Иә, қазір есі бар жастар тойларын балалар үйінде жасайтын болыпты. Аста-төк дастарқанды солардың алдына жайып, тіпті сыйлықтарын да соларға беріп, кәдімгідей көңіл-күйлерін көтеріп тастайды екен. Мысалы, ақтөбелік жас жұбайлар той алдындағы серуеннің орнына «Үміт» балалар үйіне сыйлық жасапты. Оның алдында семейлік жас жұбайлар Нұрсұлтан мен Алтынай 114 балаға дастарқан жайып, 3 сағатқа аниматорларды жалдап, балалардың көңілін көтерген және аяқ киімдер сыйлаған. Өкінішке қарай, мұндай қайырымды тойлар жылына бір рет, ары кеткенде екі рет қана жасалады. Айтпақшы, «ақшаны тойға шашқанша, Еуропа аралап келейік» дейтін жастар да бар. Бірақ олай ойлайтындар да көп емес.

Өзбекстанда тойды қалай өткізу жөнінде арнайы тәртіп орнапты. Тойдың мәселесін анау-мынау емес, Өзбекстанның Президенті Шавкат Мирзиеевтің өзі жөнге келтірмек екен. Бұл елде орташа айлық 100-300 АҚШ доллары болса, үйлену тойын жасау үшін 20 мың доллар жұмсайтын көрінеді. Сондықтан арнайы комиссия құрылып, той қонақтарының санын 150-ден асырмау, ас мәзірін қысқарту және лимузин сияқты қымбат көліктерге тыйым салу секілді пәрмен беріліп үлгерген. Бірақ тойшыл қауым бұл тәртіпке бағынғысы келмей, наразылық білдіріп жатыр деседі.

Айтқандай, Өзбекстаннан бұрын Тәжікстан билігі де аста-төк тойға тыйым салып, тыйымды тиын көргендерге айыппұл арқалатып, әбден мүйіздепті. Тіпті той алдында арнайы тексеріс жүргізіп, молынан дайындалған асты алып кетіп, мұқтаж жандарға беріпті. Той шығындарын қысқартып, ұлан-асыр той жасап шашылатын кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерді тығырыққа тіреп қойыпты.

Бізде мұны «байдың асын байқұс қызғанады» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндей салады. Әйтсе де Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтпаса керек. Біздің елде де осындай тәртіп орнаса екен, лимузин мен 300 адамдық тойларға тыйым салынса екен деп тілеп отырғамыз жоқ. Бірақ қазақтың тойына да бір реформа керек екені айтыла-айтыла әбден жауыр болды.

Қазір «несие алып, той жасадым» десе, еш таңғалмайтын болдық. «Кеше тойға барып, әбден шаршап қалыппын», – деген сөзге құлағымыз үйренген. Тойларымыздың кейбірі мазаққа, кейбірі, тіпті, тозаққа айналып бара жатыр. Енді той жарыспен атымыз шықпаса болды деген қауіп бар. Ел ес жиып, етегін жапқанша бәрібір бізге бір пәрмен керек-ақ. Әйтпесе біраз ағайынды той тоздырып бітетін түрі бар.

Осындай тойдан шаршаған Тоқтар Әубәкіров ағамыз бірде: «Қарап отырғанша, кекіріп отырайық», – депті.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз