Балалар, біздің өткен аптадағы мерекелік демалысымыз қызықты өтті. Таңмен тұрып, «Қазақфильм» алаңына қарай асықтық. Жол бойы Айзеренің жібектей мінезін, Нұрайдың биязылығын, Əлихан мен Димаштың қамқорлығын, Аяланың
тікмінезділігін, Айдостың намысқойлығын əңгімеледік. Бұл есімдер сіздерге жақсы таныс шығар?!. Көрерменнің көзайымына айналған «Ақ құс» телехикаясының кейіпкерлерін білмейтін бала жоқ. Тіпті, осы фильм басталғалы ауылдағы
бауырларыммен сирек тілдесетін болдым. Анамның өзі «Ақ құс» көріп жатырмыз, кейін сөйлесеміз» деп тұтқаны қоя салады. «Балапан» арнасы арқылы балаларға жол тартқан туындыны «Қазақфильм» жанынан енші алған «Аңызфильм» киностудиясы жасап шығарған. Режиссері – Тұрдыбек Майдан мен Бақыт Қадыр. Белгіленген уақыттан кешікпей барсақ та, балалар бізден ерте келіпті. Жаңа достарды жатырқамай, тез тіл табыстық. Айзере – Мерей Мақажанның алғашқы кейіпкері емес. Айдосты Мағжан Хамит сомдайды. Аяла мен Əлиханды Гүлназ Досымбек пен Нұрмұхаммед Саламатов сəтті алып шыққан. Димаш пен Нұрайдың рөлі Дəулет Нағашыбек пен Əдемі Еділоваға бұйырыпты. Айзеренің інісі болу Рахман Талапқа жүктелген. Кинодағы есімдерімен көбірек танымал актерлар кастингтегі қызықтарын жарыса айтты.

Дәулет пен Мерей «балапандықтарға» неге ұнамады?

Əдемі (Нұрай):

– №133 мектеп-гимназияның 5-сыныбында оқимын. «Ақ құс» фильмінің түсірілетінін анамнан естідім. Инстаграм парақшасынан қарап шықтық. 11–14 жастағы қыз балалар керек екен. Кастингтің үйлестірушісі Мəдина апай анама «қатысыңдар» деп айтыпты. Екеуміз кастингке келдік. «Жылай аласың ба?» деп сұрады. «Балапан» арнасына шығу арманым еді. «Сол арманым орындалмаса қайтем?» деген ой келгенде жылап жібердім. Берілген тапсырмалардың барлығын орындадым. Бірақ əн айта алмадым. Өтпей қаламын деген қорқыныш болды. Менің актерлік шеберлігімді отырғандар ұнатып, Нұрайдың рөлін берді. Өмірде кейіпкеріме ұқсамаймын. Ол салмақты, ұяң қыз. Мен жылдам қозғалғанды жақсы көремін.

Əдемінің анасы қызынан бетер қатты уайымдағанын айтады. Өйткені Əдемі орыс
мектебінде білім алады екен. Кейіпкерінің сөзін жаттап алғанымен, жеткізе ала ма деген ой мазалапты. Алайда қызының талантына əлі күнге дейін риза.

Нұрмұхаммед (Əлихан):

– 4-сыныпта оқимын. Мені сабақта отырғанда шақырды. Маған да Мəдина апай хабарласты. «Қазақфильмге» келдік. Балалар өте көп болды. Менің кезегім соңында келді. Аяланы сомдаған Гүлназ екеуміз қатар кірдік. Бізге сценарий берді. Жиырма минуттың ішінде ойнап беруімізді сұрады. Кейін кастингтен өткенімді естіп қатты қуандым.

Мерей (Айзере):

– №126 мамандандырылған мектептің 8-сыныбында оқимын. Алғашында кастингке келгім келмеді. Анам да қарсы болды. Сабақ басталатын уақытта түсірілгендіктен, оқу бағдарламасын жіберуге болмайтын еді. Тұрдыбек аға «Анаға апарар жол» фильміндегі Аружанның бала кезін сомдаған актрисаны іздеп жатыр дегенді естідік. Анамды кастингке келуге көндірдім. Біріншіден, басты рөлді сомдайсың, екіншіден, үлкен тəжірибе жинайсың. Кастингте əртүрлі эмоцияны көрсету керек болды. Жылап та, күліп те, ашуланып та ойнап бердім. Менің жылағаным бəріне ұнапты. Сол жерде Тұрдыбек аға мен Бақыт ағаның «Айзеренің рөліне көбірек келесің» дегенін естіп, қуанып кеттім.

Мағжан (Айдос):

–№141 мектептің 8-сыныбында оқимын. Жасым 14-те. Бұл фильмге іріктеу жүріп жатқанда басқа жобада жүргенмін. Бір күні Тілек аға хабарласып, «Балапан»
арнасынан көрсетілетін «Ақ құс» фильміне кастинг жүріп жатқанын айтты. Басында қорқыныш болды. Камерадан гөрі, кастингтен ұяламын. Маған эпизодтан үзінділер болды. Берілген тапсырманы сəтті орындап, режиссердің көңілінен шығып, Айдостың рөлін иемдендім.

Дəулет (Димаш):

– №83 мектеп-гимназияда оқимын. Алғаш Мағжанмен таныстым. Ол кастингтің барлығын Инстаграм парақшасынан табатынын айтты. Мен де іздеп көргім келді. Əртүрлі парақшаларға жазылғанда алдымнан «Ақ құс» шықты. Кастингте басқаларға берілген тапсырманы маған да берді. Екінші рет шақырғанда үміт пайда болды. Актерлар мен режиссерлар қатар отырып көреді дегенді естіп, қатты қобалжыдым. Іріктеуден өткендердің қатарынан көрінгеніме қуандым. Соңғы іріктеуге төрт бала ғана өттік. Сол кезде жаман қорықтым. Себебі кастингтерге барып жүргенде тура осындай ақтық мəреде үш-төрт бала қалып, олар өтіп кетіп, менің қалып қойғаным бар. Тағы сол жағдай қайталана ма деп көңіл-күйім түсіп кетті. Бірақ Димаштың рөлін сомдау маған бұйырып тұр екен.

Мерейдің айтуынша, Дəулет екеуінің жас ерекшелігі «балапандықтарға» ұнамапты. Олардың көрерменіне үлкен болып көрінсе керек, отырған мамандар қабылдамапты. «Тұрдыбек ағаға қайта-қайта жазып, тыным бермедік. Кастингтен өткенде иықтан ауыр жүк түскендей болды», – деп еске алады сол күндерді Мерей.

Балалардың қатарында Досымбек Гүлназ бен Рахман Талап та бар. Алайда олар
Астанада тұрады екен. Кинода былдырлап əпкесінің жанынан шықпай жүретін Бекзаттың рөлін үш жастағы Рахман Талап сомдайды. Ал Аяланы сомдаған Гүлназбен тілдесіп, рөлге қалай бекітілгенін жазып алдық.

Гүлназ (Аяла):

– Астана қаласында тұрамын. Жетінші сыныпта оқимын. Маған бірнеше рөл берілді. «Қазақфильмге» үш рет бардым. Алғашында Айзеренің рөлін берді. Одан кейін Нұрайдың рөліне бекітті. Келесі күні би дайындап келуімді сұрады. Аяла есімді кейіпкерге келетінімді айтты. Бұл фильм туралы «Балапан» арнасының əлеуметтік желідегі парақшасынан білдім. Аяланың рөлі маған танымалдық əкелді. Сабағыма кедергі болса да, бұл жоба маған қатты ұнады. Рөлімді сəтті алып шығу үшін көп еңбектенуге тура келді. Сол үшін оқу тоқсанында екі сабақтан «4»-ке шықтым. «Бір ай сабақта болмадың. Жаңа тақырыпты түсінбегесін «5» қоя алмадық», – деді ұстаздарым. Бақылау жұмысында немесе жиынтық бағалау тапсырмаларында сыныптастарым көмектеседі. Дұрыс жауаптарын айтып береді. Сол үшін сыныптастарыма алғыс айтамын.

«Ақ құс» деп аталатын фильмнің негізгі идеясы – қала қазақтарының өмірі.
Қаладағы күйбің тіршіліктен арыла алмай жүрген ата-аналар балаларына көңіл
бөлмейді. Тіпті оларды не қызықтыратынынан да бейхабар болады. Ата-аналар
мен балалар арасындағы қайшылықты суреттей отырып, кішкентай болса да əр баланың жан қалауы, жасырын қабілеті болатынын, ата-ана соған назар аударып, баланың тұлға болып қалыптасуына кішкентайынан көңіл бөлу керек екенін айтқысы келеді. Көпқабатты үйдегі тұрғындардың өмірі шынайы суреттелгендіктен де көрерменнің ықыласына бөленіп отыр. Жобаның дүниеге келуі мен түсірілу процесін режиссер бастан-аяқ баяндап берді.

600 баланың арасындағы алты баланың арманы

Тұрдыбек МАЙДАН,
режиссер:

– Фильм басталғанда команда толық жасақталмады. Күз маусымы киноның қызған шағы. Барлығы фильм түсіріп жатты. Кастинг директоры да болмады. Барлығын Тілек Төлеуғазыға жүктедік. Біз сценарий жазуға кірістік. Күн сайын кастингке келген балалардың фотоларын алдыртып отырдық. Сол кезде Мағжанның портреті ұнады. Бетінің формасы да, жақ сүйектері де киноға сұранып тұрды. Əлиханның рөліне де үш бала қатар ұнады. Əдемі де саундтректі айтқан Қарақат Башанова деген қызбен қатар тұрып қалды. Екеуі түйдей құрдас. Таңдай алмай əбігерге түстік. Нұрайдың артықшылығы актерлік шеберлігі болса, Қарақаттың дауысы керемет екен. Ұшқын Жамалбек деген композитор досымызға он-он бір жастағы əнші қыз баланы тауып беруін өтіндік. Əуелі дауысын тыңдап, кейін фотосын көрдік. Анасына хабарласып, кастингке шақырдық. Əдемі екеуінен бір адам жасауға тура келді. Фильмге Қарақаттың
дауысын пайдаланып, Əдеміні рөлге бекіттік. Кастингті қолдан келгенше əділ жүргізуге тырыстық. Ата-аналарды да, таныс-тамырды да араластырмадық. Жан-жақтан əртүрлі ұсыныстар болды. Барлық ата-ана баласының жұлдыз болғанын қалайды. Дегенмен, шын талантты тани білу керек. Бұл фильм ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын туынды деп түсіндіруге тырыстық. Кімнің таланты бар, соны ғана алып, рөлді сеніп тапсырдық. Іріктегеннен кейін, «Балапан» арнасындағы мамандарға жібердік. Кинодағы Айзеренің жасы 12-де болатын. Мерейдің жасы кейіпкерінен үлкен деген сын айтылды. Одан кейін «Санжар мен Қайсарда» ойнағандықтан, көрерменге таныс. Жаңа кейіпкер тапсаңдар жақсы болушы еді деген ұсыныстар түсті. Ол кезде Мерейдің жасы 8-де болатын. Айзеренің рөліне Мерейден басқа лайықтысын таппадым. 600-ден аса бала келіп, алты баланы таңдап алдық. Дəулетті де Димаштың рөліне қабылдағылары келмеді. Қаланың баласы болса да, қап-қара екен. Құлағы экранға келіңкіремейді деген сын айтылды. Бірақ қолдан келетін іс болғандықтан, түсірілім алаңында Дəулетті гримм жасап ағартқанымыз рас. «Балапан» арнасының басшылығына он екі жастағы бес қыз баланың фотосын жібердік. Олар Айзереден де ересек көрінеді екен. Бір айдың ішінде он екі серияны түсіріп, монтаж жасалған бойда экранға жіберіп отырдық, – дейді режиссер.

«Аяланың нөмірін бер! Бермесең көресің!»

Киноның түсірілімінен кейін, экранға шыққанда балалардың танымалдығы арта түскенін байқадық. Тіпті актер балалармен фотоға түсіп, қолтаңба алуды армандайтындар да бар болып шықты. «Ақ құстың» кейіпкерлерімен кездесетін күнді белгілеп жүргенде ауылдан жарысқа ағайындас сіңлім келе қалды. Ауылдан шығарда апайы: «Егер бірінші орын алсаң,«Ақ құстың» кейіпкерлерімен кездестіремін», – депті. Сіңлім сүйікті кейіпкерлерін көру үшін жүлделі орынға əбден дайындалыпты. Еңбегі еш кетпей, бас жүлдені қанжығасына байлады. Алайда уақыттары сəйкес келмей, ертесі күні пойызға мініп кетті. Шығарып салып тұрып: «Арманым «Ақ құстың» кейіпкерлерімен фотоға түсу еді. Олармен кездесу үшін Алматыға екінші рет келетін болдым», – деп жымиды. Балаларға айтып бергенімде сіңліме дұғай сəлем жолдады. Еліміздің əр түкпірінде осылай
армандап жүрген балалар қаншама?!. Танымалдықтары арта түссе де, «татулық пен достықты биік қоямыз» дейді өздері. Танымалдықтың арқасында қызық оқиғалар да жиі болып тұрады екен.

Дəулет:

– Қатарластарымның арасында танымалмын.Əлеуметтік желідегі парақшама да
хат көп келеді. «Маған Аяланың нөмірін бер! Бермесең көресің! Мен оны жақсы көріп қалдым», – деп жазатындар бар. Бір күні мектептің дəлізінде 5-сыныптағы
оқушы қыз «Димаааааш!» деп айқайлады да арқамнан сөмкесімен бір ұрып, қашып кетті. Түсінбей қалдым. Арқама сөмкесі қатты тиді. Үйдегілерге келіп айтсам, «сені танып жатқаны ғой» деп күлді.

Мерей:

– Мені де сыртымнан көп танып жатады. Кішкентай балалар «Санжар мен Қайсардан» таныса, үлкендер «Анаға апарар жол» мен «Қарлығаш ұя салғанда» жобаларынан біледі. Инстаграм парақшамда оқырмандарым көп. Түрлі хаттар келеді. «Мағжанның қызы сен бе?», «Сенің ойың сахна, Айдосты көзіңе де ілмейсің» деп жазатындар бар. Біз бір атаның балаларындаймыз. Тіпті сыртымнан қолмен нұсқап көрсететіндер де бар. Ондай жағдайда көзімді алмай сол адамға қарап қаламын. Содан олар келіп, суретке түсіп, селфи
жасайды. Арнайы танысып, суретке түскісі келетіндерге ілтипат көрсетемін. Бірде пицца алуға барғанда сатушысы мені танып, тегін пицца берді.

Нұрмұхаммед:

– Мені де мектепте таниды. Əлі күнге дейін «Əлихан» болып жүрмін. Жаттығу залындағы ағайларым кинодағы кейіпкерімнің атымен атайды. Кеше таэквондодан жарысқа барғанда мені «Əлихан!» деп шақырды.

«Біздің ең үлкен сыншыларымыз – ата-анамыз» , – дейді балалар бірауыздан. Рөлдегі қателіктердің барлығын аналары айтады екен. Ал балалар режиссерлерге ақыл-кеңес айтып, ой бөлісетіндерін айтып қалды. Тұрдыбек ағаның өзі Мағжаннан пікір сұрайтын көрінеді.

Мағжан:

– Тұрдыбек ағамен көп ақылдасамын. Менің пікіріммен санасады. Баланың сөзі деп қарамай, көзқарасым мен пікірімді сұрайды. Сценарийде күнделікті өмірде қолданбайтын сөздер көп болды. Солардың бəрін өзгерткім келетінін айтып
едім, бірден келісті. Өйткені тұрмыста қолданбайтын сөздер болғандықтан, шынайы шықпайтыны белгілі. Бұл жағдай бірнеше мəрте қайталанды. Күнделікті сөздерді қолдану арқылы ғана көрерменді сендіре алдық. Тұрдыбек ағамен сөйлескенде Қасым ханның балалық шағын сомдағым келетінін білді. Ол үшін тарихи кітаптарды оқып, ұлттық құндылықтарды білу керектігін айтады. Мақсатымыз – талантты болумен қатар білімді азамат болу.

Дəулет:

– Уақытты алмайтын эпизодтың өзіне біраз уақыт кетіп қалатын жағдай болады.
Сол уақытта бір-бірімізге пікір айтамыз. Шынайы шықпаса, қайтадан түсіруге тура келеді. Ақыл-кеңесімізді үнемі айтып отырамыз. Бір салада жүрсек те, бағытымыз əртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, мен комикс жанрында еңбек еткім келеді. Анимация саласындағы ағаларымнан алатыным көп.

Барлық актер болғысы келетін баланың арманы əлемдік киноларда өнер көрсету
болса керек. Голливудты таңғалдырғысы келетіндерін де жасырмайды. Əдемі мен Мерей де болашақта өнер саласының үздігі болуды армандайды. Бекжан Тұрыс ағаларың студенттік кезде актерлік шеберлігін көп қолданғанын айтады. Тіпті əжесінің дауысын салып, ұстаздарынан ауылға сұранып кетеді екен.
Балалар актерлік шеберліктері сабақ айтқанда ғана пайдаға асатынын жасырып
қалмады. Əдемі үйдің кенжесі болғандықтан, тəтті-дəмдіні жыламай-ақ алатынын айтып күлдірді.

«Ақ құс» – отандық кино саласындағы отбасы құндылығын дəріптейтін лирикалық-драмалық жанрдағы тұңғыш көп сериялы хикая. Тұңғыш болғандықтан олқылықтар да жоқ емес. Мектеп оқушыларының қолындағы смартфонды көргенде, оқушы қыз балалардың басынан бантик таппағанда ішіміздің қылп ете
қалғаны жасырын емес. Режиссердің өзі де мойындап, болашақта олқылықтар жібермейтінін айтты. «Біз де бала болдық. Он алты жыл киіз үйде өстік. Қазір де қаланың шетіндегі ауылда тұрамыз. Дегенмен ұлттық құндылықтарды дəріптеуден жалыққан емеспіз. Қаланың өмірі мен тыныс-тіршілігін суреттегендіктен смартфонды ештеңемен алмастыра алмадық. Үйдің бір шетіне
текемет пен сырмақты да төсеп тастауға болар еді, мүмкіндік болмады. Менің негізгі бағытым – ұлттық дүниелердің діңгегі бұзылмаған туындылар жасау. Болашақта «Аңызфильмнің» қолдауымен анимациялық жанрдағы фантастикалық фильмдерді дүниеге əкелгім келеді. Біздің буынның бағыты жаман емес. Қазіргі заманның барлық мүмкіндіктерін пайдаланып жатырмыз. Қызықтың көкесі алда», – деп қуантты Тұрдыбек ағаларың. Демек, тағы да тосын сый күтіп тұр.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА
Суретті түсірген Асылан ТІЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №50
11 желтоқсан 2018 жыл

3 ПІКІРЛЕР

  1. Жаңа, жақсы туынды. Әріптестер өте ұйымшыл, жастарданқұралған тату топ. Бірге жұмыс істеген өте қызық

  2. Маған Ақ құс қатты ұнайды. Ақ құстың 2 маусымы болғанын қалайтындар өте көп. Соның бірі мен. Ақ құстың 2 маусымы болса жсқсы болар еді.

    • Сəлем Аяулым! Пікіріңізге рақмет! Өкінішке қарай, екінші маусымы түсірілмейді екен. Есесіне, жаңа телехикая түсіріледі бұйыртса:)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз