Күнделікті өмірде 112 нөмірінен келетін ескертулерге қаншалықты назар аударамыз? Қиындыққа тап болған жағдайда қайда хабарласып, кімнен көмек сұрауға болатынын білеміз бе? Мұндай жағдайда ойымызға бірден жақындарымыз, достарымыз бен туыстарымыз ғана түседі. Ал құтқарушылар қызметі туралы білесің бе? Жасыратыны жоқ, құтқарушыларды тек кинодан көріп өстік. Ал Қазақстанда құтқару қызметі 23 жылдан бері қызмет етеді.

Қазан айында елімізде құтқарушылар күні атап өтіледі. Президент Жарлығымен 1995 жылы 19 қазанда Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитеті құрылған болатын.

Құтқарушы болу үшін не істеу керек? Олардың жұмысы қаншалықты қиын? Осы сауалдарға жауап табу үшін бір күн бойы құтқарушылармен бірге жүріп, қызметінің қиындығы мен қызығын көріп қайттық.

Ең қымбат құндылық – адам өмірі

Түскі ас уақыты. Құтқарушылар тамақтанып отырған. Кенет телефон шыр етті. Бұл олар үшін қалыпты жағдай. Бірден ішіп отырған тамақтарын қоя салып, жинала бастады. Телефонның шыр еткені – Алматының бір жерінде төтенше жағдай болғаны. Телефонға қоңырау түскені – біреуге көмек қажет болғаны. Тұрғындар соққан қоңырау алдымен кезекті-диспетчерлік бөлімдегі операторларға түседі. Олар мән-жайды анықтаған соң құтқарушыларға хабар береді. Балалар, тегінде 112 немесе 109 сияқты нөмірлерге себепсізден-себепсіз ойнап қоңырау шалуға болмайды. Бұл жерде адам өмірі үшін жауап беретін қызметкерлер отырады. Олар үшін әрбір қоңырау, әрбір адамның өмірі маңызды. Сондықтан байқамай қоңырау басылып кеткен жағдайда жауапкершіліктен қашпай, бәрі дұрыс екенін, қоңырау түймесі абайсызда басылып кеткенін айтып ескертуді ұмытпаңдар.

***

– Алматы қаласының құтқару қызметі тыңдап тұр.

– Таулы қыратта жол апаты болды!

– Жігіттер, жиналыңдар!

Алматыда әншейінде жол кептелісінің кесірінен баратын жерімізге сағаттап жете алмай кететініміз бар ғой. Ал түскі ас ішіп отырған құтқарушылар алып ұшып қоңырау түскен уақыттан кейін межелі жерге 7 минутта жетті. Құтқарушыларға кешігуге болмайды. Кешіккендерді ұнатпайды. Себебі олар адам өмірі үшін жауапты. Олар үшін ең басты құндылық – адам өмірі.

Көшеде дыбыстық сигнал беріп, түрлі түсті ескерту белгісін жағып келе жататын көлікті жиі көреміз. Сыртынан көреміз де іштей «амандық болсын» деп тілейміз. Ал бұл жолы осындай көліктің сыртында емес, ішінде болдық. Тек қана ішімізден тілеп қоймай, көмек қажет жерге жылдамырақ жетсек екен, адамдарды аман алып қалсақ екен деген ниет көбірек болды.

Оқиға орнына құтқару қызметінің көлігі көп жағдайда алдымен жетеді екен. Мұнда алғашқы көмек көрсетуге қауқарлы тұлғалардың толық құрамы бар. Олар бар болғаны үш адам. Көлік жүргізушісі, құтқарушы, медицина қызметкері, қара күштің иесі, ұрыс жаттығуларын меңгерген сарбаз – барлық қызметті осы үш адам өздері атқарады. Жол апатына ұшыраған адамдарға және техникаға қызмет көрсету, есіктің құлпы ашылмай қалған кезде іште немесе сыртта қалған адамдарға көмек көрсету, қылмыскерлермен күресу, адасып кеткен адамдарды іздеп тауып, оларға көмек көрсету – барлығын атқаратын осы кісілер.

Біз жарты күн жанында жүргеннің өзінде жүрегіміз ауырды. Ал олар мұндай күйді күн сайын басынан кешеді. Олар құрметке лайық.

Құтқарушылар қандай болуы керек?

Қазақ халқы баланы кішкентайынан батыр болуға, адамдарға көмектесуге  тәрбиелейді. Қаһарман халықтың ұрпағысың деп өсіреді. Әрбір қазақ баласы ерлік жасауға, адам баласына жанашыр болуға ұмтылатыны сондықтан. Құтқарушылардың қызметі осы қасиеттерді қажет етеді. Құтқарушы болу үшін не істеу керек? Қазақстандағы құтқару қызметі қаншалықты қауқарлы? Осы туралы Алматы қаласы құтқару қызметінің директорының орынбасары Қаңлыбаев Ержан Тұрсынбекұлынан сұраған едік.

Ұлан: Алматы қаласының құтқару қызметі немен айналысады және олармен қалай байланысуға болады?

Ержан Қаңлыбаев: 112 нөмірі бүкіл Қазақстан Республикасы аймағында қызмет көрсетеді, ал Алматы қалалық құтқару қызметінің нөмірі – 109. Төтенше жағдайға тап болған адамдар тек 112 нөміріне хабарласып жатады. Операторлар автоматты түрде қала ішіндегі оқиғаларды бізге жолдайды.

«Алматы қаласының құтқару қызметі» – мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорын. Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен 2001 жылдың 3 қазанында құрылған. «Апаттан құтқару қызметтері және құтқарушылар мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға шұғыл оңтайлану мақсатында құрылған. Алматы қаласы табиғат жағынан болсын, төтенше оқиғалар жағынан болсын басқа аймақтарға қарағанда алдыңғы орында.

Ұлан: Құтқарушылар мен операторлардың жұмыс режимі қандай? Төтенше жағдай тәуліктің, жылдың кез келген уақытында болуы мүмкін ғой.

Ержан Қаңлыбаев: Құтқарушылар тобы әртүрлі деңгейдегі құтқару қызметтерін тәулік бойы атқарады. Олар қызметтік мүмкіндіктері, әртүрлі құтқару және арнайы құрал-жабдықтары және кәсіби дайындығы арқасында кез келген оқиға болған жерге жылдам жетіп, бірінші болып қызмет көрсетуге тырысады. Тәулік бойынша төрт экипаж қызмет көрсетеді. Құтқарушылар ауысыммен жұмыс істейді. Бір тәулік жұмыс істеп, үш тәулік демалады. Бір тәуліктің ішінде бірнеше қиын жағдайдағы адамдарға көмек көрсетеді. Құтқарушылардың қызметі оңай емес.

Ұлан: Құтқарушылардың атқаратын шаруаларына нақты тоқталып өтсеңіз. Қандай жағдайда құтқарушылардың көмегіне жүгінуге болады?

Ержан Қаңлыбаев:  Ірі жол апаты, топырақтың ойылып түсуі, су деңгейінің көтерілуі мен көшкіндер, тұрғын үйлер мен өндірістік ғимараттардағы жарылыстар, ірі өрттер… Алматылық құтқарушылар осындай және өзге де  төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетеді.

Ұлан: Алматы секілді үлкен қалада құтқару қызметінде қанша құтқарушы, қанша оператор жұмыс істейді? Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткілікті деңгейде ме?

Ержан Қаңлыбаев: 70-ке жуық құтқарушы, 6 арнайы үйретілген итіміз бар. Қала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қосымша құрылымдық бөлімшелер де бар. Құтқару қызметінің кинологиялық тобы арнайы оқытылған иттердің көмегімен жоғалған адамды табуға көмектеседі. Соның ішінде қар астында қалған, тауда адасып кеткен адамдарды іздейміз. Дайындықтан өткен түлектер үйінді астынан және көшкін болған жерден адамдарды іздейді. Барынша осы құраммен үлгеруге тырысамыз. Әзірге жұмыс күшінің жетіспеуі сезілген жоқ.

Ұлан: Құтқарушы болу үшін не істеу керек? Қызметке қандай адамдарды қабылдайсыздар?

Ержан Қаңлыбаев:  Құтқарушы болу үшін арнайы білім алудың қажеті жоқ. Орта мектепті бітірген, жасы 18-ге толған кез келген адам құтқарушы бола алады. Тек шыныққан, денсаулығы мықты азаматтар болуы керек. Біздің қазіргі құрамдағы құтқарушылардың көбі әскерде қызмет атқарған. Басым бөлігі ерекше бөлімшелерде болған. Әбден шыныққан, психологиялық тұрғыдан тұрақты, бірнеше мамандық игерген, кәсіби дағдылары бар жандар. Жұмысқа тұрғысы келетін үміткерлер міндетті түрде тестілеуден және дәрігерлік тексеруден өтеді. Құтқару қызметінің жұмыскерлері тұрақты түрде альпинистік дайындықтан өтіп, тауға өрмелейді. Сүңгуір де болады. Кинологиялық, медициналық және өртке қарсы арнайы дайындықтан өтеді. Апаттан құтқаратын құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйренеді. Әрбір шұғыл экипаждың құрамына дипломы бар дәрігер немесе фельдшер кіреді.

Ұлан: Қыз балалар құтқарушы бола ала ма?

Ержан Қаңлыбаев: Дәл біздің құтқарушылар тобында қыздар жоқ. Олар әкімшілік қызметте, психологиялық немесе медициналық қызмет көрсету бөлімдерінде жұмыс істейді. Төтенше жағдай болған жерге жібере бермейміз. Арнайы құтқарушылар тобында да қыздар жоқ. Бірақ, бұл қыздар құтқарушы бола алмайды деген сөз емес. Құтқарушы боламын дейтін қыздар қауымы болса, олар біздің талаптарға сай келсе, ешқандай кедергі жоқ.

Ұлан: Алматы қалалық құтқару қызметіне күніне қанша қоңырау түседі? Қанша адамды құтқарасыздар?

Ержан Қаңлыбаев: Бірыңғай диспетчерлік қызметі бар. Диспетчерлер бір тәулікте «109» нөміріне түскен 350-400-ден астам қонырауға жауап береді. Олардың міндетіне ақпаратты қабылдау, оны жөні бойынша тапсыру, құтқарушыларды оқиға болған жерге жіберу кіреді. Сонымен қатар диспетчерлер қаланың әртүрлі мекемелерімен, басқа қызмет көрсету орталықтарымен тұрақты түрде байланысып отырады. Қалада көшелер мен нысандардың орналасуын жақсы біледі.

Ұлан: Құтқару қызметі қауіпті аймақтар мен нысандарды бақылауда ұстай ма?

Ержан Қаңлыбаев: Берілген тапсырмаларды шұғыл шешу үшін «109» бағдарламасына 7 коммуналды мекеме тартылған. Бұл Алматы қаласының тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінде апаттық айырулар және әртүрлі төтенше жағдайлар бойынша ақпаратты қысқа мерзім ішінде алуға немесе тиісті мекемеге бағыттауға мүмкіндік береді. Қалада бірқатар қауіпті нысандар бар, олармен қаланың құтқару қызметінің дағдарысты жағдайларды басқару орталығы тұрақты түрде байланыс ұстап тұрады.

Ұлан: Құтқарушылар қызметі қажетті құрал-жабдықтармен, арнайы мамандармен толық қамтамасыз етілген бе?

Ержан Қаңлыбаев: Алматы қаласы Құтқару қызметінің Әуеде іздеу-құтқару қызметі бар. Ол адамдарды іздеу және құтқару, шығуы қиын таулы аудандардан зардап шеккендерді жедел көшіру жұмысымен айналысады. Сонымен қатар МИ-8 деген екі тікұшағымыз сел қаупі бар және өрт қаупі бар жерлерге бақылау жүргізеді. Кәсіби және жоғары білікті қызметкерлер мен қажетті саймандары және құрал-жабдықтары бар десантшылар-құтқарушылар штаты Алматы аймағының кез келген орнына жедел шұғыл көмек көрсету үшін өте қысқа мерзімде жетіп келуге дайын. Алматы қаласының құтқару қызметі жанындағы дәрігерлік орталық уақытында жедел медициналық көмек көрсетуге және қаланың медициналық мекемелерімен өзара әрекеттестікте амбулаторлық және дала жағдайларында емдеу-көшіру іс-шараларын жүргізуге арналған. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың кезінде эпидемияларға қарсы іс-шараларды қамтамасыз етеді. Дәрігерлік орталық тәулік сайын зардап шеккен 300 адамға дейін медициналық көмек көрсету үшін қажетті медициналық жабдықтары бар пневмокаркастық дала госпиталімен және электр жабдықтау мен тіршілікті қамтамасыз ету дербес көздерімен қамтылған.

Кәсіпорында Өндірісті жобалау және дайындау тобы, Күзеттік және өртке қарсы қондырғыларды монтаждау, жөндеу және техникалық қызмет көрсету тобы, Әлсіз ток инженериясы бөлімі құрылып, табысты жұмыс істеп жүр. Бөлім 20 000 нысандарға дейін тәуліктік бақылау жасай алады.

Радиациялық, химиялық және бактериологиялық барлау бөлімшесі, Байланыс тобы, Көшпелі басқару пункті мен тіршілікті қамтамасыз ету пункті және Алматы қаласы әкімінің Жедел штабы – бұл қойылған міндеттерді дербес режімде орындауға қабілетті машықтандырылған топтар.

Ақ шатырлы лагерь табиғи, техногендік, тұрмыстық сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде дала жағдайларындағы уақытша мекенжай немесе жеке құрам штабы ретінде пайдалануға арналған. 10500 адамға арналған шатырлы лагерьдің жұмысын қамтитын қажетті құрал-жабдықтар бар.

Ұлан: Алматы қаласында және қала маңында сел, жер сілкінісі, қар көшкіні сияқты табиғи апаттар жиі болады. Осы оқиғалардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар жүргізіледі?

Ержан Қаңлыбаев: Алматы қаласы құтқару қызметінің тұрғындарды инженерлік қорғаудың ұтқыр отряды арнайы техниканың көмегімен жыл бойы көктем-күз кезеңінде су деңгейінің көтерілуінің алдын алу үшін өзендер мен көлдерде арналарды тереңдету, құмнан, балшықтан, жиналған тұрмыстық қоқыстан тазалау бойынша жұмыстар жүргізеді.

Алматы қаласы Құтқару қызметінің барлық бөлімшесінің үйлестірілген жұмысы нәтижесінде кәсіпорын тұрақты әзірлікте болып тұр және тиісті бағдар бойынша іс-шаралардың толық кешенін орындауға кірісуге қабілеті бар. Алматы қаласы Құтқару қызметінің құрылуын өмірдің өзі талап еткен. Оның қызметі әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

P.S. Бәріміз бала күнімізде түрлі мультфильм мен фильмдерді көріп отырып, оның басты қаһармандарының ерлігіне қызыға қараймыз. Кейін есейгенде құтқарушы, өрт сөндіруші немесе полиция қызметкері болуды армандайтынымыз да жасырын емес. Бірақ өсе келе кейбір адамдар балалық шақта салған арман жолымен бағыт алса, кейбірі басқа салада еңбек етеді.

Біздің елімізде көптеген қызмет түрлеріне сенімсіз көзқарас қалыптасқан. Құтқарушылардың адамдарға көмек көрсетуін тек фильмнен көріп өстік. Жақында бір қызық оқиғаға тап болдық. «Ұлан» газетінің ұжымында қызмет ететін жастар қауымы демалыс күні тауға шықпақ болдық. Бағытымыз – Көкжайлау. Бірақ жолдан адасып, басқа бағытқа кетіп қалғанымызды кейін білдік. Жанымызда бейтаныс үш қыз болды. Қайтар жолды таба алмай қаламыз ба деп қорыққандықтан 112 нөміріне хабарластық. Қала маңы болғандықтан ұялы байланыс бар еді. Төтенше жағдайлар қызметі бізді Алматы қалалық құтқару қызметімен байланыстырып, құтқарушылар көмекке келді. Олардың келіп-келмеуіне күмәнмен қарағанымыз рас. Олардың қызметі қаншалықты қиын екенін өздерінен естіп білдік. Тау-тастың арасынан адастырмай, аман-сау алып шығып, үйімізге жеткізіп тастағандары үшін алғыс айттық. Жол-жөнекей олардан қызметінің қаншалықты қиын екенін, қандай адамдарға көмек көрсеткендерін сұрадық. 19 қазан құтқарушылардың кәсіби мерекесі екенін білдік. Құтқару қызметінің қиындығы мен қызығы туралы материал дайындау туралы ой осыдан келіп туындады. Кәсіби мерекелеріңізбен, қоғамдағы ең қымбат құндылықтың құтқарушылары!

Дана МАРАТОВА
Суреттерді түсірген Асылан ТІЛЕГЕН

Ұлан газеті», №43
23 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз