Жуырда Астана қаласында «Бала дауысы-2018» ұлттық балалар əн байқауының гала концерті өтті. Көрерменнің көзайымына айналған өнер бəйгесінің жас өнерпаздар үшін алар орны бөлек. Алты айға созылған жобаға еліміздің əр өңірінен төрт мыңға жуық бала қатысты. Жүзден жүйрік шыққан он тоғыз өнерпаз
ғана ақтық мəреде өнер көрсету құрметіне ие болды. Бір ай бойы телекөрермен байқаудың қызықты əрі əсерлі сəттерін тамашалап, авторлық əндерді, халық
композиторларының туындыларын жəне заманауи əндер мен əлем хиттерін орындаған балаларға дауыс беріп қанаттандырды. Талантымен таңдай қақтырған
өнерлі жеткіншектердің арасынан Исатай Болатханұлы жеңіс тұғырына көтерілді. Ол Ақмола облысындағы Владимиров ауылының тумасы. Кейіпкеріміз байқаудың
қызықты сəттерін бастан-аяқ айтып берді.

– 2017 жылы Қостанай қаласында кастинг ұйымдастырылды. Медеу Арынбаев қазылық жасады. Іріктеуден өткен жиырма баланың арасында мен де болдым, – деп бастады əңгімесін кішкентай өнерпаз. – Бірақ үшінші турдан сүріндім. Келесі жылы тағы қатысамын деп өзімді жұбаттым. Биыл байқаудың форматы өзгерді. Іріктеу онлайн түрде өтті. Димаш Құдайбергеновтің репертуарындағы халық əні «Дайдидауды» орындап бердім. Сайтқа іріктеуден өткен балалардың тізімін жариялады. Қостанай өңірінен мен ғана өтіппін. Екінші кезең Алматы қаласында өтті. Өнер жұлдыздарының алдында жанды дауыста əн айтып бердік. Сексен бала бақ сынауға келіпті. Ол кезеңде де бағым жанды. Үшінші кезең де Алматыда өтті, екі аптаға созылды. «Жұлдыздар» қалашығында демалып, байқаудың күнделікті түсіріліміне қатыстық. Үш рет дайындық концерті ұйымдастырылды. Балаларға арналған əндер, заманауи батыстық əндер жəне халық əндерін орындау тапсырылды. «Бақытты баламын», «Она вернется», «Құсни Қорлан» əндерін орындадым. Төртінші кезең Астана қаласында өтті. Үздік қатысушылар гала концертте өнер көрсетіп, бес номинация бойынша жүлделі орындарды иеленді.

Бас жүлде маған бұйырады деп ойламадым. Қарсылас өте көп болды. 2019 жылы
төртінші маусымдағы іріктеу сайысының шымылдығын Қостанай өңірі бойынша
мен ашамын, – дейді Исатай.

Он жастағы өнерпаздың шыққан биігі аз емес. Бірнеше дүркін əн байқауларына қатысқанын əлеуметтік желідегі парақшасынан біліп алғанбыз. Өзінен сұрап едік, «мақтанып кеткендей боламын» деп ашылып жауап бере қоймады.

– «Бала дауысы-2018» ұлттық əн додасы – екінші ірі жеңісім. Былтыр он алтыншы рет ұйымдастырылған халықаралық «Алтын микрофон» байқауында екінші орын алдым. Қазылар алқасының төрағасы болған Кеңес Дүйсекеев атадан бата алдым.

Ауылда тұратындықтан студияға барып əн жаздыратын мүмкіндік жоқ. Вокалдан да сабақ алмаймын. Болашақта өнер əлемінің кəсіби маманы болғым келеді. Сахнадағы жүріс-тұрысыма жəне əндер таңдауға көмектесетін Еркебұлан Асқарұлы деген ағам бар. Барлық байқауға сол кісі дайындайды. Əн байқауларындағы қарсыластарды көргенде қатты қобалжыдым. Өйткені олардың артында бірнеше адам жүреді. Жаздырған əндері де керемет шыққан.

Вокалы да, сахналық киімдері де көздің жауын алады. Менікі таза қоңыр дауыс.
Қазақша əндерді көп айтқандықтан ұлттық киіммен шығамын. «Бала дауысында»
мені сескендірген Ахметқалиев Мəулен деген шығысқазақстандық өнерлі жігіт болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі балалардың барлығымен араласып тұрамыз. Мен жеңіске жеткенде олар шын қуанды. Мектептегі ұстаздарым мен сыныптастарым да маған жанкүйер болды. «Бала дауысына» қатысқан барлық оқушының мектебіне Білім жəне ғылым министрлігі сұраныс хат жіберді. Біз екі апта сабақта болмағандықтан оқу бағдарламасын түсінбей қалдық. Қазір мектептегі мұғалімдеріміз түсіністік танытып, сабақты игеріп жатырмыз, – дейді өнер мен білімді қатар алып жүрген өнерпаз.

«Бала дауысының» дүниеге келгеніне үш жылдай болып қалды. Қазіргі қазақ
эстрада жұлдыздарының бағын ашып, жұлдызын жаққан «Əнші балапан», «Даусыңнан айналайын» өнер бəйгесінің жалғасы іспетті. Заманға сай жүлдесі де осал емес. Қатысқан барлық балаға сый-сияпат жасап, ынталандырады. Бас жүлдеге Қазақ ұлттық өнер университетінің мамандандырылған мектебі грантын жəне париждік Диснейлендке саяхаттауға билет тігілді. Исатай енді мултьфильмдер еліне баруды күн санап күтіп жүр.

– Наурыз айында баруды жоспарлап отырмын. Шетелге алғаш шығуым. Бала-
лардың шетел көруіне мүмкіндік сыйлаған байқау ұйымдастырушыларына алғыс
білдіремін. Сосын «Бала дауысы-2019» байқауының іріктеу салтанатында əн айтамын. Біздің отбасында барлығы əн салады. Əкем – қарапайым жұмысшы. Анам – мұғалім. Əпкелерімнің де əн айтатын қабілеті бар. Қарындасым кішкентай. Ата-анам тойда əн салуға рұқсат етпейді. Өзімнің де туысқандардың алдында ұялшақтығым бар. Димаш Құдайбергенов секілді əнші болғым келеді. Байқауларға қатысарда Димаш ағаның айтып жүрген əндерін көбірек орындағым келеді, – дейді жас та болса, талғамы жоғары əнші.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №2
8 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз