TED – ағылшын тіліндегі technology, entertainment, design, яғни технология, ойын-сауық жəне дизайн деген сөздердің қысқарған формасы. Спикерлер осы салалардағы жаңалықты еркін форматта халыққа жеткізеді. Ғылыми-конференциядан ерекшелігі: сөйлеушіге ең көбі 18 минут беріледі. Олар ғылыми тақырыптарды адам көңілін көтере отырып, күлкі сыйлау арқылы немесе белгілі бір эмоцияға жетелеу арқылы қарапайым жеткізуді мақсат етеді. 1984 жылы Калифорнияда бірінші TED конференция өткен. Алматыда TEDxAlmaty конференциясы биыл сегізінші рет ұйымдастырылды. Тақырыбы – «Зымыраған болашақ». Болашақтан қорқасыз ба?

Ғалымжан ОРАЗЫМБЕТ, «Зерттеу Reserch Institute» қоғамдық қорының қаржы сарапшысы:

Мектепте 94 түрлі спорт жабдығы болуы керек, бірақ…

Бірде компаниямызға Шымкенттегі орта мектептің қызметкері келді. Мектептерінде дене шынықтыру пәніне пайдаланатын жабдықтары жоқ екен. Демеуші болып, қажет заттарды алып берсеңіздер деді. Нақты не керек, қанша керегін білу үшін танысып қайтуға арнайы бардым. Жақсы білемін деп жүрген әлем мүлдем басқа қырынан ашылды. Тап-тар кабинеттің жартысында тозып, жарамай қалған спорт жабдықтары жатыр. Қалған жартысында бірнеше мұғалім кезек-кезек пайдаланатын үстел мен орындық жайғасқан. Біз ол мектептің сұраған жабдықтарын алып бердік.

Қағазға сызып көрсететін болашақ өзің барып көргенде мүлде басқа болып шығады. Неліктен шынайы өмірде «болашақтың» өңі теріс айналады?

Сіздерге біз жоспарлай алатын болашақ туралы айтпақпын. Бюджет алдын ала жоспарланатын, болашақта қолданатын құралымыз.

Қалада 133 мектепте дене шынықтыру пәнін өтуге спорт жабдықтары жетіспейді. Білім және ғылым министрі бекіткен норматив – №70 бұйрықты таптым. Әр орта мектепте дене шынықтыру пәніне қажет 94 түрлі жабдық болуы керек. Ал жағдай басқаша. Біреуінде 23 түрлі, біреуінде 40 түрлі жабдық бар. Сапасы туралы бірдеңе деуге келмейді. Мәселен, әр мектепте 30 дана футбол добы болуы керек. Қаладағы 133 мектептің қажеттігі 3990 дана. 2017 жылы барлық мектепке 500 дана футбол добы сатып алынған. Ол қажет көлемнен 8 есе аз. Қалалық білім бөлімі бөлетін доптар ары кетсе 2-3 аптаға жарайды. Сапалы доптар бағасының төменгі шегі 8000 теңге болса, Шымкент мектептерін сапалы доппен қамтамасыз етуге 32 млн теңге керек. Ал 2017 жылы футбол добына 1 225 000 теңге жұмсалған. Бұл қажет сомадан 26 есе аз. Және бұл тек бір ғана жабдықтың шығыны. Ал ондай жабдықтардың саны 94.

Жағдайдың осыншалық нашарлығына қарамастан, биыл қала мектептеріне спорт жабдықтарын сатып алуға қаржы бөлінбеген. Бұл туралы білім бөлімінің маманы: «Алдыңғы екі жылда бөлінді. Енді спорт жабдықтарына 2-3 жыл қайтадан ақша бөлінбейді», дейді. Спорт жабдықтары базалық шығындарға жатпайды, қосалқы санаттағы шығындар. Яғни, балалардың болашағы үшін маңызды шығындар қосалқы шығындар. Мектептердің жабдықпен қамтамасыз етілуі мәселесін сол салаға жауапты мамандар емес, қаржыгерлер шешіп отыр. Ал олар мектептердің қажеттігі, жабдықтармен қамтамасыз етілуі қаншалықты маңызды екенін есепке алмайды. Өйткені білмейді.

Мына мәселелерді жедел шешуді ұсынар едім:

  1. Бөлінуі тиіс қаржының нақты көлемін білу үшін барлық мектептегі спорт жабдықтарының жай-күйін біліп, түгендеу керек.
  2. Сатып алынуы керек спорт жабдықтарының көлемін қаржыгер емес, сала маманы шешуі қажет.
  3. Спорт жабдықтарының сапасын реттейтін арнайы норматив жасалуы керек.

Исаак МУСТОПУЛО, Тараз қаласындағы №13 мектептің 10-сынып оқушысы:

Бізге ғарышты зерттеу не үшін керек?

Көбі Жердегі проблема бастан асып жатқанда алыстағы ғарышты зерттеудің не мәні барын түсінбейді. Кумирім Стивен Хокинг айтпақшы, аяғыңның астына емес, жұлдыздарға қара, қызығушылығыңды жоғалтпа! Менің де көздерім жұлдыздарды іздейді. Менің түсінігімде ғарыштағы адамзаттың болашағын мынадай төрт түрлі нәрсемен сипаттауға болады:

  1. Метеориттер, қауіпсіздік

Жер ғаламшарына қарай ұшып келе жатқан метеорит пен ғарыш қоқыстарын не істейміз? Жылдамдығы мен траекториясын анықтай сала оған зымыран ұшырып жарып жібереміз бе? Олай етсек, метеоритті зымыран жарған кездегі қалдықтары Жерге тиеді. Ол орманға, бүтін бір қалаға зиянын тигізеді. Қазір бұл мәселені шешудің екі тәсілі ұсынылып жатыр. Ресей анықталған объектіні арнайы желілермен Жерден алшақ апарып тастау керек дейді. Америкалық астрофизик Карл Саган миниатюралық қозғалтқышы бар зымыранды іске қосу қажеттігін айтады. Қозғалтқыш зымыран қосылғанда одан бөлініп шығып, метеоритке қосылып, оны кеңістікке итереді. Мен де осы ұсынысты шындыққа жанасады деп есептеймін.

  1. Ғаламшараралық саяхат

Күн жүйесіндегі ғаламшарларды зерттеп, колонизациялауымыз керек. Ол әрі қарай ғарышты зерттеуге трамплин іспеттес. Сондай-ақ басқа жұлдыз жүйелерінде колониялар құру талаптарын білуге мүмкіндік береді. Ол үшін адамзат ғаламшарларға қонуды игеру керек. Айға қонғанымызға 49 жыл болды. Содан әлі тоқтап тұрмыз. Неге біз ары қарай жылжымаймыз? Себебі неде? Себебі – саясат. Біздің жағдайымызда әркім өзін, өз елін ғана ойламайтын Жер ғаламшарының командасына айналуы керек. Жеке мемлекеттер ғаламшараралық ұшуды жүзеге асыра алмайды демеймін. Алайда күш біріктірсек оны жүздеген, тіпті ондаған жылдарға ертерек істей алар едік.

  1. Термоядро немесе антиматерия

Күн жүйесінің масштабын ғана колонизациялау бізді алысқа апармайды. Үшінші қадам – жұлдызаралық ұшу. Бірақ жұлдыздарға ұшуға қазіргі отын тиімсіз боп қалады. Отынның орнына керегі – термоядролық синтез. Оны Цельсий шкаласы бойынша 10 мың градустан жоғары температурада іске қосады. Солайша ғарышта ұшуға қажет мол энергия бөлінеді. Оның жылдамдығы жарық жылдамдығымен шамалас болуы мүмкін. Отын ретінде антиматерияны пайдаланар болсақ, секундына 17 мың шақырымға дейінгі жылдамдықта ұша аламыз. Бар болғаны оны басқаруды үйренуіміз керек. Ол үшін магниттік торларды пайдаланамыз. Қазір оны Жерде пайдаланып бастады. Тор антиматерияны зертханада 15 секундқа дейін сақтауға мүмкіндік береді. Ғарышта антиматерияны пайдалану анағұрлым қиын. Антиматерияны алу, басқару, тиімді пайдалану – біздің болашақ міндетіміз.

  1. Қараңғы материя ма, әлде қараңғы энергия ма?

Қазір ғаламның жалпы массасының 5%-ы материядан, көрінетін галактикадан тұрады. 20%-ы қараңғы материядан тұрады, ол – галактика мен оған кіретін объектінің бәрін ұстап тұратын гравитация сипатына тиесілі. 75%-ы галактикааралық бос кеңістікті толтырып тұратын масса бөлігі – қараңғы энергиядан тұрады. Қараңғы энергия ылғи үлкейіп отырады. Онымен бірге ғалам да кеңейе түсіп, атомдық байланыстың үзілуіне әкелуі мүмкін. Яғни ғаламдағы объектілердің ара қашықтығы алшақтап, тұрақты байланыс жоғалады. Бұл құбылысқа не істей алатынымызды білмеймін. Бірақ адамзат оны да шешеді. Ол үшін біздің әлі 14 млрд жыл уақытымыз бар.

Стивен Хокингпен кездесуімізде ол мені бірнеше жылдан соң Кембриджде күтетінін айтты. Өкінішке қарай, оның өзі аспанға ұшып кетті. Енді менің жаңа арманым бар. Ол – Кембриджге түсіп, физика мен ғарыш саласында білім алу. Біздің болашағымыз ғарышқа қаншалықты мұқият қарайтынымызға байланысты болмақ.

Ольга САЛИМОВА, «Кəрілік – қуаныш. Қазақстан» қорының негізін қалаушы:

Жетпіс жасыңызды елестете аласыз ба?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 44-60 жас аралығы орта жас, 60-75 жас аралығы егде немесе үшінші жас, ал 75-90 жас – қарттық кезең, 90+ бәріміз қалайтын ұзақ жасайтын адамдар қатары.

Бір психологтың «адам қартаймайды» дегені ішкі жандүниемді сілкінтті. Егер эмоционалды қарттық келмесе, физикалық қартаю өте кеш жетеді екен. Шыр айналып билеген әжелер мен серфингте сырғанап жүрген аталарды көргенсіз бе? О-о, ол өте керемет! Бірақ, меніңше олардың қатарында біздің ата-әжеміз жоқ. Бұл жастағы адамдар қалалық әкімдіктің ешқандай тізіміне кірмейді. Олар мүгедектігі бар жандар емес, Отан соғысының ардагерлеріне жатпайды. Ресми еш жерде жоқ. Қабақтарын түйіп, еңкейіңкіреп көшеде кетіп бара жатады. Ақырын, жан-жағын бажайлап барып қозғалады. «Қаралы күнге» деп аз-маз жинағаны бар болар. Бұл уақытта шетелдегі құрдастары достарымен кезекті саяхатын жоспарлап, жаңа әсер алуға асығады. Олардың да жинағаны бар шығар. «Жарқын күнге».

Біздің әжелердің бір күнін қараңыз. Туыстары бар. Демек той бар, тойда пәленше-төленшелермен әңгіме айтады. Ал жәй күндері кіммен сөйлеседі? Дәрігер мен азық-түлік алудан басқа қайда шығады? Бала-шаға, немере өсіп, жан-жаққа кетеді. Содан ата-әжелеріміз бұрынғы сапалы әңгімеге мұқтаж болады. Солайша қарттар көбіне жалғыздан-жалғыз қалады. Ата-әжелер немерелеріне деген махаббатын картобы бар бәлішпен, ұйықтар алдындағы ертекпен білдіреді. Серуенге шыққанында «құлап қалма», «байқап жүр» деген сынды ескертпелерімен жеткізеді.

Осы біздің қоғам неге жасқа сонша қадалады екен? 20 жылдық тәжірибесі бар әйел бас есепші боп жұмысқа тұрғысы келеді делік. Бірінші оның қанша жылдық тәжірибесін сұрамаймыз. «Жасыңыз нешеде?» – дейміз. Ауруханада ше? Әжей көрінуге келеді. Енді оған дәрігердің жауабы мынау: «Оның несін сұрайсыз? Жасыңыз келген. Несін емдейміз?». Сөйтіп бостан-бос қайтады. Әрі кеткенде қажеті жоқ қан сараптамасын тапсыруға жібереді.

Егде жастағы анаңызбен қалай араласатыныңызды бақыладыңыз ба? Балаға сөйлеп тұрған сияқтысыз. «Мама, сізге шашыңызды қысқарту керек!» деп оның қамын ойлап тұрғандайсыз. Ал ол шашын өсіргісі келетін болар? Біздің ойымызша, ата-анамыз белгілі бір жасқа келгенде өз ойын білдіру құқынан айрылатын сияқты. Олар үшін өзге шешім шығарады.

Өмір жасын ұзартатын факторлардың қатарында не жеп, немен тыныстап жүргеніміз емес, достардан тұратын орта мен қарым-қатынас тізімнің басына шығады.

Алматыда «үшінші жасқа» арналған мектеп аштым. Оған қатысушылар бір-бірімен сөйлессе, хоббиларымен айналысса екен дедім. Басында көп қатысушы өздері үшін не істегісі келетінін анықтай алмады. Қазір жағдай өзгерді. 80 жастағы Ләззат әжей ақ орамалын тағып бізге келді. Опера айтады екен. Дауысы сиқырлы, жас дауыс. 82 жастағы Нина Ивановна мен 76 жастағы Светлана Николаевна таудан-тау қоймайды. 78 жастағы Талғат Асхатұлы болса жүгіруін бір үзген емес. Өзінің айтуынша, дәрігерлерден қашып келеді.

«Бала – біздің болашағымыз» деп жатамыз. «Жас өскінмен айналысу керек» дейміз. Ал мен «Есею – біздің болашағымыз!» деймін. Жас шағымызда өзімізге қандай негіз қаласақ, алпыстан соң сол негізбен өмірімізді жалғаймыз. Үшінші жаста қандай болатынымызды қазір шешу керек!

Nasia, қазақстандық джаз əншісі:

Егер бәріміз реалист болып, романтика қалмаса…

– Музыканың көңіл-күйге, ойдың дамуына, тіпті шешім қабылдауға әсер ететіні жасырын емес. Мысалы, сауда орындарында адамдар көбірек сатып алуы үшін жағымды музыка қойып қояды. Fast made music, яғни жылдам жазылған музыка, fast food сияқты адамның денсаулығына кері әсер етеді. Джаз оның қатарынан емес. «Джаз – интеллектуалдардың музыкасы» дейді. Бүгінде ол классикалық музыка, музей, театр, көркем әдебиет секілді көне, ұлы, солай бола тұра керек емес ескілердің қатарына кіріп кетті. Жоғарыда айтқанымыздың бәрі зейнеттегілерге ғана арналған «іш пыстырарлық ойын-сауыққа» айналды.

Меніңше, ми күрделі дүниені айырғысы келмейді немесе ажырату қасиетінен қалып барады. Ми мүмкін болса аз қуат жұмсауға тырысады. Лифт пен баспалдақ тұрса, лифтіні таңдайтыныңыз анық қой. Сол себепті де барлық нәрсе оңайға ауысып жатыр. «Джаз – музыканың күрделі түрі. Музыканы ести алу, шуды айырып, естігеніңді толық музыкалық шығармаға енгізу – жүре келе пайда болатын қабілет. Адам ондай қабілетпен туа салмайды. Сондықтан бір топ классиканы түсіне алса, екіншісі одан жеңілірек әнді дұрыс көреді.

Ғалымдар қоғамда ақылдылар мен ақымақтар болып интеллектуалдық бөлінудің пайда болатынын айтады. Барлығы ақылды болуға тырысу сәнге ғана айналып қоймайды. Ақылды болу тірі қалуға қажеттіліктің біріне айналмақ. Сондықтан көбі «Өзіңді жетілдір!» деген сияқты шеберлік сабақтарына уақыты мен қаржысын сарп етіп жатқан болар.

Джаз бізге не береді? Біріншіден, ақылдырақ боламыз. Оны жаңа айттық. Екіншіден, джаз – жасампаздыққа жетелейді. Джазда импровизация жасатқызатын нақты ұстанымдар бар. Импровизация жасампаздық пен жаңа форма қалыптастыру мүмкіндігін дамытады. Музыкада ғана емес, өмірде де тығырықтан шығар жол тауып шығуға үйретеді.

Үшіншіден, сіз еркін бола бастайсыз. Джаз – болмысыңды көрсету. Эмоцияңды іркіп қалмау, өзіңді еркін сезіну. Музыканың бұл түрінің негізгі ұстанымы – жеке пікір мен көзқарастың болуы, барлығына айдан анық нәрседен өзіңнің нұсқаңды жасап шығару. Нақты джаз стандарты бар. Сонымен қатар бір музыкалық шығарманың мыңдаған нұсқасын тауып алуға, тыңдауға болады. Оның барлығы жаңа нұсқа деп есептеледі. Оны біз «кавер», ағылшынша cover деп атаймыз. Егер сіз көшбасшы болғыңыз келсе, шешім қабылдаудан қорықпауға тырыссаңыз, өзгелердің ойына тәуелді болудан арылуды қаласаңыз, жақсы музыка тыңдаңыз.

Төртіншіден, романтик бола бастайсыз. Ол қалай дейсіз бе? «Өткірдің жүзімен жүгірген» фильмінде мынадай үзінді бар: «Логикалық тұрғыдан қарап, кімнің робот, кімнің адам екенін білгіңіз келсе репликантқа сүйеніңіз. Репликант дегеніміз – эмоцияның болмауы. Романтика болу, адам болу деген сөз». Егер мықты саясаткер болғыңыз келсе, сайлауда романтикасыз жеңе алмайтыныңызға бәс тігемін.

Бесіншіден, сәнқой бола бастайсыз. Яғни, сәннен қалмайсыз. Хип-хоптың музыка мен сән индустриясындағы негізгі тенденцияның бағыты екені рас. Оның джаздан шыққаны да бәріне мәлім. Барлық Balenciaga-ның кроссовкалары мен Adidas-тың шалбарларын джаз дәуірінің жаңғырығы деп санауға болады. Қорыта айтсақ, мынадай тұжырымға келеміз. Джаз – өзіңді дамытудың ең жақсы, қарапайым, арзанырақ жолы. Барлығын шетке ысырып тастап, жылдам өзгеріске ілесіп отыруға тырысудың қажеті жоқ шығар. Өзгеден қалып қоюдан қорықпаңыз. Өз таңдауыңызды жасаудан да. Өз ритміңізді табыңыз. Егер бәріміз реалист болып, романтика қалмаса, бағдарламаланған роботқа айналамыз.

Дайындаған
Таңшолпан
БЕГАЛЫҚЫЗЫ
Фото авторлары
Әділ САДЫҚОВ,
Әйгерім БЕГІМБЕТ

Ұлан газеті», №42
16 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз