«Ақ желкен» журналының өткен санында Мо Иәннің әйгілі «Қызық гауляң» романының алғашқы бөлімдерінің бірін жариялаған едік. Нобель сыйлығын алған жазушыны аудармай қашанғы қарап отырамыз? Бұл іске бел шеше кіріскеніміздің бір себебі осы еді. Осы санда жарияланып отырған тарауда қастандықпен өлтірілген әкелі-балалы екі адамның мәйіті су астынан қалай табылғаны баяндалады.

Сау Мыңжиудің Гауми ауданында билік жүргізе бастағанына, міне, үш жыл, жұрт тарапынан «Ашық аспан Сау» деген атқа ие болды. Із кесуде әулиедей білгір, қимылы шұғыл, үкімі әділ, туыстыққа жоқ, жазалауда рақымсыз деген аңыз тарағалы қашан… Лохан ата қашырын тағы бір қамшылап қояды.

Қара қашырдың майлы жүні жалт-жұлт сәуле шашып, аудан орталығына апаратын топырақ жолда сар желіп келеді, қолтығы жиырылып-жазылып алға қарай екпіндей ұмтылады: алдыңғы аяқтары жерге тиген кезде артқы аяқтары жолдан көтеріліп, артқы тұяқтары жерге түскен кезде алдыңғы тұяқтары жоғары серпіледі. Бір-біріне ұласып кеткенде, төрт тұяқ барабан соққандай жер бетін кезек ұрғылап, ырғағы анық айқындалып, көрер көзге ұзақ тапыраққа айналып кеткендей болады. Жарқылдаған тұяқтардан бұрқылдап шаң шығып, бұйралана қалып жатады. Күн түстік шығысқа қарай ойысқан тұста, Лохан ата құйындатып қос темір жолдың қиылысына жетеді. Қара қашыр енді темір жолдан өтпей кергиді, Лохан ата үстінен қарғып түсіп, шылбырынан тартып байқайды. Одан сайын тыртысқан қара қашыр кері шегіншектеп, оны жеңе алмайтынын аңдаған Лохан ата бір жерге бөксе басып, демін ала отырып, басқа амалын ойлайды. Шығыс тараптан созылып келген қос рельс күн нұрына шағылысып, көз жасқайды. Күпісін шешкен Лохан ата онымен қашырдың көзін байлайды да, бірнеше рет айналдыра жүргізіп келіп, жетектеген күйі темір жолдан өте шығады.

Аудан орталығының солтүстік қақпасында қолдарына Хәниаңда жасалған мылтық ұстаған қара киімді екі сақшы қарсылайды. Сол күні Гаумиде үлкен жәрмеңке болып, арба сүйреген, жүк көтерген, есек мінген, жаяу жүрген кісілер түгел қала қақпасынан қарай ағылған екен. Көздері әдемі қыз-келіншектерді бағып, назары басқаға ауған сақшылар ештеңеге қарайтын емес.

Қала қақпасынан енген соң аяңдап бір дөңнің үстіне шығып, тағы бір дөңнен асқан Лохан ата қашырын жетектеген күйі шағыл төселген кең жолға келіп ілінеді, қашырдың аяғы теп-тегіс жолға дік-дік қадалып, құмыққан дыбыс шығарып жүріп отырады. Тас жолға тұяғы алғаш тиген қашыр аяна басып, кібіртіктей жылжиды. Жолай сирек те болса ұшырасқан кісілердің жүздері салқын көрінеді. Кең даңғылдың оң жақ беті далиған кең алаң екен, адам біткен қаптап сонда жүріпті, жыртылып-айырылады. Жан-жақтан ағылған базаршылар толқыны сонда тоқайласып, бағаға келісе алмай айғайласып, у-шу болып жатыр, көбі зат сатып, керегін таңдап алуда. Лохан атаның барып, думан көруге зауқы соқпайды, қашырын жетектеген беті аудан әкімдігінің қақпасына келіп бір-ақ тоқтайды. Әкімдік қарамаққа тозған бұтхана кейіпті жұпыны үй екен, екі-үш қатар шикі кесек там, олардың төбесіндегі суағар құймалар арасынан көктеп шыққан сары, жасыл шөптер көзге шалынады. Қызыл қақпаның сыры әбден кетіпті, беті айғыз-айғыз. Сол жақ босағада қаздиған күзетші әскер, қолында мылтық. Оң босағада беліне дейін жалаңаш біреу бүкірейе еңкейіп, қос қолымен ағаш таяққа сүйеніп тұр, таяқтың түбінде сасық иісі мұрын жаратын дәрет шелегі.

Лохан ата қашырын жетектеп, әскердің алдына барып, бас иіп, тағзым жасайды да:

– Қорғаушы, мен Сау әкімге арыз айтуға келдім, – дейді.
– Сау әкім Иән төрені ертіп, жәрмеңкеге кетті, – дейді әскер.
– Қашан қайтып келеді? – деп сұрайды Лохан ата.
– Оны қайдан білейін. Шұғыл шаруаңыз болса, сол жерге барып іздеңіз, – дейді әскер.
– Жол көрсеткеніңіз үшін көп рахмет, қорғаушым, – дейді Лохан ата тағы басын иіп.
Қақпаның оң босағасында тұрған әлгі ғажап адам Лохан атаның кетпек болғанын көріп, іле орнынан қозғалады. Қос қолымен тас қып ұстаған таяқты бір көтеріп, бір түсіріп, дәрет шелекті түйіп-түйіп қояды, түйіп қойып, келесі кезекте: «Келіп көріңдер! Келіп көріңдер, жарандар! Келіп, көріңдер!!! Менің атым Уаң Хаушан! Жалған келісім-шарт жасап, кісі алдадым! Әкім мені дәрет шелегін түйгізіп жазалады!…» – деп айғайлайды.

Лохан ата қашырын жетектеп жәрмеңкенің иіріміне ендеп енеді. Базарда пеш қармасын сататындар да, қарма нан сатқандар да, шөп кебіс, кітап жайғандар да, бал ашқандар да, қарсы шыға келіп қайыр сұрайтындар да, алдап-арбап құлқын асырайтындар да, алтын мылтық сатып, оқ-дәрісін бермейтіндер де, маймыл ойнататындар да, барабан соғып, арпа шырынын саудалайтындар да, мақта қант сататындар да, балшық бала сататындар да, күй аспабын шертіп, У Арлаң бәйітін жырлайтындар да, жусай, қияр, усарымсақ сататындар да, ұстара, қорқор сататындар да, бұршақ ұйымасы, тышқан дәрі, тәтті шабдол сататындар да, арнайы «бала базарында» бала сататындар да бар болып шықты – сатылған балалардың жағасына қураған шөп қыстырып қояды екен. Қара қашыр ауық-ауық басын көтеріп, ауыздығын қарс-қарс шайнап қойып жүреді. Оның адам басып кетуінен алаңдаған Лохан ата алды-артын бағып, сақтана аяңдайды. Уақыт тал түске таяғанда, күн тіпті жанып кетеді. Лохан атаның шүмектеген тері күлгін түсті гүлі бар ақ жейдесін малмандай су қылады.

Лохан ата Сау әкімді тауық базарында кездестіреді. Сау әкім қызыл шырайлы, көздері сыртқа шығыңқы, аузы төрт бұрыш, ернінің үстінде шатыр пішіндес қияқ мұрты бар кісі екен. Үстіне қаракөк түсті жұңсан шапан, басына қоңыр түсті делегей киіп, қолына ақсүйектер асасын ұстапты.

Сау әкім қораланған көп адамның көзінше таласты бір іске үкім айтып жатыпты, Лохан ата төте алдына барудан қоймығып, қара қашырын жетелеп, топтың сыртын айнала жүреді. Изектеген бастар қалқалап, ортада не болып жатқанын көре алмайды. Лохан ата оқыс қимыл жасап, қашырға қарғып мінеді – енді шамалы биікте, басқалар төменде еді, қоршау ішінде не болып жатқаны ап-анық көрініп тұрады.

Сау әкім еңсегей бойлы адам екен, қасында тығыршықтай бір тапал тұр, Лохан ата ішінен дәу де болсаң күзетші әскер айтқан «Иән төре» боларсың деп тұспалдайды. Сау әкімнің алдына екі еркек, бір әйел қол қусырып, жүгіне қалыпты, аққан терлері жүздерін жуып кеткен. Ортадағы әйелдің шүмектеген термен қоса, сорасы да сорғалапты. Аяғының жанында әбден семірген тауық мекиені жатыр.

– Ашық аспан төрем, – дейді әйел кемсеңдей үн қатып. – Менің енем қан тоқтамайтын ауруға душар болған. Дәрі алуға ақша жоқ. Әлгінде келіп, жұмыртқа туатын мына мекиенді сатайын десем… мына кісі келіп, менікі деп жабысып алғаны…

– Бұл тауық менікі, мына әйел таласып жатыр, әкім мырза… егер сенбесеңіз, менің көршім келіп, айғақ болады…

Әкім алты сайлы бөрік киген ер кісіге қарап:
– Сен айғақ бола аласың ба? – дейді.
– Әкім төре, мен пақыр У Сәнлаудың көршісі боламын. Олардың осы тауығы күнде біздің үйге барып, менің тауықтарымның жемін тартып жейді. Осы іске бола менің қатыным бұл кісімен түс шайысып қалған, – дейді ер кісі.
Сасқалақтаған әйелдің аузы-мұрны қисаңдып, не айтарын білмей, ақыры бетін басып жылап жібереді.
Сау әкім делегейін шешіп, ортаңғы саусағына іліп, бірнеше рет айналдырады да, басына қайта киеді.
– Бүгін таңертең сен тауықтарыңа қандай жем бердің? – деп сұрайды сосын У Сәнлаудан.
– Дәнді топан және кебек бердім, – деді У Сәнлау көзін бір айналдырып алып.
– Рас айтады, төрем, таңертең мен оның үйіне балта алуға барғам, сонда әйелінің тауықтарына жем беріп жатқанын өз көзіммен көрдім, – дейді алты сайлы бөрік киген кісі.
– Мына тұрған ауылдық әйел, жыламаңыз… Сіз айтыңызшы, сіз бүгін тауықтарыңызды немен жемдедіңіз? – деп сұрайды Сау әкім енді жылап тұрған әйелден.
– Гауляңмен, – дейді әйел өксіп тұрып.
– Бала Иән, тауықты сой! – деп бұйырады Сау әкім.

Бала Иән ерекше бір жылдам-дықпен тауықтың жемсауын жарып, қолымен мытып қалады, іштен илектенген гауляң дәндері ақтарылды.
– Оңбаған алаяқ У Сәнлау, мына тауықты саған бола өлтірдік, ақшасын төле! Үш теңге күміс ақша! – дейді Сау әкім мырс-мырс күліп.
Құты қашқан У Сәнлау қалталарын сипалап жүріп, екі теңге жиырма неше тиын күміс ақша алып шығады.
– Әкім төрем, жанымда бары осы-ақ екен, – дейді алақтап.
– Саған арзанға кетті, – дейді Сау әкім.
Теңге мен тиындарды алып, түгелдей әйелге береді.
– Әкім ием, менің тауығым мұнша көп ақша болмайды, артығын алмаймын, – дейді ауыл әйелі.
Сау Мыңжиу әкім қос қолымен маңдайын ұстап, «Паһ!» дейді.
– Қандай ақкөңіл, қандай адал, текті әйелсің! – дейді сөзін ары жалғап. – Сау Мыңжиу саған үлкен құрмет білдіреді! – Солай деген ол екі аяғын жұптап қатып тұрып басынан қалпағын алады да, әйелге қарай еңсесін иіп тағзым жасайды.
Тіксініп қалған әйел жас толы жанарын Сау Мыңжиуға қадап, сәл тұрып қалып барып, іле есіне келіп, тізерлеп отыра қалады.
– Ашық аспан ием! Ашық аспан ием! – дей береді сасқалақтап.
Ақсүйектер асасымен әйелдің қолтығынан демеген Сау Мыңжиу:
– Түрегел! Түрегел! – дейді бұйырып.
Әйел орнынан тұрады.
– Жұпыны киім, жүдеген түріңе, қалаға кіріп, тауық сатып, енеңе дәрі алмақ болғаныңа қарағанда, сен бір адал келін болдың! Мен әкім ретінде адалдықты өте жоғары бағалаймын! Құрмет пен жазаны бөліп қараймын! Жылдам ақшаны ал да, үйіңе қайт, енеңе ем жаса! Мына тауықты ала барып, жүнін жұлып, боршалып, енеңе сорпа қайнатып бер! – дейді Сау Мыңжиу.

Ақшаны алып, тауықты көтерген әйел алғысын айта-айта алыстай береді.
Тауыққа таласқан У Сәнлау мен жалған айғақ болған алты қырлы бөрікті күн астында дірілдеп әлі тұрған болатын.
– Алаяқ У Сәнлау, шалбарыңды шеш! – дейді Сау Мыңжиу енді оларға бұрылып.
Қипақтаған У Сәнлау шешкісі келмейді.
– Сен ашық аспан астында әйел адамды жәбірледің, тағы қандай намыс болуы мүмкін сенде? Сен «ұяттың» бір уысы қанша тұратынын білесің бе? Шеш шалбарыңды! – деп бұйырады Сау Мыңжиу.
У Сәнлау шалбарын сыпырады.
Сау Мыңжиу аяқ киімінің біреуін шешеді де, жанында тұрған бала Иәннің алдына тастайды.
– Екі жүз рет соқ! Төртке бөліп, бөлек-бөлек жерден ұр! – деп бұйырады сосын.
Әкімнің қалың табан кебісін іліп алған бала Иән У Сәнлауды бір теуіп құлатып, өрге қараған май құйрығын дәлдеп, оң жағына елу, сол жағына елу, жүз дүре соғады, У Сәнлаудың құлындаған дауысы көкке жетеді, зар еңіреп жалынады, қос жамбасы көз алдыда күп болып шыға келеді. Құйрықтан соғып болған соң, беттен ұру басталады, тағы сол оң жақтан елу, сол жақтан елу… бұл кезде У Сәнлаудың үн шығаруға шамасы келмей қалған еді.
У Сәнлауды ақсүйектер таяғымен түрткен Сау Мыңжиу:
– Ей, алаяқ, бұдан кейін сұғанақ істерге тағы барасың ба? – деп сұрайды.
У Сәнлаудың аузы ісіп, жақ ашуы қиындап кеткендіктен, етбеттеген қалпы басын шайқай береді.
– Тағы сен!.. – дейді Сау Мыңжиу енді жалған куәлік берген адамды нұсқап. – Сен өтірік сөйлеп, басқаның сойылын соқтың, дүниеде мұндай адамдардан асқан намыссыздар жоқ, мен әкім ретінде сені ұрғым келмейді, сенің ана лас қоң етің менің кебісімнің табанын былғар деп қорқам. Саған біраз тәттінің дәмін татырайын, дәулетті кісінің артын жалауға бұйырамын. Бала Иән, барып бір шыны бал сатып әкел!
Бала Иәннің асыға басып сыртқа қарай жүргені сол, қораланып тұрғандар қақ жарылып жол береді. Жалған куәлік беруші тізерлей жығылып бас ұруды бастайды, тіпті, қолындағы алты қырлы бөрігін қоса соғады жерге.
– Тұр… тұр… орныңнан тұр! – дейді Сау Мыңжиу. – Біріншіден, мен сені ұрмаймын, екіншіден, жазаламаймын. Тек алып келген балды жегіземін, сол үшін кімнен кешірім сұрамақсың!
Бал көтерген бала Иән қайтып келеді. У Сәнлауды нұсқаған Сау Мыңжиу:
– Ананың құйымшағына жақ! – дейді.
У Сәнлауды аударып жатқызған бала Иән қолына бір жаңқа алады да, шыны толы балды көнектей боп ісіп кеткен май құйрыққа біркелкі қылып жаға бастайды.
– Ал енді жала, сен құйрық жалағанды жақсы көреді емеспісің… жала! – дейді Сау Мыңжиу жалған куәлік берушіге қарап.
Жалған куәлікші басын жерге дікілдетіп ұра береді. Арасында:
– Әкім ием, әкім ием, пақырыңыз енді мұндайды қайталамайды… – дейді арт-артынан жітірмелетіп.
– Бала Иән, бір табан тауып, жақсылап соқ! – дейді Сау Мыңжиу.
– Жо-жоқ, болды, ұрма! Мен жалайын! – дейді жалған куәлік беруші.
Ол У Сәнлаудың артына барып тізерлеп отырып, тілін шығарып, төмен ағып мөлдір сүңгілерге айналған бал тамшыларын бір-бірлеп жалай бастайды.
Қарап тұрғандардың бетін ыстық тер басады, әсерін айтып жеткізу қиын өзгеше күйге түседі.
Жалған куәлік беруші бал жалауын кейде тездетіп, кейде баяулатады, бір жалап, бір құсады, ақыры У Сәнлаудың құйрығын айнадай қалып жарқыратып тынады. Сәті туғанын байқаған Сау Мыңжиу:
– Тоқтат енді, хайуан! – деп айғайлайды.
Жейдесінің етегімен басын бүркеп алған құйрық жалағыш еңбектеген жерінен тұрмай қояды.
Сау Мыңжиу бала Иәнді ертіп орнынан қозғалуға ыңғайланады, осы орайды тап басқан Лохан ата қашырынан қарғып түседі.
– Ашық аспан ием! Датым бар! – дейді айқай салып.

IV

Әжемнің есектен түсуге икемделгені сол ауыл әкімі У маймыл:
– Келіншек, есектен түспей-ақ қойыңыз, аудан әкімі сізді шақырып жатыр, – дейді айғайлап.
Оң-сол екі жағынан мылтық асынған екі әскер ілесіп, есекке мінген күйінде әжемді айдап, ауылдың батыс жағындағы үлкен иінге қарай алып жүреді. Әжемнің әкесінің бұлшық еті тартылып, келген жерінде қозғала алмай қалады. Әскерлердің біреуі мылтықтың дүмімен желкесінен түйіп қалған екен, тартылған балтыры табанда қалпына келіп, есектің артынан елпілдеп ере жөнеледі.
Әжем иін жағасынан ағашта байлаулы тұрған қара атты көреді, ер-тұрманы айырықша аттың кекілінде бір түйін қызыл шашақ бар екен. Алдыңғы жағынан, неше қадамдай жерден төрт бұрыш үстел орын алыпты, үстіне шәйнек, шыны қойылған. Шетінде бір адам отыр, отырған ол кісінің аты жер жарған Сау әкім екенін әжем әлі білмейтін. Үстел жанында тұрған тағы бір адамның әкімнің жақыны, дүре сағу мен кісі құрықтауда алдына жан салмайтын бала Иән төре, Иән Луогу екенінен де әжем хабарсыз-ды. Үстелдің алдына ауылдың бүкіл тұрғыны жиналыпты, суықтан ыққандай иін тіресіп, ұйлығыса қалған.
Тұтас денесі малмандай су болған Лохан ата үстел маңынан орын алыпты. Дән әулетінің әкелі-балалы екеуінің өлі денелері талдың астына, есік тақтайының үстіне қойылыпты, қара аттан тым қашық емес. Мәйіттен иіс шыға бастаған, есік тақтайының жиектерінен сарғайған су іркіндісі жылтырайды. Бірнеше қара қарға тал астында секеңдеп тіміскеліп жүр. Ағаштың айдар-тәжі қайнап жатқан қазаннан бір аумайды.

Лохан ата осы кезде ғана әжемнің жүзін анық көреді. Әжем толықша келген дөңгелек жүзді, қасы-көзі қиылған, әппақ мойны сұңғақ, мол біткен қара шашын жиып әкеліп желкесіне түйген, көрер көзге өте сымбатты әйел еді. Есек үстелдің қасына келіп тоқтайды, әжем әлі үстінде, белі бекем, бойы тік, әсем отырысы жұрт назарын тартады. Лохан ата қатал кескінді Сау әкімнің шарасы үлкен қара көздерінің әжемнің ақ жүзін тоқтамай тінтіп жүргенін байқайды. Сол сәт санасында жасын отындай бір жылдам ой жарқ етіп өтеді: үлкен-кіші қожайындар дәл осы әйелдің қолында жан тапсырды-ау, сөз жоқ, көңілдесін азғырып, айдап салды, үлкен өрт қойғызып, ізін суытып, сытылып кетті, Дән шаңырағының әкелі-балалы екеуін өлтіріп, жанға қиянат жасағанмен, жер аяғы кең, бұдан кейін білгенін істеп, қалағанын қыла алады…

Есек үстіндегі әжеме қараған Лохан ата өз ойына өзі күмәнданып қалады. Адам өлтірген кісі ізін қанша жерден жасырып кеткенімен, негізінде, қанқұйлы кеспірін бүркей алмайды. Ал мына әйел… менің әжем құдды бір балауыздан соққан сұлу мүсіндей есектің үстінде жайбарақат отыр еді, шидей екі аяғы өкшелері тие тербеліп, жүзінен мұңға толы салқын рай жамырап, пері қызынан ары болмаса, бері болмай отырған-ды. Есектің қатарында кеудесін өр ұстап, шалқалап тұрған әкесінің етегі желбіреген жейдесінің түсі тіпті де ашылып, иесін жас қылып көрсеткен асқақ әлпеті әжемнің нұр-сәулесіне сәуле қосқандай болады.
– Келіншек, есектен түсіп, сұрақтарға жауып бер, – дейді Сау әкім.
Әжем есектің үстінен қозғалмайды. Ауыл әкімі У маймыл жүгіріп барып:
– Есектен түс! Әкім төре сені есектен түссін дейді, – дейді дауыстап.
Сау әкім қолын көтеріп, У маймылды тоқтатады. Сосын өзі орнынан тұрып:

– Келіншек, есектен түсіңіз… есектен түсіңіз… әкім ретінде менің сенен сұрайтын сұрақтарым бар, – дейді жұмсақ үнмен.
Әжемді әкесі сүйеп түсіреді.
– Аты-жөнің кім? – деп сұрайды Сау әкім.
Екі көзін тас қылып жұмып, қазықтай қақшиып тұрған әжем тіл қатпайды.
– Үлкен төрем, бұл келіншектің тегі Дәй, есімі Фыңлиян, еркелеткен аты Жиуар, маусымның тоғызы күні туған, – дейді әкесі асығыс-үсігіс.
– Мыжғау, – дейді Сау әкім.
– Саған кім айт деді? – дейді У маймыл әжемнің әкесіне қадалып.
– Жексұрын! – деп үстелді салып қалған Сау әкім У маймыл мен әжемнің әкесін жерге тыға жаздайды. Әкім жүзін қайта жұмсартып, қолымен талдың астында тақтайда жатқан Дән әулетінің әкелі-балалы екеуін нұсқап:
– Келіншек, сен мына екі кісіні танисың ба? – деп сұрайды.
Көз қиығын салып, жүзі іле суып кеткен әжем үнсіз басын изейді.
– Олар сенің күйеуің мен қайын атаң ғой? Біреу өлтіріп кетіпті, – дейді Сау әкім зірк етіп.
Тәлтіректеп кеткен әжем жерге құлап түседі, тұрғандар барып сүйегенде, қолы ербеңдеп, аяғы тыпырлап, шашындағы күміс түйреуішті ұшырып жібереді, қара бұлт қаптап, нөсер құғандай күй кешеді. Жүзі қуарған әжем еңкілдеп жылап, сықылықтап күледі, астыңғы ернінен бұрқ еткен қызыл қан төмен қарай жылып аға жөнеледі.
Үстелді салып қалған Сау әкім:
– Құлақ салыңдар! Әкімнің үкімі: Дәй фамилалы келіншек, діні жұмсақ, дені сау, мінезі салмақты, алып-ұшпа қызбалығы жоқ, күйеуінің қазасын естігенде қамығып, қайғы жұтты, қан құсып, запыран түкірді, қара бұлтты қайырып, жақынына адал екенін көрсетті. Мұндай ақ жүрек әйел қалай көңілдесін күшкіртіп, өз күйеуін өлтіре алады? Ауыл әкімі Дән У маймыл, менің байқауымша, сенің жүзің бозарып кетіпті, сөз жоқ, апиынкеш, құмарпазсың… Ауыл әкімі бола тұра ауданымыздың түзім-тәртібін өзің бастап бұзған бұл қылығың кешіруге болмайтын қылмыс, оған қоса, арсыз сөз, былғаныш тілмен аққа күйе жақтың, мұның, тіпті, қылмыс үстіне қылмыс. Мен әкім ретінде істі ашық тексеріп, әділ үкім шығарғанды ұнатамын, біреумен ашына болып, аяғын шалыс басқан кісі заң құрығынан құтылмайды. Әкелі-балалы Дән Иәншиудің кісі қолынан қаза табуы, сөз жоқ, сен жауап беретін іс. Сен, біріншіден, Дән әулетінің дәулетіне қызықтың, екіншіден, Дәй фамилалы келіншектің жүз-жамалына сұқтанып, соның себебінен, бар шаруаны мұқият жоспарлап, қатерлі өткелден жеңіл өтпек болдың, мені көзапара алдадың. Мұның, барып тұрған Лу Банның (ағашшылар пірі) есігіне барып, балта қайрау, Гуан Иенің алдында пышақ жану, Кұң Фузының ауласында «Үш әріп тағылымын» оқу, Ли Шыжынның құлағына «Дәрілер сөздігін» озандата сарнау. Ұстаңдар оны!
Бірнеше әскер барады да, У маймылдың екі қолын қайырып, байлап тастайды.
– Менің еш күнәм жоқ, тұнық аспан төрем, еш жазығым жоқ! – деп зарлайды У маймыл.
– Табанмен ұрып, аузын жабыңдар!
Белінен аса үлкен табан алып шыққан бала Иән У маймылдың аузын дәлдеп үш переді.
– Өлтірдің бе, жоқ… Айт?
– Жоқ! Өлтіргем жоқ… Менің еш күнәм жоқ….
– Сен өлтірмесең… Онда кім өлтіреді?..
– Бәлкім… Ойбай… Мен білмеймін… Дәнеңе білсем бұйырмасын…
– Әлгінде ғана маған сарнап едің… Енді ештеңе білмей қалыпсың ғой… Аузынан соғыңдар!
Бала Иән У маймылдың аузына тағы он неше табан ұрады, У маймылдың еріндері ісіп, сыртына айналып кетеді, аузы қанға толады.
– Айтайын… айтайын… – дейді ақыры зорға күңкілдеп.

– Кім өлтірді?
– Иә… Иә… қарақшы өлтірді… Хуа Бозы деген…
– Сен шақырып келген жоқсың ба?
– Жо… жоқ, Иә… Иә, менің әкем… Мені ұрмаңызшы…
– Жарандар, құлақ салыңдар! – дейді Сау Мыңжиу. – Мен әкім болып келгелі үш мәселені шешуге айрықша басымдық беріп келемін, олар: апиынды шектеу, құмар ойынын құрту, қарақшыларды аластау. Апиынды шектеу мен құмар ойынын құртуда үлкен жетістікке жеттік, тек қарақшыларды аластауда қол жеткізгеніміз шамалы. Дұңби ауылы әлі ауданымыздағы қарақшылар ұясы болып қалуда, әкімдік халықты түгел аттанысқа келтіріп, өкіметтің күш-қуатына сүйене отырып, ел аңысы, жұрт мәліметін терең талдап, тұйықтан жол ашып, алда өңір тыныштығын толық жүзеге асырмақпыз.
Менің әжем алға қарай үш адым аттап, Сау әкімнің алдына барып тізерлеп отырады да, опалы жүзін оған қаратып:
– Әке… Сіз менің туған әкемсіз! – дейді айғайлап.
– Мен сенің әкең емеспін, – дейді Сау әкім. – Сенің әкең есектің басын ұстап анда тұр.
Әжем тізерлеген күйі алға жылжиды, барып Сау әкімнің аяғын құшақтай алады.
– Әке… Туған әкем! Сіз әкім болғалы қызыңызды танымай кеттіңіз. Он жылдың алдында, сіз аштыққа ұшырап, қызыңызды ертіп қайыр тілеп жүргенде, мені сатып жібердіңіз де, танымай кеттіңіз. Бірақ, қызыңыз сізді жазбай таныды… – деп тоқтамай сарнайды.
– Әй… әй… Қайдағыны айтпа! Шылғи өтірікті көйтпе!
– Әке… анам әлі ширақы шығар? Інім он үшке келген болар? Әріп үйреніп, қара таныған шығар? Әке, сіз мені екі бұт қызыл гауляңға сатқансыз, мен сіздің қолыңыздан ұстап, жібермей қойғам, ал сіз: «Жиуар, жағдай түзелген соң келіп алып кетемін» деген болатынсыз.

Әкім болдыңыз да, қызыңызды танымай кеттіңіз…
– Мына әйел… Жындысың ба… Сен мені біреумен шатастырып тұрсың-ау…
– Жоқ, шатастырғам жоқ! Әке… Туған әке… – Әжем Сау әкімнің аяғын құшақтаған қалпы жұлқылай береді, жүзін жас жуып, сөйлеген сайын аузындағы ақ тістері жарқылдайды да тұрады.
Әжемді орнынан тұрғызған Сау әкім:
– Жақсы, мен сені өзіме өкіл қыз қып алайын! – дейді ақыры.
– Туған әке! – Әжем қайта тізерлемек болып еңкейген кезде Сау әкімнің қолтығында тұрады. Әкімнің қолын қыса ұстаған ол:
– Әке, маған қашан анамды көрсетесіз? – дейді мақтана, масаттана сөйлеп.
– Барамыз… барамыз… әуелі сен қолыңды босат… – дейді Сау әкім.
Әжем Сау әкімді жібереді.
Қалтасынан беторамалын алып шыққан Сау әкім жүзіндегі терін сүртеді.
Көздері атыздай болған тұрғандар, Сау әкім мен әжеме үдірейе қарайды.
Қалпағын алып, ортан қолына іліп, айналдырып-айналдырып қойған Сау Мыңжиу:
– Ауылдастар… ауылдастар… біздің аудан… апиынды шектеу… құмар ойынын жою… қарақшыларды аластау ұстанымында бастан-аяқ берік… – дей береді тұтыға кекештеніп.
Сау әкімнің сөзі ұзаққа бармайды, үздік-создық үш рет тарсылдаған мылтық дауысы естіледі. Иіннің артындағы гауляң алқабынан атылған үш тал оқ әкімнің ортан қолында айналып тұрған қоңыр қалпағына тиіп, үш жерінің түтінін бұрқ-бұрқ еткізеді. Албастыға айналғандай Сау әкімнің саусағынан көтеріліп, ұша жөнелген делегей жерге түскен соң да айналып жатады.

Мылтық тарс еткенде тұрғандар шу ете қалады. Кейбірі қасақана:

– Хуа Бозы келді! Үш ноқатты самұрық бас келді! – деп айғай салады.
Үстелдің астына кіріп кеткен Сау әкім:
– Тыныш! Тыныш! – деп айғайлайды.
Аяқ асты шырқы кеткен жұрт жан-жаққа бытарай қашады.
Талдың астындағы атты әкелген бала Иән Сау әкімді сүйеп алып шығып, ерге қонжитады да, қолындағы табанмен аттың жамбасынан періп қалады. Жалы тікірейіп, құйрығы сүзілген қара сәйгүлік Сау әкімді ала қашып, шаң ілестірмей құйғытады. Ондаған әскер гауляң алқабына қарай қалағандарынша оқ жаудырып, Сау әкімнің артынан ұйысқан арадай ізін баса қуа жөнеледі.
Иін жағасы әуелгісіндей тыныштыққа шомады.
Жүзі суып, қатайып алған әжем есектің басына қолын артып, оқ атылған тарапқа тігіле қарайды. Әкесі есектің бауырына кіріп, құлағын қолымен басып, тып-тыныш отырып алыпты. Киімінен бозғыл бу бұрқырап Лохан ата о бастағы орнында тұр.
Иін суының беті теп-тегіс болып, жалпақ қайрақ секілденіп жайылып жатыр, неше тал ақ түсті сұлама тұңғиық гүлі ғажап жарасып, қауашақ тілдері піл тісіне ұқсап жарқырай ағарып, мойын соза бой тіктепті.
Алған ауыр соққыдан мұрны көгеріп, аузы ісіп кеткен ауыл әкім У маймыл кенет ашына айқайлап қоя береді.
– Мені босат… мені жібер…. Хуа Бозы, тез келіп, мені құтқар…
Дән У маймылдың айғайына жауап іркес-тіркес атылған үш тал оқ болады. Үш тал оқтың ауыл әкімінің желке тұсындағы құрулы көрініске барып қадалғанын әжем өз көзімен көреді. Мылтық дауысынан кейін әкімнің шашы үш сүйем тік тұрып, артынша сылқ құлап, қарақұсы өрге қарап, жер сүйген аузынан әппақ сұйықтық ағып жатып қалды дейді.
Әжемнің әлпеті өзгермейді, әлденені күткендей оқ ұшып келген гауляң алқабына қарап тұрады. Желпіп самал есіп, иіннің суына толқын тарайды, сұлама тұңғиықтар әлсіз дірілдеп, сәуле сынып, сағым жамырайды. Тал басындағы қарғалардың жартысы әкелі-балалы Дән тектілердің мәйітіне қонып, жартысы орындарында қалып, қарлығыңқы үнмен құмыға құңқылдайды. Олардың құйрықтары самал желмен желпуіштей ашыла желпініп, арт жақтарынан қаракөк түсті бүртіктер тырс-тырс домалайды.

Гауляң алқабынан еңгезердей біреу шыға келеді. Жейдесінің етегі тізесіне түскен, басына гауляң таспасынан тоқылып, сыртынан тоқ сары маймен майланған ши қалпақ киген кісі иін бойын жағалап, аяңдап айналып келе жатады. Ши қалпағының бауы жасыл түсті әйнек маржанмен тізбектеліп, мойнына қара торғыннан шарпы ораған дәу У маймылдың өлі денесіне жақындап, үңіле қарайды. Одан Сау әкімнің сәнді қалпағының қасына барып, іліп алып, маузерінің ұшына іліп, бір айналдырып, бар пәрменімен серпіп жібереді, шыркөбелек айналған қалпақ әуеде доғалана ұшқан күйі иіндегі судың ортасына барып түседі.

Әлгі адам тік қадалып әжеме қарайды, әжем де одан тігіліп, екеуі қарсы келіп қалады.
– Дән Пиянлаң сенімен жатты ма? – деп сұрайды еңсегей бойлы.
– Жатты, – дейді әжем.
– Ой, шешеңді… – деп бір боқтаған анау гауляң алқабына қарай жүріп кетеді.
Көз алдында болып өткен істерге ақылы жетпей, сансырап қалған Лохан ата бір сәт ненің не екенін ажырата алмай қалады.
Үлкен-кіші қожайындарының мәйіттері әлдеқашан қарғалардың қоршауында қалыпты. Дәніккен немелер темір түсті қатты сұр тұмсықтарын аяусыз салып, мәйіттердің көзін шоқып, ойып жеп жатыр.
Лохан ата кешегі күні Гаумидің үлкен жәрмеңкесінде өзінің қалай дат айтып, іс мәлімдегенін есіне алады. Сау әкім оны ертіп әкімдікке кіргізді. Үлкен залда балауыз шам жағып қойып екеуі армансыз әңгімелесті. Қолдарына ұстаған сәбіздерін кеміре жүріп сөйлесіп еді. Ертесі ерте қара қашырына мініп жол бастап, Дұңби ауылына қарай тартып отырды. Әкімнің астында қара ат. Қара аттың артында бала Иән мен он неше жасауыл. Ауылға келіп жеткенде таң ағарып атты. Әкім оқиға болған орынды көзден кешірді. Ауыл әкімі Дән У маймылды шақырып алып, тұрғандарды жинатты. Мәйіттерді сүзіп, сыртқа шығару ісін қолға алды.

Бұл кезде иіндегі су қара ботанаға айналған болатын. Лайланған судың тереңдігін өлшеу де мүмкін болмай қалған-ды. Әкім Дән У маймылға суға түсіп, мәйітті алып шығуды бұйрады, Дән У маймыл су жағдайын білмейтінін айтып, бас тартады: сөйлей жүріп, артына қарай шегіне береді. Осы кезде өзін-өзі қайрап, қайратына мінген Лохан ата: «Әкім, ол кісілер мен пақырдың қожайындары, мен түсіп, алып шығайын», – дейді.

Лохан ата арақ қайнатушылардың біреуін жіберіп, жарты құты арақ алдырады, соны басынан төмен құйып алып, иінге қарай жүреді. Су кісі бойы терең екен. Лохан ата үлкен бір дем жұтып алып, тереңге сүңгиді, аяғының ұшын су түбіне ұйып қалған жып-жылы, жұмсақ тұнбаға тірейді. Көзі жұмулы күйде бар күшімен бұлқынып, ары-бері сипалайды, еш нәтиже шықпайды. Артынан тағы бір рет ауыз толтыра дем сорып алып, алдыңғыдан да тереңге шөгеді, бұл араның суы әлгіндегіден салқындау екен. Көзін тосын ашып алғанда алдынғы жағы сап-сары түске боялып, құлағы шулап қоя береді. Бұлдыраған күңгірт бір нәрсе өзіне қарай жүзіп келе жатады. Қолын созып қалғанда, саусақтарының ұшы ара шаққандай шым ете қалады. Шыдай алмай ойбай салмақ болғанда, аузына лық толған қан татыған сасық суға шашалып қала-ды. Содан соң ештеңеге мойын бұра алмай қалады, қол-аяғын қоса сермеп, су бетіне шығады, жан-дәрмен жағаға қарай жүзеді, жиекке жеткен соң жөнделіп отырып, аузын ашып ентіге дем алады.
– Таптың ба? – деп сұрайды әкім.
– Жо… жоқ… – дейді Лохан ата жүзі шүперектей қуарып. – Иінде… шайтан бар екен…
Иін суына үңіле қараған Сау әкім сәнді қалпағын шешіп алып, ортан қолына іліп, үйіріп-үйіріп қояды. Артынша қалпағының төбесінен ұстап, кері бұрылады да, екі әскер шақырып алып:
– Жарылғыш тастаңдар! – дейді бұйырып.
Өзі шегініп, үстелдің қасына барып отырады.
Иін суының шетіне етпеттеп жата қалған екі әскер мылтықтарын жандарына қойып, белдерінен кішігірім қауындай қара жарылғыш зат суырып алып шығады, әлдебір тығынын жұлып тастап, мылтықтың қақпағына бір ұрып, иінге қарай лақтырады. Әуелеп барып суға түскен жарылғыш зат бұрқылдатып көпіршік шығарады. Екі әскер дереу бастарын ішке алып, жатқан жерлеріне жабысады. Төңірек үнсіз тына қалады. Арада біраз уақыт өтеді, су беті қимылсыз күйі жата береді, жарылғыш зат барып шолп еткенде шыққан көпіршіктер жайыла тарап, әлдеқашан шеткі жиектерге дейін жеткен екен. Құдды мыс айнадай тұнжыраған су беті қарақұрықтанған қалпы сазарып, сыр бермейді.
Тістене ызаланған Сау әкім:
– Тағы лақтырыңдар! – дейді.
Екі әскер жандарынан тағы да жарылғаш зат алып шығып, бұлжымаған алдыңғы ретпен әзірлік шарасын жасап, құлаштай лақтырады. Көкке көтерілген жарылғыш зат пысылдаған ұзақ дыбыс шығарып, артына екі жолақ ақбоз түтін қалдырып, қалықтай ұшады. Сәл қиыстап барып шеткерекке түседі, сол сәт су астынан арт-артынан құмыға шыққан шетін дыбыс естіледі. Иіннің ортасынан биіктігі төрт-бес метр келетін екі су бұрқағы қосақтала атқалақтап, үстіңгі жағы қарағайға ұқсап, құлақтана бой түзеп бір сәт тұрады да, кенет сылқ етіп, сатыр-сұтыр құлап түседі.

Сау әкім жағадан тұра қашады, ауыл тұрғындары да қосыла безеді. Иін бетінен бұлқынған әлгіндегі шоршыманың орны әлі асты үстіне шыға аунап, бұйралана жайылған толқын алысқа кетеді. Тізбек-тізбек көбіктер торс-торс жарылып, ажал апанына айналған он неше тұстан бауыры көктен келген ақ сазан балықтар жарқырай қалқып шыға келеді. Толқын бірте-бірте бәсеңдеп, су бетінен сондай бір сүйкімсіз иіс тарайды. Күн сәулесі айдынды аймалап, ақ түсті сұлама тұңғиықтар баяу ырғалып, түрі көркем, көңілдері тоқ күйінде жайқалып тұрады. Күн шуағы адамдарға да төгіліп, Сау әкімнің жүзі қайта ажарлана бастайды, былайғы жұрттың да назары ауып, бірінен-бірі мойын оздырып, біртін-біртін тынып бара жатқан су бетіне телміріп тұрады.

Бір кезде иіннің орта тұсынан гүр-гүр етіп екі тізбек қызыл түсті көпіршік қалқып шығады. Барлық адам демдерін ішіне тартып, көбіктердің бір-бірден жарылған дыбысына үнсіз құлақ тосады. Тік түскен күн сәулесі су бетіне бір қабат алтын түсті қабыршық жасап, көз ұялтып тұрып алады. Сәті түскенде, іле бір бөлшек бұлт пұшпағы қалқып келіп, күн көзін жабады да, алтын қабыршақ ғайып болып, айдын қайта жасыл түске енеді. Көпіршіктер көрінген тұстан қара түсті екі алып зат баяу көтеріліп, су бетіне таяған сәтте кенет бұлқына өрлеп, қос бірдей бөксе төңкерілген күйі атып шығады, іле бірінің артынан бірі кері аунап, Дән әулетінің әкелі-балалы екеуінің кеуіп, шертиіп кеткен қарындары көкке қарап, бірнәрседен қымсынғандай жүздері судан зорға шалынып, шалқалап қалады.

Сау әкім мәйіттерді алып шығуға бұйрық береді, арақ қайнататын кісілер барып, ұзын сырық тауып, ұшына темір ілмек байлап әкеледі. Лохан ата темір ілмекті жіберіп, әкелі-балалы екеуінің санынан іледі – ілмек етке кіргенде шыққан кірш еткен дыбыс ащы өрік жегендей кісінің аза бойын қаза қылып, түршіктіргендей еді – еппен сүйреп өздеріне қарай тартып алады.

***

Есектің қодығы тұмсығын көкке көтеріп аңырайды.
– Ханым, не істейміз? – деп сұрайды Лохан ата.
Әжем бір сәт ойланып:
– Кісілерге бұйыр, Мухофуға барып екі табыт әкелсін. Тездетіп кебіндеп, ыңғайлы жер тауып көміңдер, қанша тез болса, сонша жақсы. Шаруа біткен соң, батыс аулаға кел, саған айтар сөзім бар, – дейді.
– Мақұл, ханым! – дейді Лохан ата құрметпен бүгіліп.

***

Лохан ата әкелі-балалы қожайындарын табытқа салып, гауляң алқабының бір жеріне апарып жерлейді. Жұмысты он неше арақ қайнатушы кезек-кезек алмасып атқарады, ешқайсысы тіс жарып, тіл қатуға батпайды. Мәйіттердің жүзін жасырып болған кезде күн ұясына отыруға таяйды. Қанаттары күннің қызыл нұрына боялып, күрең тартқан қарғалар бейіттің үстінде бос сандалып, айналып жүреді.
– Бауырлар, қайтып барып мені күтіңдер, қабағыма қарап қимылдаңдар, көп сөйлемеңдер! – дейді Лохан ата соңында.
Лохан ата батыс аулаға барып, әжемнің нұсқауын тыңдайды. Әжем есектің арқасынан алған көрпені салып, үстінде малдас құрып отыр екен. Ал әкесі бір құшақ құрғақ шөпті қолтығына қысып, алдына бір талдан тастап, есекті оттатып тұрады.
– Ханым, шаруаны бітірдік. Мынау қожайынның жанқалтасынан шыққан кілттер, – дейді Лохан ата.
– Кілттер әзірше сенде болсын. Айтшы, осы ауылда мәнті сататын кісі бар ма? – деп сұрайды әжем.

– Бар, – дейді Лохан ата.
– Онда барып, екі қасқан мәнті әкеліп, арақ қайнатушыларға бөліп бер. Тамақтанып болған соң, оларды ертіп осында кел. Артық жиырма мәнті ала кел, – дейді әжем.
Лохан ата жас су ләләсінің жапырағына орап, жиырма мәнті алып келеді. Әжем қабылдап алып жатып:
– Сен шығыс аулаға барып, аналарды қадағала, тез-тез тамақтансын, – дейді.
Басын изеген Лохан ата шығып кетеді.
Әжем мәнтіні әкеліп әкесінің алдына қояды.
– Сіз… жүре тамақтаныңыз, – дейді сосын.
– Жиуар, сен менің туған қызымсың ғой, – дейді әкесі.
– Тез кет, мыжыма, – дейді әжем.
– Мен сенің туған әкеңмін, – дейді қаны басына шапқан әкесі.
– Менің сендей әкем жоқ… бұдан кейін бұл босағаны саған бастырмаймын, – дейді әжем.
– Мен сенің әкеңмін ғой.
– Менің әкем Сау әкім… сен естімеп пе едің?
– Соншалық арзан емес шығармын… жаңа әке тауып алып, көнесін лақтыра салатын? Шешең екеуміз сені оңайшылықпен неткеміз жоқ қой…
Әжем қолындағы су ләләсінің жапырағына оралған мәнтіні әкесінің бетіне қарай бар пәрменімен жіберіп қалады, ыстық мәнті құдды жарылған жарылғыш зат құсап әкесінің бетіне келіп тиеді.
Есегін жетектеген әжемнің әкесі қақпадан айғай-аттан салып шығады.
– Оңбаған! Кішкентай ғана оңбаған неме! Жақынын жат көрген оңбаған! Мен әкімдікке барып арызданамын! Әке-шешеге адал емес деп айтамын! Қарақшымен жең ұшынан жалғасқан деймін… өз күйеуін өлтірген деймін!..
Алыс ұзай берген түп нағашымның балағат-айғайының құйрығын баса он үш кісіні ерткен Лохан ата аулаға кіреді.

Кекіл шашын қолымен жөндеп, киімдерін ретке келтірген әжем:
– Бауырлар, көп қиналдыңдар! Мен жаспын, жаңа ғана босаға аттадым, мұндағы істердің жөнін білмеймін, көпшіліктің көмегіне мұқтажбын. Лохан ата біздің үйде жүргелі он неше жыл болыпты… қазан қайнату жұмысына бұдан кейін де өзіңіз бас-көз боласыз. Үлкен-кіші қожайындар келмеске кетті, енді біздің әрекетіміз басқаша болады. Менің өкіл әкем тұтас ауданды уысында ұстап тұр, несібесін елден айырған кісілердің шамына тимейміз, ауылдағы жамағат, барыс-келісіміз бар саудагер, ешбірін ренжітпейміз, сауда-саттық істерін жалғастырып кететінімізге мен сенімдімін. Бүгін, ертең, бүрсігүні, үш күн қазан қайнамайды, жұмыскерлер маған көмектеседі, үй тазалаймыз. Үлкен-кіші қожайындар қолданған заттардың барлығын… жанатындарын өртеп, жанбайтындарын көміп тастаңдар! Ал бүгін ертерек барып демалыңдар… Лохан көке, осылай етсек қалай болады? – дейді салмақты, нық бейнемен.
– Ханымның айтқанын орындаймыз, – дейді Лохан ата.
– Істегісі келмейтіндер бар ма? – деп сұрайды әжем. – Істегісі келмейтіндер болса, зор жоқ. Егер мендей бір әйел затында болашақ жоқ деп қарайтындар болса, басқа жол таңдауларына болады.
Бір-біріне қараған арақ қайнатушылар:
– Ханым үшін еңбек етуге әзірміз, – дейді бірауыздан.
– Онда болды, – дейді әжем.
Арақ қайнатушылыр шығыс ауладағы бөлмелердің біріне жиналып, гу-гу әңгімеге кіріседі.
– Болды, ұйықтаңдар! Ертең ерте тұруларың керек! – дейді Лохан ата.
Жарым түнде тұрып, қашырға шөп салған Лохан ата батыс аулада әжемнің қатты өксіп жылағанын естиді.
Ертесі таңертең орнынан ерте қозғалған Лохан ата қақпаның сыртына шығып, айналып жүріп келеді. Бастысы ауланың қақпасы әлі жабық, тып-тыныш тұрғанын байқайды. Ол шығыс аулаға қайтып келіп, биік орындыққа шығып, батыс аулаға көз салғанда, әжемнің қоршау қабырғасына арқасын сүйеп, көрпенің үстінде отырған күйі ұйықтап қалғанын көреді.

Алғашқы үш күнде Дән әулетінің үлкен ауласының астаң-кестеңі шығады, Лохан ата мен арақ қайнатушылар үстілеріне арақты шылқылдатып құйып алып, үлкен-кіші қожайындар жамылған көрпе, киген киім, төсенген көпшік, ыдыс-аяқ, шәугім-шәйнек, жастық-бөстек, анау-мынау, барлығын жинап, ауладағы шағын алаңға әкеліп, арақты аямай төгіп, от қойып өртейді, өрттен қалған қалдықты терең шұңқыр қазып, көміп тастайды.
Үйлер босаған соң Лохан ата бір тізбек жез кілтті арақ толы кесеге салып алып келеді.
– Ханым, мына кілттерді арақ құйып үш қайтара өртедім, – дейді Лохан ата.
– Көке, – дейді әжем. – Бұл кілттерді… сіз ұстаңыз. Менің мүлкім сенің де мүлкің.
Есі шыққан Лохан атаның аузына сөз түспей қалады.
– Көке, бұл тартысып тұратын кез емес, барып кездеме, мақта сатып әкеліңіз, бір үйге керек затты түгелдей алыңыз, көрпе-жастықты адам жалдап істетіңіз, ақша жұмсаудан қорықпаңыз, – дейді әжем. – Оның сыртында, арақ қайнатушыларға айтып, арақ алдырыңыз, барлық бөлменің іші-сыртына, бұлың-пұшпағына… түк қалдырмай шашып шықсын.
– Қанша арақ істетсек болар екен? – дейді Лохан ата.
– Қанша кетсе – сонша, – дейді әжем.
Арақ қайнатушылар арақ алып келіп, айналаны түгел аластап шығады. Мұрын жарған арақ исінің ішінде әжем миығын тартып жымиып тұрады.
Бұл жолғы зор көлемдегі аластауға тоғыз қыш құмыра арақ кетеді. Арақ шашылып болған соң, шүберек беріп, араққа малғызып, сүртуге болатын нәрселердің барлығын төрт-бес реттен қайта-қайта сүрткізіп шығады. Сонан соң тамдарды әктетіп, есік-терезелерді сырлатып, сәкілерге жас шөп төсетіп, жаңа көпшік қойғызып, асты да, үсті де жаңадан тұратын жаңа әлем жасап шығады.

Жұмыс толық тәмамдалған соң, әжем сыйлық ретінде арақ қайнатушыларға үш теңгеден таратып береді.

Арақ өндірісі әжем мен Лохан атаның басшылығында жаңаша серпін алып, қызу қарқынмен жүріп кетеді.

Жаппай аластаудан кейінгі оныншы күн дегенде арақ иісі толық сейіліп, жан жадыратар әк иісі жеңіс алып, кісілерді рахатқа бөлейді. Жүрегі шаттыққа толған әжем ауылдағы дүкенге барып, қайшы, қызыл қағаз, күміс ине, зерлі жіп, тағы басқа әйел затына керекті зәру заттар сатып алады. Үйге келген соң сәкіге шығып, терезеге жаңа шапталған ақ қағазға қарап отырып, қайшысын алып, ою оюға кіріседі. Әжемнің ақылы зерек, қолы епті болғаны себепті, бой жетіп, оң жақта отырған кезінде көрші үйлердегі апай-жеңге, әпеке-сіңлілерінің қағаз қиып, өрнек ойғандары әсер етіп, жұғысты болған екен. Айтса айтқандай-ақ, әжем халықтық өнердің үздік өкілдерінің бірі еді, біздің Гаумидің Дұңби ауылындағы қағаздан өрнек ою өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан үлгілі жан.

Гаумиде ойылған қағаз қиюлар өте әдемі, қарапайым да сыпайы, дүлдүл көкте ұшқандай, өзіне хас қайталанбас ерекшелікке ие.

Қолына қайшы алып, шаршы қағазды қия бастаған әжемнің кенет… жасын ұрғандай көңілінің астаң-кестеңі шығады. Өзі орнында қалып, жүрегі кептерге айналып, терезе көзінен ұшып шығып, телегей боп теңселген гауляң алқабының үстінде шарқ ұрады… әжем кішкене кезінен үйден шықпаған, алыс ұзап көрмеген, төрт керегеге қамалып, сыртқы әлемнен мүлде дерлік қалыс қалған жан еді. Еміс-еміс қана хабары бар жерге, онда да, әке-шешесінің қатал бұйрығымен, араға кісі жүріп, асығыс-үсігіс ұзатылып кете барған-ды. Он неше күн болды, аспан аударылып жерге түсті, жел айдаған қаңбаққа айналды, жаңбыр ұрып, қалқыма салындының кебін киді, су беті түгел жырымдалған жапырақ, бір жұп сарала қаз қалқиды. Он неше күн болды, әжемнің жүрегі бал-шәрбаттың ішінде жүзді, тастай суық суға неше мәрте сүңгіп, қайнаған суға талай рет жидіп шықты, гауляң арағына малшынды, көп нәрсенің дәмін татып, талайынан жарақат алды. Сонда нені аңсайды… қалай аңсауы керек… білмейді. Қолына қайшы алғанымен, не оярын ұқпай дал болды… өткен күндердегі асық аңсар, іңкәр тілек… арт-артынан болған оқиғалар көлеңкесінде ғайып болған. Жоқты қиялдап, босты ойлауына тура келген, сары күзде сарғайған атыз басынан, арақ иісі аңқыған гауляң алқабынан қалықтай ұшып, үзіле жеткен әдемі көк шегірткенің шырылдаған үнін естіді. Әжем, тіпті, жасыл түсті сол кішкентей жәндіктің әлдеқашан қызғылт тартқан гауляң сабағына қонып алып, үлбіреген ұзын мұртын дірілдетіп, қос қанатын тынымсыз қағып отырғанын өз көзімен көргендей болды. Әжемнің санасында тосын шыт жаңа бір батыл ойдың нобайы сұлбаланады:
Қапаздан қашып шыққан көк шегіртке қапаздың қақпағына қонып алып, қанатын қағып ән шырқап отырады.
Қапаздан босанған көк шегіркенің кескінін қиып болған әжем, тағы бір кішкентей маралдың суретін ояды. Арқасына қызыл өрік гүлі өскен түз еркесі көкірегін кере басып, еркін, азат алқапта өзінің уайымсыз-қайғысыз, тежеу-шектеусіз қызық күндерін іздеп жүреді.
Әжемнің өмірі «аңдып басқан кібіртік қадамнан гөрі, тәуекелге толы ұсақ-түйек сіз-бізден гөрі, жомарттыққа бай» өмір. Көңілі көктен биік, тірлік жолы жіптен жіңішке, қарсы тұрып та, күресіп те шыдайтын, тұрғысында бек тұрақты адам. Адам мінезінің дамуы деген, күдіксіз, қажетті шарттардан құрам табады, бірақ, егер ішкі керекті шарт пісіп-жетілмесе, кез келген сыртқы жағдай далада қалады. Құдды төраға Мау Зыдұң айтқандай: «Жылылық жұмыртқаны тауыққа айналдыра алады, бірақ, тасты тауыққа айналдыра алмайды». «Ағаш мүсінге айналмағанымен, топырақтан тас соғуға болады» дегенді Кұң Фузы да айтқан. Меніңше, негізгі қағидат біреу.

Қағаз қиып отырып әжемнің қисынсыз нәрселерді қиялдауы оның о баста-ақ әйелдер арасынан шыққан айрықша жан екенін толық дәлелдейді, тек менің әжем ғана гүлдеген өрік ағашын маралдың арқасына апарып қондыруға батылдық ете алады. Әр жолы әжемнің қағаздан ою ойғанын көрген сайын менде үлкен құрмет оянады. Егер әжем жазу-сызумен айналысқанда, сөз жоқ, талай жазарманды шаң қаптырып кетер еді. Ол шынымен де жасампаз жан, айтқаны алтын, дегені күміс, ол көк шегіртке қапаздан шықты десе, көк шегіртке қапаздан шығады, ол бұғының арқасына ағаш өсті десе, бұғының арқасына ағаш өседі.
Әже, сенімен салыстырғанда, немерең болған мен, үш жыл ашыққан ақ биттей соншама әлсізбін!
Әжем қимасын қиып отырып, есіктің қиық етіп ашылғанын аңдайды, іле ауладан сондай бір таныс әрі сондай бейтаныс дауыс естіледі.
– Қожайын, жұмысқа адам жалдайсыз ба?
Әжемнің қолындағы қайшы түсіп кетеді.

Қытай тілінен аударған Серік НҰҒЫМАН

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз