Әкесі – теңіз, анасы – бұлт болып есептелетін кішкентай Тамшы бүгін ерекше қуанышта. Өйткені ол алғаш рет жерге түспекші.
Биіктен қарағанда жер өте әдемі екен. Жап-жасыл бір әлем. Әдемі қызғалдақтар мен сарғалдақтар, раушан мен қоңыраугүл, жап-жасыл тал-терек, жайқалған көк шалғын… Бұлар Тамшыға беймәлім дүние еді. Жерге түссе, осының бәрімен қауышып, қуанышқа бөленетіндей.
Тамшы бірден төмен құламай, Бұлт анаға ілесіп, көк жүзін біраз шарлады. Бір кезде ол бір адамды көрді. Үстіне сулығын киіп, қолына қолшатырын ұстап алыпты. Өзі ашулы сияқты.
– Қап, тағы да жаңбыр жауатын болды-ау! Үсті-басты су қылғаннан басқа түк пайдасы жоқ, – деп күңкілдеп барады.
Тамшы өкпелеп қалды. Демек,өзін қаламайтын адамдардың да болғаны ғой. Бұлай болар деп кім ойлаған? Тамшы тағы біраз анасының құшағында аспанда жүрді. Көп өтпей үйінің шатырын жамап жатқан бір адамға кезікті. Ол да ренжулі сияқты.
– Жаңбыр жауса болды, төбеден аққан су үйімді алып кетеді, – деп күбірлеп қойып, жанталасып жатыр.


Тамшы мұны көріп тіпті де жерге түскісі келмей қалды. Өсімдіктерге нәр бергісі келеді ғой, басқа мақсаты жоқ. Ал адамдар мұны қаламайды. Сонда… соларға ерегіскенде, кенет төпелеп, үш-төрт күн ақ жауын болып құйса ма екен?!
Көңілі жабырқаған Тамшы сәлден соң ойнап отырған кішкентай қызды көрді. Өзі бірнәрсе істеп отырған сияқты. Анықтап қарағанда, қыздың кішкентай қызғалдақтың жанында жылап отырғанын көрді. Қызғалдақтың қауашағы нәзік күлтелерін көтере алмай салбырап қалыпты. Жапырақтары жерге жатып қалған. Біраз уақыттан бері су ішпей, шөлдеп қалған. Бұл ауылда жаңбырдың жаумағанына да біраз болса керек.
Ыстық күн жер апшысын қуырып барады. Жан-жануарлар су іздеп, сай-саланы шарлап кеткен. Шіркін, жаңбыр болса ғой!
Тамшының қызға да, қызғалдаққа да жаны ашып кетті. Өзін жақсы
көретін, қалайтын жанды тапты-ау, әйтеуір.
Бұлт ана да ауылдың жағдайын көріп, жаны ашыса керек, дереу ащы күннің көзін жауып, мөлдір моншақтарын төге бастады. Тамшы мәз. Бауырларымен бірге Қызғалдаққа келіп төгілді де, оның бойына нәр болып құйылды.Кішкентай қыз да, ауыл халқы да мәре-сәре. Бәрі жаңбырдың жауғанын тойлап, балалар жалаңаяқ жүгіріп жүр.
Кішкентай қыз бен Қызғалдақ та қуанды. Гүлі басын көтеріп, қайтадан жайнағанын көрген қыз тұлымшағы желбіреп, «Жау, жаңбыр, жау! Жауа бер!»деп, алақанын шапалақтап әндетті.
Тамшы өзінің қыз бен гүлге қуаныш сыйлай алғанына қатты шаттанды. Кейде біреуге қуаныш сыйлау үшін бір Тамшының өзі жеткілікті болады екен-ау!

«Балдырған» журналы, №11
Қараша, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз