Адам алдымен өзі татып көрмесе, өзге іс жайлы сөз қозғамауы
керек екен. Бастапқыда маған ерікті болу деген уақытты босқа өткізу болып көрінетін. Қатты қателесіппін. Ерікті болу – бір
бақыт. Алғаш рет TEDxAlmaty сынды ауқымды жобада ерікті болып, көп тəжірибе жинақтап, жаңа достар тауып, өзім үшін біраз жаңалық аштым. Ерікті болуға қабылданғанымды айтып қана қоймай, сахна сыртындағы қызықтармен де бөлісейін.

Ерікті болу үшін не істеу қажет?

Ерікті (волонтер) – латынның «voluntarius» сөзінен шыққан. Адамның өз еркімен, өзінің қалауымен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы деген сөз. Қоғамда олардың орны ерекше. Өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін ақы алмайды немесе материалдық дүние талап етпейді. Бір сөзбен айтқанда, көмектесуді жақсы көретін жандар. Өзгеге пайдасы тиетін істі ақы күтпей істеу, солайша өзіңнің біреуге пайдалы болып жатқаныңды сезіну – адамға ары қарай да жақсылық істей беруге күш береді. Бір топ еріктінің басы қосылса әрі олардың барлығы жалындап тұрған жастар болса, ол ортадан алатын энергияң да көп, үйренерің де жетіп-артылады. Үлкен бір игі істің атқарылуында өзіңнің де аз да болсын үлесіңнің бар екенін білгенде адам өзін бақытты сезінеді. Отбасынан, жұмысы мен карьерасынан бір сәтте айырылып, оған қоса басы айдауға түскен психолог Виктор Франкл туралы естіген боларсыз. Осынша қайғыдан соң ол тоқсан екі жасына дейін өмір сүрді. Өйткені ол өмірдің мәнін түсінді. Өмірдің мәні – өзгеге жақсылық жасауда екен.

TEDxAlmaty конференциясының ұйымдастырушы, аудармашы, модератор командасы, барлығы – еріктілер. Олар осы еңбектері үшін жалақы алмайды. Есесіне, қоғамды өзгерту үшін орасан зор еңбектеніп келеді. Жылына бір рет ұйымдастырылатын конференцияға қатысушылар іріктеліп таңдалса, келген қонаққа қызмет көрсететін еріктілерге де ерекше талап қойылады. Тамыздың 20-сынан 2 қыркүйекке дейін ерікті болу үшін өтінім қабылданды. Бұл – өте қызғылықты тәжірибе, жаңа таныстар, ивент-орта және өте көп жұмыс. Өтінімді толтыру барысында оқу орнымды, бұл конференцияның ұнайтын тұстарын, не үшін ерікті болғым келетінін жазып жібердім. Былтыр ерікті боламын деп, өтінім қабылдайтын мерзімінен кеш қалғанмын. Қайтейін, «балмұздақ» болғандықтан, көп нәрседен бейхабар едік. Содан ерікті емес, қатысушы болғанмын. Ал биыл ерікті болу мүмкіндігі туды. Өтінім жібергеніме оншақты күн болып қалды, ал хабар әлі жоқ. Мазасызданып отырғанда, телефоным шыр ете қалды. Сақталмаған нөмір болғандықтан, тұтқаны көтергім келмесе де, «қоңырауды қабылдау» батырмасын еріксіз бастым. Телефонның ар жағынан сондай мейірімді дауыс естілді. Өзін Галина деп таныстырған апай конференцияға ерікті қабылдау жайлы ақпарат беріп, бірнеше сұрақ қойды. Мен мүдірместен жауап бердім. Бірақ ерікті боп жұмыс істеп жүргенде сахнада спикерлердің сөйлеуін көре алмайтыныма біртүрлі болып қалдым. Сонда да «нартәуекел» дедік те, ерікті болуға кірістік. Содан әлеуметтік желіде чат ашылып, конференция өтетін күнге дейін қыркүйек айының әр жексенбісі ұйымдастырушылармен жиналып, ақылдасып отырдық. Алғашқы жиналысымызда, яғни таныстық күні кіріп келгенде үш түрлі кәмпит ұсынды. Тәттіні өте қатты жақсы көретін басым бір кәмпитті жеп үлгердім. Ал ол ойынға керек екен. Қайдан білейін, бәрі ду күліп маған тағы да бір кәмпит берді. Қарама-қарсы тұрған баламен танысып, кәмпит беру арқылы бір-біріміздің сұрақтарымызға жауап беріп отырдық. Әр жиналыстың форматы, ойындары мен міндеттері өзгеше өтті. Ал уақыт жақындаған сайын жауапкершіліктің міндетін сезіне бастадық.

Еріктілердің арасында Олжас Сүлейменов болды…

Кілең филологтардың ортасында оқып жүргендіктен, маған еріктілердің ортасына сіңісу аздап қиын болды. Өйткені әр еріктінің ерекшелігі бар. Олар «Гарри Потерді» оқыса, мен «Абай жолын» айтатын едім. Талғамдарымыз әртүрлі болғанымен, қысқа уақыт ішінде бауырдай жақын болып кеттік. Мен үшін адамдардың есімін жаттау қиынға соғады. Неге екенін білмеймін, жаңа танысқан адамның атын сол сәтте ұмытып қаламын. Ал отыз еріктінің есімін жаттау тіпті қиын. Шеңберге тұрған сәтімізде оң жағымда тұрған бала аты-жөнін Олжас Сүлейменов дегенде, жалт қарадым. Бір сәт ана баланың түрін де ұқсатып жіберіп, «сіз шынымен де Олжас Сүлейменовке ұқсайсыз» десем, ерікті досым көзінен жас аққанша күлді. Содан тіркеу мен локацияны құруға көмектесетін болып екі топқа бөліндік. Әр апта сайын кездесіп отырғандықтан, бір-бірімізге үйрене бастадық. Арамызда тек студенттер емес, мектеп оқушылары мен жұмыс істеп жүрген қыз-жігіттер де болды. Ал конференция болатын күні әрқайсымыз ерекше қобалжыдық.

Конференция болатын күні…

Қазан айының алғашқы демалыс күндері М.Әуезов театрында таң атқаннан кеш батқанға дейін конференцияға дайындалдық. Атқарылатын жұмыстың көптігінде сөз жоқ. Алайда, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бәріміз бөлініп, ұйымдастырушылар айтқан істі тұп-тұйнақтай орындадық. Ал конференция болған күні қатты қобалжыдық. Менің еріктілік жұмысымдағы алғашқы іс-шара болғандықтан, тәжірибем жоқ. Бірақ өзімді қолға алуға тырыстым. Есіктің алдынан қонақтарды қарсы алу барысында «Қош келдіңіздер!» бір сөзді бірнеше рет қайталасам да, өзгелерге күлімдеу арқылы жылу сыйлауға болатынын түсіндім. Қонақтар сахнаға кірген сәтте біз тамақтандық. Айтпақшы, ерікті болсаң, аш қалмайсың. Оған қоса, TEDxAlmaty жазуы бар жейде, аты-жөнің жазылған бейдж, оған қоса кітаптар берілді. Фуршеттің тағамдарын да салып берді. Сонымен, біз алғашқы үзілісте қатысушылармен ойнайтын ойынды ұйымдастырып жүрдік. Тапсырма бойынша бейджте министрлік жазылған қатысушы еріктіні тауып алып, берілген құралдардан болашақтың ғимаратын құрастыру қажет. Ал менің тобым мүлде жоқ. Екінші қабаттан түсіп, тамақтанып тұрған адамдарға барып: «Мән іздеу министрлігінде кімдер бар?» – деп іздей бастадым. Бірнеше адамды тауып, тапсырманы түсіндіріп, ғимаратты құрастырайық десем, тобымдағы бір ағай ешкімге айтпай, үй құрастырып отыр. Сұрасам, тіл қатпайды. Маған «мазасызсың» деп күліп қояды. Содан үзілістің бітуіне он минут қалғанда, тобым түгел жиналып, жеке телеарнаға сұқбат беру қажет болды. Үндемей отырған қатысушым ешкімді қатыстырмай, болашақтың қаласын құрастырып, телеарнаға таныстырдық. Үстімнен бір ауыр жүк түскендей болды. Бір сағаттан соң болып отыратын үзілістерде қатысушыларды тамақтандырып қоймай, бинго сынды түрлі танымдық жарыстар ұйымдастырдық. Соңында бізді, яғни еріктілерді сахнаға шақырғандағы сезімді сөзбен жеткізе алмаймын. Құдды бір Нобель сыйлығын алғандай сезімде болдым. Қатысушылардың ыстық қошеметі бір сәтте шаршағанымызды басып, марқайып қалдық. Шынымен де, еңбектің наны тәтті екен. Ал конференция бітіп, мәз-мейрам болып қонақтарды шығарып салдық. Кеше ғана құрастырған локацияларды қайта жинадық. Ең қатты әсер еткені қоқыс жинау болды. Сол сәтте көшеде қоқыс жинап жүретін апайларды құшақтағым келіп кетті. Біздің көзімізге көрінбесе де, ерен еңбек екен. Адам болмағандай етіп, сахна мен ғимаратты жинап болған соң бәріміз мейрамханада бас қосып, сертификаттарымызды алдық. Алайда, бір парақ қағаз түк те емес, бастысы көңіл. Мен сол сәтте қысқа мерзім ішінде адамға бауыр басып, талғамы басқа болса да, бір отбасындай болып кетуге болатынын түсіндім. Негізі мен басқаруды ұнатпайтын адаммын. Бірақ, басқармай, ұйымдастыра білген, әр жағдайымызға түсіністікпен қараған TEDxAlmaty тобының әр мүшесіне ризамын. Конференцияны көре алмасам да, мен өміріме қажет тәжірибе жинадым. Бұл шынымен де керемет емес пе? Әлемді өзгерту үшін алдымен өзіңіз өзгеріңіз!

Назым САПАРОВА,
Əл-Фараби атындағы
ҚазҰУ филология жəне əлем
тілдері факультетінің
2-курс студенті,
«Ұланның» жас тілшісі.

Ұлан газеті», №42
16 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз