Любовь Дудченко – физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік
мектебінің 10-сынып оқушысы. Қытайда өткен ғылыми-техникалық инновация
байқауында 1-орын алған. Республикалық, аудандық робототехника
жарыстарының жеңімпазы. Таяуда TedxYouth@AbaySt конференциясына
қатысып, жетістікке қалай жеткенін айтқан еді.

– Робот жасаған бала туралы қызық мультфильм көрдім. «Кіп-кішкентай бала қалай жасады?» деген ой маза бермеді. Оның ерлігін қайталағым келді. Қажетті құралдарын тауып, шамам жеткенше робот құрастыратынмын. Бірақ қалай дамытарымды білмедім. Ата-анам, достарымнан жүретін роботты қалай жасауға болатынын сұрайтынмын. Күні бойы компьютерде отырып, роботтың құрылысын зерттеймін. Тыңдаған адам сенбеуі мүмкін. Менің бар үмітімді теледидардан естіген
жаңалық оятты. Назарбаев зияткерлік мектебінде робототехника үйірмесі ашылғанын хабарлап жатты. Құжаттарымды жинап, бағымды сынап көргім келді. Мен үшін ең қиыны ағылшын тілі болды. Өйткені неміс мектебінде оқимын, ағылшын тілін түсінбеймін. Алты айда өз бетімше ағылшын тілін үйрендім. Сөйтіп, НЗМ-ге түсіп, робототехника үйірмесіне қатысуға мүмкіндік алдым. Осы оқиғадан кейін екі нəрсені түсіндім. Алдымен армандау керек. Арманға жету үшін бар күш-жігеріңді жұмсау қажет. Қол жетпейтін нəрсе жоқ.

Қазір өзім армандаған мектепте шуақты күндерім өтіп жатыр. Ең бірінші жасаған роботым əлі есімде. Орнынан əрең қозғалатын кішкентай манипулятор болатын. Жоғары сыныптың оқушылары: «Осы ма жасағаның?» – деп күлетін. Қуаныштан жүзім бал-бұл жайнап кетті. Үш күннің ішінде темірлерді құрастырып, қажет дүние жасағаныма сене алмадым. Ең бастысы, өзім басқарамын. Робот құрастыруға деген ұмтылыс, қызығушылық үлкен нəрсе жасауға күш берді. Технология кез келген мəселенің шешімі екенін түсіндім.

Технология ғана адамның өмір сүруін жеңілдетеді. Əрбір жобам сұрақ қоюдан басталатын. Мысалы, зағип жандарға қалай көмек берсем болады? Жолда
жүруге көмектесетін қолғапты осы мақсатта жасадым. Қолғап жолдағы кедергіні, межелі жерге қанша уақыт қалғанын көрсетеді. Кедергіден қалай өту керегін де айтады. «SOS» батырмасын басса, жедел жəрдемге қоңырау соғылады. Сондай-ақ, көзі нашар көретін жəне зағип жандар кез келген мəтінді еркін оқи алады. Қытайда өткен байқауда осы қосымша көпшілікке ой тастады. Белгілі қытай ғалымы Гао Шичи қоры жəне Чунцин қаласындағы Sanray компаниясы ақшалай сыйлық берді. Сайыста өзіме ең қажетін таптым. Бұл – тəжірибе. Халықаралық аудиторияда өз жұмысыңды таныстыру… Əлемнің алдында Қазақстанның көк туын көтеріп тұрып, қуандым. Қазақ елінде робототехниканың дамып жатқанын дəлелдегеніме риза болдым. Қосымшаның жұмысы қарапайым. Мəтінді дыбыстық режим немесе Брайл қарпімен оқуға болады. «Оқып көр» жобасы мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына жол ашады. Əмбебап комбайн құрастырдым. Егістікте бір емес, бірнеше адамның жұмысын істейді. Суды, дəнді, тыңайтқышты үнемдейді. Қазақстандағы туризмді дамытуға байланысты қосымша жасадым. Еліміздің көрікті, тарихи жерлері туралы қызықты мəліметтер беріледі. Технология арқылы бала күнімде кедергі болған мəселелерді шешкім келеді. Балаларға үйде отырып-ақ робот құрастыруға мүмкіндік беретін мобильді қосымша құрастырдық.

Жазда IТ технология саласында тəжірибе жинау үшін команда құрылды. Жауапты студентке келіп, өзімді таныстырып, жасаған роботтарымды айтып, «топқа қосыңыздар» дедім. Студент артық орын жоқ деп кері қайтармақшы болды. Үмітімді үзбей, ВК əлеуметтік желісіндегі парақшама кіріп көруін өтіндім. Үлкен кісілерге робототехникадан дəріс өткізетінім, робототехника сайыстарында жеңіске жеткенім жазылып тұрған-ды… Əлгі студент оқып отырып: «Люба, осының бəрін өзің жасадың ба?» – деді. Əрине, өзім! «Онда бізбен жүр, саған орын бар!». «Көкжайлау», «Технодом» мекемелерінде көптеген жұмысты істедік. Кейін топтың жетекшісі болдым. «Қыз баласың» деп кері итеруі мүмкін. Бірақ оған қарама! Керісінше, жігіттерге қарағанда жұрт қыздарды есінде жақсы сақтайды.

Келесі қиындық – робототехника мен сабаққа үлгеру. Таңнан кешке дейін сабақта боласың. Кешке робототехникаға барамын. Бір қызығы, осындай күн тəртібінен шаршаған емеспін. Неге? Өйткені өзіме ұнайды. Мəселе керемет нəрсе құрастыруда емес, кішкентай зат болса да түсіндіре білуде. Сенің жасың, жынысың маңызды емес. Біз үшін есіктің бəрі ашық.

8-сынып оқып жүргенде робот жасауға қызыққан жалғыз қыз болдым. Қазір жігіттерден құралған топтың жетекшісімін. Жақында робототехника жарысында оқушылардан құралған біздің команда студенттерді басып озып, 1-орын алды. Демек, оқу, үйрену ешқашан да кеш емес, – деді Любовь.

Конференцияға келген жеткіншектер жас өнертапқышқа қол соғып, құрмет білдірді.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №48
27 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз