Алексей КИМ, инженер-кәсіпкер, TEDxAlmaty спикері:

 

1990-91 жылдары жеті-сегіз жастағы ойын баласымын. Анамның арқасында халықаралық авиамодельдеу спортының жарысына қатыстым. Ол Алматыдағы Байсерке аэродромында өтті. Елестетіңізші, əртүрлі жастағы адамдар, оның ішінде елу-алпыстағы ағайлар да бар, шағын ұшақтарымен жүгіріп ойнап жүр. Онысын ұшырады да, өзге қатысушылармен қызу талқылайды. Осы көрініс ойымда қатты сақталыпты. Кейін мені анам кішкентай ұшақ ұшыратын үйірмеге жаздырды. Оған 3-сыныптан бастап алады екен. Ал мен біріншіге енді бардым. Бірақ инженердің ұрпағы болғаным көмектесті ме екен, жазудан бұрын сызып, сурет салуды үйрендім. Мені үйірмеге алуға келісті. Сүйікті үйірмеме мектеп қабырғасында үзбей бардым. Кейін достарымызбен қаладағы аэроклубтан шықпайтын болдық. Алдымен қағазға бірнəрсені сызып салатынбыз. Сосын оны жасап шығарамыз, сындырамыз, қайта құрастырамыз. Содан кейін ұшырып көреміз. Ол іске аспай қалады. Сындырамыз да клубқа қайта барамыз. Романтика еді!

Қазір рөлінде ешкім отырмайтын, яғни «адамсыз» (unmanned) сөзі жиі қолданылып жатыр. Ойыңызға Илон Маск келген болар. Адам басқаруынсыз жүретін ұшу аппараттары, рөлінде адамы жоқ такси, робототехника, жасанды интеллект. Өте таныс терминдер ме? Қазір Яндекс Такси мен UBER компаниялары адам басқаруынсыз курьерді енгізіп, тесттен өткізіп жатыр. Жасанды интеллектіні əзір «əлсіздеу» десек те, ол шахмат ойнаудан адамды шаң қаптырып жүр. Мен де осы процестің белортасында жүргенім үшін тағдырыма ризамын! Өйткені қазірдің өзінде ұшқышсыз ұшақтар алыстағы ауылдарға пошта мен газеттерді жеткізеді. Патрульдік жолдар мен құбырларды бақылайды, фермерлерге кірісті арттыруға көмектесетін арнайы түсірілім жасайды. Адам бара алмайтын қауіпті зоналарға бара алады. Адамға қарағанда жұмысты тап-тұйнақтай атқаратын роботтың болғаны қандай жақсы! Оларға жұмыс арасында үзіліс, күнделікті сегіз сағаттық ұйқы керек емес. Олар ауырмайды. Жұмыстан соң балабақшадан балаларын алмайды, декреттік демалысқа шығу керек емес. Алайда, олар адамға ғана тəн моральдың не екенін білмейді.

Жыл өткен сайын технологияны пайдалану қарқынды өспек. Кез келген құрылғының басында компьютер, жартылай өткізгіш құрылғы тұр. Өткен ғасырда қалыптасқан Мур заңы бар. Ол бойынша екі жыл сайын чиптердің өңдеу қуаты екі есеге артып отырады. Бірақ оның бағасы да, көлемі де өзгермейді. Яғни əлгі жасанды интеллект əр екі жыл сайын дамып отырады. «Қуаты мықты» жасанды интеллект пайда болды делік. Ол өзінің кім екенін түсінеді, өзінің «дене мүшелерін» біледі, өзі сияқты роботты қайталап жасай алады, мақсаты болады жəне т.б.

РОБОТҚА МОРАЛЬ ЕНГІЗУ ҚОЛҒА АЛЫНУДА

Робот пен жасанды интеллекте мораль болмайтынын айттым. Бұл өте маңызды нəрсе. Қазір роботтарда мораль болуы үшін алдыңғы қатарлы ғалымдар, институттар мен университеттер жұмыс істеп жатыр. Мораль – өлшемі жоқ кеңдік, көзге көрінбейтін шексіздік, өте нəзік ұғым. Біздің, адамдардың жақсылық пен жамандық туралы, өзгеге кесіріңді тигізбеу жайындағы түсінігіміздің жиынтығы. Мəселен, қазір жасанды интеллектінің шешіміне сəйкес, жауынгерлік жұмыстардағы қарулар, ұшқыш аппараттарды қолданудың дұрыс-бұрыстығы қызу талқыланып жатыр. Егер моральды есепке алсақ, ол қаншалықты қате болар еді? Иə, тиімді болады. Бірақ моральдық тұрғыдан жасалатын қателігі ше?

Америкалық жазушы-фантаст Айзек Азимовтың робототехникаға қатысты мынадай үш заңы бар.

  1. Робот өзінің əрекетімен немесе əрекетсіздігі арқылы адамға зиян тигізбеуі керек.
  2. Бірінші заңға қайшы келмеген жағдайда робот адамның барлық бұйрығын мүлтіксіз орындауы керек.
  3. Бірінші жəне екінші заңға қайшы келмейтін жағдайда робот өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.

Бір қарағанда роботқа қатысты бұдан асқан заң жоқтай көрінеді. Алайда бұлар адамның көзқарасындағы роботқа қатысты мораль. Ал шындық мүлде басқаша болуы мүмкін. Роботтар бұған қалай қарайды? Болашақта.

Кім біледі? Мүмкін болашақтың аса тиімді роботтары мен олардың жасанды интеллектісі адамзаттың тарихын оқып, сараптайтын шығар. Сосын «адамзат бізге тиімсіз, олардың бар болуы керек емес» деген үкім шығарар. Сонда адамға не істеу керек? Жеткен жеріміз сол ма? Дамудың шегіне көтерілгенде тапқанымыз роботтың шешімі ме? Бұл жөнінде менің мынадай ойым бар. Болашақта роботтарды бағдарламалау мен оларды бір нəрсеге үйрету қалай жүретінін елестетіп көрейікші. Бұл адам қолымен жазып енгізген қандай да бір бағдарлама мен алгоритмдер емес. Бұл деректердің үлкен массивіне қосылу. Оны цифрлы ноосфера деп атайды. Ол əр сəт сайын дерекке толады.

Қазірдің өзінде ноосфераның бар екенін білеміз. Оның бар екенін сезіну де бір қызық. Ноосфераның цифрлық аналогы – əлемдік электронды желі. Интернет. Бұл желі қажетті ақпаратпен бөлісетін жай ғана ауызша деректер шегінен асып кетті. Ол – цифрлы деректердің аса үлкен қабаты. Яғни олар адамның тіліне аударылмаған. Бұл – адамзаттың басынан өткен оқиғаларға шолу. Мүмкін болатын барлық датчиктер, құрылғылар мен өзге желілер арқылы дерек сақталатын қойма. Жақын арада адам тікелей пайдаланбайтын контенттің көлемі асып кетеді. Яғни адам туралы ақпараттың көлемі ұлғаяды.

Құрылғылар арасында ақпарат алмасатын заттар интернеті, желі жүйесі мен хаттама деген түсініктер бар. Ол былай. Сіздің тоңазытқышыңыз супермаркеттегі тоңазытқышқа төменгі сөредегі ана йогурты таңғы асқа жеткізу керегін хабарлай алады. Өйткені əлеуметтік желідегі цифрлы профайл дүйсенбінің таңғы асына сіздің йогурт жақсы көретініңізді хабарлады. Бұл бар болғаны мысал ғана. Осындай өзара əрекеттердің өзгеру шамасын елестетіп көріңізші. Ноосфера туралы айтайын дегенім мынау: Роботтардың жаңа ұрпағы өмірге келеді. Олар осы əлемдік желіге қосылып, ол жерден өздеріне қажет бағдарламаны алады. Бұл адамның баласын үйреткеннен миллион есе жылдам болатын процесс. Соңғы уақытта робото- техника, бағдарламалау, жылдам оқу секілді үйірмелердің қаптап кеткенін байқаған боларсыз. Оған менталды арифметика мен есте сақтауды жақсартуды қосыңыз. Мамандандырылған мектептер мен қосымша сабақтар тағы бар. Олардың бəрі, əрине, өте жақсы. Баланы дамытып, болашақта бəсекеге қабілетті болуына, мəліметті тез қабылдап, жылдам түсінуіне көмектеседі.

Солай болса да мен баламызға бұрынғы мейірімге толы ертегілер мен тақпақтарды айтып беру өте маңызды деп есептеймін. Классикалық əдебиетті, көркем əдебиетті оқытып, сурет пен музыканы үйретіп, бізді қоршаған ортаның ғажаптығы мен нəзіктігін түсіндіре білу керек.

Ұшқышсыз құрылғыларды үйреніп жүрсем де, үйдегі сөремде машина жасау анықтамалықтарымен қоса ақын-жазушылардың том-том кітаптары тұратын. Мені «Жас техник» журналымен қатар балаларға арналған газет-журналдарға жазғызатын.

Айтқым келетіні, тиімділік пен жайлылықтың соңына түсеміз деп мəңгілік жəне керемет дүниелерді естен шығарып алмасақ екен. Бізді адам етіп тұрған да адами құндылықтар жəне мораль.

Дайындаған
Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №43
23 қазан 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз