Қазақстанда тарихи мекендер мен ескерткіштер, кесенелер мен киелі жерлер көп. Бірақ ол жерлердің барлығы таныстырушы мамандармен қамтылмаған. Тіпті, кейбір тарихи ескерткіштердің тарихын жергілікті халықтың өзі жете біле бермейді. Соған қарамастан, Қазақстандағы ескерткіштер мен тарихи орындар зерттеушілер мен туристердің сұра- нысына ие. Осыған орай AVSoftware компаниясы «Цифрлық Қазақстан» жəне «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламалары аясында «Тарихи жол» атты мобильдік қосымша жасап шығарды.

Мобильді қосымшада Қазақстанның киелі аймақтары туралы мəліметтер қазақ, орыс, ағылшын, қытай жəне түрік тілдерінде жинақталған. Бағдарламаның басты ерекшелігі – оффлайн режимде де жұмыс істейтінінде.

«Ұланның» тілшісі «Тарихи жол» мобильді гидін жасаған AVSoftware компаниясының даму бойынша директоры Арман Есенғожиновтан мобильді қосымша туралы толығырақ сұрап білді.

Тек тексерілген ақпарат ұсынамыз

Ұлан: «Тариxи жол» мобильді қосымшасының қызметі қандай? Аудиогидтің қандай артықшылығы бар?

Арман Маратұлы: Мобильді қосымша халқымыздың тарихи-мәдени жерлерін жаңғырту, AR және VR сияқты заманауи технологияларды пайдалану арқылы тарих пен жаңа технологияны біріктіру, қосымша арқылы белгілі бір аймақты тануға деген қызығушылықты арттыру мақсатында жасалды.

Біз «Тарихи жол» қосымшасында кез келген объект туралы тек тексерілген ақпараттарды ұсынамыз. Ертеден келе жатқан ауыздан ауызға деген ұғым нақты ақпаратты азайтады және кейбір деректерді өзгеріске ұшыратады. Сондықтан еліміздің тарихи аймақтары туралы ақпаратты бұрмаламай беруді мақсат еттік. «Тарихи жолда» қолданылған ақпараттың барлығын бізге мәдениет басқармасы және туризм басқармасы береді.

AR технологиясын қолдана отырып адамдарға аудиогид дайындадық. Біздің еліміздегі басты мәселелердің бірі – шетелдік туристерді елге тарту. Шетелден келген қонақтарды тарихи орындармен таныстыратын, көп тіл білетін, жол бастап жүре алатын мамандар тапшы екені айтпасақ та белгілі. Бар болған күннің өзінде қалтаға салмақ салады. «Тарихи жол» қосымшасы бір емес, бірнеше қызметті қатар атқара алады.

Сонымен қатар, қосымшаға геолокация енгізілген. Бағдарламаны туристік нұсқаулық ретінде пайдалануға да болады. Нұсқаулықта туристік объектілер ғана емес, жергілікті жердегі қонақ үйлер мен мейрамханалардың тізімі және олар туралы ақпарат бар. Барған объектілер бойынша пікір қалдыруға болады. Қосымша қолданушылары Қазақстан тарихына терең бойлап, тарихи кейіпкерлердің арқасында ақпаратты жылдам қабылдай алады.

Ұлан: Мұндай қосымша жасау туралы идея қалай туды?

Арман Маратұлы: AVSoftware компаниясында апта сайын жоспарлы кездесу өтеді. Бір кездесуде үкіметтік проблемаларды шешу жолын қарастырдық. Мемлекет пен ел тұрғындары үшін не істей аламыз, туризмді дамытуға қандай үлес қосуға болады деп ойладық. Ойлана келе осындай қосымша жасау туралы ой келді.

Елімізде «Рухани жаңғыру» және «Digital Kazakhstan» дейтін бағдарламалар бар. Екеуі де мемлекеттік бағдарлама. Мобильді қосымша осы бағдарламалар аясында жасалды. Жаңа технологиялардың көмегімен тарихи маңызы бар аймақтардағы әр объектіні сандық түрде айқындап, оны дұрыс пішімде беруге тырыстық. Халқымыздың мәдениеті мен тарихын жаңа технологиялармен үйлестіргеннің нәтижесінде қолданушылар синергетикалық әсерге ие болады.

Ұлан: Қосымшада қандай тариxи жерлер мен ескерткіштер туралы ақпарат бар?

Арман Маратұлы: Қазіргі таңда «Тарихи жол» мобильді қосымшасына Шығыс Қазақстан облысындағы – 42, Жамбыл облысындағы 20 нысан енгізілген. Алматы облысындағы 16 объектіні енгізу жоспарланып отыр. Аталған объектілердің барлығы өзінің ерекше тарихымен, көрнекілігімен, сәулетімен ерекшеленеді.

Ұлан: Мобильді қосымша гиді ретінде қандай образ таңдалды?

Арман Маратұлы: Мобильді қосымшадағы гидті AR технологиясын қолдана отырып жасадық. Тарихи орындармен таныстыратын гидтің образы ретінде қазақы шапан киген қарияның бейнесін таңдап алдық. Қолданушы қазақ халқының мәдениеті мен рухын, табиғатын сезініп, тарихи орындар мен жерлерді, көне заманды еске алса деген ниеттен туды.

Ұлан: Мобильді қосымшаны қолдану тәртібі туралы толығырақ айтып берсеңіз.

Арман Маратұлы: App Store және Play Market-тен «Tarihi jol»  деген қосымшаны тауып, жүктеп алсаңыз жеткілікті. Мобильді қосымша барынша түсінікті етіп жасалған және қолданушылар үшін арнайы нұсқаулықтар көрсетілген. «Тарихи жолдың» ерекшелігі – тарихи маңызы бар жерлерде орнатылған QR-кодты сканерлеу арқылы телефоныңызға жанды гид жасай аласыз. Телефоныңызда жанды гид көрініс береді және гид ретінде сізді орын туралы толық ақпаратпен қамтамасыз ете алады. Картадағы киелі аймақтардың көрінісін 360 градустағы видео және фотопанораманың көмегімен тамашалауға мүмкіндік бар

Ұлан: Мобильді қосымшадағы ақпараттар қандай тілдерде қолжетімді?

Арман Маратұлы: Пайдаланушы барлық ақпаратты бес тілде ала алады: қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай.

Ұлан: Бағдарлама тек онлайн қызмет көрсете ме? Кей аймақтарда желілік байланыс жақсы дамымаған ғой. Бұл мәселе қалай шешіледі?

Арман Маратұлы: Бағдарлама жасамас бұрын біз де бұл мәселені толығымен зерттеп, шешімін таптық. Мобильді қосымшаны интернет желісі жоқ жерлерде де оффлайн режимде пайдалануға мүмкіндік бар. Бағдарламаны телефонға қондырған кезде барлық ақпарат қосымшамен бірге жүктеледі. Әрине, видео мен геолакация функциялары интернетсіз іске қосылмайды. Бірақ, гид және мәтін түріндегі ақпараттар барлық жағдайда қолжетімді.

Ұлан: Компанияның «Тариxи жолдан» басқа қандай туындылары бар?

Арман Маратұлы:  «AVSoftware» компаниясы 2014 жылы ашылған. Осы төрт жыл ішінде біраз жетістікке жеттік. Қоржынымызда 9 автоматтандыру жобасы бар. Осы күнге дейін 9 қосымша, 42 сайт, 50 логотип жасап шығардық.

Ұлан: Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Арман Маратұлы: Алдағы уақытта «Тарихи жол» қосымшасына электронды аудармашы енгізбекпіз. Мысалы, Қазақстанға саяхаттап келген екі түрлі ұлт өкілі екі түрлі тілде сөйлейді. Біз олар бір-бірімен еркін ақпарат алмасып, пікірлерімен бөліскенін қалаймыз. Электронды аудармашының функциясы екі адамның айтқанын сол мезетте аударып беру болмақ. Осы арқылы біз адамдар арасындағы тілдік барьерді азайтуды көздейміз.

Ұлан: Қалай ойлайсыз, барлық құндылықты цифрлық теxнологияға көшіру керек пе? Оның қандай артықшылығы мен кемшілігі бар?

Арман Маратұлы: Дәл қазіргі жағдайда нысандарды сандық технологияға көшіру тиімді. QR төлемі арқылы қай аймаққа қанша адам барғанын бақылай алатын боламыз. QR төлемі  ұрлықтың алдын алуға көмектеседі. Ақша алып жүрмей-ақ, картаңызды біздің қосымшаға еңгізіп қойсаңыз, өте ыңғайлы болады. Бұл әдіс әсіресе шетелдіктер үшін қолайлы. Туристер Қазақстаннан банкомат таппай жүргендерін айтып, жиі шағымданады. Олар барлығын карта арқылы төлеп үйренген. Төлем жүйесі арқылы қанша ақша түсіп жатқанын нақты көре аламыз. Жоғарыда айтып өткендай, біз қосымшаның көмегімен гидтің жұмысын жеңілдетеміз. Себебі көптеген мәдени-тарихи орын еліміздің шет аймақтарында орналасқан. Ол жерлерге гид мамандар жиі бара бермейді. Жаңа технологиялар заманында кез келген қызмет түрін барынша оңтайландырған дұрыс деп ойлаймын.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №46
13 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз