Түркістаннан Алматыға жүретін пойызға міндік. Жанымыздағы орынға үлкен қорап көтерген екі бала келді. Қораптарының көлемі өздерінен үлкен. Дəл пойыз жүретін кезде асығып жүгіріп кірсе де, қолдарындағы қорапты абайлап, жолдағы
адамдар қағып кетпесін деген оймен қорғаштап тұрғандары байқалды. Келген бойда қораптарын орналастыратын ыңғайлы орын іздеді. Жоғарыдағы сөре бос болғандықтан, сол жерге қоюға көмектестік. Олар осынша қорғаштайтындай қораптың ішінде не бар екен деген ойға қалдық. Орналастырып болған соң балалардан қораптың ішінде не бар екенін, қайда бара жатқандарын сұрадық. Бірақ, олардың «Ұланның» кейіпкері болатынын, робот жасайтын балалар екенін, 13-14 жастағы жас ғалымдар екенін ол кезде білмеген едік.

Ұлан: Балалар, қайдан келесіңдер, қайда барасыңдар? Мына қораптардың ішінде алтын бар ма?

Оқушылар: Алматыға дейін барамыз. Алматы облыстық Ш.Смағұлов атындағы
мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатында оқимыз. Түркістанға байқауға қатысу үшін келдік. Ал мына қораптарда байқау үшін жасап əкелген роботтар бар.

Ұлан: Қандай байқауға қатыстыңдар? Жүлде алдыңдар ма?

Оқушылар: «Алаш үміті» ІІ Халық- аралық фестиваліне қатыстық. Алтын жүлде алдық.

Ұлан: Ооо, жарайсыңдар! Құтты болсын! «Алаш үміті» деген қандай байқау? Халықаралық фестиваль дегендеріңе қарағанда жеңімпаз атану қиын болған шығар?

Оқушылар: «Алаш үміті» биыл екінші рет ұйымдастырылды. Байқауға жас ғалымдар, əншілер, бишілер, суретшілер қатысады. Біз «Жас ғалым» номинациясы бойынша жеңімпаз атандық. Бұл байқауға қатысу үшін арнайы робот құрастырдық. Қораптың ішіндегі сол роботтарымыз ғой.

Байқауға көрші Өзбекстан, Қырғыз елінен, Қазақстанның барлық өңірінен
қатысушылар келіпті. Бəріміз Түркістан қаласында бас қостық. Біреуі əнші, біреуі
биші, біреуі өлең оқиды, біреуі сурет салады. Ал біз робот жасаймыз. Бағытымыз əртүрлі болса да, тез тіл табысып кеттік. Жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымыз. Біз «Жас ғалым» номинациясы бойынша қатыстық. Робот жасаудың өзі ғылым деп айтады біздің ұстазымыз. Бірақ, ғылым дегенге нақты бір шектеу қойылмағандықтан, тақырып та, ұсынылған жобалар да əртүрлі мазмұнда болды. Біздің робототехника саласында жасаған еңбегіміз жоғары бағаланғаны да сондықтан болар. Осыған дейін де неше түрлі байқауға қатыстық. Ол кезде робот жарыстыратынбыз. Ал бұл жолы 3D модельдеу сияқты ұқсас жобалар болғанымен, робот жасағандар көп болған жоқ.

Ұлан: Нешінші сыныпта оқисыңдар? Робот жасауды қайдан үйреніп жүрсіңдер?

Оқушылар: Менің аты-жөнім – Карл Əміржан. 8-сыныпта оқимын. Досым Ақжол Санат 9-сыныпта оқиды. Екеуміз «Көкжал» деп аталатын əскери барлаушы робот жасадық. Мектебімізде робототехника негіздерін үйрететін үйірме бар. Физмат интернатында оқимыз. Сабақтан тыс уақытта робот құрастырумен айналысамыз.

Ұлан: Сендер жасаған робот қандай қызмет атқарады? Барлаушы робот жасау туралы идея қалай туындады?

Оқушылар: Байқауға «Көкжал» атты əскери барлаушы робот жасадық. Робот
кəдімгі барлаушы солдаттар атқаратын барлық қызметті атқара алады. Қолжетімсіз, адам аяғы басуы қиын жерлерге барып, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ете алады. Əскери қызмет адам өміріне қауіпті ғой. Ал қазіргі қоғамның ең басты құндылығы – адам өмірі. Сондықтан адамның денсаулығына, жеке басына зиян келтіретін, қауіпті істердің барлығын адамнан да жақсы атқара алатын роботтар жасалып жатыр. Əскери операциялар кезінде барлаушы солдаттың рөлі маңызды. Біз бұл туралы түрлі ойындардан көріп, біліп жүрміз. Сосын осы миссияны сəтті атқара алатын робот жасау туралы идея келді. Біздің «Көкжалды» тексеру үшін түрлі тапсырма орындауға жіберіп те көрдік. Бəрін сəтті орындап шықты. Роботтың қарапайым солдаттан артықшылығы – «ұсталып» қалса да, жарып жіберсе де, көрген-білген мəліметтері серверде сақталады. Мұндай роботты жасау жəне іске қосу үшін көп қаражат қажет емес. Мемлекетке де экономикалық жағынан тиімді.

Сырты берік болуы үшін алюминиймен араласқан металдар қоспасынан жасадық.
Мұның бəрі өзіміздің робототехника кабинетінде бар. Батарея, мотор мен құрылысына арналған металл корпусқа шығындалдық. Робот жасағанда ең қиын əрі ұзақ процесс – ішкі құрылысын жасау. Оған екі апта уақыт кетті. Сыртын құрастырудың қиындығы жоқ. Корпусын алып қойсаң болды, бұрап-бұрап өзіңе ұнайтын формаға келтіріп, бекітпелерін бекіте қоясың. Бұған əрі кетсе бір апта уақыт кетеді.

Барлаушы робот гаджет немесе компьютер арқылы басқарылады. Қазір барлық
робот осындай жүйеге көшіп жатыр. Пульт, батырма дегеннің керегі жоқ. Біз əлі мінсіз робот жасайтын деңгейге жете қоймадық. Бірақ, өзімізге қызық. Əрбір роботты жасаған сайын тəжірибе жинап, келесіде басқаша өзгеріс жасағымыз келеді.

«Көкжалдың» кемшілігі – қуатты көп қажет етеді. Себебі, ол 6 мотордан тұрады. Тау-тастың арасымен, биікте де, төменде де жүре алады. Сондықтан көп энергия жұмсайды. Оның құрастырылған механизмінің өзі сондай.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №50
11 желтоқсан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз