Ерғали ӘУЕЛХАН, гидрогеолог:

Жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Солай бола тұра әлемде су тапшылығы, соның ішінде таза ауыз су тапшылығы бар. Ал судың болмауы ауру-сырқаудың көбеюіне себеп.

БҰҰ-ның мәліметінше, әлем халқының 40 пайыздан астамы су тапшылығын көріп отыр. Сарапшылардың айтуынша, планетамызда 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға мұқтаж. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, соның салдарынан болатын антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Оның көбі – балалар.

Қазақстанда 65 Балқаш көлі бар десем, бұл сіздерге тосын естілуі мүмкін. Себебі біз білетін географиялық карталарда олар жоқ. Бірақ олар арнайы зерттеулердің нәтижесінде гидрогеологиялық картаға түсірілген.

Соңғы төрт жыл көлемінде жерасты ауыз су қорларына барлау жүргізіп келеміз. Осы күнге дейін жүз елуден аса елді мекенді жерасты ауыз су қорымен қамтамасыз еттік. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысының 138 ауылы, Жамбыл облысының 26 ауылы. Биыл Алматы облысы қосылды.

Жерасты суының қорын пайдалану 25 жылға бекітіледі. Әр 25 жыл сайын қайта зерттеліп, балансқа алынып отырады.

Ауыз суға қандай талаптар қойылады?

Ауыз суға, яғни халықтың ішуіне пайдаланатын суға қатысты нақты талаптар бар. Микро және макро элементтер қажетті мөлшерден аспауы керек. Соған сәйкес судың минералдылығы 2 грамм/литрге дейін болуы міндетті. Бір адамның бір тәулікте қанша су пайдаланатыны да нормаға сай болу керек. Талап бойынша, қалалық жерде бұл норма жан басына 700-800 литр. Ал ауылда тәулігіне 140-160 литр шамасында. Осы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін іздеу, барлау жұмыстарын жүргіземіз. Бұл арнайы техника мен технологиялық тәсілдермен жүреді. Жерасты суына ұңғымалар бұрғылау арқылы жер астындағы 10 метрден 1000 метрге дейінгі тереңдікте қандай қабаттар бар екендігін анықтаудан басталады. Ол үшін тау жыныстарының физикалық қасиеттеріне байланысты геофизикалық тәсілдермен сулы қабаттарды анықтаймыз. Шегендеу құбырлары мен сүзгі орналастырамыз. Сол горизонттың суын тартып алу арқылы шығынын анықтаймыз. Содан кейін зертханалық жұмыстар басталады. Химиялық, радиологиялық зерттеу жүргізіп, минералдылығы анықталады. Ішуге жарамды болған жағдайда ғана халыққа пайдалануға ұсынамыз. Одан кейін жерасты суының деңгейін білу үшін бір жыл көлемінде бақылау жасалады. Ол – маусым сайын болатын режимдік бақылау.

Жерасты сулары не себептен ластанады?

Адам тығыз орналасқан үлкен қалаларда немесе үлкен өндіріс орындары орналасқан жерлерде жер қойнауын пайдалану әсерінен жерасты суы ластанып жатыр. Оны анықтау үшін арнайы мониторингтер, зерттеулер жүргізіледі. Осыған орай зерттеу жұмысы барысында өзіміз кездескен бір жағдайды айтып берейін.

2016 жылы Жамбыл облысының Қаратау ауданына қарасты Үшарал елді мекеніне бардық. Жергілікті халық күнделікті ішіп отырған суларының тұзданып кеткенін айтты. Минералдығы артып кеткен. Аймақта бұрын жасалған жұмыстарды, есептерді қарап шықтық. Гидрогеологиялық картасын сараптадық. Аймақ Жамбыл облысының шеткі ауданы, жартылай шөл Бетпақдаламен шекаралас. Талас өзені ауылдың ортасымен ағып өтіп жатыр. Өзеннің оң жағалауынан халық 10-11 метр құдықтардан су ішіп отыр. Судың сапасы бактериологиялық нормаға сәйкес келмейді. Кермектілігі де жоғары. Ал арнайы Талас өзенінің сол жағалауында қазылған ұңғыма суы тұзды болып кеткен. Сөйтсек, 1980 жылдары осы өңірде мұнай-газ іздеу мақсатында бұрғыланған ұңғымалар бар болып шықты. Әр 2-3 шақырым сайын 1-2 ұңғыма кездеседі. Ол ұңғымаларда арнайы бекіту жұмыстары жүргізілмеген. 1000 метр тереңдіктен химиялық құрамы өте жоғары су төменгі қабаттан жоғары көтеріліп жатыр. Судың минералдылығы литріне 10-15 грамм. Адам ішуі үшін оның мөлшері 2 грамм/литрге дейін болуы керек. Сөйтіп ол 70-80 метр аралығындағы таза қабат суына араласқан. Содан келіп таза ауыз судың минералдығы артып, ішуге жарамай қалған.

Қазақстан аймағында ауыз су мен халық шаруашылығына пайдалануға жарамды жерасты суларының ресурстары мол. Бірақ олар біркелкі таралмаған.  Орталық және жергілiктi билік орындары 1960-1980 жылдары оларды экономикалық, әлеуметтік бағыттарда кеңінен пайдаланды. 70-тен астам ipi қала мен өнеркәсіп орталығы, 4000-нан астам басқа да елді мекен жерасты суларын пайдаланды. Еліміздегі шөлді аймақтарда мал жайылымдарына арналған 160 млн гектарға жуық жерге жерасты сулары пайдаланылды. 60 мың гектардан астам суармалы алаңдар да сол сумен қамтамасыз етілген. Бұл сулар емдеу, сауықтыру орындарында, ауыл шаруашылығының біpaз бағытында кейіннен игеріле бастады. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары жерасты суларын аталған бағыттарда пайдалану мөлшері елеулі түрде кеміген.

Біздің елімізде пайдаланылатын жерасты суларының жалпы көлемі қазіргі кезде 52-53 м3/с болар. Мүмкін одан да аз. Бұл олардың барланған қорының 10 пайызынан, ал аймақтық қолданылмалы қордың 5 пайызынан аспайды. Демек, әзірше жерaсты суларының қоры сарқылып қалар деп қауіптенуге болмас. Бұл оларды үнемдемей, қалай болса солай пайдалана беруге болады деген сөз емес. Үнемдеп пайдалану қай кезде болсын өте қажет. Өйткені бұл – біздің келешек ұрпақтың аса бағалы да ең қажетті жер байлығының бірі. Ол әрқашан зерттеуді, қадағалауды қажет етеді. Оны жүйесіз пайдалану жерасты су қорының сарқылуына әкеп соғуы мүмкін.

Ауыз судың болашағы адамдардың салғырттығына да байланысты

Жерасты су қоры жауын-шашын қорымен қатар, тұщы су көзі бар үлкен өзендермен толығады. Біздің елімізге ондай үлкен өзендер Қытайдан, Ресейден, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келеді. Олар: Іле, Ертіс, Жайық, Талас, Сырдария өзендері. Бұл елдердегі демографиялық өсімге байланысты және су тұтыну көздерінің көбеюінен бізге келетін су қоры жылдан-жылға азаюда. Әрі сапасы да төмендеуде.

Бірқатар дамыған елдер атом реакторларының көмегімен тұзды теңіз суын тұщыландырып пайдаланады. Ал болашақ үшін жерасты ауыз су қорын қолдан толтыруға кіріскен. Теңіз суын тұщыландыру әдісі бізде Ақтау қаласында қолданылады. Батыс Қазақстан өңіріне Ресейден жеткізіледі.

Әлемде су тапшылығы салдарынан халықтың суы мол аймақтарға қоныс аударуы жиілеп келеді. Ауыз судың болашағы тек табиғи қорларға ғана байланысты емес. Адамдардың салғырттығына да байланысты. Мысалы, бір ауылға ауыз су қоры 15-20 шақырымнан жеткізілген. Бірақ оны қолдануға кететін шығындарды тұрғындар төлемеген. Содан техника қосылмай, тұрғындары бастаудан су ішіп отыр. Ал ол су көзі санитарлық нормаларға сай келмейді. Бастаудан мал да, аң-құс та ішеді. Салдарынан ауыл адамдарының біразы ішек, бруцеллез ауруларына шалдыққан. Сондықтан су қорын санитарлық нормаларды сақтап, үнемді пайдалануға шақырамын.

Дайындаған
Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

Ұлан газеті», №43
23 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз