Бір минутта қанша сөз оқисың? Елу, алпыс, жетпіс… Ал 10-сынып оқушысы Адина Манатбекова 132 000 сөз оқиды. Керемет қой, иə! Ол жылдам оқудан Қазақстан чемпионы. Есімі «Қазақстанның 100 дарынды оқушысы» кітабына кірген. Фортепианода ойнайды, бірнеше би біледі, ағылшын тілінде еркін сөйлейді, тігін де тігеді, шахмат та ойнайды…

Адина өте қарапайым екен. Сабақтан шығып, ағылшын тіліне қосымшаға барады. Жолдан балабақшадағы сіңлісіне соғып, жағдайын біліп кетуді əдетке айналдырыпты. Бəріне үлгеретіні көрініп тұр. «Өйткені үйдің үлкенімін», – дейді күліп.

– Анам қосымша сабақтан қалдырмайтын. Оның еңбегін ақтау басты парызым деп білемін. Қандай үйірмеге барсам да, шыңына шығуға тырысамын. Үш жасымнан биге қатыстым. «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсеттім. Халықаралық, республикалық би жарыстарында спорттық бал билерінен əрдайым жүлдемен келетінмін. Шахмат ойнағанды (III разряд) жақсы көремін. Күйсандықта Бетховеннің шығармалары мен қазақ əндерін орындаймын. Музыка мектебінде оқыдым. Тігін сабағына барып, көйлек, шалбар тігуді үйреніп алдым.

Адина інісі Шыңғысхан мен сіңлісі Айланаға қамқор. Інісі спортқа жақын: каратэ, жүзумен айналысады. Ермексаздан мультфильм кейіпкерлерін жасайды. Айлана сəби кезінде-ақ суда жүзуді үйреніпті.

– 2016 жылы маусым айында «Жылдам оқу» үйірмесінде оқыдым. Анам хабарласып, үйірмеге жазып қойғанын айтты. Қарсы болғам жоқ. Өйткені кітап оқуға қызықпайтынмын. Анама осы қасиетім ұнамайтын. Кітап оқысам болды, ұйқым келетін. Үйірмеге жалқаулығыммен күресу үшін бардым. Үш сағаттан бес күн оқыдым. Кітапқа қызығушылық пайда болды. Үйге келіп, сөрені ашсам, кітапқа толып тұр. Асықпай оқи бастадым. Үйірмеде үй тапсырмасына екі сағат немесе 100 беттік кітап оқуды берді. Бірінші рет 92 мың сөз оқып, рекорд енгіздім. Бір жылдан кейін «Жылдам оқуға» қайта келдім. Он үш кітап оқып, минутына 132 мың сөзді түсініп оқитын дəрежеге жеттім. Сөйтіп, өз рекордымды өзім жаңарттым. «Кітапты не үшін оқисың?» деп сұрайтындар бар. Əрине, өзім үшін. Көп нəрсені білгім келеді. Кітапты əртүрлі тəсілмен оқимыз. Соның бірі – алақанды қойып оқу. Негізі жылдам оқу əдісін айтуға болмайды. Маған сканер əдісі ұнайды. Шульте кестесі өте тиімді. Кітапты ирек із, құрбақа секірісі, диагональ жолмен оқи білдім. Кестенің арқасында мəтіннің не туралы екенін білемін. Адамдар бір-екі жолды көрсе, мен сегіз жолға дейін оқуға тырысамын.

Күніне екі-үш кітап оқимын деп айта алмаймын. Екі жүз беттік, сөзі ауыр кітап болуы мүмкін. Асықпай, түсініп оқуға тырысамын. Ал тілі жеңіл, бес жүз беттік кітапты бір сағатта оқып тастаймын. Психология, медицина жайлы кітаптарға қызығамын. Кейде апамның берген кітабын оқимын.

Бірде сабақта қызық болған. Артқы партадағы сыныптасым сабақ үстінде сөйлеп отырған. Апай мен деп ойласа керек. «Адина, жаңа сабақты білетін сияқтысың ғой, айтып берші» деді. Дəл сол сəтте телефонына қоңырау келді де, апай сыртқа шығып кетті. Қайта келгенде, тапсырманы айтып бердім. Апайым түсінбей, таңырқағаны бар. Сыныптастарым ду күлді.

Адина ресейлік «Таңғажайып адамдар» бағдарламасына қатысты. Интернетке жүктелген бейнероликті мыңдаған адам көріп: «Қазақ қаны таза халық. Қазақтың ұл-қыздары əлі талай шыңды бағындырады», – деген жылы пікір қалдырыпты.

– Тамыз айында əлеуметтік желіден бағдарлама редакторы хабарласты. Мен туралы бейнероликті көріпті. Интернетте скайп арқылы сөйлестік. Байланыс өте нашар болды. Редактор экранның ар жағында отырып, мəтінді 1-2 секунд көрсетті де байланыс үзіліп қалды. Мен оқып үлгердім. «Адина, мəтінді қайта көрсетейін бе?» – деді. «Жоқ, қажет емес! Дайынмын!» – дедім.

Редактор сене алмай, ұзақ отырды. Екінші мəтін қиын болды. Жыл, апта күндері мен авторлар жазылыпты. Бəріне дұрыс жауап бердім. Шақырту алғанда бəріміз қуандық. Бірінші күні суретке түсіріп, шағын фильм түсірді. Келесі күні студияға кіріп, шығатын есікті көрсетті. Қатты уайымдадым. Бес күнде салмақ тастап үлгердім. Ұйымдастырушылар біріккен екі мəтінді ажырату керектігін айтқан. Кейін шарт өзгеріп кетті. Он сегіз парақты 35 секундта оқып, сарапшылардың сұрағына жауап бердім. Сыннан өте алмағандар болды. Мысалы, алыста тұрып пышақ лақтырудан чемпион болған ағай келді. Көзін байлап, пышақ лақтыруы керек еді. Өкініштісі, тапсырманы орындай алмады.

Адина болашақта дəрігер болғысы келеді. Көкесін үлгі тұтады екен. «Үйірмеге бармай-ақ жылдам оқуға бола ма?» деген сұрағымызға былай деп жауап берді: «Əрине, оқуға ынтасы бар бала бəрін үйренеді. Интернетте Шульте кестесімен
дайындалуға кеңес беремін», – деді.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №48
27 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз