түзегіміз келді. Пайдалы семинарлар мен тренингтерді жиі ұйымдастырамыз. Олардың тарапынан жақсы нəтиже де бар, – деп қуанғанын жасыра алмады Асан ағай.

Он жылда он мың түлек

Үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген білім орталығының шəкірттерінің алды белді қызметте екенін де айтып қалды.

– Он бір жастағы «Пифагордан» он мыңнан астам бала білім алды. Əр оқушы əртүрлі оқиды, біреуі бір жыл, біреуі екі жыл, енді бірі алты жыл. Көбі жоғары оқу орындарына түсті, шетелге кетіп жатыр. Мықты мамандар дайындадық деп айта аламыз. Еліміздегі ҚБТУ, Назарбаев университеттері секілді беделді оқу орындарында білімін жалғастыруда. Қалалық, облыстық бəйгелерді есептемегенде, халықаралық жарыстарда 1000-нан астам медаль еншілеппіз. Шəкірттеріміздің дені кəсіп ашып, түрлі компанияларда қызмет етеді. Microsoft, Google компанияларына қызметке тұрғандары да бар.

Ментальді есептеудің мәселесі

Ұстазыңыз Асқар Жұмаділдаев: «Арифметика – ғылымның кішкентай ғана бөлігі» дегенді айтып жүр. Қазір екінің бірі ментальді есептеу курсына қатысады. Журналист құрбымның ментальді арифметикадан сабақ бергені бар. Бұл дұрыс па?

– Асқар ағай баласын арифметика берген де емес, бермейді де. Баласы біздің мектепте оқыған. Білім саласында екі түрлі нəрсе бар: бизнес үшін, білім үшін деген. Білім беру орталықтарының да мақсаты əртүрлі. «Пифагорда» да қате көп. Ментальді арифметика – бизнес. Баланың болашағына пайдасы жоқ. Жарнамалық сайттардың барлығы арифметикадан мұғалім іздейді. Құрбыңыз да солай тап болған шығар… Математик еместер де істей алатын тірлік. Айлығы да мардымсыз. Бірақ бала көп жазылады. Бір жақсысы, тез нəтиже береді. Қай істің де тез нəтиже бергенін жақсы көретін халықпыз. Ата-аналар да балаларының тез есептей алатынын айтып мақтанады.

P.S. Асан ағайдан соңғы уақытта білім саласында қызу талқыға түскен «бастауыштан информатика пəнін оқыту керек» деген ұсынысқа пікірін сұрадық. «Компьютер не үшін қажет? Ойын үшін бе, əлде ойлап табу үшін бе? Соны анықтап алған жөн», – деп қысқа қайырды.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №3
15 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз