Қазір құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын адамдарға ым тілін түсіндіретін маман болу үшін арнайы жоғары оқу орнын оқудың қажеті жоқ. Үш ай курс оқысаңыз, кез келген жұмыс орнының есігі айқара ашық. Бірақ осындай маңызды әрі қоғамға қажетті мамандықты ескере бермейміз. Назарбаев университетінің түлегі Назерке Қалидолда ым тілін түсіндіретін робот құрастырыпты. Назеркеден мұндай робот құрастыруға не түрткі болғанын сұрадық.

– Алматы қаласында туып-өстім. О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика
орта мектеп-интернатында оқыдым. Мектепті бітірген соң Назарбаев Университетінің Computer Science мамандығына оқуға түсіп, биыл тәмамдап, дипломы бар маман атандым. Оқушы кезімнен-ақ түрлі олимпиадаларға қатыстым. 2012 жылы бағдарламалау бойынша Еуразия және жалпыресейлік мектеп оқушыларына арналған олимпиадада тобымызбен қола жүлдеге ие болдық. Ал 2013 жылы информатика пәні бойынша республикалық олимпиадада жүлдегер атандым. Мен тек компьютер тілінде ғана ойнап қоймаймын, кішкентайымнан би үйірмесіне үзбей барамын. Домбыра, қобыз, гитара тартамын. Тігіншілік қабілетім де бар. Әрдайым ізденіп жүргенді жақсы көремін.

– Робототехникаға қызығушылық қалай оянды?

– Бәрі де мектеп қабырғасында басталды. Маған барлық пән ұнайтын, ешқайсысын бөлгім келмейтін. Бірақ жаратылыстану бағытындағы пәндерге ерекше назар аударып оқитынмын. Сондықтан физика-математика мектебіне оқуға тапсырдым. Алғашқы күннен-ақ мұғалімдер менің бағдарламалауға қабілетімді байқап, сан түрлі олимпиадаларға қатыстыратын. Шынымды айтайын, бағдарламалау бойынша олимпиадаларда қыздарды өте сирек кездестіремін. Бізде әлі күнге дейін техникалық мамандықтарға тек жігіттер қауымы бейім деген көзқарас қалыптасқан. Алайда ондай пікірмен келіспеймін, тіпті алғаш рет адамзатқа бағдарламалау тілін Ада Лавлейс есімді ағылшын әйел ашқанын бірі білсе, бірі білмейді. Әр нәрсенің жетістік формуласы бар емес пе? Барлық істе де «еңбек – бәрін жеңбек». Робототехникаға қызығушылық осы олимпиадалардан бастау алды. Ал ата-анам қолдау көрсетіп, сенім білдірді. Әлі күнге дейін ұлдармен жарысып жаңалық ашқанды жақсы көремін.

– Ым тілін түсіндіретін роботты құрастыру туралы ой қалай туды?

– Бұл авторлық жұмысты құрастыру – сабаққа берілген тапсырма
еді. Үй жұмысын мұғалімге жап-жақсы тапсырғаныммен, бұл жобаны жетілдіріп, құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын адамдарға көмектескім келді. Өзіңіз ойлаңызшы, дені сау адамдар түрлі қиындықтарға төтеп бере алмай жүргенде, сөйлей алмайтын адамдарға одан сайын қиын ғой. Алайда авторлық жобамды іске асыру үшін біраз мәселе алдымнан шықты. Алғаш роботты құрастыру барысында біреулермен серіктес болып жұмыс істесем, кейін жалғыз өзім қалдым. Бастапқы уақытта Германиядан келген профессормен ымдарды көрсету үшін нейрондық жүйедегі custom algorithm-ды пайдалансам, бүгінде open source deep learning libraries бағдарламасын іске қостым. Бұл менің жобамда Tensorflow (Google’s DL library) деп аталады. Мен роботымның әліпбидегі әр әріпті біліп, заттарды атауын қатаң түрде бақылап келемін. Қазір роботым 33 ымды нейрондық желі мен техникалық үйретудің арқасында анықтай алады, яғни сіз бір ымды көрсетсеңіз, робот сенсор арқылы ақпаратты қабылдап, оны сөзге аударады. Астана қаласындағы «Үнсіз әлем» орталығында роботымды іске қосқанымда, біраз қызығушылық тудырды. Ауқымды жобамен жалғыз өзім айналысқандықтан, уақыт жағынан ұтылып жатырмын.

– Сонда сіздің роботыңыз «Халыққа қызмет көрсету орталығында» жұмыс істей ме? Бұл қаншалықты іс жүзінде жүзеге асырылатын жоба?

– Қазір нақты жауап айту қиын. Бірақ роботымның «Халыққа қызмет көрсету орталығында» жұмыс істеуіне ұмтылып көрем. Білесіз бе, белгілі бір қолдаушысыз жұмыс істеу күрделі. Бұл жобадағы робот – Франциядан әкелінген альдебарандық NAO Robot. Деректерді жинау үшін (data collection) – Leap Motion атты Кинектаға ұқсас сенсор пайдаланады. Барлық есептеулер соның ішінде, тестілеу мен тексеру компьютерде орындалып, роботқа жіберіледі. Бір сөзбен айтқанда, робот адам мен компьютер арасындағы алтын көпір. Әзірге роботыма атау қоймадым. Бәрі NAO Robot десе, мен оны Cutie деймін. Өйткені ол сондай сүп-сүйкімді.

– Робототехника бойынша қандай жетістіктерге жеттіңіз?

– Негізі мен бағдарламашы мамандығын бітірдім. Оның робототехникаға қатысы жоқ. Бірақ бірнеше халықаралық деңгейдегі іс-шараға қатыстым. 2016 жылы Лондонда өткен Google-дің менторлық бағдарламасында белсенділік көрсеттім. Hackerrank.com онлайн олимпиадасынан
өтіп, Амстердамдағы Booking.com-ға шақырту алдым. Сингапурде өткен 2017 жылы Робототехника және автоматтандыру бойынша өткен халықаралық конференцияда ым тілін түсіндіретін роботым жайлы жобамды таныстырдым. Арман Сүлейменовтің тобы ұйымдастыратын nFactoral мобильдік қосымшалар байқауына қатысып, «Ымдар әлемі» атты iOS қосымшасын құрастырдым. Кейіннен мобильдік қосымшаның Android нұсқасын да жасадым. Биыл Anita Borg Scholarship шәкіртақысын иеленіп, АҚШ-та өткен Грейс Хоппердің «Есептегі әйелдердің мерекесі» атты әйелдер қауымына арналған әлемдегі ең ауқымды конференцияға қатыстым. Сонымен қатар жақында
techpreneurs.kz сайтында ұйымдастырылған байқаудың жартылай финалына қатыстым. Бос уақытымда 10 жастан 18 жасқа дейінгі қыздарға ұсынылатын Technovation Callenge бағдарламасының жұмысымен айналысамын. Калифорниялық университетке оқуға түсіп тұрсам да, дипломы бар маман атанып, Қазақстанда қалуды жөн санадым. Бірақ, болашақта магистратураны шетелде оқығым келеді. Ал қазір жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап, жаңа бағытта өзімді сынап көрмекшімін.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Назым САПАРОВА,
«Ақ желкеннің» жас тілшісі.

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз