Алматы қаласында Чайковский атында музыкалық колледж бар. Қаланың орталығында орналасқан шағын ғана ескі ғимарат. Студенттері де, ұстаздары да бір-бірін жақсы таниды. Жақында осы колледжде студенттер арасында Лəззат Асанова мен Сəбира Мұхамеджанованы еске алуға арналған шығармашылық байқау өтті. Байқауға алты оқу орнынан тоғыз ақын қыз қатысты. Байқаудың дəл осы колледждің қабырғасында өтуі тегін емес. Бұл колледжде 16 жасында тəуелсіздік жолында құрбан болған Лəззат Асанова оқыған.

Желтоқсан оқиғасы, оның құрбандары туралы тек кітаптан оқып, теледидардан көріп, ата-анамыздың аузынан естіп өстік. Мен өмірге келгенде Желтоқсан оқиғасының болғанына он жылдан асып кеткен еді. Ал қаһарлы күннің қаһармандары Лəззат Асанова мен Сəбира Мұхамеджанова, Қайрат Рысқұлбеков сияқты аға-əпкелеріміздің есімі мен ерлігін, бейнесін соңғы суреттегі жалындаған жас шағымен есте сақтаймыз. Бұрын мектепте оқып жүргенде оларды аға-əпке деп үлгі тұтып, еске алатын едік. Есімдері де, ерліктері де тəуелсіздікпен бірге жасап келеді. Қазір менің жасым 21-де болса да, Лəззат пен Сəбира əлі жас, əлі
өлген жоқ, əлі 16-да.

Біз ғана емес, Лəззаттың анасы Алтынай Асанова да қызын еске алғанда сол 16 жастағы бейнесі көз алдына келеді екен. Байқауға қазылық етуге келген Алтынай апамен əңгімелескен кезде біз осыны аңғардық. Тұла бойы тұңғышын 33 жыл бойы жоқтап келе жатқан ана Лəззат білім алған музыкалық колледжге келген сайын «оқу орнының əрбір бұрышында Лəззатымның қолының табы бар ғой деп іздеп жүремін» дейді. Лəззаттың қандай оқушы, қандай студент болғанын анасынан сұрап білген едік.

Ұлан: Алтынай апа, Лəззат бала күнінде қандай еді? Қандай оқушы болды? Не туралы армандайтын еді?

Алтынай Асанова: Лəззат – отбасымыздың тұңғышы. 1970 жылы өмірге əкелдім. Тұңғыш болған соң ба, жауапкершілігі жоғары болатын. Ашық, ақкөңіл еді. Өзім əлі жас болғандықтан Лəззат маған бала да, құрбы да, сырлас дос та бола білді. Зерек еді. Барлық мəселені тереңінен ойлап, жақсы түсінетін. Жаңа нəрсені тануға құштар еді. Менімен сұқбат құрғанды жақсы көретін. Үйде шаруа істеп жүрсем түрлі сұрақ қойып, оны-мұны сұраудан шаршамайтын.

Сабақты да жақсы оқыды. Мектепте домбыра үйірмесіне қатысатын. 8-сыныпты бітіргенде «музыкант болғым келеді, колледжге оқуға тапсырғым келеді» деді. «Болам деген баланың бетінен қақпа» дейді ғой. Осы Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне өзім жетектеп əкелдім. Шығармашылық емтихан тапсырып, өз күшімен оқуға түсті. Қызымның оқуға түскеніне қатты қуанып едім. Алайда Алматыдан ауылға тек мүрдесінің қайтарын қайдан білейін?!.

Қызым туралы ойлағанда, оны сағынғанда үнемі əп-əдемі болып күлімдеп тұрған жас қыздың бейнесі көз алдыма келеді. Қатарластарын, құрдас достарын көргенде Лəззатым да осындай болар ма еді деп жылап аламын. Бірақ, бейкүнə қызымның 16 жастағы бейнесінен өзгесін елестете де алмаймын.

Жаназада жайылған дастарханға жан баласы жоламады

Ұлан: Қаралы хабарды қалай естідіңіз? Лəззат сізге алаңға баратыны туралы айтып па еді?

Алтынай Асанова: Ол кезде қазіргідей екінің бірінде телефон жоқ қой. Күн сайын жағдайын біліп отыра алмайсың. Хат арқылы хабарласып отыратынбыз. Қараша айында демалысқа келіп, жақсы көңіл-күймен қалаға шығарып салып едік. Араға ай салып суық хабар келді. Екі жеделхат алдым. Алғашқысында «қызыңыздың жағдайы нашар» делінсе, екіншісінде «қайтыс болды» деп жазылған. Төбемнен жай түскендей болды.

Осыдан кейін бізге «халық жауы» сияқты қарағандар болды. «Қызыңыздың алаңға барғанын айтпаңыз» дегендер де кездесті. «Лəззат отбасында дұрыс тəрбие көрмеген. Сондықтан осындайға барды» деген сөздер маған ауыр тиді. Көпке дейін есімді жия алмай жүрдім. Бірақ, қызымның дұрыс бағытта болғанына, қате баспағанына сенімді едім.

Лəззаттың денесін əкелерден бірнеше күн бұрын көрші ауылға Ербол Сыпатаевтың денесін əкелгенде де «нашақор, бұзық екен, ажалы содан бопты» дегенді естідік. Есімді жиып, мəн-жайды сұрағанда «бөлмесіндегі қыздармен келіспей, 5-қабаттан құлап кеткен» деді. Мен де, өзгелер де бұған сенбедік. Қызымның денесін шариғат заңдарына сай сүйегін ашып, жуып жерледік. Қызымның денесін əкелген адамдар бірден кетпеді. Барлық рəсім аяқталғанша жүріп алды. Содан жасқанған болу керек, Лəззатқа деп жайылған дастарқанға жұрт жоламады. Бұдан кейін де бес жыл бойы үйқамақта болдым. Қайда барам, не істеймін, кіммен сөйлесемін, бəрін бақылап отырды. Қайта-қайта шақыртып, тергеудің астына алды. Мен өз айтқанымды қайталаудан тынбадым. Ешқашан қызымның ісін теріске шығарған жоқпын.

Ұлан: Қазір қоғамдағы құндылықтар өзгерген, жастарға көңіліміз толмайды дейтіндер көп. Сіз қандай пікірдесіз? Лəззаттардың ізін басатын жалынды жастар тəрбиелеу үшін не істеу керек? Арамызда ондай жастар көп пе?

Алтынай Асанова: Мен бұл пікірмен келіспеймін. Желтоқсан айында мені қонаққа шақыратын шаралар, мектептер мен оқу орындары көп. Барлық жерде жалындап тұрған жастарды көрем де, Лəззатымды көргендей болып жүрегім елжіреп кетеді. Жыл сайын Желтоқсан оқиғасына жиырма жыл, отыз жыл деп жаңғыртып жатады. Маған əлі күні кеше болғандай. Өнерлі, талапты, еркін жастарды көргенде «Лəззатым-ай, сен осы жастардың болашағы үшін шырылдапсың ғой» деп іштей егіліп алам. Олар Лəззатты танымаса да, соған арнап өлең шығарып, əн айтады. Лəззат өзі де белсенді еді. Қазіргі жастар еркін ойлайды, еркін сөйлейді. Қоғамдағы кемшіліктерді жоюға, қателіктерді өзгертуге құштар. Соларды көрем де, шүкір деймін. Ішімнен риза болып жүрем.

P.S. Лəззаттың анасы Алтынай Асанова сұқбаттан соң үйінің мекенжайын, өзінің байланыс нөмірін жазып берді. «Газет шыққан соң үйіме келші. Мемлекет Лəззатымның атына үй берген. Соны сатып қызымның құрметіне естелік кітап шығарып едім. Саған сол кітапты беремін. Лəззатымды жерлегенде ораған ақ матаны да отыз жыл бойы сақтап жүрмін. Менің Лəззатым сондай сүйкімді қыз еді. Фотосуреттеріне қараған кезімде үнемі нұр шашылып тұрады», – деп кемсеңдеп кетті. Сахнадағы Лəззаттың үлкен фотосуретіне қарасам, 16 жастағы сүп-сүйкімді батыр қыздың бейнесі шынымен бізге күлімсіреп қарап тұр екен…

Əңгімелескен
Дана МАРАТОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз