Сабина Есенгелдиева – 7-сынып оқушысы. Шымкенттегі Төлеген Тəжібаев
атындағы №47 мектеп-гимназияда оқиды. Отбасындағы төрт баланың тұңғышы.
Сабинаның кəсібі көпке үлгі. Екі жарым жылдай анасының көмекшісі болып
жүрген жасөспірім биылдан бастап кəсіби визажист. Кəсіби маман екенін дəлелдейтін қағазын алып, еліміздегі «Ең жас бет əрлеуші» атанған Сабинаның көмегіне жүгінетіндер көп-ақ.

– Анам Ақбаян Асанқызы халықаралық дəрежедегі кəсіби визажист атанған
өз ісінің шебері. Шымкент қаласында барлығы таниды. Анамның салған ізімен келемін. Бұл біздің отбасылық кəсібіміз, – деп бастады əңгімесін Сабина. – Бір күні анам Мəскеуге білімін жетілдіруге баратынын айтты. Сол кезде мен де еріп бардым. Алғашында көмекшісі болдым. Кейіннен өзімнің де қызығушылығым оянды. Жазғы демалысымды да анамның салонында өткіземін. Анам кейде тапсырыспен əр жерге барады. Мен де бірге еріп жүремін. Үйден шығарда қажетті косметиканы түгендеп отырамын. Визажист болудағы мақсатым – анама қолғанат болу. Мəскеуде он күн болдық. Сол уақыттың көп көмегі тиді. Анам бет əрлеп, тəжірибеден өтіп жатқанда мен барлық қолданған косметикасына қарап отырдым. Қазір опа-далаптың қай брендтен екенін жатқа білемін. Сапалы косметика мен арзан бояуды ажырата аламын.

Басында маған ешкім сенбеді. Анамның клиенттері көп, бəрінің көңілін табу қиын еді. Аяғынан тік тұруды талап ететін кəсібіне жаным ашығандықтан, кейбір қыз-келіншектерге өзім ұсыныс жасадым. Олар мені кішкентай көрді ме, сенбеді. Макияж жасаған клиенттерімнің суретін көрсеткеннен кейін ғана келісім беретіндер бар. Бет-əлпетіне бояу жаға бастағанымда кішкентай қыздың макияж жасағанын қызық көріп, таңданысын жасыра алмайтындар жетерлік. Кейін жұмысым көңілінен шығып, ризашылығын білдіргенде шабыттанамын. Алғашқы табысымды маған сенім білдірген əпкелерімнен алдым. Анамның əлеуметтік желідегі парақшасынан менің де жұмысымды көре аласыздар. «Кішкентай қыз косметиканы біле ме?» деп сұрайтындар бар. Сол кезде парақшадағы жұмыстарды көрсетемін. Тұтынушыларым маған сенім білдіргенде ғана ісімнің нəтижесі күшті болады.

Сабина өзінің жасына сай бойжетіп келеді. Сұлулықтың дəмін ерте сезінгенімен, опа-далапты мөлшерден тыс пайдалану теріге зиян екенін жақсы біледі. Косметика таңдауға қатысты кеңесі де көп екен.

– Опа-далапты көп пайдалануға болмайды. Біздің теріміз балғын əрі нəзік
болғандықтан, косметикалық бояуларды қолдануға ерте. Кəсіби визажистердің
салонында түпнұсқа бояулар ғана қолданылады. Соларды пайдаланған дұрыс. Ұзақ əрі қысқа мерзімге арналған макияжды да ажырата білу керек. Ыстық пен суыққа төзімді макияжды да жасай аламын. Макияжды өшірудің ережелерін де біліп жүрген дұрыс. Жұмысымды көргендер мені өздері іздеп келе бастады. Сыныптас құрбыларым да қызықты. Визажист болуды мақсат тұтып, анамның оқу курсына жазылды. Үлкен əпкелермен бірге оқушы қыздар да бар. Мен оларға білгенімді айтып отырамын. Мектептегі жарыстар мен кештерге жеңіл түрде беттерін əрлеп беремін. Жаңа жылдық шырша тойына жазылып жатқандар бар. Осылардың барлығына қуанамын. Анамның жұмысын жеңілдетпесем де, қолғабыс еткеніме мақтанамын. Анам бізді күн-түн демей, еңбек етіп, қатарымыздан қалдырмауға тырысып келеді. Өскенде анамның осы еңбегін еселеп қайтарсам деймін. Өзімнен кейінгі екі сіңлім мен інімнің оқу құралдарының барлығын сатып əперу менің мойнымда. Бет əрлеп тапқан табысымды жұмсаймын. Болашақта осы кəсібімнің биігіне шығуды армандаймын, – дейді анасының қолғанаты.

Ақбаян апай қызының қадамын қолдайды. «Мектептегі барлық үйірмеге қатысады. Оқу озаты. Мұғалімдерінен шағым түскен емес. Бауырларына
қамқор болып өсіп келеді. Ерте есейгісі келмейді. Кейде қуыршақ та ойнап кететіні бар. Адал жолмен ақша табуды үйретемін. Қыз бала болғандықтан əсемдікке құштар болып өскеннің əбестігі жоқ деп ойлаймын. Мəскеуге де апардым. Жақында Парижде тəжірибеден өтіп келдім. Сол кезде де ертіп
баруға болатын еді. Мəскеуде білім алып, кəсіби визажист атанғанға дейін үйде самса пісіріп, дүкендерге сататынмын. Ақшаның оңайлықпен келмейтінін
перзенттерім жақсы түсінеді. Сабинам болашақта мектеп бітіре салып, іскер арулардың қатарынан көрінсе деймін. Қазірден бастап тиыннан ақша құрауды үйрене бастаған қызым үмітімді ақтайтынына сенімдімін. Смартфон ұстауға тыйым
салғанмын. Қарапайым телефонмен хабарласамыз. Смартфонсыз-ақ жетістікке жетіп жүр. Тоғызқұмалақтан қалалық чемпионатта өнер көрсетіп, 2-орын алды. Басқа да түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орын алып жүр. Салондағы жұмысына хоббиі ретінде қарамайды. Кəсіби машықтанып алғаны сонша, маған ой қосып, идея айтып отырады», – дейді анасы Ақбаян апай.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №49
4 желтоқсан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз