«balapan» телеарнасы «Дала ойындары», «Айдар» жəне «Ертемір» атты 3D форматтағы анимациялық жобаларды жарыққа шығарды. Бұл мультфильмдер 10 желтоқсаннан бастап телеарнада көрсетіліп жатыр.

«Дала ойындары» мультфильмінің оқиғасы болашақта өрбиді. Жаңа қоғамды құрушылар туралы шытырман туынды. Анимациялық сериалдың қаһармандары
цифрланған ғаламның ең өзекті мəселесін шешуді көздейді. 2050 жылы балалардың цифрлы əлемге еніп кеткені сонша, мультфильмнің бас кейіпкері аулада достарымен емес, роботтармен баскетбол ойнауына тура келеді. Ол бес жылда бір-ақ рет өтетін «Дала ойындары» жиынын ұзақ күтеді. Досы жəне оның смарт-күшігімен бірге ойынға аттанады. Ары қарайғы оқиғаны телеарнадан көрейік. Анимациялық жобаның қоюшы режиссері жəне продюсері – Қасиет Сағидолла.

«Айдар» мультхикаясы көне түркілік миф кейіпкерлері мен сюжеттеріне негізделген. Бас кейіпкер Айдар қиялындағы түрлі қаһармандардың суретін салып жүреді. Олардың өмірде бар екеніне де сенеді. Бірақ оны сыныптастары «қайдағы жоққа сенесің» деп мазақтайды. Айдарды түсінетін жалғыз адам – тарих пəнінің мұғалімі Серікбол ағай. Ол Айдар салған кейіпкерлердің өмірде болғанын, тіпті қазір бар болуы мүмкін екенін
айтады. Айдар түсінде көрген тұмарды үйінен тауып алады. Тұмар қаһарманымызға ғажайып күш береді. Ал залым кейіпкер қанша ғасырдан бері сол тұмарды жерден іздеп жүр екен. Қасиетті тұмар мен Жерді Айдар ғана құтқара алады. Əнəс Бағдат пен Дильшат Рахматуллин түсірген мультфильм балаларға жаңа қаһарман тауып береді деп сенеміз.

«Ертемір» ғажайып күшке ие болған қарапайым баланың ерлік оқиғаларына құрылған. Күнделікті өмірде Темірдің өзге балалардан еш айырмашылығы жоқ. Ал еліне қауіп төнгенде ол батыр Ертемірге айналады. Əлемнің ең сəулетті қалаларын алақандай көлемге дейін кішірейтіп, қорапқа салып, коллекция жинайтын Алпан зұлым болады. Қызметшісі Инеліктің кеңесімен Астананы жаулап алуға келеді. Ертемір қайтер екен? Оны Серік Балтабаев пен Дамир Құтбаев түсірген мультфильмнен көре аламыз.

Үш анимациялық жобаның бірінші сериясын көруге ұжым болып бардық. Қатарымызда «balapan» арнасының көрермендері де отырды. Мультфильмнен соң алған əсерлерін сұрадық. Алты жастағы Абай Мұхитұлына «Айдар» қатты ұнапты. «Өйткені Айдардың найзағай қылышы бар» дейді.

– Мультфильмдердің бір сериясы аяқталды, бірақ шайқас болған жоқ. Трейлеріндегі шайқасатын сəтті күтіп отырдым. «Өрмекші адам» ə дегеннен-ақ
зұлымдармен алыса кетеді. «Дала ойындарында» қаһарман көп екен. Осы мультфильмнің жалғасы қызық болатын сияқты. «Айдардағы» зұлым адам маған
ұнамады. Мен зұлымдықты жек көрем. Үш мультфильмнің кейіпкерлерінің көздері қап-қара. Біздің де көзіміз қара. Мультфильмдегінің бəрі қазақтар екен. Темір бетпердесін кигенде Ертемірге айналып кетті. Оның найза, айбалта сияқты бес қаруы түгел. Нағыз жігіт екен,
– дейді Абай.

Ал №33 мектептің 1-сынып оқушысы Еркежан Шегебай «Мультфильмдерде неге қыз қаһармандар жоқ?» дейді.

– Үш мультиктің де бас кейіпкерлері ұлдар. Қаһармандардың ішінде қыздар да болуы керек қой. Мысалы, Айдардың қарындасы болса, ол оған тұмарға қатысты
жұмбақты шешуге көмектесер еді. Ертемірдің ұшатын көлігі бар. Сол сияқты көлігі бар қыз болса, ол Ертемірге Астананы қорғауға жəрдемдесер еді. Менің інім Супермен мен Өрмекші адам боламын деп жүретін. Енді Айдар болғысы келеді. Айдардың шаш үлгісі əдемі екен. «Дала ойындарындағы» смарт-күшік ұнады. Шын күшік болмаса да, «ап-ап» дейді екен. Біздің де Акира деген шын күшігіміз болған. Бірақ оны үйге кіргізуге рұқсат жоқ. Смарт-күшігім болса, тіпті қасыма алып жатар едім. Ол тамақ ішпейді, үйді былғамайды жəне айтқаныңның бəрін істейді,
– дейді Еркежан.

Кішкентай көрермендерінің пікірін «балапандықтар» келесі мультсериалдарында ескереді деп ойлаймыз.

Таңшолпан
БЕГАЛЫҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №51
18 желтоқсан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз