«О.Бөкеев» деген қолы бар семіздеу конвертті бөлек алып, ішіндегіні оқып шықтым. Қолы қисықтау, қияңқылау көрінеді. Жазуын айтамын. Адамның жазуында мінез бар. Жазуына қарап, сөзіне, сөйлеміне қарап, бұл хаттың авторын көз алдыма келтірмекші болдым. Алдымен өзім бұрын бір де бір рет көрмеген Алтай тауы келді көз алдыма. Бұрын көрмеген дүние көз алдыңа қалай елестейді? Сөйтсем, аты, даңқы жер жарған Алтай тауын автор мына конверттің ішіне сыйдырып жіберген екен».

Бұл – Шерхан Мұртазаның Оралхан Бөкей туралы жазғаны. Талантын тап басып танып, сонау Шығыстан арнайы алдырған шәкірті туралы Шерағаңның жазбалары ерекше жылы. Суреттеуі қандай дәл: «Әлгі жігіт босаға жақта сазарыңқырап, басын бір кегжең еткізген кезде толқын-толқын болып, иығына дейін төгілген қара шашы желп-желп ете қалды. Көзі аш қасқырдың көзіндей екен. Мен қашан «отыр» дегенше кекірейіп тұрды да қойды».

«Адамның жазуында мінез бар» дейді Шераға. Иә, рас айтады. Оның әр сөзінен, мейлі ол көркем шығарма не деректі дүние болсын, мақала не сұқбат болсын, ел алдында сөйлеген сөзі не айтқан тілегі болсын, мінезі көрініп тұратын.

Біз Шерхан Мұртазаны «Интернат наны» арқылы таныдық. Кейін «Қызыл жебені» оқыдық. «Сталинге хат» пен «Бесеудің хаты» бар. «Шындық шірімейді. Шындықтың бетін қанша бүркемелегенмен, бүркеніштің ар жағынан сәуле шашырап тұрады. Шын тарих та сондай» дейтін Тұрар бейнесі. Кейін «Ай мен Айшаны» оқыдық. Жылап отырып… Өйткені Айшаның тағдырын, Айшаның балаларының тағдырын жыламай оқу мүмкін емес. Көзіңнің жасы тырс-тырс тамып отырғанда «Бақа жұтқан жыланға» да жетіп қаласың. Кіп-кішкентай Барсханның, яғни бала Шерханның батырлығына риза болмай көр:

«Шұп-шұбар, қара ала жылан бүктеліп жатыр. Көзі өлегізіп, аузы арандай ашылып, мүлгіп жатыр. Аузында – көкқасқа бақа…

Бақаның басы көрінеді, басқа жағы жыланның аузына кіріп кеткен. Жылан көзі әлде жұмулы, әлде ашық, ыңыранғандай, ирелеңдеп қояды. Бақаның көзі шарасынан шығып барады…

Ойынды қойып, балалар бәрі жиналып қалды. Бәрі үрпиісіп, бақа жұтқан жыланды көріп, шегіншектеп барады… Жанына жолауға ешкім батпайды.

Не күш, не құдірет екенін өзім де білмеймін. Жалаңаяқпын. Сол жалаң аяқпен басынан ала теуіп кеп қалдым. Бақа аузынан атып шықты. Жылан шиыршық атып, жиырылып, шапшып бір секірді де, ақырын жылжып, сусып барып, суға сүңгіп кетті. Көкқасқа бақа сәл-пәл қозғалғандай болды да, тырп етпей, жер бауырлап, қозғала алмай жатып қалды. Жылан сорып қойған екен. Бәрібір өліп қалды. Көз алдымда өлді. Бірінші рет өлікті көргенім сол. Өтірік. Оның алдында өзіміз садақпен, рогаткамен атып, аспен ұрып, талай өлтіргенбіз. Бірақ мына өліс мүлде басқа еді.

Кейін, кейін күштінің әлсізді қалай қорлайтынын талай көрдім. Көрген сайын қарашұбар жылан мен көкқасқа бақа көз алдыма келе қалады. Ұмыта алмаймын.

Дүние әлі солай. Өзгерген жоқ. Тек күс-күс жарылып кеткен, жарасына топырақ тығылып қалған өкшесімен әділетсіздікті теуіп кеп жіберетін адам табылмайды. Баяғыдай батырлық менде де жоқ».

Шерағаңның бүкіл болмысы, тұрған бойы осы еді. Қазіргі «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерін басқарғанда, телерадиокомитетте басшылық қызмет атқарғанда қоластында істегендер соны үлкен мәртебе көретін. «Шерағаңның шекпенінен шыққанбыз» деген сөз кез келген сыйлықтан гөрі мәртебелі естілетін. Ал біз Шерағаңның шекпенінен шыққандардың қоластында қызмет еткенімізді, Қали Сәрсенбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Әмірхан Меңдеке сынды ағалардың Ұстаз туралы әңгімесін тыңдағанымыздың өзін көңілге медет көрер ек. Енді міне, Шерағаңмен бірге тұтас бір дәуір көшкендей…

Көзін тырнап ашқаннан қиындық көрген, қиянат көрген Шерағаңның өмірлік өкініші де бар еді. Бірақ, ол маңызды емес. Маңыздысы – қазақ барда, қазақ оқырманы барда Шерхан Мұртазаның аты өшпейтіні, өлмейтіні.

«Ұланның» оқырмандарына бір ғана тілек бар: Шерағаңның шығармаларын оқиық. Барлығын! Бірін қалдырмай! Өйткені онда мінез бар…

Шерағаңмен бірінші кездесу

2008-2009 жылдары «Алқа» журналында жұмыс істеп жүрдім. Шерхан Мұртаза Алматыға келіпті дегенді естіп, хабарласып, іздеп бардым. Абай көшесінің бойындағы медицина орталығында ем қабылдап жүр екен. Сол жерде кездестік. «Бір Алладан басқаның бәрі бір кем дүние. Алланың өзінің де 99 аты бар. Жаратушы Иенің өзіне бір атау аздық қылып тұрғанда, дүниенің тарлығы туралы не деуге болады?..» – деп бастапты әңгімені, солай деп түртіп қойыппыз.

«Қанағат қарын тойғызады» деген сөз – Шерағаңның ұстанымы іспетті еді. «Сіз атақ-абыройдан да, мақтау мен мадақтан да кенде пенде емессіз. Басыңызда бақ болды, астыңызда тақ болды. Өзіңізді «бұзылудан» қалай сақтадыңыз?» – деп сұраппыз. Сондағы жауабы: «Ең әуелі Алланың құдіреті. Әйтпесе, менің басқалардан оза жаратылған жерім жоқ. Жаратқан Алла маған пейіл берді. Қанағатшыл етті. Басқа құпиясы жоқ».

Сол сұқбатта Амангелді Сембинді еске алған. Рамазан Стамғазиевті тыңдайтынын айтқан. Оралхан Бөкейді «жүрек жібітер ерекше шығармалар жазды» деп еске алған. Мархабат Байғұт пен Нұрғали Оразды мақтаған.

Еркін көсіле әңгімелесуге уақыт тығыз болған еді. Түскіге қонаққа шақырып қойыпты. Оның үстіне, әрі өткен, бері өткеннің бәрі Шерағаңды танып, амандасып, ойын да бөле берген. Сөз соңындағы айтқаны: «Көкейімде мықты бір шығарма жазсам деген арман бар. Сол арманыма әлі жете алмай келемін. «Зеядан ұшқан ақ тырналар» деген әңгімені бастап едім. Аяқтай алмай жүрмін. Зея деген өзенді білетін боларсың. Менің әкем сол арада қайтыс болған. 1937 жылы ұсталып, айдауда жүргенінде қарағай тартқызыпты. Намаз оқып отырған жерінде үстіне қарағай құлап мерт болған. Соны жазбақ едім. Әсерлі етіп жазғым келеді. Оған шама келе ме, келмей ме…»

Арада төрт-бес жыл өткенде Шерағаңмен екінші рет кездестік. Ауырып жүрген кезі еді. 2013 жылдың маусымы екен. Қазақстанның ашық кітапханасына шығармаларын орналастыру үшін келісімшарт ала бардық. «Ұланға» үлкен сұқбат алғымыз келген. Бірақ әңгімеміз қысқа-қысқа болып үзіліп қала берді. «Бүгінгі балалар – бақытты балалар. Небір жақсы заманды көріп келе жатыр. Көрген-білгендерін есіне сақтап, кейінгілерге жеткізсін деп тілеймін. Біз құсап «есімде жоқ, білмеймін» деп отырмасын. Біздің заманды бастарына бермесін. Жақсы оқысын. Оқуға мүмкіндігіміз болмады, көп оқымағанның салдарынан көп дүниені білмейміз. Ал бүгінгі балалар осы қателікті қайталамасын», – деп балаларға батасын беріп, оны «Ұлан» газетінде жариялағанбыз. Сол барғанымда Шерағаңның «Зеядан ұшқан ақ тырналарды» жазған дәптерлерін жоғалтып алғанын білдім. Жанарына мұң толып, жас балаша мұңайып отырды. Бұл шығарманың Шерағаң үшін орны бөлек еді. Ол оны әсерлі етіп, ерекше етіп жазғысы келген. Анасына «Ай мен Айша» деп ескерткіш қойған жазушы дүниеден еш қызық көрмей кеткен әкесі Мұртазаға солай ескерткіш қойғысы келген еді. «Бірнеше көк дәптерге жазып едім», – деген. Жазушының қызы Алма апай Тараздағы үйінен ол дәптерлерді таппай қойғандарын айтты. Сол күні Шерағаңмен естелік суретке түстік. Бірақ айбатты арыстанның қартайған шағын ешкімге көрсеткіміз келмеді, сол себепті ол суретті еш жерде жарияламадық.

Ал үшінші кездесу… ол тіптен көңілсіз. «Ұланның» тұрақты авторы, көрнекті ақын ағамыз Аян Нысаналин редакциямызға кезекті бір келгенінде «Шерағаңның жағдайын сұрауға барамын» деп қалды. «Біз де барайықшы» деп жата кеп жабыстық. Қыстың кезі еді. Ертесіне Аян аға, ол кісінің Қоянбай деген курстасы үшеуміз ел аузында «совмин» деп аталатын аурухананың кіреберісінде кездестік. Шерағаңнның жағдайы ауыр екен. Бірақ келген қонақтарға ризашылығы жанарынан көрініп тұрды. Қолымызды қайта-қайта қысып, қимай шығарып салды… Ал өткен бейсенбіде қалың қазақ, қара орман халық Шерағаңды соңғы сапарға шығарып салды. Жатқан жеріңіз жарық болғай, абыз ақсақал!

P.S. Кейде бір көңіл-күйім болмағанда, шаршағанда «Бір кем дүниені» парақтайтыным бар. Неше рет оқысаң да, қайталап оқи бергің келеді. Тіпті жаттап алсаң да… Сосын Әділ Дүйсенбектің «Менің ШЕР ағам» деген кітабын парақтаймын. Міне, дәл қазір де үстел үстінде осы екі кітап жатыр. Тауып та айта білетін, қауып та айта білетін, сөзге тоқтайтын дана адамның болмысына таңғала бас шайқаймын. Фотограф, марқұм Сайлау Пернебаев пен Шерағаңның арасындағы әңгімелерді жинаса, бір емес, бірнеше кітап құрастыруға болатын шығар деп бір күліп аламын. Сайлау ағамыз сапарға шыққанда да, редакцияда да Шерхан ағамызды әбден шаршататын көрінеді. Сондай бір сапар үстінде асыра сілтеп, артық кетіп қалған Сайлау ағамызды жұмыстан шығарып жіберіпті. Кешірім сұрай-сұрай «лимитін әбден тауысқан» Сайлау аға ақыры ебін тауыпты. Өзінің бір суретін үлкейтіп шығарып, аузына лейкопластырь жапсырыпты да, конвертке салып, Шерағаңның хатшысына «өз қолына тапсыр!» деп беріп кетіпті. «Шүкір, содан бері қылдырап сол ағамыз қайта алған қызметте жүріп жатырмыз…» – деген екен Сайлау аға. Ашуланғанда қабағы түксиіп, мұрты тікірейіп кететін Шерағаң риза болғанда отыз екі тісін түгел көрсете күледі екен. Арыстанбай айбатты, жолбарыстай қайратты, сонымен бірге жүрегі жұмсақ Шерхан Мұртаза бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Ол шығармаларымен мың жасайды!..

Жұлдыз ӘБДІЛДА

Ұлан газеті», №41
9 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз