Бүгінгі кейіпкеріміз Нұрдəулет он екі жасында көзсіз ерлік жасап, басқаларға үлгі бола білді. Суға батып бара жатқан кішкентай бүлдіршінді аман алып қалған жас батырдың ерлігі шынымен де мақтауға тұрарлық. Есімі Батыс өңіріне ғана емес, күллі қазақ жұртына мəлім болған Нұрдəулет туралы айтылып та, жазылып та жүр. «Ұлан» газетінің өткен сандарының бірінде бейбіт күннің батыры жайлы облысымыздың құрметті журналисі Бауыржан Ғұбайдуллин де өз ойын білдірген еді. Ал бүгін Нұрдəулет – менің мақаламның басты кейіпкері.

Əңгімені əріден бастайын. Күз келіп, жаңа оқу жылы басталғанда мектебіміздің жетінші сыныбына көршілес Қошанкөл ауылынан жаңадан Нұрдəулет есімді оқушы келген болатын. Мектеп жанындағы интернатта оқитын аласа бойлы, қараторы бала ешкімнің көзіне түсе қоймады. Десе де оның түрі маған таныс секілді көрінді. Қайдан көргенімді білмегесін, қазбалап сұрамадым да.

Бір күні інім жаныма жетіп келді де, қолындағы газетін ақтарып: «Əпке, қарашы. Мынау əлгі бала емес пе? Жетінші сыныптағы Нұрдəулет қой», – деді. Қарасам газет бетінде маған түрі таныс боп көрінген бала тұр. Суреттің үстіне «Батыл жүрек» аталымының иегері Нұрдəулет Айболатов» деп жазылыпты. Сол бір сəт газет бетіне үңіле қарап қаппын. «Мына суреттегі дəл сол бала ма? Бұл суға кеткен бүлдіршінді құтқарған Нұрдəулет пе?» деген сауалдар үйіріле кетті. Ертесіне мектепте Нұрдəулеттің өзінен «Бұл шынымен де сен бе?» деп сұрағанымда, ол сабырлы үнмен: «Иə, менмін», – деп қысқа қайырды. Мен газеттегі Нұрдəулетті бұрыннан білетінмін, не істегенін де, қандай ерлік жасағанын да жақсы білемін. Өзіме таныс бейненің аты аңызға айналған Нұрдəулет екенін білгенде, бір жағынан мұңайсам, бір жағынан қуанып та қалдым.

Жаңадан келген оқушының кім екенін алқашқыда көп ешкім білмейтін болып шықты. Бейтаныс баланың Нұрдəулет екенін білгенде басқалардың да дəл мендей таңданыста болғанын айтпай-ақ қояйын. Ал Нұрдəулет қарапайым мінезі мен  бауырмалдығының арқасында жаңа ортасына тез сіңісіп кетті. Оның қайран қалдырарлық қасиеті – ешқашан «газеттер жарыса жазып жүрген батыр менмін» деп кеуде кермейді.

Алғашында Нұрдəулетті тани қоймасақ та, кейіннен батыр екенін білгенде, оған
басқаша қарай бастадық. Көрген жерімізде айтып жүретін болдық. Үлкен ерлік жасаған кішкентай қаһарманды елемеу мүмкін емес қой, осыған байланысты жақында ғана мектебімізде Нұрдəулетпен кездесу кеші ұйымдастырылды. Кездесуге төменгі сынып оқушыларымен қатар ұстаздар да қатысты. Кеш барынша еркін, сұрақ-жауап алмасу түрінде өтті. Қойылған сұрақтардың барлығы да жауапсыз қалмады. Кеш барысында Нұрдəулеттің көзсіз ерлікке қалай барғаны, қандай марапаттарға ие болғанынан бөлек, неге қызығатыны, бос уақытын қалай өткізетіні туралы да сөз болды. Осы уақытқа дейін Нұрдəулеттің кішкене бүлдіршінді судан қалай аман алып қалғаны жайлы айтылып жүрсе де, жас батыр болған оқиғаны бізге тағы бір рет баяндап берді:

– Мамырдың алғашқы күндерінің бірі болатын. Күндегі əдетімше өрістен малды айдап қайтуым керек еді. Ауылдың шет жағында қыста қар суы жиналатын тоған болатын, мал да сол тоғанның маңайына жайылатын. Тапсырылған істі тындырып, үйге қарай келе жатқанымда су бетінде адамның аяғына ұқсас бірдеңенің қалқып жүргенін байқадым. Не екенін білмек үшін тоғанға жақындап барсам, əлгі нəрсе суға батып бара жатқан кішкене баланың аяғы болып шықты. Алғашында қорықтым, кейіннен ойланып тұруға уақыт жоқ екенін біліп, суға күмп ете қалдым. Бүлдіршінді жағаға алып шыққаннан кейін оның ес-түссіз жатқанын көріп, дереу алғашқы көмек көрсеттім. Інілерінің жоғалып кеткенін білгеннен кейін екі ағасы да жетіп келді. Суға кеткен бала да, оның ағалары да əлі кішкентай еді. Ертесіне мектепке суға кете жаздаған баланың əкесі келіп, маған алғысын айтқанда қатты қуанып кеттім. Өзімнің адам өмірін сақтап қалғанымды сонда ғана білдім. Одан кейін менің істеген ісім жайлы газеттерге мақала шығып, теледидардан да көрсете бастады. Аз уақыттың ішінде көпшілікке есімім осылай танымал болады деп ешқашан ойламаппын, – деді Нұрдəулет батыр. Көкейімде Нұрдəулет алғашқы көмек көрсетуді қайдан біледі екен деген сұрақ тұрды. Сөйтсем ол алғашқы көмек көрсетуді мектептегі қауіпсіздік ережелері жазылған тақталар мен туристік лагерьлерден үйреніпті. Жас та болса есімі талай жерге танылып үлгерген Нұрдəулет батылдығының арқасында Төтенше жағдайлар министрлігінің «Суға кеткендерді құтқарғаны үшін» төсбелгісімен де марапатталыпты. Кейіннен облыс əкімі Алтай Көлгіновтің «Батыл жүрек» сыйлығының иегері атанды.

Нұрдəулет үйінің сүт кенжесі. Бақтияр, Данияр есімді ағаларының ізін басып келеді. Анасы мектепте мұғалім болса, əкесінің жеке шаруа қожалығы бар. Қолы қалт етсе, əкесінің қолғанаты болуға дайын. Араласатын достары да көп-ақ. Спортқа жаны құмар өзінің.

– Мектептегі пəндерден математика мен тарихты ерекше жақсы көремін. Спорт
түрлерінен жаныма жақыны – футбол. Достарыммен басымыз қосыла қалса, футбол ойнаймыз. Бос уақытымда кітап оқығанды да ұнатамын. Əсіресе, Ыбырай
Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» деген шығармасын қайталап оқудан жалыққан емеспін,
– дейді бейбіт күннің кішкентай қаһарманы.

Жас батыр болашақта құтқарушы болғысы келеді. Адамдарға көмек қолын созып, халқының ақ батасын алуды армандайды. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» дегендей, Нұрдəулет өзі жасаған ерлікті кез келген қатарласының жасай алатынына сенімді. «Тек қорықпаса болғаны» дейді.

P.S. Аңыз-ертегілерде, батырлар жырында ел қорғап, жауға шапқан батырларды
сом денелі, қату қабақты етіп сипаттайтын. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз қару ұстап жауға шаппаса да, сырт келбеті ертегілердегі батырларға ұқсамаса да, істеген ісі нағыз ерлікке пара-пар. Өйткені қазіргі заманда бала тұрмақ, ересек адамның
қолынан келе бермейтін іс жасап, адам жанын құтқару да оңай шаруа емес.

Аяжан ҒАППАР,
Бірлік орта мектебінің
«Ұланның» жас тілшісі.
Əжібай ауылы,
Қазталов ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

«Ұлан» газеті, №52
25 желтоқсан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз