Семей қаласының атын естігенде ойыңызға алдымен не оралады? Абай Құнанбаев, Шәкәрім мен Мұхтар Әуезовтің туған өлкесі екені ме, әлде әлемге әйгілі аспалы көпір ме? Мүмкін Семей полигоны мен Сібірдің суығы еске түсетін шығар? Семейге барып көрмегендер мұнда тек орыстар тұрады, халқы орысша сөйлейді деген жансақ пікірде.

Шығыс Қазақстаннан Алматыға алғаш келгенде ел аузындағы аңыздарға анықтама беру үшін біраз ізденуге тура келді. Осылайша, үш жылдың ішінде өзім 18 жыл бойы ойланбаған тақырыптар аясында ізденіп, тіпті өзгелер түгіл өзім де білмейтін Семей туралы аңыздардың ара-жігін ажыратуға тырыстым. Сендер де біле жүрсін деген оймен Семей қаласы туралы сегіз аңыз бен фактінің ақ-қарасын айтып бермекпін.

Семей – орыстардың қаласы

«Шығыста орыстар көп дейді ғой», «халқы орыстілді екен деп естідік», «Семейде қазақша білетіндер аз көрінеді», «сенің де түрің орысқа ұқсайды, ата-анаң қазақ па өзі?» дейтін дәстүрлі сауалдардан жалыққан сәтте нақты дерек пен дәлел іздеу керектігін түсіндім.

Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларында Семей қаласы Жетішатыр деген атаумен беріледі. Семей қаласының атауы «семь палатки» деген орыстардың сөзінен шыққан делінеді. Кеңестік көзқарастағылар бұл пікірге иланғанымен, «семей» сөзі көне түркілерге жататын сары ұйғырлар тайпасының тілінде «киелі мекен» деген мағынаны білдіреді екен. Ал «алаш» сөзі түркі тілінде бауырлас, қандас, туыс деген мағына береді. Демек, Семей мен Алаш ұғымдары – тұтас түркі дәуірінде қалыптасқан ежелгі атаулардың бірі.

Статистикаға сүйенсек, Семей халқының 44 пайызы орыстар екені шындық. Семей қаласы Қазақстанның солтүстік-шығысында орналасқанын ескерсек, Ресейге жақын екенін картадан-ақ анық байқауға болады. Бірақ, қазақтың «Мәдени астанасы», Алашорданың орталығы саналып жүрген қаланы орыстардың қаласы деуге қимасымыз анық. Семей – қазақтардың рухани қаласы. 2014 жылғы деректер бойынша қазақ тілін меңгерген қала тұрғындарының үлесі 78 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Одан кейінгі төрт жылда да қазақ тілін дамыту шаралары қарқынды жүргізілуде. Сондықтан «Семейде тек орысша сөйлеу керек, орысша білмесең, күн көре алмайсың» деген аңыз ақиқатқа жанаспайды. Семейдің орыстарының өзі қазақшаға судай. Оны аймақтық телеарналардың эфирі мен жергілікті баспасөз беттерінен де анық байқауға болады. Абай мен Мұхтардай алыптарды өмірге әкелген өлкені орыстардың иелігіне қия салу біздің қазақтығымызға сын болады. Сондықтан «Семей – орыстардың қаласы» дейтін аңызға сенудің, сендірудің қажеті жоқ.

Семей полигоны, кемтар адамдар, қу дала

Балалардың Семей деген қаламен таныстығы мектеп қабырғасында басталатыны белгілі. Алғашқы таныстық бастауыш сыныптарда оқытылатын экология немесе дүниетану пәндерінен басталады. Ол оқулықта Семей қаласында ядролық сынақтар жүргізілгені, соның әсерінен экологияға үлкен зиян келгені туралы айтылып, «Семей полигонының зардаптары» ретінде түрлі кемтар адамдардың суреті көрсетіледі. Адамның табиғаты алғаш көрген, алғаш білген дүниесін есте сақтап қалады ғой. Сондықтан шығыстың тамаша табиғатын қу дала, экологиялық апаттан кейін қаңсып қалған қауіпті аймақ ретінде елестететіндер көп. Ал Шығыс Қазақстанға саяхаттап қайтқан адам нашар табиғат туралы түсініктің қате екенін өзі-ақ түсінеді.

1945 жылдан бастап Семейде жүргізілген ядролық қару сынақтары 40 жыл бойы жергілікті халықтың денсаулығы мен өңір табиғатына кері әсерін тигізгені рас. «Семейде тұратындардың денсаулығы нашар», «Араларында кемтар адамдар көп» деген пікір де осы полигон синдромына байланысты тараса керек. Алайда, ядролық сынақтар 1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен тоқтатылды. Қазір полигон аймағы жабық зонаға айналған. Зиянды сынақтар өткен жерге алыс-жақын шетелдерден келетін туристер әлі де көп. Мамандар бұл аймақтың қайта қалпына келтіріліп жатқанын айтып, қазір еш зияны жоқ екеніне сендіреді. Семей полигонынан зардап шеккен 1 миллион 200 мың адамның 400 мыңының көзі тірі. Оларға үкімет тарапынан өтемақы беріліп тұрады. Ата-әжеміздің осындай өтемақы алып жүргенін өзіміз де көріп өстік. Оның не себепті берілетінін сұрағанда олар бізге тарих бетіндегі жүрек ауыртатын осы әңгімені баяндап беретін.

Аспалы көпір құлайды

ТМД көлемінде аспалы көпір Семейде ғана бар. Түркиядағы аспалы көпірді түрік фильмдерінен ғана көретін қарапайым қазақстандықтар Семейдегі осы көпірді көру үшін арнайы келіп жатады. Олар «ұзақ уақыт күрделі жөндеу жұмыстарын көрмегендіктен, Семейдегі аспалы көпір құлауы мүмкін» деген қауесетке сенетіндерін айтып, жергілікті халықтан анығын сұрап жатады. Мұндайды естіп алған қала халқы да жаппай дүрлігіп кеткен кез де болған.

Шындығына келер болсақ, Семейдегі аспалы көпір 2000 жылы 17 қазанда қолданысқа берілді. Көпір Ертіс өзенінің арғы беті мен бергі бетін байланыстырып тұр. Көпір құрылысының жобасын жасаған жапондық Исакавадзима Харима Хеви Индастриз Компаниясы көпірдің пайдалану кепілдігін 200 жыл деп көрсеткен. Жыл сайын жөндеу және қалпына келтіру шаралары жүргізіліп тұратын көпірдің қызмет еткеніне әлі 20 жыл да болмады.

                                       Семейдің жолы нашар

Шығыс Қазақстан облысында теміржол, автомобиль, су және әуе жолы қатынастары қатар дамыған. Автомобиль және су жолының жалпы ұзындығы бойынша ШҚО республикада алғашқы орында. Семей қаласына кез келген көлік түрімен оңай қатынауға болады. Ал ауылдық елді мекендердің барлығында дерлік жол мәселесі шешілмей келе жатқаны белгілі. Сондықтан Семейдің жолы туралы әңгімеге кезекті аңыз деп қарау керек.

Семей – орталық емес, ал «Еуразияның кіндігі» қайда?

Семей қаласы мәдени, рухани орталық деген пікірге қарсы келетіндер көп. Алаш зиялылары астана етіп ту тіккені, мәдениет пен өнер де осы өлкеде жақсы дамығаны тарих беттерінен белгілі. 1718 жылы іргетасы қаланған қала 300 жылдан бері қазақ халқының құтты мекені болып келеді.

Географиялық есептеулер бойынша Еуразия материгінің кіндігі осы Шығыс Қазақстанда орналасқанын біреу білсе, біреу білмейді. Еуразия құрлығының географиялық орталығы Семей маңындағы Дегелең тауында. Ол жерге арнайы «Еуразия құрлығының кіндігі» деген белгітас та орнатылған.

Семейде мұсылмандар аз

Бала күнімде қаладағы әдемі ғимараттардың не екенін сұрағанымда оның шіркеу деп аталатынын, католиктер осы жерде діни жоралғылар өткізетінін алғаш білген едім. Қаланың орталық аймағында шіркеу саны көп әрі ол шіркеулер биік, әдемі болып көзге түсіп тұратындықтан, Семейде мұсылмандар аз деген ой келері анық. ҚазАқпараттың дерегі бойынша, 2015 жылы 25 қазанда Семей өңірінде 35 діни бірлестік тіркеуден өткен. Олардың ішінде 18 мешіт, 4 православие шіркеуі, 2 католик приходы және 1 дәстүрлі емес діни бірлестік бар. Бүгінде қалада Ислам дініне бет бұрушылар саны күн санап артып келеді. Мешіт санының көп болуы қалада Ислам дініне сенушілерің көптігін байқатады.

Семей және Сібірдің суығы

Семейден келдім десең, Антарктидадан келгендей қарайтындар көп. Қалың киініп алған адамға «Семейден келдің бе?» деп әзілдейтіндер де бар. Аңызға бергісіз суығы мен аязына байланысты Семейді халық арасында «Қазақстандағы Сібір» атап кеткен. Климатының шұғыл континетальды болуы жылдық және тәуліктік температураларының жоғары амплитудасына қатысты болып отыр. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, қыста -45 градус, ал жазда +45 градусқа дейін ауытқуы Қазақстан мемлекеті орналасқан белдеу үшін қалыпты жағдай. Ескере кететін жағдай, еліміздегі ең суық аймақ Семей емес, солтүстік аймақ. Мысалы, еліміздің солтүстік-шығысындағы Атбасар елді мекенінде -57 градус ауа температурасы тіркеліп, Қазақстандағы ең суық жер ретінде рекорд орнатылған.

Семейде тек наймандар тұрады

Халық арасында «Қазақстанда аса кең тараған екі вирус бар: алғашқысы «шымкенттік» болса, екінші «найман» деген сөз жиі айтылады. «Семейлік қазақ найман болып шығады» деген түсініктен соң шығыстан келгендердің бәрін осы руға телитіндер көп. Тарихи картаға көз салсақ, Ертіс жағалауын тек наймандар ғана емес, керей, уақ, арғын мен жалайырлар да мекендеген. Демек, Семей қаласы аталған рулардың ортақ тарихи мекені.

P.S: «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» дегендей, кез келген тұжырымның ақиқатын анықтау үшін оны көзбен көріп, қолмен ұстап білген абзал. Әр нәрсенің ақиқатын ауыздан ауызға тараған аңызбен емес, нақты деректер мен дәлелдер арқылы анықтау керек. Журналистің басты міндеті осы. Қоғамда сіз күмәнданып жүрген қандай жәйт бар? Бізге жолдаңыз. Анық-қанығын біліп беруге тырысамыз.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан газеті», №37
11 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз