Алдыңғы мақаламда әскерге қалай келгенімді жан-жақты жазған болатынмын. Бүгінгі сөз ұлттық ұлан сарбазының бір күні және маңызды нәрселер туралы болмақ.

№5513 əскери бөлімінің əр сарбазы өзіне тапсырылған міндеттерді тиянақты орындайды. Ерте тұру – сарбаздың дағдысы, əскердің өзгермейтін заңы. Таңғы сағат 06:00-де ұйқыдан тұрып, 06:05-те батальон алдына сапқа тұрамыз. Кезекші офицер пəрмен бергеннен кейін жорықтық лекке шығып, роталар бойынша саптық алаңды айналып жүгіреміз. Кемінде 10 айналым жасаймыз. Кезекші офицердің өзі бірге жүгірсе, 15 мəрте айналамыз. Бұл шамамен 2,5-3 шақырым. Бастапқы үш ай 4 айналымнан кейін шығып қалатынмын. Іштей намыстанасың. Мектепте спортпен шұғылданғам. Жарыстың алдында 5 шақырым жүгіретініміз тағы бар. Ол да көмектеспеді. Бір күні кезекті таңғы жаттығу алдында əкемнің айтқан кеңесі есіме түсті. «Балам, жүгіру – спорттың төресі. Бабың шабу үшін шыдам керек. Бағың жану үшін барыңды салу қажет. Əр адамда екінші тыныс деген болады. Екінші тынысың ашылғанша шыда. Əрі қарай жеңіл болады. Жүгірген кезде тек қана мұрныңмен демал. Қол-аяғыңды бірдей іске қос», – деуші еді. Əкем айтқан дайын нұсқаулықты жолма-жол қайталап, бірме-бір істедім. Жемісін бере бастады. Алты-жеті айналымға жететін жағдайға жеттім. Арада 2-3 апта өткенде он айналымға да қиналмайтын болдым. Күн сайын жетістігімді жаңартып отырдым. Басында күле қараған біраз қатарластарымды шаң қаптырдым. Жүгіруге шыққанда жаратылған аттай тыпыршып тұра алмаймын. Іштей «15 айналым жүгіртсе ғой» деп тілеп тұрамын. Терлеп-тепшіп жүгіргеннен лəззат аламын. Бəрі əкемнің арқасы, бəрі еңбектің арқасы.

Күн тәртібі

Қызмет атқарған 9 айдың ішінде күн тəртібінің өзгергенін көрген емеспін. Рота жеке құрамы таңғы асқа сағат 08:00-де барады. Аптаның жеті күнінде үш мезгілден ауқаттанамыз. Қай күні, қай мезгілде қандай тамақ жейтінімізге дейін жаттап алдық. Дүйсенбі күні таңғы асқа ірімшік, жұмыртқа, бал, бір стақан шəй, суға піскен күріш, нормаға сай нан аламыз. Əскерде бəрін нормаға сай береді. Сержанттар айтатын: «Сарбаз, сен ешнəрсені ойлама, сен үшін бəрін ойлап қойған», – дейтін сөз еріксіз еске түседі. Бір өтірігі жоқ. Тек берілген команданы орындасаң жетіп жатыр. Сарбаздар асханаға, саптық алаңға, барлық жерге қаз-қатар сап түзеп барады. Аяқтарын бірдей алып, саптық адыммен кетіп бара жатқан сарбаздарға офицерлер де разы. Түскі асқа, кешкі асқа барғанда рота сарбаздары əн шырқайды. Патриоттық бағытта хормен айтылған əн сарбаздардың жігерін жаниды, рухын көтереді. Таңғы астан кейін жаңа тəуліктік жасақ нұсқаулық сабақтарға сапқа тұрады. Одан кейін таралым өтеді. Бөлім бойынша кезекші: «Қызмет атқару орындарына адым бас!» – деп пəрмен береді, сосын бəрі қызметтеріне кіріседі. Өз басым əскери бөлімдегі жасақтың барлық түріне түсіп көрдім. Жасақ болған кезде ешқандай ескерту алмасаң, келесі күні түскі астан кейін 2-3 сағат ұйықтап алуға мүмкіндік аласың. О, əскерде ұйықтау деген ғажап нəрсе ғой, ғажап!

Әскердегі әзілдер

«Əскерде болған адам циркте күлмейді» деген əзіл-шыны аралас сөз бар. Шындыққа жақын. Өйткені бұл жерге неше түрлі адам жиналады. Адам көп жер əзілсіз болмайтыны белгілі. Өзімнің көзіммен көріп, құлағыммен естіген екі-үшеуіне тоқталып кетейін. Əскерге келгенімізге көп бола қойған жоқ. Сержант мырза мұнда не үшін келгенімізді сұрады. Əркім əртүрлі жауап беріп жатыр. Бірі Отан алдындағы борышымды өтеуге келгенін айтса, бірі əскери билет үшін, енді бірі ақша төлемеу үшін келіпті. Ішіміздегі бір сарбаздың жауабы ішек-сілемізді қатырды. Сержант пен сарбаздың арасындағы диалог былайша өрбіді.
– Қай жақтансың?
– Шығыс Қазақстаннан.
– Сен не үшін келдің əскерге?
– Тірліктеріммен!
Күлкіден түйіліп қалдық.
…Асхана алдында тұрмыз. Асхана бойынша кезекші старшина мырза: «Қай жақтансыңдар?» деп сауал тастады. Жапа-тармағай, бір-бірімізден қалмай айтып жатырмыз. Ол кісі сəл кідіріп тұрды да: – Бəрің де қазақтың мықты жерінен келіпсіңдер. Сол үшін осы тұрған бəріңе менің атымнан обед. Первый, второйымен! – деп қойып қалды. Жамырай күлдік. Есімде қалған əзілдер осындай.

Жарғы

Барлық əскер сүйінетін жалғыз кітап. Мұқабасы көк кітаппен аса қатты дос болдым деп айта алмаймын. Қарауыл міндеттерін толық сол кітаптан жазып алдым. Сарбаздардың ұйқыдан тұруынан бастап, ұйықтарға дейінгі іс-əрекеті толықтай жазылған. Рота командирінің, командир орынбасарының, рота старшинасының, взвод командирлерінің, взвод сержанттарының, бөлімше командирлерінің, бір сөзбен айтқанда, əскерге қатысы бар тұлғалардың міндеттері тайға таңба басқандай анық жазылған. Одан бөлек əскери сəлемдесу, сейілдемеге шығу, демалыс, бос уақыт, сөгіс, қандай градуста қалай киіну керек, бəрі-бəрі көрсетілген. Жарғымен жүретін адамды «уставник» деп атайды. №5 киім үлгісін 1 минутта кию, 45 секундта шешініп, жатып қалу деген сынды көңілге қонымсыз тұстары да бар. Жауынгерлік қызметтен кейін бір күн өтпей екінші түріне түсуге болмайды деген сияқты орынды жерлері де жетерлік.

Бос уақыт және сейілдеме

Сарбазда бос уақыт көп болады десе еш сенбес едім. Өйткені бəрін дəлме-дəл есептеп қойған. Болған күннің өзінде ол жеке қажеттілігіңе жұмсалады. Келесі күнге жаға тігесің, формаңды жуасың, жұқартып шашыңды алдырасың, ротаның ішін жинастырасың. Бірақ соның өзінде уақыт табуға болады екен. Уақыт тауып баспасөз беттерін шолып шығамын. Ротамызға «Egemen Qazaqstan», «Qalqan», «Aq Jol», «Казахстанская правда», «Жамбыл-Тараз» деген газеттермен қатар
«Бүркіт» журналы, одан бөлек «Ұлттық ұлан жаршысы» деген жинақ келіп тұрады. Осылардың ішінен ұнатқан материалдарымды оқып тұрамын. Əсіресе, Ұларбек Нұрғалымұлы мен Қазбек Құттымұратұлы деген қаламы қарымды журналист ағаларымның жазғандарын қалт жібермеймін.

Сейілдеме! Бұл сөзді жүз рет естіп, бір рет те шықпауыңыз мүмкін.
Керісінше, бес мəрте естіп, бесеуінде де қыдырып келуіңіз ғажап емес. Ол сөзді есту бар, оған шығу бар. Естіген – жақсы, шыққан – бақыт! Сейілдемеге əскери қызмет міндеттерін үлгілі орындайтын, тəртібі жақсы, командирлер тарапынан ескерту алмайтын, сыртқы келбетіне, киім үлгісіне ерекше мəн беретін сарбаздарды шығарады. Сол себепті бəрі осы үдеден шығуға тырысады. Таңертеңгі 10:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін сейілдеме қағазын қолыңызға ұстатып босатады. Қанша қыдырсаңыз да, қай жерге барсаңыз да өзіңіз білесіз. Бастысы, кешікпей келсеңіз болғаны. Егер ат арытып алыстан ата-анаңыз, туған аға-əпкеңіз келсе, жеке куəлігін қалдырып, сейілдемеге алып кете алады. Сейілдемеге сегізінші айдың ортасына келгенде бір-ақ шықтым. Шығатын кезімде қарауыл немесе жасақ боп қаламын. Əйтпесе бірнеше рет шығушы ем. Содан сейілдеме кезінде бір сергіп, үйге қайтатын уақыттың жақындағанын сезіндім.

Мейірімді офицерлер, қамқор сержанттар

Əскерде сарбаздарға офицерлер мен сержанттар басшылық жасайды. Иықтағы погоны арқылы шенін білуге болады. Қырынан бір сызық, екі жұлдыз болса – лейтенант. Үш жұлдыз – аға лейтенант, төрт жұлдыз орналасса, капитан деген сөз. Қырынан екі сызық, оның үстінде үлкен жұлдыз бейнеленсе – майор. Екі жұлдыз – подполковник, үш жұлдыз тұрса – полковник.

Сержанттардікі сəл өзгешелеу. Асты сызылмаған үшбұрыш (үйдің төбесіне ұқсайды) ефрейторды білдірсе, соның екеуі – кіші сержант, үшеуі – сержант. Үш сызық бірігіп жуан бір сызық боп таңбаланса, аға сержант. Əлгіге қоса ефрейтордың белгісі қоса салынса, 3-сыныпты сержант екенін айғақтайды.

Риза болып, үлгі алуға тырысатын екі офицерім бар. Біріншісі – капитан Садвокасов Мұса Абайұлы. Екіншісі – лейтенант Скаков Дамир Дəуренұлы. Капитан Мұса Абайұлы №2 жедел мақсаттағы батальон командирінің тəрбие жəне əлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары. Өз ісіне берілген, сарбаздары үшін барлық жақсы жағдайды жасауға үлесін қосып жүрген санаулы əскери қызметші.

Ал лейтенант Дамир Дəуренұлы №4 жедел мақсаттағы рота командирінің тəрбие жөніндегі орынбасары қызметінде. Ротадағы əр сарбаздың көңіл-күйіне мəн беретін, əрқайсысымен жеке-жеке əңгімелесу жүргізетін де сол кісі. Екеуі де сөзіне ісі сай азаматтар. Керек жерінде ескерту де жасайды. Сарбаздарды бір-бірінен бөле жармайды. Бəріне бірдей қарайды.

Үлгі алатын офицерлерім екеу болса, қатты құрметтейтін сержанттарымның да саны сондай. Екеуі де взвод сержанты. Біреуі бұрынғы, біреуі қазіргі. №2 взвод сарбаз-атқышы болғанымда взвод сержантым болып аға сержант Кемалов Ғалымжан Сəрсенбайұлы тағайындалды. Ол кісі үнемі көңілді жүреді. Əзіл айтып, жақсы көңіл- күй сыйлағанды ұнатады. Көмек қолын созуға əрқашан дайын тұрады. Қазіргі взвод сержантым əрі бөлімше командирім – сержант Кашкеев Досжан Еркінұлы. Ол кісі қарауыл бастығы жəне кезекші бөлімше командирі. Екі қызметті де абыройлы атқарып жүр. Сарбаздарға ақыл-кеңесін беріп, рухын көтеретін əңгімелерді жиі айтады. Білгенінің бəрін үйретуге тырысады. Мен бұл кісілердің төртеуін де қатты қадірлеймін, үлгі тұтамын.

Сөз соңы

Əскерге барып келген Нұркен есімді бауырым бір сөйлескенімде: «Жəке, əскер туралы əңгімені таңды таңға жалғап айтуға болады», – деп еді. Рас сөз екен. Келіп, басы-қасында болғасын əбден көзім жетті. Хатымды «Сен жəне мен» деген шағын жазбамен аяқтасам деп отырмын. Құрметті оқырман, соңына дейін оқуыңызды өтінемін.

Сен үйіңде ұйықтайсың,
Мен бекетте тұрамын.
Сен түнде қыдырасың,
Мен «дабыл» деп атып тұрамын.
Сен ыңғайлы кроссовкі киесің,
Мен үнемі бердси киемін.
Сен соңғы үлгідегі машинамен жүресің,
Мен ылғи жаяумын.
Сен анаңа ұрсасың,
Мен оны сағынып жүрмін.
Сен соғыс туралы фильм көресің,
Мен оған дайындаламын.
Сен айнаға қарап «мен мықтымын» деп ойлайсың,
Мен оны əлдеқашан дəлелдеп қойғам!

Сəлеммен, қатардағы жауынгер
Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ,
Тараз қаласы

«Ұлан газеті», №39
25 қыркүйек 2018 жыл

2 ПІКІРЛЕР

  1. Тіл байлығы, баяндап жеткізе білуі өте жақсы сарбаз екен деп риза боп оқып отыр едім, таныс авторын көргенде тіптен қуандым. Әкесінің кеңесі өте әсерлі.

    • Әсел, сізге алғыс білдіремін соңына дейін оқып шыққаныңызға! Сіздің де материалдарыңызды оқып тұрамыз деп үміттенемін!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз