Мен қалта телефоныммен бірге тамақ ішіп, бірге ұйықтап, тіпті əжетханаға да ұстап барады екем. Олай етпесем маңызды хабарламаны аша алмай, бір жаңалықтан құр қалғандай күй кешем. Сексенінші жылдары туылған адам үшін смартфон микроорганизмдерге толы бомба болуға тиіс. Микроорганизмдер асханадан, автобустан, жуынатын бөлмеден жұғады. Бірақ біздің ағза оған да бейімделіп алды. Ал қазір ол қалыпты жағдайға айналып кетті.

Адам смартфонына күніне жүзден көбірек қарап, тəуліктің 3-8 сағатын гаджетімен бірге өткізеді екен. Қалта телефонға тəуелділігіміз жаңа термин енгізді. Оффлайн. Смартфонды пайдаланбаған уақытыңның бəрі оффлайн. Яғни біздің бүкіл өміріміз, миллион жыл бойы қалыптасқан мынау əлемнің бəрі жалғыз оффлайнға кіріп кетті.

Біз күн сайын болашақтың басты ауруы, тіпті өлімге апаратын індетін қалыптастырып келеміз. Алдымен əлемдік аурулардың тарихына тоқталайық. Өткен ғасырдың басында көбіне жұқпалы аурулардан –дифтериядан, туберкулезден жəне ішек инфекцияларынан қырылды. Ауруға қарсы антибиотик табылып, 1940 жылдары пенициллин өндіру қолға алынды. Одан сəл бұрын ғаламшардағы жүз мыңдаған адамды алып кеткен дифтерия, сіреспе, көкжөтел жəне туберкулезге қарсы алғашқы вакциналар дамыды. Бірақ бактериялар оңай берілмей келеді.

Ең алдымен антибиотик бар жерде ауру тұрмайтын алтын дəуір аяқталды. 1960 жылдары антибиотиктердің бактерияларға тұрақты əсер етуіне байланысты проблема басталды. Бір ұрпақтың өмір сүру кезеңінде антибиотиктердің бес түрі өзгерді.

Екіншіден, табиғат бос орын қалдырмайды. Жұқпалы аурудың орнын созылмалы жұқпалы емес аурулар басты. Олар емделмейді, сөйтсе де адам бірден өліп кетпейді. Ондай ауру адамның ағзасында өмір бойы жүреді жəне негізінен өмір сүру салтына байланысты пайда болады. Егер адам тəттіні көп жесе, екінші типтегі қант диабетіне шалдығуы мүмкін. Майлы тамақты жиі жесе, атеросклероз дамиды. Оның соңы инфаркт пен инсультқа əкеледі. Өмір сүру салтына мəн берген адам ұзағырақ өмір сүреді. Аз уақыттың ішінде өлімге əкелетіндері – қан
айналым жүйесінің бұзылуы, онкологиялық аурулар мен дене жарақаты. Ал жүз жыл бұрын инфекция аяқ-қолы сау адамды қант диабеті немесе «жаман ауруға» шалдығуына жеткізбей алып кететін.

Болашақта алысатын төрт ауру

Денсаулық сақтау саласындағы білім беру бағыты өзгерді. Бұған дейін тамақ алдында қолын жууға үйрететін. Қазір спорт насихатталады, дұрыс тамақтану бар, режиммен жұмыс істеу қосылды.

Қарап отырсақ, денсаулық сақтау саласы бар назарды дені сау адамға емес, ауырған адамға аударады. Медицина инфарктен алып қалып, қатерлі ісікті емдейді. Тіпті буын ауыстыра алады. Ал болашақта көпшілікті адам денсаулығына не əсер етеді деген сауал мазаламақ. Əрине, тəтті, тұзды, майлы тағамдар мен инфекциялардан басқа.

1. Біз толассыз ақпарат ағынында өмір сүріп жатырмыз. Оның көптігі сонша, жаңалықтың оқуға тұратын-тұрмайтынын ойлануға бірнеше секунд қана уақыт құртамыз. Өйткені келесілері кезекте тізіліп тұр. Соңғы 30 жылда адам алдыңғы бес мың жылдағыдан көп ақпаратты жазды.

2. «Ланцет» ғылыми журналында алдағы жиырма жылда адамның денсаулығына кері əсер ететін фактордың басында психикалық күйзеліс түрлері тұратыны жазылған. Оның бастамасын қазір-ақ көріп жүрміз. Ақпарат ағыны мен психиканың қандай байланысы бар деуіңіз мүмкін. Кішігірім мысал келтірейік. Əлеуметтік желідегі қызылды-жасылды киінген əдемі адамдарға бір, өзімізге бір қараймыз. Содан жандүниемізде денемізге, келбетімізге, өмір сүру стилімізге деген көңіл толмаушылық пайда болады. Ол асқынса, адам психикалық ауруға ұшырайды. Оның денсаулыққа əсер ететіні белгілі.

3. Денсаулыққа төнетін келесі қауіп – дене жарақаты. Ол автокөліктердің көптігінен де болар. Алайда дене жарақаты дегеніміз апаттар ғана емес. Оған суицид те кіреді.

4. Келе-келе аутсорсинг машинаға ең бағалының бірі – сыни ойлау арқылы шешім қабылдау қабілетін де береміз. Миымызды
шешім қабылдау жұмысынан босатуға құмармыз. Жоғарыда
айтқанымдай, табиғатта бос орын деген ұғым жоқ. Біз басқа нəрселерге, мəселен, эмоцияға, инстинкт пен сезінуге орын босатамыз. Ол неге əкеп соғады? Фильм қарап, шопинг жасайтынымыз, парашюттан секіретініміздің бəрі жақсы эмоция алу үшін. Қатты əсер мен алаңдап, уайымдауды сезіну үшін ғана. Мұндай эмоцияны тұрақты сезінгіміз келеді. Оған қоса оның бұдан да күшті болғанын қалаймыз. Психикаға, гормон жүйесіне түсетін мұндай қысым салдарсыз болмайды. Ашуланшақ бола бастаймыз. Ұсақ-түйекке көңіліміз бөлініп, бір нəрсеге мұқият көңіл аударуымыз қиындайды. Жақындарымызды бөтенсіп, алыстай береміз. Мұндай қысым шегіне жеткенде бүкіл дүниеге деген қызығушылықты бір сəтте жоғалтып аламыз. Депрессия деген, міне, осы.

Енді қайтсек екен? Менің ойымша, шешім тез арада табылады. Жасанды интеллектіні дамытудың арқасында есте сақтау немесе
эмоцияларды бекіту мен жинақтау технологиялары пайда болады. Жасанды интеллектінің қоймасында біздің өмірлік тəжірибеміз бен жеке мəліметтерімізді сіңіретін нейрондық желілер болады. Инстаграмда суретті көріп қана қоймай, басқа адамдардың сезімдерін, басқа адамдардың эмоцияларын сезінуді елестетіп көріңізші. Өз сезімдеріңізді сақтап, керек кезде шығарып, тіпті өзгелермен бөлісуді елестетіп көріңізші. Ғылыми жаңалықтар мен спорттағы жетістіктер туралы немесе діни экстаз жайлы оқығандағы эмоцияңызды да ойладыңыз ба? Өзіңіздің не өзгенің сақтау қоймасына еніп кетсеңіз ше? Мəселен, Цезарьдың жеңісі мен Клеопатраның махаббатын тікелей сезіне алсаңыз ше? Бұл идеялар қандай қызықты болса, сондай жиіркенішті.

Телефон ұстау уақытының кестесін жасадым

Болашақтың негізгі ауруы депрессия мен психоз болмайды. Болашақтың ауруы – өзгенің өміріне сүңгіп, өзгенің уайымы мен
эмоциясында қалып қою. Ертеңгі күн туралы бүгін талқылап жатқанда бұл технологиялар дамып бара жатыр. Машиналар жұмыс істейтін алгоритмді өзіміз жасап шығарамыз. Солай болса да сол алгоритмге өзіміз де бағынып, соның бір бөлшегіне айналып бара жатқанымызды байқамаймыз. Болашақ бүгіннен басталатын болса, біз бүгін қандай шараны қолға ала аламыз?

Медицина университетінің үшінші курс студенті бірінші курстағы сабағын есіне түсіреді. Ауру түрін өткен сайын осы уақытқа дейін қалай тірі жүргеніне таңғалады. Енді ол сонша аурудан сақтанудың алдын алу керектігін толық түсінеді. Алдымен тазалыққа мəн береді. Содан кейін өзінің жеке іс-қимыл бағдарламасын жасап, дамытады. Үшінші курс студентінің «ауруын» бастан кешкенде мен не істедім? «99-жылғы түлектер» сияқты маңызды емес топтардың чатынан еске салу үнін алып тастадым. Күнделікті телефонға қарау графигін жасадым. Жарық
мелатониннің көп бөлінуіне əсер ететіні есіме түсіп кетті. Ал ол ұйқысыздыққа əкелуі мүмкін. Енді телефонмен бірге ұйықтамаймын. Ол қонақ бөлмеде қалады. Ұйқыдан тұру үшін қарапайым оятарды пайдаланамын.

Өзімді бір нəрсені білмей қалудан не соны сұраудан қорықпауға үйреттім. «Тірі» қарым-қатынаста жаңа нəрсе біліп жатсам, күнұзақ телефон шұқылап отырудың мəні жоқ. Осылайша «оффлайн қарым-қатынастың» басты міндеті – қызығушылығы ортақ адамдарды жақындастыруды жүзеге асырамыз.

Сонда да ең алғаш денсаулық үшін жасаған қадамым –антибактериалды сулықтар алып жүру. Сонан соң тамақ ішіп отырғанда смартфонға қолымның ұшын тигізбеймін. Ол микроорганизмге толып тұр емес пе?

Бізге таңдау жасау қажет. Қай эволюцияны жүзеге асырмақпыз? Онлайн эволюцияны ма, əлде оффлайн эволюцияны ма?..

Дайындаған
Таңшолпан
БЕГАЛЫҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №44
30 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз