Берелге жеткенде сағат кешкі алтыдан асып қалған еді. Жолбасшымыз Меруерт атақты археолог Зейнолла Самашевпен бірге жұмыс істейтін Елдос ағаға хабарласып, бізді музейге кіргізді. Көліктері сыртта күтіп тұрған экскурсовод апайлар бізге аса жылы шырай таныта қоймады. Біз де ол кісілерді кінәлай алмаймыз. Жұртты жолынан қалдырып, жұмыс уақыты аяқталса да ұстап тұрмыз. Кешігіп келген өзімізге де дауа жоқ. «Қатонқарағайдан жеткенше осы болды» деп ақталып қоямыз тағы. Басында қонақтарға қуана қоймаған апайымыз музейді таныстырып жүріп-ақ қабағы ашылып кетті. Біздің әр сауалымызға мұқият жауап беріп отырды. Өзімізді кінәлі сезініп тұр едік, жадырап сала бердік.

Берел музейі әлемдегі әйгілі тоғыз музейдің бірі екен. Ол қатарға кіру себебі де тегін емес. Қорымнан табылған жәдігерлердің барлығы аң стилінде жасалған. Музейге қойылған заттардың барлығы түпнұсқа. Өзге музейлердегідей ақылы болсын фото-видеоға түсіруге болмайды. Музейдің дәлізінде еліміздің өзге де мұражайларынан көшіріліп әкелген жәдігерлер қойылыпты. Ежелгі Отырар қаласынан табылған қыш-құмыраларды жағалай өтіп, төрдегі басты бөлмеге кірдік.

Патшаның соңғы сапары қандай болған?

Жерленген патшаның бетінде бетперде болған. Ер адамның бетіне ота жасалған немесе беттен жарақат алған болуы мүмкін. Ресейден шақырылған антропологтар бетперденің көмегімен жерленген патшаның бет-жүзін жасап шығарды. Бірақ сақ патшасы еуропеоидке ұқсап кетіпті. Экскурсовод апай оның себебі мүсінді азиат емес, еуропеоид антрополог жасап шыққаннан болар дейді. Патша ел басқарып қана қоймай, қолбасшы да болыпты. Өйткені оның қабырғасы сынған екен. Ежелгі заманды сипаттайтын кинодан ер адамдардың шашы ұзын екенін көріп жүрген боларсыңдар. Сақтарда да ерлердің шашы ұзын болған деп ойлайтынбыз. Олай емес екен. Ұзын етіп тұрған аттың қылынан жасалған жасанды шаш екен де, ал негізі шашы қысқа болыпты.

Келесі бөлмеде жылқының жирен түсті терісіне дейін қойыпты. Әйелдің боялған киімін де көрдік. Мыңдаған жылдар өшпей тұрған бояуды сақтардың неден жасағаны әлі күнге дейін анықталмаған. Аттың ер-тоқымы да сол қалпында жетіпті бізге. Б.з.д. III ғасырдың атына, осыдан тура жиырма жыл бұрын табылған атқа тиесілі ер-тоқым демейсің. Үйде әкеміз күнде таңертең мініс аттың үстіне көтеріп салатын, кешке көтеріп түсіріп, бір шетке лақтыра салатын тоқымға ұқсайды. Қойылған орнынан қазір алып кетіп, атқа қоюға болатындай. Жылқының екі жағында балықтың бейнесі салынған салпыншақтар бар. Неге екені белгісіз, сақтар балықтың суретін жиі пайдаланыпты. Ал патшаның бас киімі киізден жасалған.

Қабырғаға «Патшаның соңғы сапары» деп аталатын картина ілініпті. Арбада отырған патша тірі емес. Оған бальзам жағып қойған. Картинаның айтар екі болжамы бар. Біріншісі, патша басқарған он үш тайпаның адамдары оны соңғы сапарға шығарып салуға келіп тұр. Патшаны обаға апарар арбаның соңынан он үш жирен ат еріп келеді. Оларды қоса жерлеу үшін шегеден ұрып өлтірген екен. Ал екінші нұсқа патшаны арбаға салып алып он үш тайпаны аралатып шыққан. Бізше бірінші болжам көңілге қонымдырақ. Құмыра толтырылған су, табақ-табақ асылған еттен-ақ ол жақта да өмірдің барына сенгенін білуге болады.

Бөлменің келесі бетіне өтер тұста №2 қорғаннан табылған сынықтардан құралған құмыралар тұр. Экскурсовод апай оның әрқайсысын құрастырып шыққандарын айтып, абайлап жүруімізді сұрады. Бағаланса, осы кісілердің еңбегі бағалансын. Аяғымыздың ұшымен өттік. Құмыра да обаның ішінен табылған. Тарихтан оқып жүргендеріңдей, сақтар о дүниеде де өмір бар деп адамды ас-суымен, қару-жарағымен бірге көмген.

№10 қорғаннан шегесіз істелінген табыт табылыпты. Сөредегі табыт жасалған қарағайға үш мың жыл болған. Мұнда он жылқы бар. Патшайым жатқан. Жерленген адамның қоғамдағы статусына қарай аттардың саны да өзгеріп отырған. Бірінші қатардағы төрт аттың басын сүйеп тұру үшін тас қойған. Ал кейінгілерді алдыңғы аттардың арқасына сүйеген. Сақтардың патшамен бірге жерлеген аттың макеті қойылған залға өттік. Түпнұсқасы Астанадағы ұлттық музейде тұр деді бізге. Бірақ ол музейге қанша рет барсам да тұпнұсқадағы заттарды өте сирек көріп едім. Сақ жылқысының бар екенін білмейді екенмін. Айтпақшы, сақтар жылқыға үзеңгі мен таралғы салмаған. Атқа секіріп мініп, секіріп түскен бе екен, әлде өздері ірі болған шығар.

Сақтардың Күнге табынғанын айттық. Сары түсті жақсы көрген. Алтынды үйіп-төгіп патша, патшайыммен көме бергенін түсінбейсің. Сірә алтынның сары түсіне бола қоса жерлеген сияқты. Ал негізінде алтынның қандай бағалы екенін білмеген болар деп ойлаймыз.

Зейнолла САМАШЕВ:

Археологпен бірге жүретін журналист шыға ма деп күтіп жүрмін

Музей қызметкерлері бізді №11 қорғанның орнына апарды. Қазір ол жерді қорған алғаш табылғандай етіп реконструкциялап қойыпты. Берел музейін көрдік, атақты №11 қорғанның реконструкциясына да бардық. Енді Берелге келгендегі жалғыз арманымыз қалды. Ол сұқбат беру мен суретке түсуді жақсы көрмейтін танымал археолог Зейнолла Самашевпен аз-кем сөйлесу еді. Музейге кірер кезде моншаға кетті, бүгін жолыға алмайсыздар деген болатын. Жолбасшымыз Меруерт журналист Марфуға Шапиян екеуміздің көңілімізді қимай, музей орналасқан аймаққа қайтып келдік. Әлгі қорғанның кілтін өткізуіміз керек еді деген желеумен аймаққа кіріп алдық. Одан археологтар уақытша тұратын үйге аяңдап келеміз. Кеш түсіп қалған. Зейнолла ағаны өз басым қатал адам ретінде елестетіп алғанмын. Сөйлеспей қайтарып жіберсе ше деп келем. Ағаш үйге кірдік те, келесі бөлмеге Меруерт бірінші өтіп кетіп, тез арада қайтып келді. «Қыздар, жолдарың болды. Зейнолла аға бар екен, тамақ ішіп отыр. Кеттік», – деді күлімдеп. Ақырын жүріп бөлмеге біз де келдік. Өзім ешкім шақырмай рұқсатсыз кіріп кеткенімізге ыңғайсызданып тұрмын. Шешінген судан тайынбас. Кіре сала амандасып, журналист екенімізді айттық. Мен Алматыдан келгенімді айттым, Марфуға әпке астаналық екенін жеткізді. Зейнолла аға қатал емес екен. Дауысы да жұмсақ, жүзі де мейірімді. «Төрлетіңдер. Табалдырықта неге тұрсыңдар? Қане жайғасыңдар, дәм алыңдар», – деп дастарханға шақырды. Өзі бөлменің екі басын толтырып тұрған үстелде төрде отыр. Оң жағында Айдос есімді археолог, сәлден соң сол жағына бізге көмектескен Елдос аға келіп жайғасты. Тамақты кім істеп жүр десек, мұнда қазба жұмыстары басталатын көктемнен, жұмыс аяқталатын тамыз соңына дейін Шәкәрім атындағы университеттің студенттері келеді екен. Қыздары тамақ істеп, тәттісін пісіреді әрі археологтардың жұмысына араласады. Ал ұлдар таңнан кешке дейін археологтардың жанынан шықпайды. Тарих пен археологияны оқып жатқан студенттер басында өте көп болыпты. Біз бес-алтауын ғана көрдік. Бізге қызартып шәй құйып берді. Зейнолла аға Берел қорымына аз-кем шолу жасады:

Берел қорғандары осыдан 150 жылдай уақыт бұрын қазылып басталған. Берел ескерткіші көп салалы. Ежелгі көшпенділер сақтар дәуірінен көне түріктерге дейінгі кезеңдерді қамтитын ескерткіштер. Бұл жердегілер Пазарық мәдениетін қалыптастырушылар. Геродоттың жазуынша, мұнда ежелде жалғызкөзділер, аргипейлер қоныстанған. Аңыз бойынша жалғызкөзділер үлкен той-жиындарда жалғыз көзді бетперде киіп алады екен. Аргипейлерді тақырбастылар деп те атаған. Әйелдері қайтыс болғанда ерлері шаштарын тықырлап алып тастап, әйелдерінің ұзын шашынан парик жасап киеді екен. Қытай деректерінде Пазарық мәдениетін жасаушыларды Ио Джы деп атайды. Оларға үшінші ғасырдың аяғында ғұнның Мөде шаньюы шабуыл жасап, халқы бытырып жан-жаққа қашқан. Бір бөлігі Тайгаға кетсе, біразы Сарарқаға, Жетісуға, соңғысы Қытайдың Ұйғыр автономиясында адам басып жүре алмайтын шөл даласына барып тығылыпты. Міне, сонда кеткен халқы мәдениетті сақтап қалған. Қазір дәл осы Берелден біз тауып жатқан жәдігерлер сол құмнан да шығып жатыр. Құдды бір кісі жасағандай. Бірақ Берелде тоң басқан қорғандар болса, ол жақтағы қорғандар құмның арасында ыстықтан қатып қалған. Тоңнан гөрі құмның арасында жақсы сақталады екен. Мумиясы, киімдер, тіпті басындағы паразиттеріне дейін сақталып қалыпты. Ғұндардан соң сәнбилер, сонан кейін алғашқы түріктер шығысты қоныс еткен. Түріктерді Орхонның бойынан Алтайға әкелген жужандар темір балқытқызған. Келе-келе түріктер өсіп, қожалары жужандарды талқандап, осы жерде мемлекет құрған. Ал жерлеу рәсімі бөлек бір әңгіме.

Ғылым адамдары эмоцияға берілгіш болса, әбден шатасып, нақтылықтан алыстап кетеді дейді Зейнолла аға. Сондықтан «түсінде аян беріпті» деген сияқты әңгімелер жалған. Бұл кісіні сұқбат бермейді деп жүргеніміз бекер екен. Археологтың шақырған жеріңе немесе редакцияңа келіп, асықпай емен-жарқын әңгіме айтып отыруға уақыты қайдан болсын? Сұқбаттасу үшін қазба жүргізіп, күннің астында қарайып жұмыс істеп жүрген археологтардың жанында жүру керек. Зейнолла аға журналистерге назын да айтып қалды:

– Бізбен жарты сағат, бір сағатқа келіп сұқбаттасып кету аздық етеді. Өте жақсы материал жазу үшін күннің астында жүрген археологтардың жанында бірге щеткаласып, алюминий тостақпен бірге тамақ ішсе ғой. Тым болмаса жиырма күн бірге жүрсе ғой. Сондай бір журнлаист шыға ма деп әлі күнге дейін күтіп жүрмін.

Мектеп бағдарламасында Қазақстан тарихы пәнінде Берел қорымы туралы көп оқисыңдар. Бірнеше сабақтарың осы тақырыпқа арналады. Бірақ бізге көзбен көрмей, қолмен ұстамай тек елестетіп қана оқу онша қызық болмаған еді. Содан болар, қорым туралы қиялымыз көздің ұшында бұлыңғыр тартып тұратын. Сол кезде қорымға келіп, осы музейге кірсем ғой. Бәлкім Қазақстан тарихы пәнінен ең жоғарғы ұпайды алар ма едім?! Қорым Берел ауылынан 7-8 шақырым жерде, Бұқтырма мен Берел өзенінің қосылған жерінде орналасқан. Кіру ақысы – 500 теңге. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Зейнолла Самашев секілді археологтармен оқушы болсаң да, студент болсаң да қазба жұмыстарында бірге жүруіңе болады. Орын-жай көп. Тіпті бірнеше күнге, айға қалуға болады. Мүмкін сен де келесі табылған алтын адамның куәгері боларсың? Бәрі де мүмкін!

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН
(Алматы–Өскемен–Семей–
Абай ауданы–Берел–
Өскемен–Алматы)

«Ұлан газеті», №37
10 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз